Алаш қозғалысы және діни қызметші Шәймерден Қосшығұлов
Алаш қозғалысы және діни қызметші Шәймерден Қосшығұлов
8 жыл бұрын 4935 Abai.kz
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

ХХ ғасырдың басынан заманауи өркениетке сай өрістеген, бүгінде Алаш атымен аталатын қазақ ұлт-азаттық қозғалысының бастауында діни қайраткерлер тұрған еді. Ұзақ уақыт отарлық езгіде келе жатқан қазақ халқының   азаттықты аңсаған жаңа тұрпатты саяси ойы мен әрекеті, шынында, діни-рухани қызметшілердің от тастауымен тұтанды. Қозғалыс дін адамдарының қарсылық істерінен бастау алып, бірінші орыс революциясының дүмпуімен жаңаша мазмұнда дами бастады.

Бұл жаңаша дамудың өзіндік ерекшелігі – Ресей империясы орнатқан отарлық езгіге қарсы әрекеттердің  зиялы қауым тарапынан кең қолдауға ие бола бастауында еді. Қазіргі Қазақстанның сол кездегі аумағында тұратын халықтардың өмірі, экономикасы мен әлеуметтік қарым-қатынастары жиырмасыншы жүзжылдықтың қарсаңы мен басталар шағында ірі өзгерістерге ұшырағаны мәлім. 1861 жылғы реформа бойынша ішкі Ресейдегі құл иеленушілік – шаруалардың басыбайлылығы жойылған соң, еркіндік алған шаруалар ішінен қазақ жеріне күнкөріс қамымен көшіп келушілер саны арта түскен. Одан, 1891 жылғы Дала Ережесіне сәйкес, патша үкіметі қазақ жер-суын мемлекет меншігі деп жариялағаннан кейін, сырттан орыс шаруаларының қазақ арасына бақ-дәулет іздеп келіп қоныстануы, сосын өкіметтің мақсатты түрде көрсеткен көмегі арқасында шұрайды жерлерде өз қожалығын құруы өріс алды.

Сібірия мен Дала өлкесінен келген ІІ Мемлекеттік Дума депутаттарының бір тобы. Отырғандардың сол жақтан біріншісі – Торғай облысының депутаты Ахмет Бірімжанов, үшіншісі – Ақмола облысының депутаты Шәймерден Қосшығұлов, оң жақтан екіншісі – Семей облысының депутаты Темірғали Нұрекенов.

Бұл науқанның қанат жаюына, турасын айтқанда,  «жаңа жерлерді» игеруге қоныстанушыларды ұйымдасқан түрде көшіріп  апаруға, іс жүзінде қазақ жер-суын күштінің құқымен отарлауға үкімет мүдделі болды. Осылай ету арқылы патшалық билік ішкі орыс губернияларында шиеленісе түскен шаруалар қозғалысын әлсіретуден үміттенген еді. Сол оймен 1901 жылы «қазыналық жерлерді» (қазақ жер-суын) жеке адамдарға бөліп беру туралы заң шығарды. Шаруаларды орталық облыстардан шет аймақтарға көшіріп апарып қоныстандыру басқармасын құрып, қазақтардан тартып алынған жерлерді «қоныс аудару қоры» есебіне алды. Қазақстан жерінің асты-үстіндегі байлықтарға түгел тұзақ салынып, бәрін орыс және шетел капиталы биледі. Қазақтың жер қойнауы және дәстүрлі шаруашылығының өнімдері арсыздықпен таланып, қанаушылық жолмен сыртқа тасып әкетіле берді. Біртіндеп, қазақтар Ресей өнеркәсібін өркендетуге қажет арзан шикізат өндіріп алатын тау-кен және ауылшаруашылық базасына айналдырылды. Қазақтардан барлық орман-тоғайлар, құнарлы, шұрайлы жерлер, ірі сулардың (Жайық, Ертіс, т.б.) жағалаулары, егіншілікке қолайлы ата-қоныстары тартып алынды. Қазақтар шөл және шөлейт аймақтарға ығысуға мәжбүр болды. Шөбі шүйгін жайылымдар мен шабындықтардан айрылу жайыла көшіп мал бағуды кәсіп еткен қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығына қиғаштықтар, теріс өзгерістер енгізіп, шаш-етектен зиян тигізді. Тұрмыс жағдайын күрт төмендетті. Әлеуметтік тыныс-тіршілігіне, рухани өміріне өлшеусіз зор зарар келтірді. Кедейленген, қайыршылыққа ұшыраған көшпенділер жатаққа айналды. Оларды патша үкіметі қазақ жерінде ашылған түрлі кәсіпшіліктерге жалдап, арзан жұмыс күші ретінде, ауыр жұмыстарға салып пайдаланды.

