МӘЗҺӘБ ИЕСІ - ИМАМ ШӘФИҒИ (Имам Шәфиғи жайында кеңінен)
МӘЗҺӘБ ИЕСІ - ИМАМ ШӘФИҒИ (Имам Шәфиғи жайында кеңінен)
10 жыл бұрын 11623
Абдусамат Қасым

Шәфиғи мәзһабының негізін қалаушы ғұлама, тарихта есімі алтын сиямен жазылған тұлға, артына бағалы еңбектер қалдырып, көптеген ғалымдар тәрбиелеп шығарған дін қайраткері, дін ғылымының ең үстінгі дәрежесіне жеткен Мүжтәхид-Мүстәқил - Әбу Абдулла Мұхаммед ибн Идрис әш-Шәфиғи. Имам Шәфиғи ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің  (ғ.с.) бабасы Абду Манаф ұрпағынан. Бұл дегеніміз түбінде Имам Шәфиғидің Алла елшісі Мұхаммедпен (ғ.с.) туыстық байланысы бар деген сөз(1). Ұлты – араб.

Имам Шәфиғи хижри жыл санауы бойынша 150 жылы, ережеп айында (б.ж.с. 767, тамыз айы) қазіргі Палестина мемлекетінде орналасқан Ғаза қаласында, тұрмысы нашар отбасыда дүниеге келді. Имам Шәфиғидің туылған жылы, Имам Ағзам Әбу Ханифаның дүниеден озған жылына тұспа-тұс келіп тұр. Былайша айтқанда Ислам әлемінде бір шоқ жұлдыз батып, артынан екінші жоқ жұлдыз туды.

Имам Шәфиғи құндақтағы сәби шағында әкесі қайтыс болады. Ол он жасында толғанда анасы Мұхаммедті Мекке қаласына, ата-бабасының кіндігі тамған мекенге аттандырады. Кейінен өзі де баласының артынан барады.

Имам Шәфиғидің шәкірттік дәуірі

Имам Шәфиғи кішкене күнінен-ақ өте зейрек, жаттау қабілеті қуатты, ой-өрісі кең еді. Ол Ғаза қаласынан көшпей тұрып қысқа уақыт ішінде Құран Кәрімді бастан аяқ жаттап алады. Кейінен Мекке қаласына қоныс аударысымен Пайғамбарымыздың қасиетті хадистерін жаттауға кіріседі. Мекке қаласындағы хадис ғұламаларынан хадис үйреніп, оларды жаттап, кейде қағаз бетіне, кейде теріге жазып жүрді. Тұрмысы нашар болғандықтан, таза парақ сатып алуға қаражаты жоқ еді. Сол кездегі әкімшілік ғимаратындағы жазылған парақтарды сұрап алып, олардың жазылмаған жағына жаттаған хадистерін жазып жүрді. 

Бұнымен қатар Имам Шәфиғи тіл ғылымына да аса зейін қойды. Өйткені сол замандары арап қоғамына өзге ұлт иелерінің көптеп орныға бастауы себепті, арап тілінің бұрыңғы өзіне тән ерекшелігін жоғалта бастаған шақ-тын. Ал араб тілі Құранның сырларымен хадистің даналығын түсінудің бірден бір құралы екені сөзсіз. Осыны сезген жас ғалым, шөлде өмір сүретін ақын әрі ескілікті арап тілін жақсы білетін, сол кездегі шешендік өнерінің білгірі Һузәйл есімді бәдәуиге шәкірт болады. Бұл салада да ұлкен жетістікке жетеді.

«Ұстаздан шәкірт озады» дегендей, Ол алғашында ілім үйренген Мекке ғұламаларының қатарынан орын алады. Әрі берден соң, пәтуа бере алатындай дәрежеге жеткендіктен, оған ұстазы жиырма жасында пәтуа беруіне рұқсат береді. Дегенмен ғылымның нурымен сусынданған Имам Шәфиғидің осымен ғана шектелуі мүмкін емес еді. Ол басқа да өлкелерге ғылым жолында саяхатқа шығады.

