Ғылыми зерттеу жұмыстарымен Түркияның Кайсері қаласында жүрмін. Ержиес тауы осында. Күн ыстық болғанымен, таудың салқын самалы сезіледі. Әртарапта Рамазан айының шарапаты байқалады. Көшелердің безендірілуі, көптеген мейрамханалардың күндіз бос тұруы да, мешіттерде оқылып жатқан Құран әуездері де кісіні еріксіз басқа әлемге жетелейді. Қаланың әр аудан әкімшілігі жеке "Ауызашар шатырын" тігеді. Әр шатырда кем дегенде 2000-3000 адам күнделікті тегін ауыздарын ашады. Кеше осындай ауызашар шатырларының бірін әдейілеп іздеп барып, аузымды аштым. Үлкен алаңға ұйымдастырылыпты. Мін жоқ. Мұнда бай да, кедей де, басшы да, қосшы да аузын аша алады. Ауызашардан соң әуелі ақшам намазын оқыдық. Артынан буы бұрқырап ыстық шай берілді. Сосын үлкен экранда уағыз айтылды. Артынан жамағат болып сол алаңда тарауих намазын оқыдық. Әсерлі. Әдеттегі ауызашарлардан өзгеше көңіл сыйлады. Осыдан дәл жиырма жыл бұрынғы ауызашар есіме түсті. Тоғызыншы сыныпты бітірген соң Діни басқарма жіберген жүз баланың бірі болып Станбул қаласына оқуға келген едім. Жатақханада тұрамыз. Ораза айы болатын. Бір күні екі түрік кісі келіп: "бүгін сендерді үйге ауызашарға шақырсақ, келесіңдер ме?" - деді. Үйдің тамағын сағынып жүргендіктен бірден келістік. Жатақханадағы отыз баланы екіге бөліп алды. Сонымен түрік отбасында қонақтамыз. Дастархан жайылды. Бірақ дастархан бос. Әлден уақыттан кейін түріктің мержімек (чечевичный) сорпасы келді. Нан қойылды. Басқа түк жоқ. Түсініксіз көзқарастар. Бір-бірімізге қарап "аш қалдық, бекер келдік" - деп жатырмыз. "Мұнысы несі, қонақты осылай күте ме екен?" - деп қоямыз. Аш қарынға сорпа жұғын да болған жоқ. Үй иесі "тағы сорпа ішетін кісілер бар ма?" - деді. Бәріміз жамырап "иә" деп табағымызды ұсындық. Дастарханға нан шақ келмейді. Аш қалмаудың амалы. Ұрып жатырмыз. Ас үйден қазан түбінің тықыры естілді. Нан таусылды. Үй иесі саса бастады. Ішке ел қонды. Қасық майдан бітті. Бірақ қызық енді басталды. "Әр елдің салты басқа, иті қара-қасқа" демекші, бұлар дастарханға біз сияқты барлығын үйіп-төгіп бірақ қоя салмайды екен. Әуелі сорпа, одан кейін басқа тамақтарды рет ретімен әкеледі екен. Ал ендеше! Ас үйден тауық дейсіз бе, қуырылған ет пен күріш дейсіз бе, тамақтың неше түрі бірінен кейін бірі келіп жатыр. Сорпаға тойып алғандықтан дәмді тамақтарын көптеп жеуге орын жоқ. Көзіміз қызығып, бәріміз әттегенайлап отырмыз. Астан соң арада риясыз әңгіме өрбіді. Дастарханда орын алған жайтты түсіндіріп, бір күліп алдық.
****
Бізде де Құдайға шүкір түрлі деңгейде ауызашарлар беріліп жатыр. Халыққа арнап мешіттерде ұйымдастырылады. Әкімшіліктер де мейрамханаға танымал аузы берік кісілерді шақырып, бір күн ауызaшар береді. Ал үйлерге көбіне туған-туыс, жора-жолдас, қызметтестер шақырылады. Ендігі кезекте осы ауызашарлардың аясын үлкейтіп, мазмұнын өзгертуіміз керек. Аудан әкімшіліктері үлкен-үлкен ауызашар шатырларын тігіп, барлық халыққа ашық ауызашар дастархандарын ұйымдастырса нұр үстіне нұр болар еді. Халыққа ерекше көңіл сыйлап, шарапатты айдың берекесі сезілетін еді. Билік пен халық арасындағы байланыс күшейе түседі. Ал жекелеген адамдар шәкірт, мұқтаж жандарды да үйлеріне шақырып, бірге ауыз ашса, қандай керемет болар еді.