Қазақ еліне тереңдей енген Ресейдің капиталистік экономикасы, осылай, жергілікті халықты аяусыз қанау және езу жолымен даму бағытын ұстанды. Империя билігі қазақтың XV–XVIII ғасырлардағы ұлттық мемлекеттілігін біржолата жойып, орнына – ел басқарудың ресейлік жүйесін орнатты. Халықты жер-суымен бөлшектеп, бірнеше орыс губерниясы мен генерал-губернаторлықтарына қаратты. Экономикалық және рухани тұсаулар салды. Мешіттер, медреселер ашқызбады. Бұрыннан жұмыс істеп тұрғандарын жапты. Одан да сорақысы сол, тіпті, халықты шоқындыру  бағытын ұстанды. Орыс-тузем мектептері жүйесін жасап, кеңейту арқылы жас ұрпақты орыстандыру ісін қолға алды. Не керек, жалпақ көшпенді елдегі күллі тыныс-тіршілікті  империя өміріне бейімдеп, сан-алуан әкімшілік шараларын жүргізу арқылы, отаршыл күштер Қазақстанды ХХ ғасырға  дейін-ақ Ресейдің басыбайлы отарына айналдырып үлгерген болатын.

ХХ ғасырдың басындағы алғашқы азаттық аңсаған қоғамдық-саяси ойлар мен идеялардың тууына осынау отарлық қамыт басқа салған құқықсыздық және қараңғылық ахуал түрткі болған еді. Саяси ой және азаттық идеясы деп біз өмірдегі нақты жағдайдың, объективті ақиқаттың көріністері мен құбылыстарын пайымға салып түсінуге ұмтылушылықты айтып отырмыз. Бұл, сөз жоқ, қоғамда озбыр саясат жетегімен орын алып тұрған нақты ахуалды және адамның  өз құқтарын қорғап әділдікке жетуіне ешқандай мүмкіншілік қалмаған жағдайды ақылға салып парықтаудың түрі еді. Ондай ұмтылыстың дүниеге келуі мен дамуының басты себебі – қазақ қауымы бастан кешіп отырған экономикалық, әлеуметтік, рухани кемсітушіліктердің шектен шыға шиеленісуінде жатқан-тын. Ойлы азаматтарды бұған қандай амал қолданбақ керек деген өзекті мәселе толғантқан еді. Сондағы толғанудың нәтижесінде зиялы азаматтарды бас қосуға шақыру, кеңес құру, ортақ мүддені айқындау және сол мақсатта бұқараның көзін ашу жөніндегі саяси мұрат өмірге келді. Атап айтатыны сол, ағымдағы саясатқа сыни көз салуға шақыратын осындай идеяны көтеріп, тарату әрекетін бірінші кезекте діни қызметшілер қолға алды.

Содан бірнеше жыл ғана бұрын, жаңа ғасыр қарсаңында, дәлірек айтқанда 1897 жылы, Әндіжандағы дін қызметкерлері «кәпірлерге қарсы қасиетті соғыс – ғазауат» жариялаған. Мұсылмандардың елді отаршылдардан азат етуін мақсат еткен көтерілісін бастауға пәрмен еткен-тін. Түркістан өлкесінің байырғы тұрғындары (қазақ, қырғыз, өзбек, т.б.) бас қосып атсалысқанмен, көтеріліс бұқаралық сипат ала алмай, тез арада қатыгездікпен басып-жаншылды. Бұл жағдай дінбасыларға да, көкірегі ояу барша оқығанға да көрнекі саяси сабақ берген еді. Ғазауаттың бостандыққа жету жолы бола алмайтынын көрсеткен. Содан барып зиялылардың саяси тұрғыда өркениетке сәйкестене ояну кезеңі басталды. ХХ ғасырдың бас кезінде отаршылдардың озбыр зорлық-зомбылығы қалжыратып, шарасыздықтан маужыраған халықты саясатқа сергіту, саяси күрес амалдарын түрлендіру әрекеттері белсендірек жүргізілді. Солардың ішінде Көкшетау мешітінің діни қызметкерлері, атап айтқанда, дінбасы Наурызбай Таласов пен медресе мұғалімі Шәймерден Қосшығұлов айрықша дараланады. Олар 1903 жылы қазақтың белгілі зиялыларын ел мұқтажын талқылайтын басқосуға шақырды. Сол орайда өзекті саяси-құқықтық идеялар мен ойлар тұжырымдалған үндеу-хат (прокламация) әзірледі. Оны гектографпен көбейтіп, халық арасына жасырын таратты.