Жиырма жастағы Имам Шәфиғи, Имам Мәликтен ілім үйрену үшін Медине қаласына аттанады. Имам Мәликпен кездеседі. Жас шәкірттің бойындағы Алла берген қабілетті бірден сезген Имам Мәлик, оған: «Уә Мұхаммед, әрқашан Алладан қорық. Күнәлардан ұзақ жүр. Сенің болашағыңнан үлкен үміт күтем. Өйткені, Ұлы Жаратушымыз сенің жүрегіңе нұр салып қойған. Ол нұрды күнә жасау арқылы өшіріп қой ма!»  деп кеңес етті.

Осыдан барып ол Имам Мәликтің шәкірті болады. Алғашқы күндері Имам Мәликтің "Муатта" атты хадистер жинағын оқиды. Оны қысқа мерзім ішінде оқып бітіріп, фиқһ саласын меңгереді. Осылайшы Имам Мәликке шамамен тоғыз жылдай шәкірт болады. Одан кейін Меккеге қайта оралады. Арасында өзге өлкелерге де ғылым іздеп барып тұрды.

Имам Шәфиғидің мемлекеттік қызметке араласуы

Имам Мәликтің қасында тоғыз жылдай жүргеннен кейін, Мекке қаласына қайта оралған Имам Шәфиғи жұмыс істеп табыс табуды ойлайды. Себебі, анасы екеуі өте кедей тұратын. Сол уақыттары Хижазға Йемен әкімі келеді. Құрайш руының кей кісілердің өтініш білдіруі себепті, әлгі әкім Имам Шәфиғиді өзімен бірге Йеменге алып кетеді. Қалтасында көк тиіні болмағандықтан, Меккедегі үйін кепілдікке қойып, біреуден қарызға ақша алады. Йеменге қарасты Нәжран деген жерге қазылық деңгейінде бір қызмет біріледі. Ол өзінің тағы бір қырын осы мемлекеттік қызметте де көрсете білді.

Имам Шәфиғи бұл жерде сахаба Әзірет Османның ұрпағынан Хүмәйдә бинт Нәфимен отау құрып, одан бала сүйеді. Бұл ұлы есейгенде (Әбу Осман Мұхаммед атты ұлы) Алеппода қазылық қызметін атқарды.

Имам Шәфиғи келмей тұрып, жергілікті халық қала басшыларына, қазыларға жағымпазданып, түрлі сыйлықтар беріп өздеріне қаратуға тырысатын. Олардың бұнысы - ертенгі күңгі заңсыз әрекеттері бола қалған жағдайда, жазадан сытылып шығуға оңай болсын дегендік. Бірақ Имам Шәфиғи келісімен бұл әрекеттер тоқтады. Ол ешкімнің алдағанына көнбеді. Қандай жағдай болмасын әділдік орнатуды көздеді. «Тура биде туған жоқ» демекші көп кешікпей Имам Шәфиғидің әділдігін ұнатпайтындар да шықты.

Сол кездері Йемен өлкесіне тағы да бір басшы тағайындалады. Ол өзінің зұлымдығымен, әділетсіздігімен таныла бастады. Имам Шәфиғи үнемі Оның зұлымдығына қарсы тұрып, әділетсіздік жасауына тосқауыл болып отырды. Имам Шәфиғидің әділдігін дұрыс көрмеген әлгі басшы, оған "шииіт" деген жала жауып орталыққа (халифаға)  хат жолдайды (шииіт - шиизм бағытының өкілі). Ахырында Имам Шәфиғи кісенделіп, Аббаси халифалығының астанасы Бағдад қаласына жөнелтіледі. 

