Мұсылман саяхатшысы Ибн Батута
Мұсылман саяхатшысы Ибн Батута
10 жыл бұрын 7627 islam.kz
Құдайберді БАҒАШАР

Ол Орта ғасырда ең әйгілі саяхатшы ретінде білінген әрі «Ибн Батутаның саяхаты» атты белгілі еңбектің авторы. Толық аты-жөні: Әбу Абдиллаһ Мұхаммад ибн Абдуллаһ ибн Мұхаммед ибн Ибраһим Ләуати Танжы.

Ибн Батута 1304 жылдың 24 ақпанында дүниеге келген. Туған жері Марокконың Танжа қаласы ретінде білінуде. Малики мәзхабын ұстанған. Дәулетті тұрмыс кешкен Ибн Батута 20 жасында Меккеге қажылыққа барған. Осы саяхаты кезінде көрген-білгендері әрі кейбір төтенше жағдайлар саяхатының созылуына себеп болған. Ибн Батута Европалықтар азырақ білетін Орта Шығыс, Африка, Қиыр Шығысқа саяхатқа жүрексінбей шыға білген.

Ибн Батута кішкене кезінен ілімге ден қойды. Негізгі дін ілімдерімен қатар қосымша басқа да ілімдерді игерді. 1325 жылы қажылыққа бару үшін туған жерінен сапарға шықты. Сапары барысында жолшыбай соққан мешіттер, медреселер мен кесенеселерді зиярат етіп, халыққа уағыз-насихат жүргізді. Барған аймақтарының алдыңғы қатарлы кісілерімен, әйгілі адамдарымен жүздесті. Халықтың ықыласына бөленді. Бұл саяхаты оның басқа да мұсылман елдерге саяхаттау қызығушылығын оятты. Осы мақсатта жиырма тоғыз жылға жалғасқан үш бөлек саяхатқа шықты.  
Алғашқы саяхатында: Мысыр – Сирия –Анадолы – Иран – Ирак – Хижаз   - аймағы – Түркістан - Орта Азия – Қытай – Үндістан секілді басқа да аймақтарды саяхаттады. Анадолының маңызды қалаларын аралап көргеннен кейін Қырымға өтті. Өзбек ханның ордасына барды әрі біршама уақыт бас қала Сарайда болды, бұл жерден Хорезм, Мауранахр, Хорасан мен Ауғаныстан жолымен Үндістанға жетті. Делиде жеті жыл би болды. 1342 жылы Тұғлық ханның бұйрығымен Қытайға елші болып аттанды. Индонезия мен Жава арқылы Пекинге жетті. Бұл жерден 1349 жылы өз елі Мароккаға аттанды.

Біршама уақыттан кейін екінші саяхатына шығып, Испаниядағы Андалусия мұсылман елдерін аралады. Үшінші саяхатында: Үлкен Сахара – Судан - Орта және Солтүстік Африка елдеріне бет түзеді.
Ибн Батута өмірінің көбін саяхатпен өткізді. Сол замандағы қарапайым көлік түрімен мүмкін еместей көрінген ұзақ саяхаттар жасап, мұсылман елдерін және мұсылмандармен қатысы бар бүкіл халықтарды аралады.  Олардың тарихы, жағрапиясы, этникалық әрі мәдени ерекшеліктері жайлы мәлімет жинақтады. Барған жерлерінде сол елдің басшылары, құрметті азаматтары, сондай-ақ барлық таптағы адамдармен танысты.  Олардың әдет-ғұрпы, өмір сүру салты, тағам түрлерін егжей-тегжейлі қарастырды. Биліктегілердің, лауазым иелерінің дүрдараздықтарын, күресі мен соғыстары жайлы маңызды мәліметтер жинақтады. Саяхатының соңында отаны Танжаға қайтқанда, түртіп алған мәліметтерін, естіген-білген маңызды жағдаяттарды Марокка сұлтаны Әбу Инанның өтінішімен Ибн Жүзәйға баяндады. Ибн Жүзәй кейбір тарихи мәліметтерін толықтырып, 1355 жылы еңбекті тамамдап шықты. «Тұхфатун нүззар фил ғараибил әмсал уә ажаибил асфар» деп аталған, қысқаша айтқанда, «Рихла» немесе «Саяхатнама» деп аталатын еңбек Сұлтан Әбу Инанға ұсынылды. Ибн Батута еңбегін жазғаннан кейінгі 1368 жылы өз елі Танжада өмірден озған.

