«Берген дүниеңе де, қалдырған дүниеңе де Алла Тағала береке берсін».
Абдуррахман ибн Ауф (Алла оған риза болсын):
- Исламды қабылдаған алғашқы 80 сахабалардың бірі.
- Тірісінде жәннәтпен сүйіншіленген 10 сахабаның бірі.
- Омар Фаруқтан кейін халифа тағайындау ісі тапсырылған кеңес мүшелері - алты сахабаның бірі.
- Исламнан бұрын есімі Абдуамр болған. Исламды қабылдап, мұсылман болғаннан кейін Алла елшісі (с.а.у.) оған «Абдуррахман» деген есім берді.
Абдуррахман ибн Ауфтың мұсылман болуы - Алла елшісінің (с.а.у.) «Дәруль-Арқамға» кіруінен бұрын болды және Әбу Бәкір Сыддықтың (р.а.) Исламға келуінен екі күн кейін. (Дәруль-Арқам - Арқамның үйі. Мекке қаласындағы Арқам ибн Абд манаф әл-Мәхзумидің үйі. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Исламның алғашқы жылында Арқамның үйінде жиналып Исламға шақыратын, ол үй «Дәруль Ислам» деп те аталды).
Әуелгі мұсылмандар секілді Абдуррахман да Алла жолында қиындықтарға дұшар болды. Мүшріктердің қыспағына ұшырады. Бірақ, мойымай өзге жолдастары секілді шыдап, табандылық танытып, сенімінде берік болды. Құрайш мүшріктерінің қыспағынан қашып, үй-жайын тастап, діні үшін Хабаша жеріне (Эфиопияға) көпшілікпен бірге ол да көшеді. Кейінірек Алла елшісі мен сахабаларына Медине қаласына көш ету рұқсаты келгеннен кейін, Мединеге көшкен Мүһәжир сахабалардың арасында ол да бар еді.
(Мүһәжир - Меккеден Мединеге көш еткен мұсылмандарға берілген атау. Ансар - Меккеден көшіп келген мұсылмандарға жәрдем беріп, үй-жайымен бөліскен Мединелік мұсылмандарға берілген атау).
Медине қаласына келгеннен кейін Алла елшісі (с.а.у.) Мединелік Ансарлар мен Меккелік Мүһәжирлерді бауырластырған кезде, Пайғамбарымыз (с.а.у.) оны, Саъд ибн Рабиъ әл-Ансаримен (р.а.) бауырластырды. Мединелік Сахаба Саъд ибн Рабиъ жаңа бауыры Абдуррахман ибн Ауфқа:
- "Бауырым, мен осы қаладағы ең бай адаммын. Менің екі бақшам бар. Қарап, көріп, таңдағаныңды ал» - деп, мал-дүниесі Меккеде қалған, ештеңесі жоқ Абдуррахман ибн Ауфқа дүниесін бөліп бермек болады. Сонда Абдуррахман ибн Ауф бауыры Саъдқа:
- «Алла саған, отбасыңа және мал-жаныңа береке берсін! Бірақ, маған тек базардың жолын көрсетші (басқасы керек емес)» - деп айтады. Саъд оған базар орналасқан жақты көрсетеді. Абдуррахман ибн Ауф базарға барып, бір затты сатып алып, оны басқа жерге апарып сатып, осылайша алып-сатарлыққа бастап кетеді, және де кәсібінен жақсы табыс табады.
Абдуррахман ибн Ауф сауда жасап жүріп, ең алдымен үйленуге қам жасап, мәһрге (қалыңмалға) ақша жинайды. Мәһрге жетерліктей ақша жиналғаннан кейін көңілі қалаған әйелді айттырып, үйленеді. Үйленген күні Пайғамбарымызға (с.а.у.) келеді. Пайғамбар оның үстінен әйелдерге тән хош иісті сары бояудың жағылғанын байқайды да:
- Мынауың не, уа Абдуррахман?! - деп сұрайды, үстіндегі әйелге тән хош иісті бояуды жақтырмай.
- Үйлендім, - деп жауап береді Абдуррахман ибн Ауф. Үстіндегі бояудың әйелінен жұққанын ұққан Алла елшісі (с.а.у.) оған:
- Әйеліңе мәһрге не бердің? - деп сұрайды.
- Нәуәттың салмағындай алтын бердім, - деп жауап береді. ("Нәуәт" (арабша сөз) - сол замандағы алтынның салмақ өлшемі, шамамен бес дирхамдай, он бес грамм күміске татиды-ауд.).
Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған:
- Бәрекелді. Алла саған және дүниеңе береке берсін! Бір қой сойып болса да, дастархан жайып беташар тойын жаса, - деп кеңес етеді. (Арабшасында қолданған "уәлима" сөзі - келін түсіргенде жасайтын тойды білдіреді, біз оны қазақша "беташар тойын.." деп аудардық - ауд.).
Кейіннен Абдуррахман ибн Ауф Пайғамбардың батасының арқасында қалай несібесі артып, байығанын тұспалдап былай тілге алады:
«Маған дүниенің бет бұрғандығы соншалық, жердегі бір тасты көтерсем, астында алтын немесе күміс жататын».
