Кемелдікті Исламнан тапқан неміс азаматы Дирк Вальтердің оқиғасы
Кемелдікті Исламнан тапқан неміс азаматы Дирк Вальтердің оқиғасы
6 жыл бұрын 4622 muslimnews24.com
Аударған Шынар ӘБІЛДӘ

Тек католицизмге нанған Дирк Вальтер Мозиг Германиядан Испанияға көшеді. Одан Аргентинаға қоныс аударады. Ал Құранды оқып, Исламмен танысқан соң бүкіл танымы өзгереді. Ақиқатты іздеудегі ұзақ сапарындағы мол тәжірибесімен бөліскен ол кез келген адамға Құранды оқып шығуға кеңес береді. Өйткені, Қасиетті Құранда ғана Алланың сөзі хақ! 

«Мен қанқұйлы екінші дүниежүзілік соғыс кәріне мініп тұрған 1943 жылы христиан неміс отбасында Берлинде дүниеге келдім. Сол жылы менің отбасым Испанияға қоныс аударады. Ал 1948 жылы Аргентинаға ауып кетіпті. Аргентинада мен 15 жасыма дейін тұрдым. Кордовадағы «Ла Саль» деп аталатын рим-католик мектебінде оқыдым. 

Ондай мектепте оқыған соң, әрине, католик болдым. Сенімім нық еді. Күн сайын бір сағат уақытым уағыз тыңдауға кететін. Католицизм сенімінде өзімді жақсы сезінетінмін. Христиандыққа берілгенім сондай, 12 жасымда дін қызметкері болуды армандағанмын.

Алла осыдан жеті жыл бұрын Құранның испан тіліндегі аудармасын қолыма түсірді. Әкем Құранды оқуыма қарсы болмады. Құран оқу менің дүниетанымымды кеңітеді деп түйген болса керек. Алланың сөзі менің болмысымды бүтіндей өзгертеді деп күтпегені анық. 

Қасиетті кітапты ашқанда рим-католик фанаты едім, Құранның соңғы парағын жапқанда Исламға жан-тәніммен берілген адам болып шықтым.

Құранды оқығанға дейін Исламға деген көзқарасым түзу емес-ті. Сондықтан Құранды қызығушылықпен қолыма алдым. Алғашқы парағын қарама-қайшылықтар мен қателерге кезігермін деп менсінбеушілікпен аштым. Тым шәлкес пікірде едім. Дегенмен, жүрегім семіп үлгермесе керек. Алқашқы тарауларын сүлесоқ ақтарып шықтым. Кейін сылбыр қимылым оқуға деген ынтамен астасты. Ақырына жеткенше ақиқатқа деген ықыласым арта берді. Өмірімнің ақиқатын түсінгенде Алла маған кешірім беріп, мейірімін төкті, мені тура жолға салып, ырымшылдықтан ақиқатқа жетелеп әкелді, түнектен жарыққа шықтым, христиандықты тастап Исламды қабылдадым.    

Қасиетті Құранның киелі парақтарынан барлық кездейсоқ жағдайлар мен өмірімдегі дүбара жағдаяттардың жауабын таптым. Күмәнім сейілді. Алла шуағына шомылдырып, мені өзіне керемет тартылыс күшімен тартып алды. Мен оның сөзін қуана-қуана қабыл алдым. Құранды оқығаннан кейін барлық дүние өз орнына түсті. Өзімді түсіне бастадым. Ғаламның дегені мен Алланың сөзіне иландым.

Осы уақытқа дейін ұстаздарымның біліп-білмей айтқан қатыгез өтірігіне сеніп, қаншама уақытым текке кеткеніне ішім удай ашып қалды. Көз алдымда бұрынғы әлемім күйреп жатты. Өмір туралы бар танымым өзгерді. Бәрін қайта ойлап, қарастыруым керек болды. Жүрегімдегі өкініш Алланы таптым деген қуанышпен алмасты. Өмірге құштарлығым артып, Аллаға сансыз шүкірлер айттым. Адасқан пендесін өзіне жетелегені үшін Аллама әлі күнге дейін разылығымды айтып келем. Жаратқан иенің көмегінсіз мен ақымақтықтың түнегінде қала берер едім. 

Жүрегім қуаныш пен құлшынысқа тұнды. Өзімнің тапқанымды өзгелермен бөлісуге асықтым. Ата-анама, сыныптастарыма, ұстаздарыма айттым. Ақиқатты бәрі білсе екен дедім. Мен сезінген қуанышты олар да сезінсін деп ем.   

Бірақ мен тым биік қорғанға тап болдым. Олар сол ақиқаттан бөліп тұрған тас қорғанның ішінде қалыпты. Ол қамалды бұза алмадым. Өйткені, тастан бетер қатты қамал олардың жүрегінде екен. Бәрі маған түксие қарады. Түсінбеді. Бөтенсінді. Олардың көрсоқырлығына қарауға дәтім жетпеді. Жүректегі жабуды тек Алла ғана шеше алатынына көз жеткіздім.

Көп білген сайын Аллаға деген ризашылығым арта берді. Мені Исламға, кемел дінге әкелгеніне мың мәрте тәубе.

Мен әр діннің қасиетті жазбаларын оқып шықтым. Исламнан тапқан кемелдікті бір де бірінен жолықтырмадым. Өзге жазбаларға қарағанда Қасиетті Құранның жарығы күн шұғыласындай шашырап тұрады, алайда өзгелер күнге ұмтылмай сіріңкенің жарығымен өмір сүретіндерін байқамайды екен. Алланың сөзін оқыған әрбір саналы адамның ақиқатқа жабық жүрегі ашылып, мұсылмандықты қабылдайтынына сенімдімін. Ол түнектен жарыққа өтер еді.

Тек ақиқатты іздеген ниетін Алла қолдасын. Исламның құшағы адасқан әр пендеге ашық.

Алла жар болсын! 

0 пікір