Ол кездері, Бағдад қаласының бас қазысы қызметін Әбу Ханифаның шәкірті Имам Мұхаммед атқаратын (рахимаһуллаһ). Ол, Имам Шәфиғиге араша түсіп, тұтқыннан босатылуына себепкер болады. Әйтсе де, Халифа Харун Рашид күмәннан толық арыла алмағандықтан, Оны Имам Мұхаммедтің қарауына береді.

Имам Мұхаммедке шәкірт болуы

Бұл оқиға Имам Шәфиғидің мемлекет қызметінен кетіп, ғылыми ізденіске қайта оралуына септігін тигізді. Осыдан кейін Имам Мұхаммедтің қасында екі жылдай жүріп, оған шәкірттік етеді.

Имам Шәфиғи (хижри 184 жылы) Ирак құқық мектебін меңгеруге кіріседі. Ханафи мәзһабының ғұламасы Әбу Ханифаның шәкірті Имам Мұхаммед ибн Хасанның терең ғылымынан пайдаланған Имам Шәфиғи үнемі Имам Мұхаммедтің есімін асқақтатып, құрметпен еске алатын. Имам Мұхаммедке шамамен екі жыл шәкірт болады. Осы уақыт ішінде Имам Мұхаммедтің қамқорында болды.

Имам Мұхаммедтің айтқандарын көкейге тоқып, қағаз бетіне де түсіріп отыратын. Одан тек фиқһ ғылымының қыр-сырын үйреніп қана қойған жоқ, Ирак өңіріндегі мәшһур хадистерді де жаттады. Ол өзінің «әл-Умм» атты еңбегінде Имам Мұхаммедтен риуаят еткен хадисін атап өткен.

Имам Мұхаммед те өзінен кіші Имам Шәфиғиді ерекше қадір тұтатын. Әбу Хассән әз-Зияди былай дейді: «Имам Мұхаммедтің Шәфиғиді құрметтегені сияқты, біреуді құрматтегенін көрмедім»

Әбу Ханифаның құқық мектебінің негізінде жүргізілетін дәрістерге қатысып жүрсе де, алғашқы ұстазы Имам Мәликтің мектебін артық көрді. Оның пікірлері мен тұжырымдарын қорғаштап, оларға шаң жуытпайтын. Осы тұрғыда Ирактағы ілім иелерімен ғылыми тартысқа түсті. Бірақ ұстазы Имам Мұхаммедті қатты сыйлағандықтан, онымен пікір таласпайтын. Тіпті Имам Мұхаммедтің өзі бір мәселе жайында онымен пікір таласуды ұсынса да, ұсынысты қабыл етпеді.  

Осылайша бастапқыда Мәлики құқық мектебін меңгерген Имам Шәфиғи, Ирак құқық мектебін де меңгереді. Екі мектептің іргелі негіздерінің қосындысынан Имам Шәфиғидің өз алдына құқық жүйесі құрылады. Бұрыңғы шәкірттен - ғылымда өзіндік орны бар үлкен ғұлама пайда болады. Көптеген шәкірттер соңынан ереді. Өзіне тән ерекшелігі бар жаңа құқық мектебін үйренуге асыққан шәкірттердің саны күннен күнге арта түседі. Имам Шәфиғи тарихта бірінші болып жүйелі түрде «Усулул фиқһ» (фиқһ методологиясы) ғылымына арнап «әр-Рисәлә» атты бағалы еңбек жазады. Қанша ғасыр өтсе де аталмыш еңбек өз құнын жоғалтқан емес.

Имам Шәфиғидің ғылыми дәрежесі

Имам Шәфиғи өзінің аса зеректігі мен ғылымға деген махаббатының арқасында үлкен шыңдарға ұласты. Ғылымның ең үстінгі дәрежесі «мүжтәһид мүстәқил» деген деңгейге жетеді. Өз алдына Ислами құқық жүйесін құрады. Мұсылман әлемінде осы уақытқа дейін қатары азаймаған үлкен бір мектептің іргесін қалап кетеді. Оның құқық мектебінен (мәзһаб) ұлы ғұламалар тәрбиеленіп шығады.

