Бесінші халифа атанған – Омар ибн Абдулазиз
Бесінші халифа атанған – Омар ибн Абдулазиз
10 жыл бұрын 8709
Бақ БЕР

Омар ибн Абдулазиз – ислам тарихындағы ең айтулы тұлғалардың бірі. Ол әділетті төрт халифадан кейін мұсылман үмбетіне басшылық етті. Қоғамның әр саласында әлеуметтік әділеттілік, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қалыптастыра білуімен және басқа да өнегелі істерімен халықтың ерекше ықыласына бөленді.

Ислами еңбектерде ол «екінші Омар» немесе «бесінші әділ халифа» деп аталған. Өте әділетті кісі болғаны айтылады. Омар ибн Абдулазиздың туу мерзімі нақты білінбеуде, алайда шамамен хижри 63 жылы туылса керек. Туған жері еңбектерде Мәдина немесе Мысырдың Хулан аймағы ретінде өтеді. Әке-шешесі жомарт, тақуа әрі жақсылықсүйгіштігімен әйгілі. Әкесі әділет, ынсап, мейірімді ту еткен Мысыр әкімдерінің бірі Абдулазиз ибн Мәруан еді. Шешесі хазірет Омардың ұлы Асымның қызы Ләйла. Омар ибн Абдулазиз Омаят халифаларының бірі Мәруанның немересі.

Анасына қатысты  хазірет Омардың (р.а.) басынан өткен оқиға айтарлықтай қызықты. Хазірет Омар бір күні халықтың өзі жайында не ойда екенін білу үшін киімін ауыстырып киіп, ел ішін аралап жүргенде, сатылатын сүтке су қоспақ болған анасы мен қызының арасындағы әңгімені құлағы шалып қалады. Әңгімеде қызы анасына «халифа сүтке су қоспаңдар» деген деп ескертеді. Бірақ анасы тыңдамай, қызы соған реніш білдіреді. Хазірет Омар ертесі күні қыздың табандылығын байқау үшін бір қызметкерін жіберіп, олардан сүт алдырады. Бірақ сүтке су қосылмаған болып шығады. Халифа дереу қыздың шешесін де шақыртып, кешегі түн қызымен арада болған әңгімелерін естігенін айтады. Хазірет Омар қызды марапаттап, келісімін алып, өз ұлы Асыммен үйлендіреді. Осы некеден Ләйла атты бір қыз дүниеге келеді. Міне, хазірет Омардың немересі Ләйла Омар ибн Абдулазиздың анасы болып табылады.

Омар ибн Абдулазиз Құранды кішкене жаста жаттаған соң әкесі оны ілім үйрену үшін Мәдинаға жібереді. Онда барып кей сахабалардан ілім алған. Ілім алған ұстаздарының арасында Мәдинада Әнас ибн Малик, Саиб ибн Язид, Юсуф ибн Абдуллаһ ибн Сәлам, Абдуллаһ Жағфар Тайяар мен табиғиннен Саид ибн Мүсәйяб пен басқа да ғалымдар болған. Бұл ілім сапарында фиқһ, хадис, әдебиет пен өлең дәрістерін де алып, мүжтахид деңгейіне жеткен. Әкесі өмірден қайтқан соң көкесі Абдулмәлик ибн Мәруан оны жанына алып, қызы Фатимамен үйлендірген. Қайынатасы қайтыс болғаннан кейін халифалыққа Омардың бөлесі І Уәлид ибн Абдулмәлик өткенде, Омар ибн Абдулазизды Мәдинаға һижри 87 жылы әкім ретінде тағайындады. Омар ибн Абдулазиз осы міндетке келгенде, жиырма бес жаста еді. Аз уақытта іскер әрі әділ басшы ретінде өзін көрсете білді.

