Ахмед Иүгінеки және «Ақиқат сыйы» кітабы
Ахмед Иүгінеки және «Ақиқат сыйы» кітабы
2 ай бұрын 3191
Мұхатова О.X., тарих ғылымдарының докторы, профессор

Тарихта Ахмед Иүгінеки, толық есімі – Югнаки Адиб Ахмед ибн Махмуд ортағасырлық ақын, хакім, ойшыл ретінде танылған. Ойшылдың өмір сүрген уақыты және туған жері жөнінде ғылымда әртүрлі пікірлер бар. Зерттеуші-ғалымдар Иүгінекиді (қазақша Жүйнек) ХІІ ғасырдың соңында Түркістан өңірінде туып өскен деп топшылайды. Ахметтің туған жері Түркістанға қарасты Иугнәк деген қыстақ. Қазақтар ол жерді Жүгенек деп атаған. Ахмет жас шағында араб, парсы тілін меңгерген білімді адам болған. ХІІІ ғасырдың орта кезінде дүниеден өтті деп саналады.

Осы турасында айта кетерлік жайт, Ахмед Иүгінекидің ғұмыры, өмір сүрген ортасы туралы деректер мардымсыз. Дегенмен қолда бар мәліметтерге қарағанда Ахмед жастайынан ілімбілімге құмартып, түркі тілдері мен араб тілін жетік меңгерген. Шариғат қағидаларын жанжақты зерттеп-танып, терең іліміне сай «Әдиб Ахмед» деген құрметті атқа ие болған. Ақылойы толысып, діни танымы әбден кемелденген шағында Ахмед Иүгінеки қысқаша тақырыптарға бөліп, ислам құндылықтарына негізделген өлеңжырларын өмірге келтіре бастайды. Кейін бұл жәдігерлердің басы біріктіріліп, «һибуат-ул хақаиқ» («Ақиқат сыйы») деп аталатын өлеңдер жинағына айналған (https://kk.wikipedia.org/ wiki/).

Ахмет Иүгінекидің «Ақиқат сыйының» түпнұсқасы біздің заманымызға жетпей, біржолата жоғалып кеткен. Ахмед Иүгінеки мұрасының ХІУ-ХУ ғасырда жасалған үш түрлі көшірмесі, үш түрлі үзіндісі бар. Оның ішінде ең ескісі – 1444 жылы Самарқанда Арыслан Қожа тархан Әмірдің қалауымен Зәйнүл Әбідін бин Сұлтан Бақыт Журжани Құсайын көшіріп жазған нұсқа. Көне ұйғыр, арагідік арабша хатқа түскен нұсқаның жалпы көлемі – 508 жол. Бұл мұра қазір Стамбұлдағы Айя-София кітапханасы қорында сақтаулы. Екінші нұсқа – Стамбұлда 1480 жылы Шайх зада Абд әр-Раззақтың ұйғыр және араб жазуымен көшірген, 506 жолдан тұратын үлгісі. Парсыша, тәжікше түсініктемелері бар бұл нұсқа Стамбұлдағы Айя – София кітапханасында сақтаулы. Қолжазбаны Н. Әсім 1915 жылы, ал Маһмудов 1972 жылы алғаш рет жариялаған.

«Ақиқат сыйының» үшінші арабша нұсқасы шамамен ХІУ ғасырдың соңында 524 жол өлең көлемінде көшірілген. Ол Стамбұлдағы Топ-Қапы сарайында сақтаулы. Сол сияқты «Ұзын көпірдегі Сейіт Әлі» деген адамның кітапханасынан табылып, Анкара кітапханасына табыс етіліп, кейін мүлдем жоғалып кеткен. Анкарадағы Маариф кітапханасынан табылған (көлемі 4 бет), Берлин Ғылым Академиясында сақтаулы тұрған өзге нұсқалардың із-жосықтары Ахмет Иүгінеки еңбектерінің кең көлемде таралғанын дәлелдей түседі.