Имам Шәфиғидің біліктілігіне таңырқамаған ғұлама жоқ. Исхақ ибн әр-Раһәуәйһ былай дейді: «Мекке қаласына барғанымда Имам Ахмед ибн Ханбәлді кездестіріп қалдым. Ол маған: «Бері келші, саған бір кісіні көрсетейін. Ондай кісіні мына екі көзің ешқашан көрген емес», - деп Имам Шәфиғиге алып барды».

Юнус ибн Абдул Аълә деген кісі де Имам Шәфиғиге деген ізгі ниетін былай білдіреді: «Мұсылман үмбетінің барлығы жиналса да, бір Имам Шәфиғидің ақылына жетпес».

Имам Шәфиғидің Құран оқығандағы ерекше даусы, әсем мақамы естіген адамды еріксіз жылататын. Халық оның әсем қырағатын тыңдау үшін қасына ағылатын. Құранның бетін аша бастағаннан-ақ, халық алдыңғы қатардан орын алуға тырмысатын. Ол оқи бастағанда жиналған жұрт еңіреп қоя беретін.

Имам Шәфиғидің тақуалығы

Имам Шәфиғи тек ғылымда ғана көшбасшы емес, тақуалықта да үлгі.  Ол түнді үш бөлікке бөлген: Бірінші бөлігін оқу-жазуға, екінші бөлігін намазға  ал үшінші бөлігін ұйқыға арнайтын.

Имам Шәфиғидің сондай алып ғұлама болуының басты себебі әрине тақуалығында. Өйткені ғылым тақуа иелеріне қонады. Имам Шәфиғи балауса кездерінде жаттау қабілетінің бұрыңғыдан қарағанда әлсіреп бара жатқанын сезеді. Осыны ұстазына айтқанда, ұстазы «Ғылым ол – көңілге қонған нұр. Алла оны күнәхарларға бермейді» деген екен.

Имам Шәфиғидің ақындық өнері

Имам Шәфиғидің ақындық өнері де болған. Оның мәнді де, маңызды өлендерін қамтыған «Диуәни әш-Шәфиғи» атты өлендер жинағы әлі күнге дейін кітапхана сөрелерінде кездеседі. Оның өлен-жырларынан бір-екі үзінді бере кетейік:

Өмірдің тауқыметі:

Өмірдің тауқыметіне түндері қайғыр ма, олардың бәрі өтер-кетер...
Алланың жері кең-байтақ, бірақ ажал келсе ұшсыз аспан да тарлық етер....
Асығыстық несібеңді көбейтпейді, байсалдылық та оны кемітпес. 
Қайғы да, қуаныш та мәңгі емес,
байлық та, тарлық та уақытша: 
Сен де бір, патша да бір, Егер жүрегінде қанағаттылық орнықса...
Жер де, көк те араша түспес, кімнің есігін өлім қақса....

Аллаға тәуекел ету жайында:

Ертеңгі белгісіз істерге қайғы жеп, түндері кірпік ілмей, көзің жасарды
Қайғы-мұңнан жаныңды арылт, оның кесірінен қанша кісі жынданды
Кешегі істеріңе пана болған Жасаған, ертең де оны (істерді) қамқорына алады

Жомарттық жайында:

Түні бойы аш қалсам да, қарным шұрылдап,
Қолымдағы барымды беремін жомарттығымды сақтап.
Тұрмыстың тауқыметін жасырамын
Көрсетпеймін достарымның жанында
Мұңымды тек Аллаға шағамын
Мұқтаждығымды соған ғана айтамын.
Жағдайым тек мәлім Аллаға.