Осы дін адамдарының патша әкімшілігінен құпия түрде әзірлеп, өлкедегі көзі ашық азаматтарға жолдаған үндеу-хатында империя үкіметінің қазақ жерінде зымиян мақсат көздеген ағарту ісі талданған болатын. Онда қазақ балаларына арнап ашылған ресми ауыл мектептеріндегі залалды бағыт сыналды. Ғасырлар бойы қолданылып келген араб әліпбиін оқытуға тыйым салып, оны, тіпті, ұмытқызуға тырысқан әрекет әшкереленді. Балаларды тек орыс әріптерімен оқып-жазуға үйрету шараларының астары ашылды. Билік    тарапынан   мұсылмандық ілімді оқытуға рұқсат берілмей отырғаны, қазақтардың өз тілінде жазған өтініштерін әкімшілік буындарының ешбірі қабылдамауы да нақты мысалдармен талданды. 1902 жылы Ақмола облысында шаруа (крестьян) бастықтары атты жаңа лауазымды шенеуніктер тағайындалған, осы шаруа бастықтары институтының өмірге енгізілуіне орай қазаққа қатысты белең алған  қатерлі іс-дағды ашып айтылды. Шаруа бастықтары  әміршілдігінің салдарынан қазақтардың дәстүрлі қожалықтары жаңа күйзеліске ұшырағаны көрсетілді. Аталған келеңсіздіктің бәрі үкімет тарапынан саналы түрде жүргізілуде деп қорытылды. Прокламация авторлары бұларды үкіметтің қазақтарды орыстандыру, дін-исламнан айырып, шоқындыру, тұрмысына кәдімгі орыс тіршілігін таңып, мұжықтандыру бағытына бет алған арамза саясатының салдары деген ой айтты. Осыларды баяндай келе, елін де, жерін де алған отаршылдардың жымысқы пиғылына қарсы тұруға барша жұртшылықты шақырды.

Әрине, империя әкімшілігін прокламацияның саяси идеясы шошытты. Қазақ даласына лезде тарап кеткен астыртын үндеу-хатты жандармерия шарқ ұрып іздестіріп, соған байланысты елге сыйлы әлденеше ондаған зиялылардың үйлеріне тінту жүргізді. Кітапханаларын, жеке бастарының жазбаларын, сақталған хаттарын тәркіледі, өздерін тергеуге алды. Көпшілігін түрлі әкімшілік жазаға тартты. Бірқатарын өзге өлкелерге жер аударды. Басты айыпкерлер деп табылған діни қызметшілер Наурызбай Таласов  – Сібір өлкесіндегі Енисей губерниясына, Шәймерден Қосшығұлов Якут облысына айдалды. Міне, осы оқиға жаңа тұрпатты Алаш қозғалысының бастауына айналды деуге болады.