Омардың әділ әрі парасатты саясатының арқасында бұрынғы шағымдар азая берді. Әділетті басшылықтан хабардар жұрт, әсіресе, Ирак әкімі Хажжаж ибн Юсуфтың қатал әрі қиянатшыл басшылығына наразылар енді Мәдинаға көше бастады. Бұлардың арасында Саид ибн Жүбәйір мен Мүжахид секілді кісілер де бар еді. Кейіннен Хажжаж Саид ибн Жүбәйірді өлтіртіп, Мүжахидты түрмеге жапқан. Бұлардың қашуы Ирак әкімі Хажжажға ұнамады әрі халифа І Уалидке Омарды Мәдинадан кері алу үшін қысым жасай бастады. І Уәлид бұндай қысымдарға қарсы тұра алмай, Омарды Мәдина әкімдігінен қайтарып алды. Шамамен жеті жыл осы міндетті атқарған Омардың әділетті басшылығы бүкіл Омаядтар еліне тарады. І Уәлидтен кейін халифа болған Сүлейман ибн Абдулмаликтың халифалығының соңына қарай Омар ибн Абдулазиздың кісілігін, діндарлығы мен қабілетін білгендіктен, оны орнына халифа тағайындағысы келген. Алайда Омар ибн Абдулазиз бұл міндеттің жауапкершілігі ауыр екенін білгендіктен, Халифа Сүлейманның бұл ұсынысын құп көрмей, басын алып қашады. Бірақ сол кездегі жағдайларға сай халифалық міндетті алып жүруге мәжбүр болған. 717 жылы Сүлейман өлген соң халифалыққа өткен. Омар ибн Абдулазиздың мемлекет басқаруы шамамен екі жарым жылға жалғасқан. Осы аралықта халифаның жеке өмірі мен мемлекет істерінде толықтай мұқияттылық пен үнемшіл өмір сүргені айтылады.

Омар ибн Абдулазиз халифа ретінде Мәдинаға келе сала түскі намазды оқығаннан кейін Құран мен сүннетті жақсы білетін, фақиһ он ғалымнан тұратын, мемлекеттік істерді қадағалайтын өкілетті кеңес құрды. Бұл кеңесте Зүбәйір ибн Аууамның ұлы Ұруа ибн Зүбәйір, Әбу Бәкір ибн Сүлейман ибн Әби Хайсам, Ұбайдуллаһ Абдуллаһ ибн Ұтба ибн Масғуд, Әбу Бәкір ибн Абдуррахман ибн Харис, Сүлейман ибн Ясар, Қасым ибн Мұхаммед ибн Әбубәкір, Салим ибн Абдуллаһ ибн Абдуллаһ ибн Амр, Абдуллаһ ибн Үбәйдуллаһ ибн Омар, Абдуллаһ ибн Амир ибн Рабия, Харижа ибн Зәйд ибн Сабит секілді фақиһ әрі ғалым сахаба балалары бар еді. Халифа бүкіл істерін осылармен ақылдасатын. Бұл  кеңес тек сөз жүзінде қалмас үшін оларға өкілеттік те берген. Халифа басшылығында өзінен кеткен қателіктерді айтып отыруды да соларға тапсырған. Осы кеңестің ортақ ұйғарымынсыз мемлекеттік істерде шешім қабылдамайтын.

Омар ибн Абдулазиздың мемлекет басшысы ретінде алғаш қолға алған істерінің арасында өзіне тиесілі мініс көліктерін сатқызып, олардың ақшасын мемлекет қазынасына құйған. Халифа мемлекетке тән істерде де жеке көлігін қолданып, отбасы мүшелерінің бұрынғыдан да қарапайым өмір сүргенін, киімде де қарапайым болуын қалаған.

Өзі құлшылыққа берілген, дүниеге қызықпайтын, тақуа, халықпен қарым- қатынасында мейлінше кішіпейіл болатын. Бір жолы сахаба Әнас ибн Малик Ирактан Мәдинаға келіп Омар ибн Абдулазиздың артында намаз оқығаннан кейін былай деген: «Намазды тура Расулалланың намазындай етіп оқитын дәл осы жігітті көрдім». Мәймун ибн Мәруан; «Ғалымдар Омардың жанында оның шәкірті ғана бола алады». Омардың шын мәнінде исламды насихаттап әрі оны үлгі ретінде көрсете білуі себепті оны былайғы жұрт алғашқы ғасырдың мүжаддит мемлекет басшысы және ғалымы деп қабылдаған. Мұсылмандар оның басшылықтағы қабілеті мен әділдігін атасы хазірет Омардың халифалығына ұқсататын.