Білім, білімсіз екендігіңді ұғындырады:

Заман тәрбиелеген сайын, ақылымның қысқалығын көре түстім
Ілімім артқан сайын, білімсіздігімді ұға түстім

Шынайы фиқһ ғалымы  жайында:

Шынайы фақиһтың фиқһы - ісінде,
Құрғақ сөзді, құрғақ жазулы фақиһ емес.
Шынайы басшы - халқымен бірге,
Тек әскерімен, не руымен емес.
Шынайы байлық – рух байлығы,
Мал-мүлік, бағ-дәулет емес. 

Имам Шәфиғидің айтқан өнегелі сөздері
  • Ғылым іздеу – нәпіл намаздан артық
  • Ғылым мәжілісіне қалам-қағазсыз келу – Бидайсыз диірменге келгенмен тең
  • Қарынның тоқтығы денеде зіл, көңілде дірмәнсіздік жаратады, адамның ұйқысын келтіріп, ой-өрісін, жаттау қабілетін таралтады, құлшылық етуіне кедергі болады. Тақуалықтың басы – аз жеу. Мен өмірімде ешқашан тоя ас ішкен емеспін.
  • Мына үш сипатқа ие кісінің иманы кәмілдікке жетеді: Жақсылыққа шақыру; Жамандықтан қайтару; Әр ісінде Алла тағаланың сызған шегінен шықпау.
  • Адамдардың бәрін риза етемін деу бекершілік. Барлық адамның көңілінен шығу мүмкін емес. Сондықтан, әрдайым Жасағанды риза етуге тырысу керек. Оған деген ықыласты арттыру керек.
  • Ғылымды, тәкәппарлану үшін, басқалардан жоғары тұру үшін үйренгендер жетістікке жетпеді. Оны кішіпейілдікке қол жеткізу үшін, ғалымдар мен адамдарға қызмет ету мақсатында талап қылған әлбетте табысқа жетеді, Алланың қахарынан құтылады.
Имам Шәфиғидің ұстаздары

Имам Шәфиғи ғылым іздеп, түрлі жерлерге барды. Ондағы ғылым иелерінен оқып, ілімдерінен барынша сусындауға тырысты. Ол Мекке, Мәдинә, Иемен, Ирак ғұламаларынан оқыды. Солардың кейбірін атап өтелік:

  • Суфян ибн Ъуяйня (Мекке)
  • Муслим бин Халид (Мекке)
  • Саъид ибн Сәлим (Мекке)
  • Мәлик ибн Әнәс (Мәдина)
  • Ибрахим ибн Саъд әл-ансари (Мәдина)
  • Хишам ибн Юсуф (Иемен)
  • Омар ибн Әби Сәлмә (Иемен)
  • Имам Мұхаммед ибн Хасан әш-Шәйбәни (Ирак)
  • Уәкиъ ибн әл-Жәррах (Ирак-Куфа)
  • Әбу Усәма Хаммәд ибн Усәмә (Ирак-Куфа)
  • Абдул Уәһһаб ибн Абдил Мәжид (Ирак-Басра) 
Имам Шәфиғидің шәкірттері

Қашанда ғылым иесінің айналасынан шәкірт азаймайтыны анық. Имам Шәфиғидің дәрісіне қатысушылардың саны өте көп болған. Беделді ғұламаларға шейін келіп, Имам Шәфиғиге шәкірт болатын. Солардың ең атақтыларын атап өтер болсақ, олар төмендегідей:

  • Имам Ахмед ибн Ханбәл
  • Әл-Хасан ибн Мұхаммед әс-Сабах әз-Заъфәрани
  • Әл-Хусәйн әл-Кәрәбиси
  • Әбу Сәур Ибраһим ибн Халид әл-Кәлби
  • Әбу Ибраһим Исмаъил әл-Музни
  • Әбу Мұхаммед әр-Рабиъ ибн Сүләймән әл-Муради
  • Әбу Юсуф Юнус ибн Абдул Аъля
  • Мұхаммед ибн Абдулла ибн Абдул Хукм әл-Мысри
  • Абдулла ибн әз-Зубәйр әл-Хамиди т.б.
Имам Шәфиғидің жазған еңбектері

Имам Шәфиғидің қаламы жүйрік еді. Ол азанда жазып бастаған кітабын түске дейін аяқтап қояды екен. Шәкірті Юнус ибн Абдул Аълә былай дейді: «Шәфиғи азанда жазып бастаған кітабін түске дейін бітіріп тастайтын».