ІІ Мемлекеттік Дума мүшесі Шәймерден Қосшығұлов

Көкшетаудағы ел-жұртқа аса қадірді дінбасы Наурызбай Таласовты халық айрықша құрметтеп, Науан хазірет деп атап кеткен-ді. Ол ХІХ ғасырдың 60–70-жылдары шамасында, жас кезінде, басына түскен үлкен қиыншылықтарға мойымай,  Бұқараға оқуға барған. Өзінің қабілеттілігі мен дарынының арқасында сол жақта мектеп, медресе тауысқан. Он бес жыл оқыған. Діни ілімді терең игеріп, жоғары мектепте дәріс беріп жүрген. Сол шақта, Түркістан өлкесінде ғұлама ғалым ретінде шыққан атақ-даңқынан хабардар көкшетаулық жерлестері оған қайта-қайта арнайы елші аттандырып, елге шақыртады. Ол шақыруды қабыл алады да, Көкше өңіріне оралған бетте халықты мұсылманша сауаттандыру ісіне кіріседі. Мешіт ұстайды, медресе ашып, бала оқытады. Науан хазіреттен дәріс алып, оның лайықты ізбасары бола білген, білімін Бұқарада жетілдіріп келген діни қызметші және медресе мұғалімдердің бірі – Шәймерден Қосшығұлов еді. (Оны Шаһмардан, Шәйке молда деп те атайды, орыс құжаттарында – Шаймардан Кощегулов). Міне осы екі зиялының – Көкшетау мешітінде қызмет ететін асқан білімді, өмір тәжірибесі мол дінбасы мен оның отыздардағы жігерлі шәкіртінің аталған үндеуді жазушы, негізгі саяси ойды тұжырымдаушы тұлғалар болуы мүлдем табиғи жәйт еді.

Шәймерден Қосшығұлов үндеуде патшалық биліктің сұрқия саясатын әшкереледі, соған байланысты алға тартылған саяси идеяны тұжырымдады. Сондай-ақ, өзіндік пікірі бар зиялы азаматтарды күн тәртібіндегі зәру де өзекті мәселеге орай бас қосып кеңесуге шақыруды тікелей ұйымдастырып, жүргізді. Толғандырған жәйт бойынша ол өз қолымен кемеңгер ақын және ағартушы Абай Құнанбаевқа арнайы хат жазды. Қосшығұловтың сол хатын жандармдар ұлы ойшыл Абайдың ауылын, хәкім Абайдың өзі мен қасындағы адамдардың қойын-қоныштарын еш қысылмастан тінткілеп, тауып алған.

Бірінші орыс революциясының тегеуіріні императорды біршама шегіністерге мәжбүрлегені белгілі. Атап айтқанда, 1905 жылғы 18 ақпанда ішкі істер министріне рескрипт жолдап, халық өкілдері қатысатын Мемлекеттік дума құру жайында заң дайындауды тапсырды, халықтың өз мұң-мұқтаждықтары, талап-тілегі жөніндегі өтініш хаттарын үкімет басшысы атына жолдауына билеуші сенат арқылы пұрсат берді, ал 21 сәуірдегі рескриптімен ар-ождан бостандығын жария етті. Осы құжаттарды арқа тұтқан қазақ қайраткерлері петиция науқанына белсене атсалысты. Жер-жерден билікке жұрт тілегі жазылған хаттар жолдауды ұйымдастырған, сондай әрекет арқылы жаңа сипатты азаттық қозғалысын өрістете түскен. Мәселен, 1905 жылдың маусымында Қоянды жәрмеңкесіне келген қалың халық Қарқаралы петициясында қол қойған еді.  Бүгінде жұртшылыққа кеңінен мәлім, сол тілек-хат Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың басшылығымен жазылған болатын. Онда үкіметтің қазаққа дін істерінде жасап отырған қиянаты, Көкшетау діни қызметшілері Науан хазірет пен медресе мұғалімі Шәймерден Қосшығұловтың айдалып кеткені атап айтылды. Ар-ождан еркіндігі, діни істерге кедергі келтірмеу, ұлттық мектеп-медреселер ашуға шектеу қоймау мәселелері петицияда үкіметке қойылған талаптардың негізгілері қатарында тұжырымдалды. отаршыл күш озбырлықпен тұншықтырып отырған рухани мәселелерді қалпына келтіру мәселесі Үкіметбасына батыс өлкеден жолданған петицияда да сұралды. Өлкенің дінбасылары мен бас адамдары енген қазақ делегациясын қоғам қайраткері Бақытжан Қаратаев 1905 жылғы жазда Санкт-Петербургке бастап барды. Делегация генерал Ғұбайдолла Жәңгірхановтың көмегімен ІІ Николай патшаның қабылдауында болып, діни ахуалға қатысты мұңдарын шақты, шақырылмақ Мемлекеттік думаға қазақ өкілдерін де сайлау мүмкіндігі ескерілуіне қол жеткізуге тырысты.

