Мұрагерлік
Аллаһ тағала Ад қауымы пайғамбары Һудтың шақыруын қабылдамағаннан кейiн, оларды жойып жiберген болатын. Ол қауым жойылып, мекендерi мен үйлерінің, малдары мен егiндерінің тас-талқаны шықты. Олардан тек қана қаңыраған сарайлардың қаңқалары ғана қалды. Көптеген жыл өткен соң, жер бетінде Самуд атты басқа бiр қауымның өркениеті пайда болды. Өткен қауымдарға қарағанда Аллаһ тағала оларға едәуiр көбiрек нығметтердi бердi. Ол қауым тау-тастардың арасына әсем сарайлар соғатын, егiн егiп, бау-бақша өсiретiн және бұлақ көздерiн ашатын. Өкiнiшке қарай, олардың ақылы да алдыңғы қауымның ақылынан аса алмады. Шайтан Ібілістің азғыруына ерген бұл қауым да тастардан жасалған пұттарға сиынып, қолдарындағы игіліктерді өздерінде мәңгi қалады деп ойлайтын еді.
Пайғамбарлық
Олардың күпірліктері мен надандықтары шектен шыққан еді. Аллаһ тағала самудтықтарды тура жолға бастауы үшін Салихты олардан пайғамбар етiп таңдады. Ол Самуд еліне беделді де абыройлы, ақылды кісі-тұғын. Салих өз қауымын Аллаһ тағаланы бiр деп танып, Оған ешқандай серiк қоспай, ғибадат жасауға үндеді. Аллаһ тағаланың оларды жаратып, көптеген игілікке бөлегенін баяндады. Сонымен бірге ол самудтықтарды өз қолдарымен жасап алған пұттарға құлшылық жасаудан қайтаруға тырысты. Ол пұттардың ешбір пайда да, зиян да бере алмайтынын, Аллаһ тағаланың алдында олардың ештеңеге де ие еместігін ескерттi. Оларға өзiнiң жерлес бауыр екендiгiн және тек қана бақыт пен жақсылық қалайтынын да тiлге тиек еттi. Салих оларға Аллаһ тағалаға бет бұрып, Одан кешiрiм сұрауларын бұйырды және Аллаһ тағаланың Естушi, дұғаларды қабыл Етушi әрі тәубеге келушiлердi Жарылқаушы екендiгiн айтып түсіндірді.
Күпірлік пен имандылықтың айқасы
Алайда самудтықтардың жүрегі перделенген, көздері ақиқатты көрмейтін, құлақтары оны естімейтін дәрежеде еді. Олар Салихтың пайғамбарлығына сенуден бас тартып, оның уағыздарын мазақ ете бастады. Күпірліктері аз болғандай, олар Салихқа: "Ей, Салих! Бiз сенi ақылды деп бiлiп, iстерiмiзде сенімен ақылдасып, кеңесіңді сұрайтын едiк. Ендi саған не болды? Нендей бос сөздердi айтып тұрсың? Бiздердi шақырып жатқаның не нәрсе? Бiз ата-бабаларымыз сиынып өткен пұттарға сиынамыз. Бiз сенiң шақырған дініңе күмәндімiз және оған көңiлiмiз толмайды. Сен сиқырланғансың. Саған сене алмаймыз және ата-бабамыздың дәстүрін тастай алмаймыз", – дедi.
Салих олардың бұл сөздерiн естiсе де, шыдамдылық таныта білді. Ол даналықпен: "Ей, қауымым! Менiң айтқандарым сөзсіз шындық, ал сендердiң құлшылық жасап, табынатын тастарың бекер. Мен сендердiң мал-дүние, бау-бақшалы сарайларды берген Аллаһқа сенбей, шүкiршiлiк етпегендерің үшін сендерге келер Аллаһ тағаланың қаһарлы азабынан қорқамын. Ей, қауымым! Аллаһ тағалаға бет бұрып, кешiрiм сұраңдар. Мен – сендерге Аллаһ тағаланың тура жолды көрсету үшiн жiберген елшiсiмiн. Мен сендерден ақша немесе атақ сұрамаймын. Тек сендердiң бұл жолды парасаттылықпен саралап, тура жолға түсулерiңдi қалаймын. Менiң сыйымды (сауабымды) менi елшi етiп жiберген Аллаһтың Өзi бередi. Егер сендер иман, хақ дін уағызын қабылдасаңдар, Аллаһ тағаланың рақымына бөленесіңдер", – деп уағызын жалғастырды.