«Ибн Батутаның саяхатнамасы» атты еңбек орта ғасырдағы мұсылман елдер, басқа да көршілес елдердің тарихы, жағрапиясы, фольклоры мен этнологиясы, діни, қоғамдық әрі ғылыми жағдайы жайлы құнды, нақты әрі мол мәліметтер береді. Еңбекте сондай-ақ Үндістандағы факиризм, Анадолыдағы ахилық, Ирандағы батинилық қозғалыстарын да таныстырады. Оның Судан мен Нигерия аймақтарын алғаш ашқанын да «Саяхатнамадан» байқаймыз. Волға өзені жағасындағы Сарай қаласы жайлы жазғандарын соңғы археологиялық деректер растаған. Осы деректердің арқасында Суданда бұрын билік құрған қара нәсілді Мандинг мемлекеті ұмытылмай сақталған. Бұдан бөлек, естіген-көрген кейбір ғалымдар мен әулиелер, әйгілі зиярат орындары жайлы әңгімелер мен қысқаша биографиялық мәліметтер де берілген. Луристан, Илхандықтар, Азияда түрлі аймақтарда болған әкімдер, басшылар мен қолбасшылармен, әскери әрі басшылық ұйымдар жайлы кең мәліметтер берген.

«Саяхатнама» ас, киім, салт-дәстүрге қатысты этнология мен фольклорлық жағымен қоса, мұсылман елдерінің экономика, әлеуметтік мәдени деңгейі мен құрылымы жайлы кең мәлімет беретін маңызды еңбектердің бірі ретінде мойындалған. Бұл еңбек Ибн Батутаның жеке тұлғасын да байқатуда. Өйткені ол табиғаттан гөрі адамдарға қызығушылық танытқан. Табиғатқа қатысты сипаттамалары өте аз, тіпті жоқ деуге де болатындай. Табиғат жағдайларына, климатқа аз көңіл бөлген. Еңбек сол замандағы мұсылман әлемінің бірлігі мен ауызбіршілігін көрсету тұрғысынан назар аударарлық. Ибн Батута көбіне адамдарға тоқталса да ғылым тарихы тұрғысынан да назар аударарлықтай мәліметтер берген. «Саяхатнамада» ерекше өсімдік түрлері мен жануарлар да аталған. Сапарлап барған елдердің жеміс-жидектерін,  керуен сарайлардан бастап, ірі құрлық пен теңіз жолдарын да тілге тиек еткен. Атлант теңізі мен Жапон аралдары арасындағы сауда орталықтары мен порттар туралы да кең мәліметтер қамтыған. Бұл жерлерде қандай тауарлар арқылы сауда жасалатындығы, әр аймақтың өндірістік ауылшаруашылық өнімі, қандай тауарлардың импортталып, экспортталатыны, әр елдің ақшасы мен салмақ өлшемдерін де атап көрсеткен.

Бүгінгі күні «Саяхатнама» еңбегінің Ибн Жүзәй әл-Кәлби тарапынан көбейтілген нұсқасы Париж ұлттық кітапханасында сақтаулы. Ж. Дефремени Сангуинетти осы нұсқаны негізге алып, арабша мәтін мен французша аударманы 1853 жылы қатар жариялаған. Еңбек бұдан бөлек, ағылшынша, немісше, португалиянша шыққан. 1898 жылы М. Хуссайн тарапынан Урду тіліне аударылып, арабша мәтіні Мысырда төрт, Бейрутта екі рет басылған.

0 пікір