Ғалымның отыздан астам еңбегі болған. Соның көпшілігі осы күнге дейін оқылып келеді. Оның жазған еңбектерінің кейбірі төмендегідей:

  • Әр-Рисәлә. Усулул фиқһ ғылымына қатысты жазылған алғашқы еңбек.
  • Жимәъул Ъилм. Хадистің шариғаттағы орны жайында жазылған кітап.
  • Әл-Умм. Фиһқ мәселелерін қамтиды
  • Әл-Имлә әс-Сағир.
  • Әл-Әмәли әл-Кубра
  • Мухтасар әл-Музни
  • Мухтасар әл-Буәйти
  • Әл-Хужжә
  • Ихтиләфул-Ирақиин
  • Ихтиләфу Али уә Мәсъуд
  • Әл-Мүснәд
  • Диуәнуш Шәфиғи
Шәфиғи мәзһабының таралған жерлері

Шәфиғи мәзһабы ең әуелі Мысырда таралды. Себебі Имам Шәфиғи 814 жылы Бағдаттан Мысырға біржолата қоңыс аударғаннан кейін сонда көптеген шәкірттер тәрбиелеп, мәзһабының жайылуына бар күшін салады. Кейіннен Мекке, Мәдина, Сирия, Йемен, Иран, Солтүстік Африка, Үндістан мен Андалусияға тарайды.

Қазіргі таңда Шәфиғи мәзһабы - Мысыр, Сирия, Йемен, Оман, Бахрейн, Хижаз және Палестинада кеңінен тараған. Сонымен қатар Ява аралдары, Филиппин, Индонезия, Малайзия, Ирак, Кафказ, шығыс Африка, Танзания, Үндістан және Туркияның шығысында Шәфиғи мәзһабын ұстанушылар бар.

Имам Шәфиғидің дүниеден озуы

Белгілі бір себептермен Бағдад қаласына тұрақтауды жөн санамай, хижри жыл санауы бойынша 199 жылы (б.ж.с. 814) Мысыр еліне аттанады. Мысырға келісімен жергілікті әкім Имам Шәфиғиге ерекше зейін қойып, оған буджеттен ақша тағайындайды. Бұнымен қатар Мысырда өзінің салған фиқһ жүйесі кең етек алып, мектебін дәріптеушілердің қатары бұрыннан да арта түседі.

Өмірінің ақырғы күндері төсек тартып қалған ұлық ғұлама, көп ұзамай хижри жыл санауы бойынша 204 жылы (б.ж.м. 819 ж), ережеп айының соңғы түні 54 жасында дүниеден озады. Алла оған разы болсын!(2)


 

(1) Әбу Абдулла Мұхаммед ибн Идрис ибн Аббас ибн Осман ибн Шәфиғи ибн әс-Сәиб ибн Абди язид ибн Хишәм ибн Абдилмуталиб ибн Абди Мәнаф.
(2) Мұхаммед Әбу Захра: "әш-Шәфиғи", «Дәрул фикр ъараби». 1978 ж.; 
Мұхаммед Әбу Захра: "Тәрихул Мәзәхибиль Ислямия", «Дәрул фикр ъараби». Каир.;
С.Сейітпеков: мәзһабтар тарихы. Алматы, 2011 жыл.; Доктор Абдул Уәһһаб Зәхид: "Хаятул Әиммәтил Арбаъа". 2003 ж.; adabcom; islamstorycom/ar/الإمام_الشافعي

0 пікір