Әрбiр заманда және әрбiр қауымда насихатты қабылдайтын саналы адамдар болады емес пе?! Самуд қауымында да бiрнеше тұрмысы нашар кiсiлер бар едi. Олар надандарға байлықтың еш пайда бермейтінін бiлдi. Олар толғанып, Салихтың айтқандарының ақиқаттығын түсiндi. Сонымен бірге Аллаһ тағаланың бүкiл әлемнiң Жаратушысы екенiне әрi пұттарды ата-бабалары "тәңірі" деп қате танып, сиынып келгеніне, олардың еш пайда бере алмайтындығына көздерін жеткiздi. Жүректерi жаңа дiнге ашылған ақылды жандар иман келтіріп, өздерінің жаңа дiнге бойсұнғандарын жариялады. Осылайша қауым iшiнен Салихқа ілесіп, Аллаһ тағаладан өзге ғибадатқа лайық құдай жоқ екендiгiне және Салихтың Аллаһ тағала тарапынан жiберiлген елшi екендiгiне куәлiк беруші мүміндер пайда болды.
Ал өркөкiректер қайсарлықпен пұттарына сиына түсті. Олар Салихқа "сенi шайтандар сиқырлап қойыпты, ақылыңнан адасқандай сөйлеп жүрсің" деп, оның дiнiнің таралуына тосқауыл болуға тырысты. Бұған қарамастан Салих өз мiндетiн жалғастырып, олардың келтірген кедергілері мен айла-мекерлеріне шыдамдылық танытты. Салих оларға: "Ей, қауымым! Егер мен хақ дiндi тастап, өздерің сияқты кәпiр болсам, сендер менi Аллаһ тағаланың азабынан құтқара алмайсыңдар. Егер сендер Аллаһты бір деп біліп және иманды болып, тура жолға бет бұрсаңдар, Аллаһ тағала Қиямет күнi өздеріңе жаннатты уәде етеді. Ей, қауымым! Мен сендердің жалған жалаларыңа мойымаймын. Ақылмен сараламастан нәпсінің жетегіне беріліп, кәпір болмаңдар", – деп уағызын жанашырлықпен жалғастырды. Кәпiрлер Салихтың иманының берiктiгiн және сабырлылығын көрiп, аз мүміндердің көбейiп, олардың күшейіп кетуінен қорқа бастады. Олар "егер мүміндердің сандары көбейiп кетсе, ертеңгi күнiмiз не болады? Билiк кiмнiң қолында болмақ?" деп, мал-дүниелерiн, жеке басының қамдарын ойлап қамықты. Бұл олардың тiкелей өздерiне және билiктерiне қатысты iс болғандықтан, кәпiрлер сөзсiз бiр шара қолдану керектiгiн бiлдi. Сөйтіп, олар Салихтан оның шамасы келмейтiн бiрнеше iстi талап етуге келiстi. Адамдар Салихтың бұл істерді орындай алмайтынын көрiп, оның әлсiздiгiн бiлiп, одан алыстай бастайды деп ойлады.
Мұғжиза
Кәпiрлер – әрқашан өзгелердiң де иманнан алыстап, өздерiндей болуын қалайтын адамдар. Салихтың қауымындағы кәпiрлер де арам ойларын іске асыруға бел байлады. Олар Салихтың әлсiздiгiн әшкерелеп, адамдарды одан бездіру мақсатында Салихқа келді. Сөйтіп, одан пайғамбарлығының растығын дәлелдейтiн бiр мұғжиза (яғни Аллаһтың тек ғана пайғамбарларына беретін қолдауын, көмегін) көрсетуiн талап етiп: "Ей, Салих! Егер бiзден өзіңнің шақыруыңды қабылдауымызды қаласаң, оның шын екендiгiн дәлелдейтiн мұғжиза көрсет. Болмаса, бiздің пұттарға табынуымызға кедергі келтірме", – дедi.
Салих та – барлық адамдар сияқты жай бір адам. Ол басқалардың талаптарын Аллаһ тағаланың қалауымен ғана орындай алады. Шындығында, Аллаһ тағалаға көптеген кәпiрдiң бiр емес, тiптi бiрнеше мұғжизаны көрсе де, иманға келмейтiндiгi аян. Солай болса да, олардың күпiрлiктерiнiң, жапқан жалаларының бекер екендiгiн дәлелдеу үшiн Аллаһ Өз елшісіне кәпірлерге көрсеткен мұғжизалар жолдады. Салихтың айтқандарының шындық екенін көрсету үшін Аллаһ тағала бұл қауымға адам таңғаларлық үлкен бiр түйенi мұғжиза етiп жiбердi. Ол түйенiң бiр күн су iшсе, екiншi күнi iшпейтiн ғажайып қасиеті бар едi. Салих адамдарға ескертiп: "Мына түйенi Аллаһ тағала сендерге жiбердi. Ендi ауылда суару тәртібі кезекпен болады. Бiр күн – сендердiң малдарың үшiн, келесі күн – мына түйе үшiн. Бұл түйеге зиянды әрекет жасаудан және осы тәртiптi өзгертуден аулақ болыңдар", – дедi.
Салих кәпiрлердiң бұл тәртіпке риза болмай, түйенi өлтiруге әрекет жасаулары әбден мүмкiн екендiгiн бiлiп, оларға: "Ей, қауымым! Бұл түйеге зиян келтірмеңдер. Егер бұл түйеге қастандық ойласаңдар, бастарыңа ауыр азап түседi", – деп қатаң түрде бiрнеше рет ескерттi.