Абдуррахман ибн Ауф «Бәдр» соғысына қатысқандардың бірі. Ол соғыста Алланың дұшпаны қаныпезер Ъумейр ибн Осман ән-Тәйми деген мүшрикті өлтіреді. «Ухуд» соғысында да өзін жақсы жағынан көрсетеді. Ол соғыста мұсылман әскері шашырап, қаша жөнелгенде, ол қасқайып тұрып дұшпанмен бетпе-бет шайқасқан еді.
Алла жолында мал-дүние жұмсауы
Десе де, ардақты сахабаның Алла жолында қылышпен соғысуын, малымен соғысуымен салыстырсақ, қылышпен соғысуы аз боп қалады. Табиғаты жомарт сахабаның Алла жолында жанын пида етуге дайын болуымен қатар, малын да Алла жолында жұмсаудан аянбады. Мысалы, бір күні Алла елшісі (с.а.у.) әскер әзірлеуі керек болып, алайда қаражат жетпегендіктен, ортаға тұрып:
- «Садақа беріңдер. Мен жорыққа әскер аттандырмақшымын!» - деп бұйырады. Сонда Абдуррахман ибн Ауф тез үйіне барады да, жиған-тергенінің жарымын алып келіп:
- Уа, Расулалла! Менде төрт мың динар алтын бар. Оның екі мыңын Раббыма қарызға бердім (яғни, Алла жолына жұмсаймын). Қалған екі мыңын отбасыма қалдырдым», - деп екі мың алтынды Алла елшісіне (с.а.у.) табыстайды.
Сонда Алла елшісі (с.а.у.):
- «Берген дүниеңе де, қалдырған дүниеңе де Алла берекесін берсін!» - деп бата жасады.
«Тәбук» шайқасында да Абдуррахман ибн Ауф Алла жолына қомақты дүние сарп еткендердің қатарында еді. «Тәбук» соғысы Алла елшісінің соңғы жорығы болатын. Византия әскерінен мұсылмандарға қауіп төңгенде, Пайғамбарымыз (с.а.у.) қол жиып, шегараға әскер жолдамақшы болады. Алайда жау әскері мықты, әрі жол ұзақ. Соған сәйкес мықты әскер әзірлеу үшін тағы да қаражатқа келіп тіреледі. Сол кезде, Әзіреті Осман, Әзіреті Абдуррахман сынды сахабалар Алла жолында барын жұмсаған болатын.
Мұсылман әскері «Тәбук» жеріне келген уақытта, өзге сахабаларға бұйырмаған нәрсе Абдуррахман ибн Ауфқа бұйырған тұғын. Ол былай болды. Намаз уақыты кірген еді. Пайғамбар сол сәтте болмай, имамдыққа Абдуррахман ибн Ауф шығады. Бірінші рәкәғатты оқып, екінші рәкәғатқа тұрғанда Алла елшісі де келіп жетіп, имам болып тұрған Абдуррахман ибн Ауфқа ұйыды. Намазда ғаламның тажы, адамзаттың мырзасы Мұхаммед пайғамбарға (с.а.у.) имам болудан артық сыйлық, одан артық байлық бар ма?!
Абдуррахман ибн Ауфтың мүміндердің аналарына қарайласуы
Пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейһиссәләм бақиға аттанған кейін, Оның жұбайларының, яғни, мүміндердің аналарының керек-жарақтарын қамтамасыз етіп, қарайласып тұруды ардақты сахаба өз мойнына алады. Ол оларға керекті заттарын әкеліп, егер бір жаққа шығатын болса, көліктерін әзірлеп, мінетін түйелерінің ер-тұрмандарын ерттеп беріп, ердің үстіне жап-жасыл қымбат матадан тігілген көрпеше жайып, солай қызмет жасап, мүміндердің аналарына жәрдемін аямады.
