Байлықты көтере алмаған сахабаның оқиғасы
Байлықты көтере алмаған сахабаның оқиғасы
4 ай бұрын 6849
Тұрғын Нұғман

Ардақты сахабалардың арасында Осман ибн Аффан, Абдуррахман ибн Ауф,Тальха ибн Убайдулла, Зубайр ибн Аууам, Хәким ибн Хузам (Алла оларға разы болсын) сынды бай сахабалар болды. Олар қазіргі өлшеммен есептегенде миллиардер санатындағы сахабалар болды, алайда оларды байлықтары бұзбаған еді. Қайта кішіпейілділіктері мен жомарттықтары арта түсіп, Құдайдың берген байлықтарын Алланың жолына жұмсап, одан қала берді ғәріп, жоқ-жітіктерге қарайласып өтті. Мұсылмандарға күн туғанда алға шығып, жандарымен қоса, малдарын ортаға қоя білді. Міне, сондай ұлы жандар еді.

Алайда бүгінгі тақырыбымызға мұрындық болып отырған кісі жоғарыда сайып өтілген сипаттарға қатысы жоқ адам. Ол да сахаба болған. Ол да Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көзін көріп, Оның тағылымы мол сұхбаттарына қатысқан. Алайда, «алтын көрсе, періште жолдан таяды» демекші кедей күйінен Пайғамбардың батасының арқасында бір пәсте байып шыға келген ол, байлықты көтере алмай, соңында Алланың бұйрықтарын орындаудан қалады. Ол сахабаның есімі - Сәләбә ибн Хатим еді. Оқиға былай болады. (Осы тұрғыда айта кетелік: бұл оқиғаның шын-өтірігі Ислам тарихшылары мен хадисшілер арасында таласты. Ескілікті кейбір тәпсір кітаптары мен тарих кітаптарында орын алған әйгілі оқиға болса да, мұндай бір оқиғаның болғандығына күмәнмен қарайтын хадисшілер де барын білгеніміз жөн). 

Өзі кедей болған Сәләбә ибн Хатим бір күні Алла елшісіне (с.а.у.) келіп:

- «Уа, Расулалла! Маған байлық берсін деп, мен үшін Аллаға дұға етші!»- деп өтінеді.

Пайғамбарымыз с.а.у. оған:

- «Уа, Сәләбә! Шүкірі жоқ көп байлықтан, шүкірі бар аз байлықтың болғаны жақсы. Көп байлықтың жауапкершілігі де көп»- деп, оған байлық жақпайтынын білгендей, оны райынан қайтарғысы келеді. Бірақ Сәләбә дегенінен қайтпай, Алла елшісінен әйелі екеуіне дұға жасауын сұрай береді. Онда да пайғамбарымыз оған:

- «Маған ұқсағың келмей ме? Жаным қолында болғанға ант етейін, егер мен байлықты қаласам, таудай алтын мен күміс соңымнан ілесіп жүрер еді. Алайда, маған байлық керек емес. Себебі, осы дүниенің рахаты - о дүниеде рахат көрмейтіндерге тән» - деп насихат айтады. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.у.) Сәләбаға байлықтың пайдасынан зияны тиетінін сезген еді.

Алайда Алла елшісінің (с.а.у.) насихаты Сәләбәның дүниеге деген махаббатын бәсеңдете алмады. Ол өлердегісін айтып қоймады: егер бай болып кетсе, дүниесін сауап жолына жұмсайтынын, жоқ-жітікке қарайласатынын айтып, ант-су ішті. Ақыры болмай қойғаннан кейін, көңілін қалдырғысы келмеген патша жүректі Пайғамбарымыз ол үшін Алладан байлық сұрады: «О, Жаратушы Ием! Өзіңнің кеңшілігінен Сәләбаға байлық бергін!»- деп дұға жасайды.

Сүйікті Пайғамбарының дұғасын екі етпейтін Жаратушы Иеміз Сәләбаға байлық береді. Сөйтіп Сәләбаға баста екі-үш қой бітеді. Көп ұзамай екі-үш қойы бірнеше есеге өседі. Ақыры қойлары Медине көшелеріне симай, жайылым іздеп қала сыртына кетуге мәжбүр болады. Жүздеген қойлары, мыңдаған қойдан тұратын отарға айналады. Мединенің айналасындағы жайылымның бәрін Сәләбаның малы басады.

Сәләба малдың соңынан кетіп, мешітке келуден қалады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен сахабалардан ұзақтайды. Аллада уахи түсіп жатқан шақта, өзге сахабалар секілді Исламның тағылымдарын үйренер сәтте, шалғайға малдың соңынан кетеді. Бұрын бес уақыт намазды мешітте оқып жүрген болса, енді Жұма намазына келуді қояды. Осылайша, адамзаттың асыл тәжі болған Мұхаммед пайғамбармен қатар тұрып намаз оқу бақытынан өзін-өзі мақұрым етеді. Өзге сахабалар қолдары қалт етсе, дереу Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) қасына асығып, Одан Алланың тағылымын үйреніп, оны іс-жүзіне асыруға талпынып жатты. Ал Сәләбә байлығының қамында еді.

Бір күні, Мұхаммед пайғамбарымыз Сәләбаның көрінбей кеткенін байқап, ол жайында сұрайды. Сонда сахабалар Сәләбаның байып, малы жайылымға симай жатқанын білдіреді. Сонда Ол (с.а.у.): «О, тоба! Сәлабаға нендей өкініш!» - дейді үш қайтара.