Шәймерден Қосшығұлов айдаудан революция дүмпуімен туған 1905 жылғы «17 қазан манифесі» жария болысымен босанып, Ақмола облысына оралды да, діни-ағартушылық қызметіне кірісті. Патша үкіметінің қыспағы мен қуғын-сүргіні оның ел ішіндегі беделін арттыра түскен. Халық оны сүйіспеншілікпен Шәйке молда деп атап кетті. Шәйке молда Саха елінде айдауда жүргенде, орыс революциясы рухтандырған мұсылман қозғалысы империяда өрістей түскен. Қозғалыс барысында, 1905 жылғы тамызда, Ресей мұсылмандарының алғашқы съезі болды. Өкімет рұқсат бермегендіктен, съезд жасырын жағдайда, серуен жасаушыларды алып,  Ока өзені бойымен жүзетін кеме үстінде өткізілген.  Оның азаттық идеясын Шәймерден молда бірден қолдады.  Ұзамай кезекті ІІ Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне делегат болып сайланды. Бұл жиынға да билік  рұқсат берген жоқ, сондықтан да съезд 1906 жылғы қаңтарда Петербургте жасырын жағдайда өтті. Съезде мұсылмандардың халықтық саяси партиясын құру мәселесі көтерілді. Шәймерден Қосшығұлов осындай қажеттілік жайында оң пікір білдірушілер қатарынан табылды. Құрылмақ мұсылман партиясының бағдарламасын жасау жөніндегі комиссия құрамына сайланды. Осылай ол мұсылман қозғалысының белсенді қайраткеріне айналды.

ІІ Думадағы Мұсылман фракциясы депутаттарының бір тобы. Отырғандардың сол жақтан біріншісі – Шәймерден Қосшығұлов. Түрегеп тұрғандардың сол жақтан екіншісі – фракция төрағасы Құтлұмұхамед Тевкелев.

Ақмола облысындағы таңдап сайлаушылар 1906 жылы жазғытұрым Шәйке молданы Бірінші Мемлекеттік думаға депутат етіп сайлады. Алайда әкімшілік оның орыс тілін білу дәрежесі жетімсіз деп танып, сайлау нәтижесін бекітпей қойды. Сол тұста І Дума да тарқатылды. Оның артынша кезекті мұсылман съезі шақырылды. ІІІ Бүкілресейлік мұсылмандар съезі 1906 жылдың тамызында Нижний Новгородта өтті. Оған делегат боп барған Шәйке Қосшығұлов съездің төралқасы құрамына сайланып, жиынды басқарысты. Ағымдағы саяси ахуал, оқу және дін істері жөніндегі съездің талқылауларына үн қосты. Тиісті қаулылар мәтіндерінің ақырғы редакциясын жасауға, ағымдағы саяси сипаты бар талқылауларға белсене атсалысты. Съезде бүкілресейлік мұсылман партиясы ұйымдық тұрғыда «Ресей мұсылмандар одағы» болып рәсімделді. Оның  жұмысын жүргізу үшін жабық дауыспен орталық комитет жасақталды. Сонда құрылған орталық комитетке Шәймерден Қосшығұлұлы да бір ауыздан мүше боп сайланды.

Бүкілресейлік үшінші мұсылман съезі рәсімдеген Ресей Мұсылмандар одағы бағдарламасының мемлекеттік, қоғамдық, ағартушылық, діни, экономикалық тыныс-тіршілікке қатысты іргелі мәселелерді қозғайтын тармақтары Шәймерден Қосшығұлұлының көзқарастарына сәйкес-тін. Ал сонау ұжымдық саяси ойдың негізгі арнасы Ресей мұсылмандарының діни істер бойынша еркіндікке, христиандармен теңдікке қол жеткізуді көздеген еді. Онда  барлық балаларды міндетті түрде оқыту және бастауыш сыныптарда сауат ашуды әуелі ана тілінен бастау шегелеп айтылған болатын. Бағдарламаның түп мақсаты империядағы күллі мұсылман халықтарының барша саяси, азаматтық, діни құқтарын шектейтін ереже, тәртіп, заң біткенді жойып, оларды заңнамалық ретпен орыс халқының құқтарымен теңестіруге қол жеткізу мәселелеріне саятын.

1907 жылы Қосшығұлов Екінші Мемлекеттік Думаның депутаты болды. Сайлау  қорытындысын бекітерде оның орыс тілін  білу дәрежесі тағы да даулы мәселеге айналған, дегенмен  бұл жолы депутаттығы мойындалды. Шәймерден Қосшығұлұлы Санкт-Петербургке аттанды. Думада ол мұсылман фракциясына тіркеліп, өз саяси пікіріне сәйкес жұмыс атқарды. ІІ Думаның мүшесі ретінде, татарлардың «Үлфат» газетіне қосымша етіп қазақша «Серке» газетін шығаруға атсалысты.

