Профессор Мекемтас Мырзахметұлы – Абай мұрасын, оның зерттелу тарихы мен шығыс әлемімен байланысын бүкіл саналы ғұмырында терең зерттеп, зерделеп, көпшілікке насихаттап айтудан жалықпай келе жатқан белгілі абайтанушы. Өткен ғасырдың 70-жылдары (1973-1977) Абай атындағы қарашаңырақ ҚазПИ-дің филология факультетінде оқып жүргенде, ол Абайтану курсынан дәріс жүргізіп, сонда ұлы ақынның өлеңдері мен қарасөздеріне жан-жақты талдау жасайтын. Шығыс философиясынан бастау алып жататын дүниетанымына қатысты тың өрісті ойларын өрбітетін. Бұл әлі ұлы ақынның шығыс әлеміне қатысты көзқарасының еркін айтылмайтын, тіпті жабық тақырып кезі болса керек. Сонда ішке түйілген, сыртқа шығарып еркін айтуға болмайтын ой-қорытындыларын біздің құлағымызға жетсін, бірінің болмаса, бірінің жүрегінде қалар дегені болар, әңгімесін қызынып, жүйе-жүйесімен, түйдек-түйдегімен айтатын. 38-қарасөздегі философиялық ұғымдар, «суық ақыл», «нұрлы ақыл», «жәуанмәрттілік», «ақыл, қайрат, жүректің бірлігі», «жүректің культі», тағы басқа жайлар сол кездегі қырықтың үстіндегі Мекемтас ағамыздың айтуымен есте қалыпты.
Бір қызығы – арада ондаған жылдар өтіп, қайта кездескенімізде, сол Абай жөніндегі қызу әңгімелерімен қайта қауышқанбыз. Іштей таңғалдық, сол әңгіме, сол сарын, бірақ бұрынғыдан да тереңдей, тың бағыттармен үстемеленген. Яссауи ілімі мен Абайдың байланыстылығы, Шәкәрімнің ар ілімі, Абайдың «толық адамы» мен шығыс әлемімен байланысы жаңа толғамдармен байытылған.
Иә, шын танып, терең бойлаған адамға Абайдың «толық адам» туралы ілімі ескірмек емес. Қайта заманның талабына сай қайта зерделенуі және бүгінгі ұрпаққа жетімді түрде насихатталып, түсіндірілуі қажет деп білеміз.
Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында нақты міндеттер қойып: «Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін», деді.
Алдымен, ұлы ақын неге «толық адам» іліміне келді деген сұраққа жауап іздеп көрелік.
ХІХ ғасыр – Ресей патшалығының қазақ даласын отарлауының күшейген кезі. Ел билігіне болыстық жүйенің енгізілуі – қазақ халқының мінез-құлқына үлкен өзгерістер әкелді. Ел адамдарын бір-біріне айдап салу, ортаға майлы жілік тастап, билікке таластырып қою (болыстық сайлау), содан туындап жататын әр алуан жағымсыз мінездерді одан сайын күшейту, пара беру мен пара алу, күншілдік пен арыз жазу, жағымпаздану, сатқындық, берген парасын елден үстемелеп қайтарып алу үшін жаныға жанталасып, түрлі әрекеттерге бару – өзге де толып жатқан ұсақтану мен ұлттық рухтан айырыла бастауды Абай өз заманында терең сезінді. Абайдың «Болыс болдым, мінеки» өлеңінде уақыт, қоғам шындығының бет-бейнесі көрінеді. Жағымпаз, иілімпаз болыс – ел қамын ойлайтын тұлға емес. Жеке басы үшін халық, ұлт мүддесін ойланбай сатып жіберетін пақыр. Ел тұтқасын ұстаған адамдар осылай азғындаса, ел болашағы не болмақ? Отаршылдықтың дендей еніп жатқан осындай сұмдықтарына қандай тосқауыл қоюға болады? Халықты жамандықтан сақтап қалудың жолы қандай? Отаршылдықтың бетін қайтарып тастайтын қазақ даласында күш жоқ. Ондай күшті ұлы ақын таба алмады.
Міне, осы ретте Абай халықтың берік сенімі мен мықты рухы ғана өзін сақтап қалатынын түсінді. Ол үшін халықты, жас ұрпақты соған бағыттайтын ілім қажет деп ойлады. Абай шығыс философиясына ден қоя отырып, оны өз тарапынан толықтырып, тереңдетті.
Қазіргі уақытта біз неге Абайдың «толық адам» іліміне қайта ден қойып отырмыз? Үстем идеологиялы кеңестік кезең қанша дегенмен, тұйық, оқшауланған қоғам болды. Қазіргі уақыттың ерекшелігі – жаһандану үдерісі өте күшті жүріп жатыр. Мұның жақсы жақтарымен қатар, өзге елден келіп жатқан көптеген жат ағымның, теріс идеологияның, дәстүр-салтымызды, наным-сенімімізді бұзатын жағымсыз ықпалдардың күшейіп тұрғанын жасыра алмаймыз. Оларға қалай төтеп беруге болады? Қалай өзіміздің ұлттық менталитетімізді сақтаймыз? Тағы да Абайға жүгінуіміз керек.