Алладан зекет аяты түскеннен кейін, Алла елшісі (с.а.у.) төңіректегі бай мұсылмандардан зекет жинау үшін жауапты адамдарды жолдайды. Бір-екі кісіні Сәләбаға да жібереді. Олар Сәләбаға Пайғамбардан келіп отырғандарын білдіріп, малының зекетін алғалы келгендерін айтады. Өзге бай сахабалар зекеттерін қуана-қуана береді. Алайда, Сәләбаны Пайғамбарымыздың (с.а.у.) елшілерінің зекетін сұрай келгендері ашуландырады. Келген зекет жинаушыларға:

- «Сендердің сұрап тұрғандарын «жизия» ғой. Бара беріңдер. Мен ойланып көремін» деп зекетін бермей қайтарады. (Жизия - мұсылман еместерден алынатын салық).

Сәләбаның бұл қарсылығы Алланың бұйрығына қарсы шығу болатын. Пайғамбардың сөзін мойындамау еді. Оның бұл ағаттығынан кейін Құдай Тағала «Тәубе» сүресінің, 75,76 аяттарын түсіреді. Аят Сәләбаның о баста берген сертінде тұрмағанын білдіріп былай дейді:

«Олардың арасында (яғни, мұсылман боп, артынан кәпір болғандардың арасында) әлдекімдер бар: «Егер Алла бізге өз кеңшілігінен берсе, күмәнсіз садақа беріп, сөзсіз ізгілерден болар едік» деп Аллаға серт берді. Қашан оларға Алла Тағала өз кеңшіліген бергеннен кейін, сараңдық қылды және қарсылық танытып, бет бұрды»1.

Кейіннен Сәләба өзінің қателігін түсінеді. Сөйтіп, бермей жүрген зекетін жиіп-теріп, Алла елшісіне келеді. Бірақ Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) «Алла сенің зекетіңді қабыл етпеуімді бұйырды» деп, оның зекетін қабыл етпей қояды. Сәләбаның өкініші өзегін қанша өртесе де, кеш еді. Оның тәубесі қабыл болмады.

Арадан уақыт өтіп, Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) дүние салады. Бұл жолы Сәләба зекет малдарын алдына салып, халифа Әзіреті Әбу Бәкірге келеді. Бірақ Әбу Бәкір де Сәләбаның зекетін қабыл етпей қояды. Әзіреті Әбу Бәкір қайтыс болғаннан соң, Әзіреті Омар халифа болады. Енді Сәләба зекет малдарын жиіп, Әзіреті Омарға келеді. Әзіреті Омар да оның зекетін қабыл етпей қояды. Әзіреті Омар қайтыс болғаннан кейін. Оның орнына Әзіреті Осман халифа болады. Әзіреті Осман да оның ұсынған зекетін қабыл етпей қояды. Осылайша, зекетін қабыл еттіре алмаған Сәләба, Әзіреті Османның халифаты заманында бақилық болады2.

Біз бұл оқиғадан Сәләбаны даттаудан аулақпыз. Оған тіл тигізуге қақымыз жоқ деп есептейміз. Оның күнәсі Аллаға қалған. Бұл оқиғаны ғибрат үшін беріп отырмыз. Сәләбаның бұл оқиғасы біздерге ой салуға тиіс. Өйткені, біз қолдағы бар дүниемізді қанағат тұтпай, бай болсам деп аңсайтынымыз жасырын емес. Тіпті кейде: «пәленшеге көп байлық берді. Неге маған бермейді?!» деп кейіміз. Алайда «семіздікті тек қой көтереді» демекші, байлықтың берілмегенінде де қайыр барын аталмыш оқиғадан ұғынуымыз керек. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «О дүниеде пейішке ең бірінші кедейлер кіреді!» деген сөзі сондай байлыққа қол жеткізбеген кісілердің о дүниеде қуанатындықтарын білдіреді. Ал соларға бұ дүниеде байлық берілгенде, байлықты көтере алмай, о дүниеде сондай теңдесіз мәңгі қуаныштан қағылар ма еді. 

Демек, Құдай Тағала байлықты көтере алатын мұсылманға береді екен. Ал көтере алмайтын мұсылманға бермеуі, Оның жазасы емес, керісінше Оның оған көрсеткен мейірімі деп түсінген дұрыс. Кім біледі, егер ол байлыққа мастанып, ақыретін жоғалтып алуы әбден мүмкін еді ғой. Әлемде қаншама миллиардер адамдар өмір кешіп жатыр. Олар көбі Құдайдың берген байлығын оңды-солды шашып, мастанып ысырапқа белшесінен батуда. Ондайларға біз қарап қызығамыз. Әсілінде, Құран бізге ондайларға қызығуды емес, жанымыз ашу керектігін ескертеді. Өйткені, олар Құдай берген байлықты дұрыс пайдаланбай, ақыретін жоғалтып отыр. Ал дүние рахаты - ақыреттегі рахатпен салыстырғанда түкке тұрғысыз екендігін көбіміз естен шығарып жатамыз! Сөздің қысқасы, бай болу харам емес. Бірақ бай бола алмай жатсақ, оған бола қатты қайғырудың қажеті шамалы екендігін түсінгеніміз жөн екен.

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


Құран Кәрім, «Тәубе» сүресі, 75,76 аяттар.
«Тәфсирут Табари»; Табарани: «әл-Мұғжәмуль Кәбир»; Уахиди: «Әсбәбун нузул».

0 пікір