«Ақиқат сыйының» бірнеше нұсқасын тауып, зерттеп, жариялауда – Н. Әсім, Р. Арат (Түркия), В. Радлов (Ресей), Т. Ковальский (Польша), Дени (Франция), Х.  Сүйіншәлиев, Ғ. Айдаров, Ә. Құрышжанов, М. Томанов, Б.  Сағындықов (Қазақстан), Н.  Маллаев, С.  Мутталибов (Өзбекстан) т.б. шығыстанушы ғалымдар үлес қосқан. Ахмед Иүгінеки «Ақиқат сыйының» ХІУ ғасырдағы түпнұсқасының фотокөшірмесі, транскрипциясы қазақ тіліне қара сөзбен жолма-жол және өлеңмен аударылып, 1985 жылы жарық көрді (http://bilim-all.kz/figure). Еңбек «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарияланған «Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы» атты он томдық жинақтың оныншы томынан орын алған.

Еңбектің мазмұны және негізгі идеялары

Ахмед Иүгінеки туындысының басты идеялары: оқу, білім, еңбек, тіл, адамның игі мінездері, достық, дүниенің өзгермелілігі. Автордың пікірінше, келер ұрпақ үшін шығармасын арнайы дайындаған. Осы турасында ол былай деп жазған:

«...Кейін келген жас буындар, ұрпақтар

Осыны оқып таң-тамаша болсын деп.

Махаббаты бар көңілді марқайып,

Жаздым кітап сөз асылын теріп ап,

Оқығандар бір пайдасын алсын деп...» (Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы, 2006: 390).

Шығармасында Ахмед білімнің пайдасы мен надандықтың зияны туралы ойларын ашып көрсетіп, оған біршама тоқталған. Атам қазақ «білім – таусылмас қазына» деп бекер айтпаса керек. Ахмед білімге, білім алуға асығу қажеттілігі туралы ой қозғайды. Осы тұста халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «өлімнен басқасының бәріне асығу керек» деген пікірі ойға оралады. Білімді адамның өмірі бейнетсіз, бақытты болатынын былай жеткізген:

«Айтайын білім жайын, құнты бар бол,

Ей, досым, білімдіге ынтызар бол.

Ашылар білімменен бақыт жолы,

Білім ал жолға түсіп бақыт жолы» (Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы, 2006: 390).

Ғұлама білім бақытқа апаратын жол десе, өзінен жеті ғасыр кейін өмір сүрген дана Абай

«... Дүние де өзі, мал өзі,

Ғылымға көңіл бөлсеңіз.

Білгендердің сөзіне

Махаббатпен ерсеңіз» (Өлеңдер, 1966:13), деп білімнің таусылмас байлық екенін қадап айтқан. Көріп отырғанымыздай, екі дананың ойлары бір жерден шығып отыр. Екеуі де білімнің адамның уайым-қайғысыз, бай-қуатты ғұмыр кешуінің көзі, түпсіз қазына екендігін насихаттаған. Ахмедтің осы асыл сөздерін кеңестік кезеңде В.И. Лениннің «Оқы, оқы және оқы» деген ұраны тәрізді білім ошақтарының маңдайшаларына жазып қойса да артық болмас еді.

Адамзаттың дамуы осы білім, ғылым жолымен жүріп жатқандығы хақ. Заманауи жастар ғаламторға еліктеп, алтын уақыттарын соның тиімсіз тұстарын ақтарумен өткізгенше көбірек кітап оқып, дүниетанымдарын кеңейтсе Елбасының сөзімен айтқанда таусылмас капитал жинаған болар еді. «Білекті мыңды жағады, білімді мыңды жығады» деген нақыл сөз де Ахмедке тән тәрізді. Себебі ол былай деп жазған:

«Білімді білімсіздің мыңын жеңер,

Ол біліп білім ізін, теңін теңер,

Көр байқап, оқы, сына: білім – пайда,

Білмесең – басқа не бар, сенің нең ер?» (Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы, 2006: 391).

Ахмед шығармасының құнды тұсының бірі – білім алу идеясы. Ол осы мәселеге қайтақайта оралып, білім алудың барлық істен артық екендігін алдыға тартқан. Мұндай ой Абай өлеңдерінен кеңінен орын алған. Оған ақынның мына өлең жолдары дәлел бола алады.

