Абай мен миссионер Сергийдің айтысы
Абай мен миссионер Сергийдің айтысы
9 ай бұрын 3792
Сұлтан ЫБЫРАЕВ, абайтанушы

XIX ғасырда Ресей империясы өзіне қарайтын жерлерде тұратын басқа халықтарды орыс ұлтына интеграциялау, ассимиляциялау, христиан мәдениетіне жақындату үшін оларды Православие шіркеуі арқылы шоқындыру процесімен орыстандыру саясатын жүргізіп отырды және сол мақсатта жүйелі түрде жұмыс істегені тарихта мәлім. 

1828 жылғы Синод (дінбасылар жиыны) шығарған қаулы былай дейді: 

«…в тех частях государства, где народы, не познавшие христианства или по обра­щении не довольно в оном утвержденные и наставленные, учреждать особых мис­сионеров».

Қазақ даласында қара­пайым халық пен молла, ишандар шоқындыруға, орыстандыруға қалай қарсы тұрғанын сол православ миссионерлерінің баянда­масынан көрінеді:

«Родные и ближние магометанской среды употребляют все способы не допустить своих членов к принятию святого крещения, пускают в ход хитрость, наглое насилие и мщение».

Шоқынған қазақтардың жазасы

Шоқынған қазақтар өз ұлтымыздың тарапынан қатты қуғындауға ұшыраған, тіпті өлтірілген. 1869 жылғы Қарқаралы уездік билер съезінде бұрынғы аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлының ұсынысымен шоқынған қандастарды қазақтың әдет-ғұрып заңдарынан тыс деп жариялаған, яғни қазақ санатынан шығарып тастаған, олар өлтірілсе, құн талап етілмеген (З.Е.Кабульдинов. Об усилении миссио­нерской политики царизма в Казахстане в 80-е годы XIX века. «Отан тарихы» ғылыми журналы, 2017, №3 саны, 8-бет). 

Науан Хазірет (Наурызбай Таласов), Мұхамеджан Бекішев, Шаймерден Қосшығұлов және Смағұл Балжанов­тардың қазақты шоқындыруға арналған патша үкіметінің саясатына қарсы қозға­лысы, олардың Садуақас Шорманов пен Абайға жазған хаты тарихымызда белгілі. 

Абай қазақты шоқындыруға қарсы болған

Ал енді осы шоқындыруға қарсы күресте Абайдың қандай рөлі болды деген сұраққа хакімнің 25-қара сөзі мен миссионер Сергеймен (Сергий) кезде­суі­нен байқап көруге болады. 

25-қара сөз:

...«Және де кейбір қазақтар ағайынымен араздасқанда: «Сенің осы қорлығыңа көнгенше, баламды солдатқа беріп, басыма шаш, аузыма мұрт қойып кетпесем бе!» деуші еді. Осындай жаман сөзді Құдайдан қорықпай, пендеден ұялмай айтқан қазақтардың баласы оқығанменен не бола қойсын?»

Хакім бұл айтылғандарды неге «жаман сөз», «Құдайдан қорықпай», «пендеден ұялмай» дейді? Өйткені «Басқа шаш, ауызға мұрт қою» шоқынғандықтың белгісі болатын, яғни қазақтың баласы оқыса да, шоқынып кететін болса, одан не қайыр деп отыр хакім.

«...Другой миссионер Сергий (Петров), который в 1893 г. описывает случай крещения молодого казаха Акына Джанта­ласова, жившего в Убинской станице на Иртыше. «Лю­бо­пы­тно, – пишет мис­сио­нер, – все желаю­щие креститься начи­нают с того, что отра­щивают себе волосы, желая походить на русского. Так сделал и Акын Джанталасов. Родичи заметили эту ересь и насильно обрили ему голову: четыре челове­ка дер­жали его, а тор­гую­щий в Убинском татарин брил голову». (С.Е.Андриенко, История Преобра­жен­с­­кого стана Киргиз­ской Духовной миссии).

Иә, бұл ақын Көкбай Жанатайұлының «Абай туралы естелігіндегі» Абаймен кездесетін архимандрит Сергийдің жазбасынан.

