Екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз өзінің жазып қалдырған «Рисәләла»-ларының бірінде (рисәлә - трактат) жындар әлемі жайындағы сұраққа жауап берген. Әл-Фараби бабамыздың тек философ қана емес, Исламды да жетік білетін мұсылман екендігін де осы бір қысқа диалогынан ұғыну қиын емес, әрідесе, әл-Фарабидің «періште», «жын», "шайтан" сияқты Құранда айтылатын тылсым жаратылыстардың барын да мойындағандығын түсінеміз.
Төменде бір мұсылман адам мен әл-Фарабидің қысқа диалогын аударып беріп отырмыз. Қысқа да болса, әл-Фәрәбиге қатысты мәліметтің кез-келгені қазақ қоғамы үшін маңызы зор деген ойдамыз:
«Қарапайым халықтың арасынан бір адам «жынның» анықтамасы жайында және жынның «заты» жайында әл-Фарабиден сұрады.
Әл-Фараби былай деп түсіндірді:
- «Жын» деген, сөйлемейтін әрі өлмейтін тірі зат. Бұл, «сөйлейтін әрі өлімшіл» болып келетін (солай танылатын) «адам затының» анықтамасынан бөлектеу.
Жанды заттардың арасындағы:
- Сөйлейтіні әрі өлетіні, ол - адам.
- Сөйлейтіні әрі өлмейтіні, ол - періште.
- Сөйлемейтін әрі өлетін тіршілік иесі, ол - жануарлар.
- Сөйлемейтін әрі өлмейтін жанды, ол - жын.
Сонда сұрақ сұраушы (мұсылман) кісі:
- Сіздің жындарға қатысты айтқан анықтамаңыз Құрандағы Құдай Тағаланың мына аятына теріс: «... (Оқылған Құранға) бір топ жын құлақ түріп тыңдады. Сосын олар: «таңғажайып оқылған нәрсе тыңдадық» деді». («Жын» сүресі, 1 аят). (Осы аятта «жындар айтты...» деп отыр). Егер сіз айтқандай олар «сөйлемейтін...» жаратылыс болғанда, қалай естіп, қалай сөйлеп тұр? - дейді.
Сонда әл-Фәраби оған:
- Менің айтқан анықтамам Құран аятына қайшы емес. Неге десеңіз, «есту» мен «айту» сипаты - тірі затта «тірі зат болғандықтан» бар болуы мүмкін. Себебі, «айтуды» да, «түсініксіз дыбыстауды» да, біз «сөйлеу» дейміз (яғни, адам түсініксіз бір нәрсе айтып жатса да оны «сөйлеу» дейміз-ауд.).
Көптеген жан-жануарлар бар, тірі болса да сөйлей алмайды. Адамның сөйлемдерден құралған дыбысы - «адам» түрінен жанды зат болғандықтан оған ғана тән табиғи нәрсе. Мысалы, тірі заттардың бір түрінің дыбыстаған дыбысы - екінші түрінің дыбыстаған дыбысына ұқсамайтыны секілді, адам баласының да сөйлемдерден тұратын дыбысы, өзге тірі заттардың шығарған дыбысынан бөлек. (Яғни, әл-Фараби бабамыздың айтпағы: «жоғарыдағы Құран аятында жындардың сөйлегені айтылса да, ол сөйлеу - жындардың өздеріне тән дыбыстауды білдіреді, құдды хайуандардың дыбыс шығаруын астарлап "сөйледі" дегеніміз секілді, мысалы, аяттарда құстардың тәспіх айтатыны келтірілген, олар өздеріне тән дыбыстаумен тәспіх айтады, бірақ біз құстарды «сөйлей алады» деп айтпаймыз ғой, жындар да сол секілді»-ауд.).
Ал «жындардың өлімшіл емес» деген сөзімізге келсек, Құранның өзі сол нәрсеге ишара еткен. Мәселен, Алла Тағаланың мына бір сөзі соған дәлел: «Шайтан айтты: «қайта тірілер күнге дейін маған мәулет бер» деді. Алла Тағала: «Сөзсіз сен - мәулет берілгендердесің» деді». («Ағраф» сүресі, 14-15 аяттар)1. - деп сөзін аяқтайды ғалым. (Осы аятта жындардан болған шайтан ібілістің қияметке дейін өлмейтіндігі айтылып тұр, сондықтан да жындар өлмейді деген анықтама қате емес, дегісі келіп тұр Әбу Насыр.-ауд.).
Қазақшалаған А. Қасым.
1 Әбуль Фараж Бұрһануддин әл-Хәләби: «Ъақдуль Маржан фимә ятаъалляқу бильжәнн». 83-84 беттер.