Пайда ойлама, ар ойла,

Талап қыл артық білуге.

Артық ғылым кітапта

Ерінбей оқып көруге. (Өлеңдер, 1966:22).

Ахмед білім алудың қажеттілігімен қатар қараңғы болып қалудың зардабы туралы жазып, оның ауыр болатындығын былай жырлаған:

«Білмеген талай жұмыс істей жүріп,

Амал жоқ түбінде опық жейді.

Білікті біліп айтар сөзін ұтар

Ол емес бос сөзіңді бедел тұтар» (Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы, 2006: 391).

Ал Абай болса өз басынан өткерген жағдайды айтып, өзгелерге тәлім болсын деген ойын былайша жеткізген:

«Жасымда ғылым бар деп есермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ер жеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Бұл махрұм қалғаныма кім жазалы,

Қолымды дөп сермесем өстер ме едім» (Өлеңдер, 1966:10).

Білімді, білікті мамандары бар ел тұрғындарының ұзақ жасап, бай, қуатты өмір кешіп жатқанына әлем куә.Тәуелсіз Қазақстан да білім беру деңгейінің экономикалық және ғылыми техникалық прогрестің ең негізгі көрсеткіші екенін жақсы түсінеді. Білім беруде артта қалушылық мемлекеттің бәсекелестік қабілеті мен ұлттың болашағына ықпалын тигізері сөзсіз. Сондықтан да білім беру және оны заманауи талаптарына сәйкес жүргізу қазіргі кезеңдегі көкейкесті мәселелердің бірінен саналады. Осы бағытта атқарылып жатқан шаралар аз емес.

«Басқа пәле – тілден» мақал қашанда өзекті болып келгені мәлім. Алайда оның бастауы Ахмед Иүгінекиге тиісті десек артық айтпаған болар едік. Еңбегінде ойшыл тіл және соған байланысты әдеп туралы айтып өткен.

«Ақылды ма көп сөйлеген күбіне,

Талай бастың тіл жетті ғой түбіне.

Оқ жарасы жазылады, бірақ та

Тіл жарасы жазылмайды: түбі не?» (Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы, 2006: 392).

Тіл мәселесін қозғай отырып ойшыл жастарға ғибрат айтқан. Тіл өзімдікі деп сөйлей бермей керектіні айтып, керексізден бас тартуға кеңес берген. Өтірік сөзге бармай ақиқатты айтуды таза киім киюмен теңеген. Ойшыл дүниені үнемі өзгеріп тұратын құбылыс ретінде қарастырған. Мұның өзі Ахмедтің дүниенің үдеріс ретінде танығандығын көрсетеді.

Өзінің алдында өмір сүрген ғұламалар тәрізді дамуды үдеріс, үнемі дамуды прогресс деп санаған.

«Бұ дүние – бір керуен сарай-ды,

Кететіндер түсіп, содан тарайды;

Алғы тізбек көшіп ұзап кеткенде,

 түскен соңы соған қарайды», (Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы, 2006: 393-394) – деген пікірін ары қарай:

«Құр күйбеңі бұ жалғанның ез етер,

Шадыман шақ ескен желдей тез өтер,

Жас қартайып, жаңа ескіріп, күш қайтып,

Қуатты бел бүгілетін кез жетер», (Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы, 2006: 394) – деп, адам өмірге келуден соң кету бар екендігін еске салған.

Сондықтан да оны адами тұрғыда өткізу қажет деп санаған. Адамша өмір сүру Ахмедше ол – еңбек ету, бір күндікті емес, ғұмырды мәнді етіп өткізу турасында ой толғаған. Оған мына тұжырымдары – дәлел.

«Мал көздеме, ойлама аздың тақ-тұғын,

Бүтін киім, ойла тамақ тоқтығын. ...