Өйткені Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Абай аманаты» мақаласында жазғандай, «Орыстар үшін Александр Пушкин, ағылшындар үшін Уильям Шекспир, немістер үшін Иоганн Гете, американдықтар үшін Уолт Уитмен қандай болса, қазақстандықтар үшін Абай да – сондай рухани ұлы тұлға» және сонымен қатар Абай ілімінің өміршеңдігі мен гуманизмі бізді осыған бағыттайды.
Абайдың «толық адам» ілімі «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен бастау алады. Ондағы «бес асыл» мен «бес дұшпанның» негізі, профессор М.Мырзахметұлы айтпақшы, шығыс ойшылы Ғұламаһи Дауанидің (XV ғ.) шәкірті Жүсіп Қарабағидың (XVIII ғ.) «Рисаласындағы» екіге бөлінетін жан азығынан (жанның пайдалы азығы, жанның зиянды азығы) негіз алады. Онда шын сенім, жомарттық, ғылыми түсінік пен күншілдік, жалған сенім қарама-қарсы қойылады.
Абайдың дүниетанымында бұл ой тереңдетіліп, адам бойына қажетті «бес асыл қасиет» пен «бес дұшпан» нақтыланады. Әлбетте, оқушылар, бүгінгі студенттер Абайдың бұл ғибратын мектеп қабырғасынан жаттап өседі. Бірақ бұл жеткіліксіз, әрбір жас өзінің дүниетанымының қалыптасуында Абай айтқан «жанның пайдалы тамағымен» сусындауға саналы түрде бет бұрғанда ғана толық адам жолына түсе алады.
Абай сипаттаған толық адам кім? Абай «жүректі» жырлайды. Былайғы қазақтың жүрек туралы ұғымы «жүректі адам», «батыл адам», дегеннен аспайтынын айта келіп, оған тың мағына үстеп, рақым, шапағаттың қайнар көзі деп философиялық тұрғыдан мән береді. Ақыл, қайрат, жүректің бірлігінде жүректі бірінші орынға қояды. 17-қарасөзінде жүректі сөйлетіп: «қан менен тарайды, жан менде мекен қылады... әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады» деп сөйлетеді.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек, –
деп ғылымға ден қоя отырып:
Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл,
жылы жүрек, –
деп ой қорытады. Мұндағы «ыстық», «нұрлы», «жылы» эпитеттеріне ақын терең мағына үстеген. Ақылдың өзін «нұрлы ақыл», «суық ақыл» деп бөлген ақын жоғарыдағы қарасөзінде айтқандай, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылықтың ұясы жүрекке бірінші орынды беруі, соған ішкі қуатты, ақыл-ойды билетуі – адамзатты гуманизмге шақыруы және әрбір адамның бойында мейірбандықтың, адамдықтың үстем болуын қалауы еді. Әрине, Абайдың бұл философиялық дүниетанымының ұлы ойшыл, ғалым әл-Фарабиден бастау алып жатқанын білеміз. «Жүрек басты мүше, мұны тәннің ешқандай мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді, бірақ мұның үстемдігі бірінші емес, екінші, өйткені ол барлық басқа мүшелерді билейтін болса, оның өзін жүрек билейді», деп ой түйетін Фараби де жүректі бірінші орынға қойған болатын.
Қазіргі қоғам, уақыт, шындығы керек, адамдар арасындағы мейірбандықтың азайып бара жатқан кезі болып көрінеді. Байлық, ақша билеген заманның қаншалықты қатыгезденіп бара жатқанын бүгінде көкірегінде сәулесі бар әр адам сезінеді. Әсіресе, күні кешеге дейін коммунистік идеологияның құрсауында болып, кенеттен мол байлықты иеленіп шыға келген қоғамның бір бөлігі қазіргі уақытта өздерін жер бетіндегі құдай санайды. Ал халықтың көп бөлігі тақыр кедейленіп барады. Қоғамдағы үлкен қайшылық та осыдан туындап жатуы мүмкін. Міне, осындай күрделі кезеңде Абай адамдар арасындағы мейірбандықты жырлайды.
Абай айтқан үш сүю – иманигүлді толық адам ілімінің темірқазығы етіп ұсынады. Мұның мәні неде? Тағы да белгілі абайтанушы М. Мырзахметұлының ғылыми тұжырымына ден қойып көрелік. Ғалымның айтуынша:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй Алланы жаннан тәтті, –
деп, жаратушы түп иесін пендесінің махаббатпен сүюі қажет деуі – бірінші сүю.
Екінші сүю – «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп».
Үшінші сүю – «Және сүй хақ жолы деп әділетті».
