Ұмытпасам екінші сыныпта оқып жүрген оқушы кезім. Бірде мұғаліміміз: "Құдай жоқ"- деп құлағымызға әбден құйды. Үйге келген бойда әлде бір нәрсені жөндеп әуре болып жатқан әкеме: "Мұғалім апай Құдай жоқ" - деді. Сонда Құдай шынымен де жоқ болғаны ма?" - дедім. Кеңес кезеңі болғандықтан, марқұм әкем мұғалімдікі дұрыс емес деп ашық айта алмады. Бірақ қабағын шытқан күйі маған: "Сабағыңды оқы, бәрін кейін түсінесің" - деп қысқа қайырды. Әкем сол кездің өзінде дастарханға бата жасап, әруақтарға Құран бағыштап тұратын иманды кісі еді. Бізге жатарда қысқа аяттарды жаттатқызатын. Кеңес өкіметі құлаған соң бес уақыт намазын да оқыды. Әке мен бала арасындағы жаңағы диалогты тыңдап тұрған шешем мені дереу шақырып ала қойды. Сөйтті де терезенің алдына алып келді. Далада ысқырған жел, бораған қар. "Балам! Құдай жоқ болса, мына қарды кім жауғызып, мына ғажайып табиғатты кім басқарып тұр?! Құдай бар. Екінші олай айтпа" - деді. Әкем мен шешемнің әлгі ескертулерінен соң кейінгі жылдары мұғалім қанша Құдай жоқ десе де, жүрегімде Аллаға деген еш күмәнім болмады. Кейін "Ақиқат шуағы" атты кітабымда қар туралы жазған сәтте санамда осы бір ұмытылмас сурет, қысқа да нұсқа ғибратқа толы шеше сөзі жаңғырып тұрды. Cіздерге кітаптағы сол қар жайлы жазған қызық мәліметті келтіре кетейін.
Қар
Сипатын көр, тосып ал да,
Жапалақтап жауса қар.
Таза тексер, көзді сал да,
Қандай оның түрі бар?
Шәкәрім
Кәдімгі қардың әрбір қалаушасында Ұлы Жаратушымыздың шеберлігінің мөрі бар. Жай көзімізбен қарағанның өзінде әрбір қар түйіршігінің бір-біріне ұқсамайтынын көреміз. 1 метр2 қарда 350 миллион қар түйіршігі бар деп жобалануда. Бұлардың әрқайсысы әр түрлі симметриялы ою-өрнекпен безендірілген хрусталь тәріздес алты бұрышты пішінде екенін білесіз бе? Әрбір қар түйіршігінің бұл керемет ғажайыптары соңғы 100 жылда белгілі болды. Уилсон Бертлей 1885 жылы фотомикрофик фотоаппараты арқылы 46 жыл қар түйіршіктерін түсіріпті, артынан «Қар түйіршіктері» атты кітабын жазады. Уилсон Бертлей түсірген 5300 суреттің ішінен бір-біріне ұқсайтын екі суреттің кездеспегенін таңғала айтады.
Осы керемет есеппен есептелген Жер бетіндегі барлық қардың бір-бірінен ерекше алты бұрышты әрі геометриялы пішінде болуы – Ұлы Жаратушымыздың теңдессіз шеберлігі мен барлық қардың пішінін білетін терең ілімінің белгі, нышаны болса керек. Жер бетіне түсіп, ерігенге дейін ғана өмірі бар әрбір қарда өзінің құдіреті мен шеберлігінің мөрін нақыштаған Алла қандай ұлы!