Осы кезеңде қазақтың ұлы Абай сынайтын теріс мінез-құлықтары  шегіне жете шарықтаған болатын. Ірі қоғам қайраткерлерінің бірі Бақытжан Қаратаев атап айтқандай, қазақтың «бас  адамдары» бірде-бір істі пәре алмайынша шешпейтін дәрежеге дейін азғындаған. Парақорлық ұлттық сот жүйесін –   әдет құқығымен жұмыс істейтін билер сотын да жайлаған еді. Ел ішін дендеген парақорлықтың халық сотын  шырмағанына, сөйтіп,  әділет сынды қасиетті ұғымның қадірі кеткеніне жаны ауырғандығы болар, бәлкім, мұсылмандық ілімді тәп-тәуір білгендіктен шығар, әйтеуір, қазақ арасындағы сот жүйесінің  әдет-ғұрып құқығы  негізінде жұмыс істеуіне Шәймерден Қосшығұлов қарсы болып, сот ісінде шариғат заңдарын басшылыққа алуды дұрыс деп есептеді. Ол бұл тұрғыда Думадағы  көптеген  мұсылман   қайраткерлерімен бір сапта еді. (Бірқатар қазақ азаматтары, соның ішінде ІІ Мемдума мүшесі Бақытжан Қаратаев, қоғам қайраткері Серәлі Лапин секілді зайырлы жоғары білім алған заңгерлер де қазақ елінде шариғат сотының жұмыс істеуін қалайтын).

ІІ Николай патшаның 1907 жылдың 3 маусымындағы «Үшінші маусым төңкерісі» атанып, қазақтарды заң шығару мекемесіне өкіл сайлау құқынан айырған әйгілі манифесі шығуы салдарынан, ІІ Мемдума қуылған соң,  Шәймерден Қосшығұлұлы Ақмола облысына оралып, діни және ағартушылық істермен шұғылданды. Кеңес өкіметі тұсындағы кадр тапшы алғашқы кезеңде көптеген дін қызметшілері қатарында  бірер мезгіл Ахмет Байтұрсыновтың төте жазу тәсілімен жұмыс істейтін советтік мектептерде мұғалім болған. Дегенмен молда ретінде ұдайы түртпектеліп, саяси қыспақта жүрді де, ақыры, 30-шы жылдары дүниеден озды.

Мемлекеттік думаның Мұсылман фракциясы Ақпан революциясына дейінгі төрт шақырылымда да жұмыс істеді. Ол патшалық ішіндегі бодан халықтардың азаттық көксеген қозғалысының орталығы іспетті қызмет атқарған еді. Мұсылман қозғалысымен қатар Алаш қозғалысының дамуына да ұдайы дем беріп тұрды. Бірінші Думада фракция төрағасының орынбасары болған уфалық депутат Сәлімгерей Жантөрин Питерге Дума тарқатылған шақта ғана келіп жеткен семейлік депутат Әлихан Бөкейхановтың патша шешіміне наразы топпен бірге Выборгке аттанып, әйгілі үндеуге қол қоюына әсер етті. Екінші Думада Бақытжан Қаратаев фракцияның қолдауымен биік мінбеден қазақ жер-суы және оның отарлануы хақындағы атақты  сөзін сөйледі. Үшінші және Төртінші Думаларға қазақ халқының депутат сайлай алмағаны белгілі,  бірақ ұлт қайраткерлері қазақ мәселесін Мұсылман фракциясы арқылы көтеріп жүрді. Мәселен, Қаратаев, Серәлі Лапин және басқа да азаматтар ІІІ Думада көшпенді жұртты жерге орналастыру жөнінден елге жайлы заң қабылдатуға фракция арқылы әрекеттенді. Мұсфракция ұйымдастыру бюросының хатшысы Мұстафа Шоқаев 1916 жылғы көтерілістің себептері мен салдарларын зерттеу үшін ІV  Мемдума комиссиясының құрылуына және оның Түркістан өлкесінде жемісті жұмыс атқаруына атсалысып, ІV Дума мүшесі Мәмед-Юсуф Жафаровтың көтеріліс жайында жасайтын баяндамасын жазуға көмектесті.   Монархия құлағаннан кейінгі алғашқы айларда Мұсылман фракциясы, Ресей мұсылмандарының біртұтас орталығы ретінде, жалпақ империядағы отар халықтардың, соның ішінде қазақтардың да  жер-жерде жиналыстар өткізіп, ұлттық мүдделерін қорғайтын ұйымдарға ұйысуына мұрындық болды.

Ұлт-азаттық қозғалыстың 1-ші орыс революциясы ауқымында жаңаша өрістеуі жайында мен «1905 жыл» атты тарихи-танымды роман жазған едім, журналдық нұсқасы 1989 жылы жарияланған, кітап болып 1993 жылы шықты.  Содан бергі уақыттарда, 1905 жылдан 1917 жылға дейін бір мүшел бойы өрістеген Алаш қозғалысы мен оның жеңісті шыңы – 1917 жылғы 12 (25) желтоқсанда Екінші Жалпықазақ съезі Алаш автономиясы және оның Алашорда аталған үкіметін құрғанға дейінгі кезеңді қамтыған шығармалар топтамасын жаздым. Бұларда мұсылман қозғалысы және онымен тығыз байланыста дамыған Алаш қозғалысы қарастырылып, жоғарыда аталған және аталмаған басқа да ұлт қайраткерлерінің бірқатары жайында әңгімеленді. Он бөліктен тұратын осы топтама этюдтерінің көпшілігі «Рух-Сарай» атты тарихи-танымды көптомдықтың 2004–2010 жылдары шыққан алғашқы төрт томында басылды. («1905 жыл» романы топтаманың бірінші бөліміне енді). Солардың бәрі жинақталып, «Алаш жолы» рисәләсін құрап отыр. Олар оқырманға отаншылдық рух беретін тағылымды тарихи дастан, Алаш қозғалысының  эпопеясы тәрізденіп, жастарды тарих арқылы тәрбиелеуге елеулі үлес қосуы тиіс. Алашорданың 100 жылдығына арналған бұл жұмыста дін қызметшілерінің азаттық жолындағы күресіне де едәуір көңіл бөлінген.

Алаш қозғалысына араласқан діни қайраткерлер (ишандар, имамдар, ахундар, дамуллалар, молдалар) совет өкіметінің түрлі реформалары мен саяси науқандары кездерінде жаппай қуғын-сүргінге ұшыратылды.  Көбі түрлі мерзімге сотталды, жер аударылды, бірқатары атылып кетті. «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивімен тығыз байланыста жұмыс істей отырып, «Азалы кітап. Книга скорби» деген тақырыппен саяси репрессиялар  құрбандары жайындағы деректерді тоғыз кітап етіп шығарған болатын. Ондай басылымдар облыстарда да жүзеге асырылды. Солардың ішіндегі жазықсыз жазаланған дін қызметкерлерін анықтап, есімдерін ұлықтау оң іс болар еді. Үлгі ретінде, орыс православие шіркеуі митрополиттік округінің «Әділет» қоғамының қолдауымен Жаңалық қорымындағы мемориалға саяси репрессиялар құрбаны болған священниктердің тізімі қашалған естелік тақта қойғанын айта кеткім келеді.  Алматы түбіндегі Жаңалық қорымына 30–40-шы жылдары төрт мыңнан астам атылғандар көмілген. «Әділеттің» алдында тұрған бір міндет – сондағы мемориал жанынан мұсылмандар мен христиандарға арналған ғибадат ету орындарын (шағын мешіт пен часовня) тұрғызып,  аруақтарды еске алып аза тұтуға келетіндерге жағдай жасау. Мұны діни ұйымдар арқылы жүзеге асыруға болары анық. Осы күндері шіркеу бұл іске әзірлігін білдіріп, білек сыбанып отыр. Сондай ықылас еліміздің дін басқармасы, діни оқу орындары, мешіттер тарапынан да танытылса орынды болар еді.

Алаш қозғалысына өзіндік үлес қосқан, сталинизм жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған қазақтың дін-ислам қызметшілерін еске алып, Алашорданың биылғы ғасырлық мерейжылы орайында рухтарына тағзым етуді тәуелсіздік азаматтарының парызы деп білейік.

0 пікір