Кеңестік дәуірде «құдайсыздық» идеологиясына сәйкес ғалымдар, абайтанушылар Абайдың бірінші сүюін ашық, нақты айта алмады. М. Әуезовтің өзі «Абайдың діні – ақылдың, адамгершіліктің діні» деп жанамалай айтты. Бұл ретте, Абай ешқандай түсіндіруді қажетсінбей, бірінші сүюдің негізін дәл, нақты айтып тұрған жоқ па?! Адамзатты махаббатпен жаратқан жаннан тәтті Алланы сен де сүй дейді. Ал Алла – мұсылмандық жолы. Міне, қазіргі тәуелсіздік заманның ең басты жетістігі жалаң идеологияның құлы болмай, Алланы сүюге, оған мінәжат етуге толық жол ашып берді. Абай ілімі ескірген жоқ, қайта заманның талабымен өрлей түсті. Қазіргі уақытта дін – апиын емес, дін – имандылық негізі. Қазіргі жастардың, бүгінгі замандастардың арасында дінге бет бұру бар. Бұл да тәуелсіздіктің берген жемісі деп қабылдасақ, бұл да Абайдың «толық адам» ілімінің де жасампаздығының белгісі.
Абайдың екінші сүюі – «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» те қазіргі Қазақстанның басты мемлекеттік бағытының бірі. Қазақстан – қазір көп диаспоралы мемлекет, көп ұлттың өкілдері осы жерде туып-өсіп, өмір кешіп жатыр дегенмен, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген өрелі ұстаным бізден бастау алуы керек те, олардың тарапынан да Абайдың ілімін терең түсінуін талап ету қажет. Тәуелсіздіктің алғашқы күрделі кезеңінде еліміздің іргесі шайқатылмай шығуының өзі Абай ілімінің жасампаздығының белгісі деп қарастыруымз қажет.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Абай аманаты» атты мақаласында: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...», бұл – Абайдың мәңгі жасайтын қағидасы. Мұның ғажайып үлгісін қаршадайымнан көзбен көріп өстім», деп толғана еске ала келіп: «Әлем тарихына үңілсең, ру мен ру, тайпа мен тайпа, одан әрі ұлт пен ұлт, содан соң мемлекет пен мемлекет арасындағы ірілі-ұсақты кикілжіңнің көбінің ар жағында Адам Ата мен Хауа Анадан тараған жұмыр басты, екі аяқты пенделердің бірін-бірі тегіне, түріне, тіліне, яғни нәсіліне қарап жатырқауы жасырынып жататын кездер жиі ұшырасады. Дініне қарай бөліну індеті де сұмдық зардаптарға ұрындырған. Абай айтқан осындай «алтыбақан алауыздықтың» салдарынан талай жұрт өзара қырқыса жүріп, жер бетінен біржола жойылып кеткені мәлім. Кеңес Одағы ыдырауының барысында және тәуелсіздігіміздің елең-алаңында өз ішімізде неше түрлі іріткі салғыш, ірге бөлгіш пиғылдар оянып, сын сағаты туған кезде ел тізгінін ұстай отырып, тарихи тұрғыдан қалыптасқан көпэтностылық пен көпконфессиялық жағдайын бірінші кезекте ескеру қажеттігін аңғардым. Бір жағынан сепаратистік әрекеттер бой көтергені байқалса, екінші жағынан ұлтшылдық дабыл қаққан аласапыран кезеңдерді бастан өткеруге тура келді. Сондай күрделі ахуалда түсіністіктен татулыққа, ымырадан ынтымаққа қол жеткізу арқылы ғана тұтастығымызды сақтадық. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» дейді екен дана бабаларымыз. Қазір айтуға оңай, сол уақытта біз «қайтсек, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарамыз» деп арпалыса жүріп, елдігіміздің шаңырағын шайқалтпай ұстап қалдық. Тұрмыс тапшылығын да бір тай қазаннан ас ішкендей бірге еңсердік. Ол қазақтың кең қолтық, ақ жүрек мейірбандығының және Алтай мен Атырау арасын сол қазақпен араласа жайлаған өзге ұлттардың Абай өнеге етіп қалдырған бауырластығының арқасында жүзеге асты», деп жазады.
Міне, Абай ілімінің практикалық мәні деп осыны айтуға болатын шығар.
Ал Абайдың үшінші сүюі – «Және сүй хақ жолы деп әділетті» деуі – әділдікті, адамдықты жақтаған гуманистік ой-толғамының биігі. Әділет, шапағат, мейірім – Абай жырлаған «жүрек жылуы». Әрине, Абайдың «толық адам» ілімін мұнымен шектеп қоюға болмайды. Ақынның өлеңдерінде жырланған адамдықтың күрделі мәселелерінің барлығы «толық адамға» жетудің жолы, алғышарттары болып табылады.
Сол себепті Абайды оқу, оның ілімін өзіңнің ішкі жан дүниеңде қорыту, өмірде ұстанымға айналдыру – ел ертеңі болар жастардың басты парызы болмақ. Абай адастырмайды, Абай мына жалған дүниенің мәнін түсіндіреді.
Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
«Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры.