Осыдан шамамен екі жарым жыл бұрын Астана әуежайында белгілі жазушы Смағұл Елубай ағамызбен ұшырастым. Жазушы ағамыздың қазақ елі душар болған ашаршылық жайлы жазған "Ақбоз үй" романын оқығаным бар еді. Әңгімеміз жарасып кетті. Мен кітаптан алған әсерімді айттым. Ағамыз әңгіме барысында: "Мен басымды сәждеге қойып, намазға жығылдым" демесі бар ма?! Көкірегімді әлдебір қуаныш сезімі кернеп кетті. Аға! - дедім де, қуанышымды жасыра алмай, құшақтап, қолын қыстым. Ағамыз ұлы Жаратушы жайлы көп ойланғанын, жаратылыстың мәні турасында терең толғана айта келіп, ақырында бәрінің жауабын Исламнан тапқанын жеткізді. Смағұл ағамыз секілді кеңес кезеңінің тәрбиесін көрген, атағынан ат үркетін жазушылардың дінге толықтай бет бұруы тосын әрі сирек құбылыс. Әрине намаз оқып, шариғатты толық орындамаса да, дінге оң көзбен қарайтындары да жетерлік. Дегенмен көпшілігі өзінің іштегі "Мені" мен жиып-терген атақ-мансабын "құдай" жасап, соған табынып жүр. Ал бұл кісі басын сәждеге қойғанын мақтанышпен айтып тұр. Қалай қуанбайсың?! Аға! - дедім, мен роман жазатындай қабілетті жазушы емеспін. Бірақ сіз секілді сөз зергерінің Жаратушы һәм жаратылыс жайлы роман жазғанын қатты қаладым. Жазылса қандай керемет әрі сауапты іс болар еді. Ислам әлемінде мұндай роман жоқтың қасы. Бас кейіпкер ретінде "Кеңес өкіметінде өмір сүріп, оның құдайсыздық саясатының қысыр екенін кеш түсінген бір ойлы адамның Жаратушы жайлы ішкі ізденісін, жаратылыс һәм адам өмірінің мәні туралы сан түрлі пәлсапалық сауалдарына жауап іздегенін алсаңыз. Сонда қым-қиғаш оқиғалардың желісінде әлгі кейіпкермен бірге оқып отырған адам да сұрағына жауап тауып, дінге бет бұрар еді" дедім. Смағұл ағамыз айтылған ойды құптады. Ұшақтың әуеге көтерілер уақыты келді. Тәтті сұқбатымыз аяқсыз қалды.
Порталымыздың ашылуына Смағұл ағамыздың сұхбатын шашу ретінде беріп отырмыз. Ойлы һәм мағыналы сөздер. Үзінді келтірейін, толық сұқбатты міндетті түрде оқығайсыздар.
"Адамзат шығарға тесік таба алмастай тығырыққа тіреледі десек қателесеміз. Өйткені, адамға Жаратушы берген потенциал, яғни мүмкіндік тым зор, тым орасан. Ол мүмкіндік адамның материалдық емес - рухани субстанциясында. Адамның материалдық субстанция жетегінде кете беруі мүмкін емес. Бір күні молшылықтан жеріп өзінің рухани субстанциясына бет бұрары сөзсіз. Материалдық молшылықтан бақыт таба алмаған адам түптің-түбінде шын Жаратушысын сөзсіз іздейді. Өйткені, адамның жаны әуелден Хаққа құмар. Абай атамыз айтқандай: «Ойымда күндіз-түні бірақ Тәңірі, Өзіне құмар қылған оның әмірі».