Абайдың намаз бастағандарға үндеуі
Абайдың намаз бастағандарға үндеуі
3 ай бұрын 8951
А. Қасым

Бисмилләһир рахманир рахим

Абай атамыздың «әрбір ақылды адамға иман парыз, әрбір иманды адамға ғибадат парыз» деген сөзі бар. Пенде ақыл мен ождан арқылы Құдайды танып, Оған сеніп, мойындағаннан соң, оған құлшық қылу парыз болады. Құлшылықтың басы - намаз. Намаз - діннің тірегі1. «Дін», тең болады - «иман». Яғни, намазы жоқ мұсылманның иманы тірексіз қалмақ деген сөз. Сондықтан да, Абай атамыз иман еткеннен кейін, кезекте - ғибадат міндетін орындау келеді деп отыр.

Әрине, "намаз оқып бастау үшін толық дінді оқып білу керек немесе дін маманы болып барып оқу керек" деуден аулақпыз. Дініміз «үш аят білсең де намаз оқып баста» деп үйретеді. Сол себепті, мұсылманға уақыт жоғалтпай кириллица әріппен болса да сүрелерді жаттап, оқып бастай бергені дұрыс. Алайда, онымен шектелмей, әрі қарай оқып біліп, ғибадатының кемсін тұстарын толықтыруға талпынғаны абзал. Бұны Абай атамыз былай деп тілген алады:

«Кімде-кім жақсы-жаман ғибадат қылып жүрсе, оны ол ғибадаттан тыюға аузымыз бармайды, әйтеуір жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз. Ләкин, сондай адамдар толымды ғибадатқа ғылымы жетпесе де, қылса екен. Бірақ оның екі шарты бар, соны білсе екен. Әуелі - иманның иғтиқатын (исламның сенім негіздерін) махкамлемек (нықтау, берік қылу) керек, екінші - үйреніп жеткенше осы да болады ғой демей, үйрене берсе керек».

Демек, Құдайға бет бұрып, намаз бастаған мұсылманға онымен шектелмей, Исламның сенім-негіздерін оқып біліп, сунниттік ақида негіздерін көкейге тоқуы керек екен. Мысалы, намаз оқып жүріп, алайда Құдай аспанда бір жерде отыр деп сеніп жүрсек, бұл Исламның сунниттік «иғтиқадына» (сенім негіздеріне) сай болмайды. Абай айтқандай «Алла мекенсіз». Мұсылманның Алланың мекенсіз екендігін, Ол ешқандай орында емес екендігін, о баста орындар жаратылмай тұрғанда Алла қалайша мекенсіз болса, қазір де өзгеріссіз екендігін білуі тиіс. Оны қалай біледі? Ақида-сенімге қатысты жазылған кітаптарды оқып біледі, ал одан түсінбегендерін білімді дін мамандарынан сұрайды. «Оқу - тал бесіктен, жер бесікке дейін парыз» делінеді хадисте2.

Немесе намаз оқып жүріп, бірақ бақсы-балгерлерге барсақ, олардың айтқандарына илансақ, бұл да дініміздің «ғайыпты бір Алла ғана біледі» деген сеніміне қайшы. Пайғамбарымыз «кім бақсыға барып, оның айтқандарына сенсе, оның қырық күн намазы қабыл болмайды» деген3.

Не болмаса, намаз оқып бастағанымен, көкейінде туындаған діннің белгілі бір сеніміне қатысты күмәннан арыла алмай жүрсе, бұл да жарамайды. Оған күмәнін сейілтуге талпыну шарт. Ол үшін не істейді? Білікті мамандардан сұрап біледі немесе сол мәселе төңірегінде жазылған жазбаларды оқып, оның мәнін ұғынып, күмәннан арылуға ыждығаттылық танытуы ләзім. Осылайша, Абайдың сөзімен айтқанда «иғтиғадын махкемлемек» болады. Бұл - бір.

«Екінші - үйреніп жеткенше осы да болады ғой демей, үйрене берсе керек» деп отыр Абай атамыз. Намаз оқып бастағаннан соң «әйтеуір жатып, тұрсам болды» деп селқостық танытпай, дәрет пен намаздың негізгі үкімдерін білуге талпынуы тиіс. Намаздың ішкі парыздары мен сыртқы парыздары, намазды бұзатын жағдайларды, намаздың мәкруһтері, уәжіптері деген сияқты намаздың үкімдерін білуге талпынған жөн. Ол тағы да «кітап оқуменен» және дін мамандарынан сұрау арқылы жүзеге асатын іс.

Ғалымдарымыз айтқан: намаз оқушыға - намаздың негізгі үкімдерін білу парыз, ораза ұстайтын кісіге - оразаның үкімдерін білмек парыз, қажылыққа баратын кісіге - қажылықтың, зекет беру парыз болған мұсылманға - зекеттің негізгі үкімдерін білуі парыз болады деген. Сондықтан да, намаз бастаған кісі онымен шектелмей намаз кітаптарынан және ғылымхал кітаптарынан дәреттің, намаздың үкімдерін оқып, қайталап тұрғаны жөн. Сондай-ақ, кириллицамен жаттаған сүрелерін Құранның аудио жазбасынан жиі тыңдап, қайталап, қате жаттаған жерлерін дұрыстап отырғаны абзал. Тіпті, онымен қалмай, мүмкіндігінше мешіттегі Құран курстарына жазылып, Құранды арабшасынан оқуды үйреніп алғаны нұр-үстіне нұр болады. «Осы да болады демей үйрене беру керек» деп отыр Абай атамыз: «кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды» дейді сөзінің жалғасында.

Сондықтан, дінге бет бұрған мұсылман сенімді авторлардың жазған жазбаларын, кітаптарын оқып, уағыз тыңдап, дәріс үйреніп, өзін-өзі дамытып отырмаса, шайтан малғұн неше түрлі ойлар салып, азғырып, енді тұтана бастаған ықылас шоғын сөндіріп алуы бек мүмкін. Кісі жаңа нәрселерді білген сайын ықыласы артады. Білім - адамға қуаныш сыйлайды. Адам білген сайын бақытты. Бұл шындықты Абай атамыз бүгінгі мақаламызға мұрындық болып отырған 12-ші қара сөзінде былай деп тілге алады:

«Уа-ләкин (бірақ), кімде-кім иманның неше нәрсе бірлән (не нәрселермен) кәмәләт (кемелдік, толық) табатұғынын білмей, қанша жерден бұзылатұғынын білмей, басына шалма орап, бірәдар атын көтеріп, оразашыл, намазшыл болып жүрген - көңілге қалың бермей тұрып, жыртысын салғанға ұқсайды. Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды, ықыласыменен өзін-өзі аңдып, шын діни шыншылдап жаны ашып тұрмаса, салғырттың иманы бар деп болмайды»- дейді абыз4.

Ендеше, Абайдың осы бір насихатын көкейге ұстап, аз-аздан оқып, білуге тырмысу әрбір мүмін-мұсылманға парыз. Біз өз дінімізді жақсы білсек, ешқандай жау бізді адастыра алмақ емес. Уа ахиру даъуана әниль хамду лилләһи Раббиль аләмин!


1  Хадис.
2  «Әдәбуль Мүтәъәллимин».
3  من أتى عرافا فسأله عن شيء، لم تقبل له صلاة أربعين ليلة. («Сахих Мүслім»).
4  Абай Құнанбайұлы, он екінші қара сөз.

0 пікір