«Қабірде кәпір адамға екі жылан жіберіледі» (Қабір жағдайы)
«Қабірде кәпір адамға екі жылан жіберіледі» (Қабір жағдайы)
3 ай бұрын 9065

Кәпір деген, Алла Тағалаға сенбейтін және Пайғамбар хақ деп мойындамайтын кісі. Кәпір адам өлелгенше тілін кәлимаға келтірмей дүние салса, оның о дүниедегі жағдайы өте мүшкіл. Төмендегі хадис шәрифтер соған куә:

Айша анамыздан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.):

«Кәпірге екі жылан жіберіледі, бірі бас жағынан, екіншісі екі аяқ жағынан оны бар күшімен тістеп шағады. Олардан құтылғанымен бәрі қайтадан басталады, осылайша Қиямет күніне дейін жалғаса береді», – деген. (Ахмед, «Мүснәд»).

Әбу Сағид әл-Худриден (Аллаһ оған разы болсын) жеткен тағы бір хадисте хадисте Пайғамбарымыз былай деген (с.а.с.): 

«Кәпірге қабірде тоқсан тоғыз айдаһар жылан жіберіледі. Қиямет күніне дейін оны жалап, шағып тұрады. Егер ол айдаһарлардың біреуі жерге демін жіберсе бұ дүниеде бірде-бір жасыл өсімдік өспес еді», – деп айтқан. (Ибн Хиббан, сахих).

Әбу Һурайрадан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте де Пайғамбарымыздың (с.а.с.):

«Кәпірге тоқсан тоғыз үлкен айдаһар жіберіледі. Үлкен айдаһардың не екенін білесіңдер ме? Ол – әрқайсысының жеті басы бар жетпіс жыланмен тең. Қиямет күніне дейін оны жалап, шағады», – деген. (Ибн Хиббан).

Әнәстан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.) кәпірлер мен мұнафықтардың не жағдайға ұшырайтыны туралы былай деген:

«Содан соң темір балғамен екі құлағының арасынан ұрады. Оның қатты шыңғырған дауысын жер бетіндегі адамдар мен жындардан басқаның барлығы естиді». («Сахих Бұхари»). (Мұнафиқ - сырттай мұсылман боп көрінетін екі жүзді кәпір адам).

Бара ибн Азибтен жеткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.):

«Бұдан кейін қолына темір шоқпар ұстаған соқыр, саңырау, сақау біреу қасына келіп қинайды. Егер оның қолындағы шоқпармен тауды ұрса, тау топыраққа айналар еді», – деген. («Әбу Дәуід»)1.

Бұл кәпір болып өткен адамның қабірдегі көретін азабының бір түрі ғана. Мұнда ақыл иелері үшін ғибрат бар! "Ескерт! Ескерту адамдарға пайда береді!"


1Мәжди Мұхаммед әш-Шиһәуи, "ҚАБІР АЗАБЫ". Арабшадан аударған:А.Зулай

0 пікір