Сахабалардың басшылардың алдында шындықты айтулары
Сахабалардың басшылардың алдында  шындықты айтулары
13 күн бұрын 1287

 Омар(р.а.): "Алдында шындық айтылмаған басшыда қайыр жоқ" 

Хасан Басри айтады: "Омар (р.а.) Үбей ибн Кағыбтың оқыған бір аятын қабылдамай, қарсы шыққанда, Үбей: "Ей, Омар! Сен Бақиде саудамен айналысып жүргенде мен мұны Аллаһ расулынан естігенмін", – дейді. Омар "Дұрыс айттың. Мен "Араларыңнан

шындықты айтатын бір адам шыға ма екен?", – деп сендерді сынағым келген еді. Өйткені, алдында шындық айтылмаған басшыда және шындықты айтпаған басшыда қайыр жоқ", – деді". (әл-Хинди, Кәнзул-уммал 13/236/36766). 

Бәшир ибн Сағыдтың халифа Әзіреті Омарға ескертуі: 
"Егер осылай жасайтын болсаң, оқты қалай түзететін болсақ, сені де солай тезге саламыз"

 Омар (р.а.) бір күні мұһажырлар мен ансарлардан тұратын үлкен жамағатпен әңгіме-дүкен құрып отырып: "Кей істерде кейбіреуіңе ерекше қарап, оларға жеңілдік бергенімді көрсеңдер, не істер едіңдер?" – деп сұрайды. Ешкім жауап бермейді. Омар осы сұрағын екі-үш рет қайталайды. Сонда Бәшир ибн Сағыд: "Егер олай жасайтын болсаң, оқты қалай түзететін болсақ, сені де солай тезге саламыз", – дейді. Омар сонда: "Міне, сонда ғана өз міндеттеріңді атқарған боласыңдар! Міне, сонда ғана міндеттеріңді атқарған боласыңдар!" – дейді431. (Бұхари, Тарихул-кәбир 2/98/1825). 

Мұхаммед ибн Мәсламаның Халифа Омардың бетіне айтқандары 

Мұса ибн Әбу Иса айтады: "Омар (р.а.) бірде Харисаұлдарының құдығына барады. Сол жерде Мұхаммед ибн Мәсләмамен (р.а.) жолығып қалады. Одан: "Мұхаммед, менің басшылығыма қалай қарайсың?" – деп сұрайды. Мұхаммед ибн Мәсләма: "Уаллаһи, сенің

басшылығың бүкіл халықтың көңілінен шығады. Елдің бәрі саған жақсылық тілейді. Мысалы, сенің салық жинау мәселесінде үлкен табысқа қол жеткізгеніңді білемін. Сонымен қатар, қазынаның мүлкіне көз сүзбейсің, оны әділетті түрде таратасың. Егер туралық пен әділдіктен ауытқитын болсаң, оқты отқа қыздырып қалай түзететін болса, сені де солайша жөнге шақырып, жолға салуды білеміз", – дейді. Омар: "Яғни, сен маған "сен ақиқаттан ажырасаң, оқты қыздырып түзеткендей сені де түзетеміз дейсің ғой, солай ма? - дейді, артынан «Әділдіктен тайсам, тура жолға салатын жамағатқа мені басшы еткен Аллаһқа шүкір", – дейді". (әл-Хинди, Кәнзул-уммал 12/786/35763). 

 Муауияның өзіне қарсы шыққан бір адам туралы
"бұл адам маған рухани өмір 
сыйлады" деуі

Әбу Қубәйл айтады: "Муауия ибн Әбу Суфиян жұма күні мінберге шығып, сөзінің арасында былай дейді: "Мал – біздің малымыз, бейбіт келісім арқылы қолға түсірген олжалар да біздікі. Қалаған адамымызға береміз, қаламаған адамымызға бермейміз". Ешкім Муауияға қарсы ештеңе айтпайды. Екінші жұмада Муауия тағы да осылай дейді. Тағы да ешкім ештеңе демейді. Үшінші жұмада да осыны айтқан кезде, жамағаттан бір адам шығып: "Жоқ, олай емес! Мал – біздің малымыз, олжа – біздің олжамыз. Кім біздің

ақымызға араласып, ақымызды бермейтін болса, оны қылыштың жүзімен Аллаһтың әділдігіне тапсырамыз!" – дейді. Муауия құтбадан түсіп, намаздан кейін өзінің бөлмесіне кіреді. Адам жіберіп, өзіне қарсы сөйлеген адамды шақыртады. Сонда жамағат: "Бұның шаруасы бітті", – деп ойлайды. Кейін халық оның Муауиямен тізе түйістіріп, бірге отырғанын көреді. Муауия ол жердегілерге: "Бұл адам маған туралықты көрсетті, маған

рухани өмір сыйлады, Аллаһ та оған жар болсын. Мен Расулаллаһтың "Менен кейін бірталай басшы адамдар келеді, айтқан сөздеріне ешкім қарсы келмейді. Олар маймылдардың қақтығысып, соқтығысқаны секілді тозақ отында қақтығысып, соғысады" дегенін естіген болатынмын. Мен бірінші жұмада әлгі сөздерді айтқанымда, ешкім қарсы шықпады. Мен Аллаһ расулы сипаттап кеткен сондай басшылардың бірімін бе, деп уайымдадым. Екінші жұмада осылай дегенімде, тағы да ешкім үн қатпады. Үндемегендеріңе қарап, сол басшылардың бірі мен екенмін ғой деген ойға бекіп едім. Үшінші жұмада мына адам айтқан сөздеріме қарсы шығып, мені түзу жолына салды, көңілім жайланды. Аллаһ оған жар болсын", – дейді". (Табарани, әл-Муғжамул-кәбир 19/393/925).1 


1«Сахабалар салған сара жол», 1 том.

0 пікір