«Семейге миссионер Сергей деген кісі келіп, мұсылман дінін қорғаушы молда, имамдар болса сөйлесемін» деп Көкбай жазғандай «Қазақ миссиясының» мақсаты қазақтарды шоқындыру болса, ең алдымен, үлкен моллалардың, ишандардың білім деңгейін біліп, әуелі соларды құрықтаса, тұқыртса, қалың бұқараның шоқындыру жеңіл болатынын миссионерлер өте жақсы білді.

Миссионер Сергий кім? 

Миссионер Сергий кім еді? Бірінші Қазақ (Қырғыз) Православиялық миссиясының басшысы, архимандрит, кейін епископ, Сергий (Петров). Қазақ миссиясы өз тарихын Алтай миссиясынан бастайды. Тобол архиепископы Евгений­дің ұсынысымен қазақтар мен алтай қалмақтарын шоқындыру мақсатында Алтай миссиясы 1830 жылы құрылған. XIX ғасырдың 80-жылдарына дейін қазақ даласындағы діни миссия Алтайдан басқарылған. Н.Тальберг «История Рус­ской Церкви» кітабында (Jordanville, 1959. (репр. изд. Свято-Успенского Псково-Печерского монастыря, 1994. – С. 766.) жазады: «В 1882 г. из Алтайской миссии была выделена новая миссия Киргизская, с центром в Семипалатинске». Священник Борис Герасимов «Старинные церкви на территории Семипалатинской области» деген мақаласында 1895-1898 жылдары Қазақ миссиясының алғашқы басшысы архимандрит Сергий (Петров) болды деген. 

Өз аты – Петров Степан. 1864 жылы 30 қаң­тарда Дон облысы Ақсай стан­са­сында туған. 1878 жылы Новочер­касск діни учи­ли­ще­сін, 1885 жылы Дон діни семи­на­рия­сын, 1890 жылы Мәскеу уни­вер­сите­ті­нің Тарих-филология факуль­тетін бітірген. Қазан діни академия­сындағы миссио­нерлік курс дәрістерін тыңдағаннан кейін Алтай діни мис­сиясы­ның қыз­мет­кері болған. 

1892 жылы монахтыққа өтіп, Сергий деген лақап ат алған, сол жылы 7 қарашада иеромонах деген санға (діни лауазым) өткен және Қазақ діни миссиясының бастығының көмекшісі болған. 1891-1898 жылдары Қазақ миссиясында қызмет еткен: иеромонах, басшы көмекшісі және архимандрит санында миссия басшысы болған. 12 ақпан 1899 жылы Бийск епископы, Томск епархиясы викариі. Викарий – православ шіркеуіндегі епархия басқара­тын епископтың көмекшісі немесе орын­басары. 

1901 жылдың 20 қаңтарынан – Омбы және Семей епископы. Омбы епархиясы 1895 жылы құрылған. Оған Семей өлкесі, Ақмола облысы, Томск пен Тобол губерниясының кейбір жерлері кірген. Епископ Сергий епископ Григорийдан (Полетаев) кейін екінші Омбы архиерейі болған. 

1903 жылғы 6 қыркүйектен Ковенск епископы, Литва епархиясының викариі. 1907 жылғы 25 қыркүйектен Новоми­р­городск епископы, Херсон епархия­сының викариі. 1913 жылғы 22 желтоқ­саннан Сухуми епископы. 

1917-1918 годах – Мәскеудегі Помест­ный соборы мүшесі. 1919 жылдан Қара теңіз және Ново­российск епископы. Эмиграцияда Стамбұл, кейінірек Югославияда болды. 1935 жылы 24 қаң­тарда Привина Глава деген Сербия монасты­рында қайтыс болған. 

