Пайғамбарымыздың (с.а.у.) тамақ жеу әдебі
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) тамақ жеу әдебі
1 жыл бұрын 5914

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) зүһдке (дүниеге қызықпаушылық) толы өмір сүргендіктен, тапқанын жейтін және көпшілікпен бірге тамақтануға құмар еді. Тамақ келгенде жерге тізерлей отырып, «бисмиллә» айтып жейтін. «Мен құлмын, сондықтан құл секілді ішіп-жеймін» - дейтін.1 

Тамақты ыстықтай жемейтін, ондай ыстық тамақта береке болмайтынын айтып отыратын: «Ыстық тамақта береке жоқ. Аллаһ Тағала бізге от жегізбейді. Сондықтан тамақты суытып ішіңдер», - деуші еді2.  

Тамақты үш саусақпен, кейде төртінші саусағын да пайдаланып, әрқашан өзінің алдынан жейтін. Екі саусақпен де жеуді ұнататын, Тамақ кезінде, кейде пышақты да қолданатын. 

Бір күні Хазіреті Осман (радиаллаһу анһу) Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «палузе» деген тамақ әкелді. Пайғамбарымыз жеп болған соң: «Бұл қандай тамақ және қалай жасалады?» - деп сұрайды. Хазіреті Осман (радиаллаһу анһу): «Ата-анам сенің жолыңда құрбан болсын, ей, Расулұллаһ! Май мен балды табаға салып, отта ерітеміз. Сосын бидай ұнын табаға саламыз. Бұдан кейін қатайғанша араластырамыз. Сосын, міне, көріп отырғаныңыздай, халуа шығады», - деп жауап береді. Расулұллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) : «Шынымен, дәмді тамақ екен!» - дейді3.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) еленбеген арпа ұнынан жасалған нанды жейтін. Қиярды жаңа піскен құрмамен және тұзбен жегенді жақсы көретін.

Жеміс-жидектерден ең жақсы көретіні кептірілмеген құрма, қауын, қарбыз және жүзім еді. Кейде жаңа піскен құрма жейтін. Қарбызды шекермен, нанмен жейтін. Қауын-қарбызды екі қолымен жейтін. Құрманы оң қолымен жеп, сол қолына сүйектерін жинайтын.

Жүзімді кейде бауымен аузына апарып жеген кезі де болған. Жейтін тамағы - көбінесе құрма мен судан тұратын. Құрманы сүтпен бірге жеген кезінде: «Ең жақсы тағам!» - дейтін.

Етті және етті тамақтарды жақсы көретін. «Тирит» деген тамақты асқабақпен жейтін. Асқабақты да жақсы көретін және асқабақ жайлы былай дейтін: «Ол бауырым Юнустың көкөнісі». 

Ауланған құс етін жейтін, бірақ өзі ауламайтын4. Ет жегенде басын төмен қарай имей, етті аузына жақындатып, тістеп жейтін. Қойдың аяқ, сан еттерін ұнататын. Бақырда піскен асқабақты, сіркеге (жүзімнің суы, уксус сияқты) туралған нанды және әжуә құрмасын жақсы көретін.

Тамақтың жұғынын саусақтарымен жалап жейтін де: «Тамақтың соңы берекелі”5, - дейтін.

Саусақтарын жалап тазаламай тұрып, қолын майлықпен сүртпейтін. Тамақтың соңында игілік берген Аллаһ Тағалаға шүкірлік етіп, қолдарын жуатын. Су ішерде үш реттен ішуге зер салатын. Әр қайсысын бисмилләмен бастап, хамд (мадақ) айтып шүкірлікпен аяқтайтын6

Көпшілік арасында су немесе сүт ішкеннен кейін ыдысты оң жағындағы адамға беріп, оның одан әрі жалғасуын өтініп, сол жерде болған әр адамның ауыз тиюін қалайтын. Ішкен ыдысына үрлемейтін және ішіне демін шығармайтын. Ыдысты алыстатқаннан кейін ғана дем алып немесе дем шығаратын7

Үй ішінде жас қыздың ұялшақтығынан да аса ыңғайсызданып жүретін. Тамақты тек дастархан жайылғанда ғана отырып ішіп-жейтін. Ол тағамын өзі дайындаған кездері де болатын8

Өте тойып жемейтін және мұсылмандардың тамақты көп жеуін ұнатпайтын. Бұл жайында былай дейді: «Адам баласы өз қарнын толтырғандай жаман бір ыдысты толтырмаған. Адам баласына белін тіктей ұстап жүре алуға жететін бірнеше жұтым да жетеді. Егер адам баласы нәпсісін тыйя алмайтын болса, қарнының үштен бірін тамаққа, үштен бірін суға, ал, қалған үштен бірін ауаға бөлсін»9. - деген (с.а.у.).

Проф. Др. Хасан Камил Йылмаз,
«Пайғамбарымыз (с.а.у.) және Оның күнделікті іс-әрекеттері»


1  Ибн Сағд, Табақат, I-том, 371-372
2  Мұхаммед Ғазали, Ихияу улумуд-дин, Кайр, Иса әл-Бәби әл-Халәби, II, 367; Бәйхақи уә Табәрани.
3  С.к., II, 368, Ибн Мәжә, Атимә, 46.
4  Ихия, II. 369, Ибн Мәжә, Атимә. 62.
5  Ихия, II, 371, Бәйхақидан.
6  С.к., ІІ, 371, Табаранидан.
7  С.к., II. 371.
8  С.к., II. 371.
9   Ибн Мәжә, Атимә, 50

0 пікір