Абдуррахман ибн Ауфтың байлығының артуы
Алла Тағала сахаба Абдуррахманның сондай жақсылығына орай дүниесін арттырғанының үстіне арттыра түсті. Ақырында сахабалардың арасындағы ең бай, ең бақуаттысы болды. Саудасы күннен күнге берекелене түсті. Оның жіберген сауда керуені Мединеден кетіп, қайта оралғанда қала халқына қажетті дүниелерге толы болып кері оралатын. Бір күні Абдуррахман ибн Ауфтың жіберген сауда керуені Медине қаласына 700 түйе болып кері оралады. Азық-түлік, киім-кешек, мата т.б. адамдарға қажетті дүниелерге толы 700 түйе. Медине қаласына жеті жүз түйелік керуен кіріп келгенде жер дірілдеп, айнала у-шу болып, елдің таңданысында шек болмай, бәрі қуанысты. Сонда Айша анамыз: «Бұл не сілкініс?» - деп жердің не себепті діріл қаққанын түсінбей сұрағанда, қасындағылар: «Абдуррахман ибн Ауфтың керуені ғой. Бидай, ұн, азық-түлік артқан жеті жүз түйе» - деп айтады. Сонда Айша анамыз: «Алла Тағала Абдуррахман ибн Ауфға осы дүниеде берген нәрсесіне берекесін жаудырсын! Бірақ ақыреттік сауабы бұдан да көп. Мен Алла елшісінің (с.а.у.) Абдуррахман жайында: «Абдуррахман ибн Ауф пейішке еңбектеп кіреді» - дегенін естігенмін» - деп хадис жеткізеді. Айша анамыздың бұл сүйіншісі Оның құлағына түйелері шөкпей тұрып жеткенде қатты қуанып, Айша анамазыға жүгіріп келеді:
- Уа, мүміндердің анасы! Сіз расында да Алла елшісінің солай дегенін естідіңіз бе? - деп, өз құлағына өзі сене алмай сұрайды. Айша анамыз «Иә» деп жауап бергенде, Абдуррахман ибн Ауфтың төбесі көкке жетіп:
- Шамам шарқынша, пейішке еңбектеп емес, тұрып кіруге тырысамын! Уа, анасы! Сізді куагер етемін, мына керуенді үстіндегі барлық жүгімен, барлық дүниесімен толық Алла жолына бердім! - деп, 700 түйелік дүниені сауап үшін таратып жіберген екен.
Сол сүйінші хабарды естіген күннен кейін жүзі күндей жарқыраған Абдуррахман ибн Ауфтың бұрыннан да жомарттығы артады. Айналадағы барлық жоқ-жітікке, кедей-кепшікке, мұқтаж адамға тапқан дүниесін аямайтын болды. Жасырын да, жария да, оң қолымен де, сол қолымен де дүниесін мұқтаж мұсылмандарға таратты. Сол арада 40 мың күміс дирхам, 40 мың алтын динар ақша және екі жүз күлше алтынды садақаға беріп үлгеріпті. Мұсылман әскерлеріне 500 ат және 1500 түйе береді.
Абдуррахман ибн Ауфтың өлер кездегі жомарттығы
Өмірінің соңы таяп, өлім төсегінде жатқанда қол астындағы құлдарының бәріне азаттық сыйлайды. Және Ислам тарихындағы ең алғашқы соғыс "Бәдр" соғысына қатысқан сахабалардың әрқайсысына 400 динар алтын ақша берілуін өсиеттейді. Сайып қараса Бәдрге қатысқандардан тірі қалғандарының саны жүзге тарта екен. Өсиетіне сай олардың бәріне 400 динардан үлестіріледі.
Онымен қатар, мүміндердің аналарына да қомақты ақша өсиеттеп кетеді. Оның ол жомарттығына Айша анамыз (р.а.): «Алла Тағала оны пейіштегі «сәлсәбил» бұлағынан сусындатсын» деп бата берген.
Онымен қатар ол өзінің қарайласып жүрген мұсылман отбасыларына да көпке дейін жетер дүние өсиеттеп кетеді.
Бүкіл бұл өсиеттерінен кейінгі мұрагерлеріне қалған мұрасының өзі аз емес болатын. Мәліметтерге қарағанда, Абдуррахман ибн Ауфтың артында алтын, күміс ақшаларын есептемегенде - 1000 түйе, 100 жылқы, 3000 қой қалған екен. Төрт әйеліне мұрасының төрттен бірі бөлініп берілген кезде, әрқайсысына 80 мың алтыннан тиген. Балаларына мұрасындағы алтын мен күмісті бөліп берерде балтамен шауып бөлген екен, тіпті алтынды бөліп отырған ер адамдардың қолдары алтын мен күмісті шабудан талықсыған. Осыдан-ақ оның қалдырған дүниесінің молдығын шамалай беруге болады. Бұл айтылғандар Алла жолына атағаны мен сауап үшін кедей мұсылмандарға үлестіргенінен қалғаны. Оның осынша байлыққа қол жеткізуінің сыры - кең жүректі жомарт жан болғандығында жатыр, әйтсе де, негізгі себеп - Мұхаммед пайғамбардың көзі тірісінде оған жасаған батасы мен береке тілеген тілегі еді!
Абдуррахман ибн Ауф осыншалық бай бола тұра өте қарапайым болды. Қарапайым болғандығы соншалықты, сырт көз оны қол астындағы құлдарынан ажырата алмайтын. Ардақты сахаба дүние салғанда денесін соңғы мекеніне Пайғамбардың нағашысы Саъд ибн Әбу Уаққас апарады. Жаназасын Әзіреті Осман ибн Аффан оқиды. Ақтық тілекті Әзіреті Әли айтады (радияллаһу анһум)1. "Сахабамның әрбірі жұлдыз іспетті" деуші еді Алла елшісі (с.а.у.). Абдуррахман ибн Ауф соның бір дәлелі. Пейіштің төрінде шалқысын құрметті сахаба!
1Абдуррахман Рафат Башаның: «Суарун мин хаятис сахаба» атты кітабынан ықшамдап аударылды (араб тілінде).