Дүниеде ішіп-жеген, бір киген

«Егінжай» деп дүниені еңбек ет –

депті Расул бұл да – ақыл ғой бір түйген» (Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы, 2006: 394)

Ахмедтің адам бойындағы қасиеттер туралы ойлары Ахмед дүниеге қызығушылық, жомарттық пен сараңдық, игі мінез бен жарамсыз қылық туралы да өз ойын білдірген. Адамның даңқын асырып, құрметке бөлейтін әрекеті оның жомарттығы деп білген. Қазақ халқы қолы ашық, жетім-жесірлерге демеуші болып жүретіндерді «Атымтай Жомарт» деп атаған. Мұндай адамдар біздің де қоғамда бар, алайда көп емес. Дегенмен дер кезінде кедей-кепшікке, кемкетікке көмекке келетін жандарды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы танып, біліп жатамыз. Кеңестік кезеңдегі «адам адамға дос, бауыр» деген тәлімді сөздерді жиі айтқанымыз жөн. Қайырымдылығымен қатар қатыгездігі қатар заманда жомарт адамдардың қол созуы – игі әрекет. Ойшыл жомарт адамдарға пәлежала жоламайды, кемшіліктері көрінбей қалады, сондықтан да сондай болуға асығу керек деген ойын былай жеткізген:

«Әр тілде бәрі мақтан асырады,

Айыбын жомарт жанның жасырады.

Бол жомарт – жуымайды пәлендей сөз,

Ол өзі жаман сөзді қашырады» (Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы, 2006: 395).

Жомарттықпен қатар жүретін сараңдық ешқашан жақсы абырой, атақ әкелмейтіндігін, оның жинаған байлығының берекесіздікке ұшырайтындығын ескерткен ойшылдың ойлары өз мәнін жомақ емес.

«Жинайды бақыл байлық талмай шіркін,

Қалып-ақ жаман атқа дүркін-дүркін.

Арам мал жұрт қолында таратылып,

Жөнелер өкінішпен сүйтіп бір күн» (Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы, 2006: 39)

Ахмедтің ойын қазіргі бай-бағландар көкейлеріне түйіп жүрсе, барымен қажет жағдайларда бөлісіп жатса, нарықтық қоғамдағы әлеуметтік теңсіздіктің алшақтығы білінбегендей болар еді. Осындай қасиеттермен қатар еңбегінде ойшыл кішіпейілділік, тәкаппарлық туралы жазған. Кішіпейілділікті пайғамбардың «Алла кішіпейілдінің абыройын асырады, тәкаппардың құтын қашырады» деген сөзімен сабақтай отырып, ұрпағына арнап:

«Тағы бір керекті сөз – айтам дастан,

Ұғып ал құлақ салып мендей достан.

Болып ал кішіпейіл өзгерместей,

Аластап тәкаппарлық ойды бастан» (Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы, 2006: 39), – деп жазған.

Сонымен қатар ойшылдың дүниеқорлық, ашкөздік, мейірбандық, жамандық, ашу, ақыл, сабырлық, достық туралы өз ойын анық білдірген. Оларды заманауи жастарды тәрбиелеуде құрал етіп пайдалану міндетіміз. Бұл қасиеттерге жастарды отбасынан бастап көкейлеріне құяр, осыған ұқсас кітаптарды көбірек оқытар болсақ, қоғамдағы келеңсіз жайттар азаяр еді. Ойшыл жақсылық пен жамандықты айта келіп, еңбегін аяқтаған. Олардың аражігін айырып, санамызға тоқуды өзімізге қалдырған.

«Соған орай жаздым кітап, ақыма:

Қаласаң – ал, қаламасаң – оқыма!

Әдиб сөзін кім түсініп, қаласа,

Ел ішінде сыйлы болар сол аса!» (Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы, 2006: 401), – дегені соның айғағы.

Қорытынды

Осылайша Ахмед Иүгінекидің тарихи көзқарастарын қарастырдық. Тарихи ойларының адамгершілік қасиеттерге негізделетіндігіне көз жеткіздік. Ойшылдың ойлары ұрпақ тәрбиесіне аса қажет. Мектеп жасындағы оқушылардан бастап жоғары оқу орнында білім алатын жастарға арнайы тәрбиелік құрал дайындап, соның ішіне Ахмедтің осы еңбегінен үзінділер енгізудің ел, оның ертеңі үшін маңызы зор.

0 пікір