Кәпiрлер бұл түйенiң Салихтың шын пайғамбар екенiн анықтап тұратын айқын дәлел екендiгiн түсінді. Олар бұл мұғжизаны көргеннен соң, мүміндердің санының көбеюінен тіптен қауіптенді. Өйткенi олар өздері сенiп, иманға келмейтін және өзгелердiң де иманға келуiн қаламайтын-ды. Олар ендi Салихқа қарсы басқаша жоспар ойлай бастады. Бұл жолы олар мұғжиза талап етудi емес, мұғжизадан құтылудың жолын ойластырды. Расында, бұл ғажайып түйе адамдардың назарын аударып, көңiлiн тартатындай ерекше мұғжиза болатын. Кәпiрлер билiктерiне қауiп-қатер төндiрiп тұрған бұл түйеден құтылудың амалы оны өлтіру екендігін біліп, әртүрлі айла-тәсіл ойлап, арам пиғыл, жаман жоспарларын қалай жүзеге асырудың жолын іздестірді. Ақырында олар түйенiң су iшетiн жерiне барып, түйе су iшiп, қайтып келе жатқанында өлтiрiп, осы бір ғажайып мұғжизадан құтылуға келiстi.
Кәпiрлер бас қосып, ақылдасып, мұғжиза-түйені өлтіруді араларында Құдар есімді бір жігітке тапсырды. Ол өзінің бұзақы серіктерімен бірге түйенiң су iшетiн жерiне барып, оның қайтуын күтiп тұрды да, түйе қайтып келе жатқан кезде оған найза атты. Түйе құлады. Кәпiрлер мұнымен шектелмей, өлiп жатқан түйенi бауыздап тастады да, ауылдастарын жинап, түйені сойып, етін үлестірді. Бұл жауыздыққа иманға келмеген кәпірлердің барлығы қатысты. Олар Салихқа: "Егер түйенi өлтiрсеңдер, азапқа душар боласыңдар", – деп қорқытатын едiң. Мiне, түйенi өлтiрдiк, етін жедік. Уәде еткен азабың қайда? Азабыңды келтір! Сенен де, түйеңнен де қорықпаймыз", – дестi. Салих оларға: "Азап келгенге дейiн үш күн ойнап-күлiп, iшiп-жеп жүре тұрыңдар. Түйенi өлтiрмеңдер деп ескертіп едім, тыңдамадыңдар. Енді ақырын күтіңдер", – деп ашулы түрде барлық кәпірлерді ескертті де, бұрылып кете берді.
Мұғжизаны мойындамаудың ақыры
Салих барлық сөзінде: "Аллаһ тағаланың уәдесi хақ. Азап жақын. Жақында сендерге келедi", – дейтін. Сонда қауым кәпiрлерi Салихты мазақтап, азаптың тезiрек келуiн сұранатын. Енді олар жиналып, Салих пен жанұясын түнде ұйықтап жатқанда өлтiрудi ойластырып, жаңадан жоспар түзе бастады. Бiрақ Аллаһ тағала пайғамбарын және оған ерген мүміндерді қамқорлығына алған едi. Сол түнде Аллаһ тағаланың уәде еткен азабы келдi. Жер сілкініп, күн күркіреді. Қатты найзағай ойнап, өте қорқынышты бiр айқай естілді де, кәпiрлердiң денесін қимылдауға келместен қатып қалған денелерге айналдырды. Салих оянғанда, кәпiрлер душар болған жағдайды көрiп, Аллаһ тағаланың оларды өлтiргенiн және өзiн мүміндермен бiрге құтқарғанын бiлдi. Кәпiрлерге қарап: "Ей, қауымым! Мен сендерге Раббымның жолдауын жеткiзiп, насихаттадым. Бiрақ сендер насихаттаушыны мазақ еттіңдер. Ақиқаттың ақыры осылай аяқталады", – деп терең күрсінді.
Мiнеки, иманға келудi қаламайтын кәпiрге ешқандай мұғжизаның әсер етпейтiнiн, керiсiнше, өздері талап еткен мұғжизадан қалай қорқатынына көз жеткiздiңдер. Расында, Аллаһ тағала олардың талап еткен мұғжизаларын бердi. Салих бұл мұғжизаға, яғни түйеге қастандық ойламауды ескертті және оларды Аллаһтың қаһарынан сақтандырды. Бiрақ олар Салихтың сөзiне құлақ аспастан түйенi өлтiрдi де, өз басына қасірет тілеп алды. Салихазаптың келетiндiгiн уәде еткен-дi. Кәпiрлер уәденің тез орындалуын талап еттi. Олар өздерi талап еткен мұғжизадан соң Аллаһқа бойсұнып, Салихты мойындағанда, олардың басына азапты күн тумас еді. Аллаһ тағала тәубеге келіп, иман келтірген әрбір пендесіне үлкен кешірім беріп, жарылқайтынын ұмытпаңдар!
А. Ахмед, "Құран Кәрім хикаялары".