Омар ибн Абдулазиз ғылымда да, басшылықта да алдына жан салмады. Өзі басқарған аймақта садақа не зекет беруге болатындай кедей-кепшіктер қалмаған екен. Мәймун ибн Михран «Омар ибн Абдулазизбен алты ай бірге тұрдым. Киімін ауыстырғанын көрмедім. Екі жұма аралығында ғана киімін бір жуатын» дейді.
Науқас еді. Қасына келген қайнысы Мәсләма ибн Абдулмәлик оның кішкене сауыққанын көргенде, қалын сұрап келмекші болғандарға сол күні рұқсат еткісі келді. Бірақ халифаның киімі кір еді. Омар ибн Абдулазиздың әйелі әрі өзінің қарындасы Фатимаға «Бүгін халифа сәл сауыққан тәрізді. Қалын сұрап келетін кісілердің кіруіне рұқсат етейік. Бірақ киімі кірлеп кетіпті. Тез барып ауыстыршы?» деді.
Қарындасының қозғала қоймағанын көргенде ашуланды. Сөйтіп әлгіндегі айтқанын қатқылдау етіп қайта айтты. Сонда естіген жауабы мынау еді: «Ант етейін, ол кісінің үстіне ілгенінен басқа киімі жоқ».

Тағы бір жолы жамаулы киіммен жұма намазын оқытқаны бар. Намаздан кейін біршама уақыт отырды. Осы кезде алқалай отырған көпшіліктің арасынан біреуі «Уа, мүминдердің әміршісі! Алла сізге сонша дәулет берді, билік берді. Сәл тәуір киінсеңіз болмас па?» деді. Халифа басын иіп, назарын төмен салған қалпы біршама уақыт үнсіз тұрды. Бұл сөзді ұнатпағаны белгілі еді. Сәлден кейін барып басын көтеріп, мынадай хикметті сөз айтты: «Ең жақсы үнем молшылықта жасалғаны, ал ең жақсы кешірім шамаң жетіп тұрғанда жасалғаны».

Әр түрлі деректер бойынша Омар ибн Абдулазиз хижри 101 жылы 39 не 40 жастарында Халапта өмірден озған. Қабірі «Дәйру саман» деп аталатын Хумус аймағында. Кейбір деректерде Шамда өмірден озғандығы айтылады. Қабірі алғашқы күнгі жерленген жерінде, ешқандай өзгеріске ұшырамаған. Халифа қайтыс болмай тұрып әуелі баласы Әбу Үмәйяға қабір орнын өз ақшасымен екі динарға сатып алған. Ибнул Жаузидың еңбегінде Мұхаммед ибн Қайстың дерегінше, қабір орнын бір христианнан 30 динарға сатып алғаны айтылады. Деректер Омар ибн Абдулазиздың екі жыл бес ай бес күн ғана халифалық атқарғанын білдіруде. Халифаның өлімі халық ішінде үлкен қайғыға себеп болғаны әрі оны жақсы көргендерге ауыр тигені себепті Хасан Басри «Адамдардың ең қайырлысы өмірден озды» деген.

2 пікір
  • Өте қызық, әрі пайдалы мағлұматтарға толы жазылған.
    Өз басым бұл кісінің Хазірет Омардың немересі екенін енді үйрендім.
    5-ші халифа бұл фәни өмірден ерте өткен екен. Қалай қайтыс болған екен, сонысы жазылмапты.
    Авторға рахмет
    10 жыл бұрын
  • Машалла! Ол кісіге Алла разы болсын!
    10 жыл бұрын