1897 жылдар – Абай­дың толық кеме­ліне жеткен уақы­ты, дінді де, фило­со­фия­ны да меңгерген шағы. Хакімнің «Ескен­дір» поэмасының сюжеті Тәураттан алғанын академик Сейіт Қасқабасов дәлелдеп жазғанын білеміз. Соған қарап, Абайдың Құраннан бұрын түскен Тәурат, Забур, Інжілдермен жақсы таныс болғаны осы миссионер Сергиймен дін айтысынан жығылмай шығуы да дәлел, сонымен қоса, артынан дүниелік ғылым таласынан да Абай есе жібермегенге ұқсайды.

1899-1904 жылдары орыс жазушысы А.Чеховпен хат алысып, кейінірек кездесіп араласып тұрған, жазушының «Архиерей» деген әңгімесін жазуға шабыттандырған. А.Чеховтың туған інісі Михаил Чеховтың естелігінде бұл әңгіме­де­гі бас кейіпкердің прообразы Степан Петров – Сергий болған, Мәскеу универ­ситетінің Филология факультетінде оқып жүріп, аяқ астынан монах болған, кейін беделді дін уағыздаушысына айналған. 

Абай мен миссионер Сергийдің айтысы

Семейде Қазақ миссиясының құжат­тары сақталмаған. Шіркеу қызмет­керлерінің өздерінің ісіне ұқыптылықпен қарайтынын ескере отырып, епископ Сергийдің Абаймен әңгімесі хатталып, протоколданып, Омбы шіркеу архивте­рі­н­ен табылып қалуы мүмкін деген ой да қылаң береді. 

Сәдуақас қажы Ғылманидың «Құран туралы өтіріктер мен жалаларға қарсы» кітабында Абай хакімнің христиан миссионеріне жауабы келтірілген. Бұл дерек ҚМДБ ресми сайтында Оразбек Сапарханның «Абайдың хрис­тиан миссионеріне жауабы» деген жазба­сын­да тұр. 

Уақиға Сәдуақас қажы Ғылманидың «Құран туралы өтіріктер мен жалаларға қарсы» кітабының қолжазбасының 97-бетінде «Жерді көтеріп тұрған көк өгіз» деген бөлімінде баяндалады. Ол уақиға былай:

Ресей патшалығы тұсында, ша­масы 1860 жылдарда (дұрысы 1897 жыл, С.Ы.) патша жанынан мұсылман­дар­мен, оның ішінде қазақпен дін жайында айтысып, правславный дінге тартып шоқындырмақ болып, Семей қаласына миссионердің бастығы келеді. Келген Семей қаласында он екі мешіт болатын. Он екісін де жаптырып бекіттіреді. «Кімде-кім менің сұрағыма ақыл-қанағат қылатындай жауап берсе ғана ашатын болады». Мұсылмандардың ғалымдары ақылдасып, бұған жауап беретін Құнанбаев Ибраһим, одан басқа жауап бере алмайды деп ат шаптырып, Абайды алдырады. Ол келіп танысып, білісіп ақырында жауап беретін болып договор жасасып, мұсылман жағынан Абай мен үш кісі, христиан жағынан жиырмаға тарта адамдар болады. Абай жағындағы Әріп ақын (Тәңірбергенов, ақын, тілмаш, дінтанушы – С.Ы.), татардың бір адамы. Жұрттың сөйлесуден қорқуы патшалық заңы бойынша қарсы болған адамды миссионер жер аударуға праволы дегеннен қорқысқан болуы керек. Миссионер мен Абай орта­сында переговор: екі жағы да ойлағанын айтуға праволы, ақыл­ға қоным­ды болған сөзді мақұлдауға, екі жақтың отырғаны сөз қоспауға, жауап түзу берілсе мешітті ашып беруге, сол сықылдыларға жасасқан. Көп сұрақ болса керек, бірақ содан екі сұрақ оның жауабы ғана айтылады.

Бірінші сұрақ.

Миссионер:

- «Құдай қаһар қылса, бар халықты (бар халықты – бар халақаны – барлық жаратылыс деген мағынада, бүгінгі ғылым «Сингулярлық нүкте», ғаламның бір нүктенің жары­луынан жаралуын айтады және түбінде бір нүктеге қайтадан сығылуы, С.Ы.) тарының қауызына сыйғызады дейді. Осы ақылға сыя ма?»

Абай:

- «Сыяды. Оған мысал, адам далаға шығып, көзін жан-жаққа салса, барлығын көреді. Әрине, соның бәрін көрген көздің титтей бір жанары. Махлұқ көзінің жанары соншалық нәрсені қамтуға жарағанда Құдай қаһары бар нәрсені көрген жанардан қалай» - депті.

Екінші сұрақ.

Миссионер Сергий:

 

- "Зұлқарнайын күннің жерге кіргенін көрді. Күн жерден әлде неше есе үлкен. Ол қалай? Кірді деу ақылға сыя ма?"

Абай:

- «Құран деп батар көрді деді, болса жерге кірген деуге сыяды. Міне, қараңызшы, күн қай жерден батты десе, біз айтпаймыз ба, ана Семей таудың ар жағына батты» дейміз. Сол сияқты айтылған сөз» дегенде,

- «Бұл да ақылға сиятын сөз» деп миссионер қабылдапты.

Сол сөзді өзі оқыған адам бола тұрып автор сасық қара балшыққа батты деуі үстірт сөз екені анық. Ендеше, Құранды мінеу орынсыз. Түзу мәні бере алмаған кісіні мінеу керек. Ал Зұлқарнайын – мұсылман. Сол мұсыл­ман ішінде пайғамбар деп, кейбі­реу­­лер әулие деп кейбіреулер талас қылады. Өзі – Ибраһим пайғамбар тұсында болған адам. Жыл санаудан екі мың жылдан артық уақытта өмір сүрген адам. Оны Ескендір Македони деушілер болса да, ол тіпті дұрыс емес. Оның аты Әбу Кәріб Шәміс Ғамири деген Йеменнен шыққан адам. Ескендір Македони заманынан қанша ұзақ бұрын болған. Жалғыз-ақ сондай ұзақ шығыс батысқа барғаннан, екі шетке барды деп Зұлқар­найын атал­ған. Және Ескендір Македони Арасту (Арис­тотель, С.Ы.) мәзһабында, бұл кісі – мұсылман. Жүрген жерлері шығыс-батыс дегеннен басқа айтылмаған. Жал­ғыз-ақ екі тау арасын бекітуі анық. Ол қай тау? Көбірек ғалымдар Қапқаз дейді».

Бүкіл қазақ даласын аузына қаратқан дуалы ауыз, абыз ақсақалдың келтірген деректері қисынсыз деп айта алмаймыз. Себебі, бұл туралы хакімнің қасында ширек ғасыр бірге жүрген Көкбай Жана­тай­ұлы өз естеліктерінде де қысқаша баян етеді. Онда Көкбай келген миссионердің атының Сергей екенін, жауаптасарлық адам іздегенде тамам халықтың «Абайды сайлап шығарып, Сергейден жеңілмей өз дінінің абиұрын аман сақтап шығуына мешітке жиылып мінәжат қылып, Абайға бата беріп, тілек тілеп жіберткенін» айта келіп, өз жадында қалған естелікті былай жеткізеді: «Бірақ Сергейдің не мақсатпен сөйлесемін дегенін қала молдалары шала ұғынып, алып қаштымен ұлғайтып жібе­ріп, елді де үркітіп, өздері де босқа үріккен ғой деймін. 

Абай барғанда Сергей де дін жайында талас жасамай, бірер нәрселерді сұрап қана артынан жай әңгімеге кетсе керек. Бұл мәжілісте Абай дін жайынан қанша­лық сөйлесіп, қанша таласты, ол арасын толық білмеймін. Бірақ артынан Абайдың өзіміз сұрағанда азын-аулақ айтқаны:

Сергей:

- «Мұсылман дінінде Құдай – күш иесі, қорқытушы. Сондықтан Құдай жолындағы құлшылық, тазалық, ақтық барлығы да қорқудан туатын сияқты» деді.

Оған мен (Абай):

- «Біздің Құдай, «Рахман, Рахим» қуат иесі ғана емес, рахым да қылушы. Қуаты қара күш бастаған қуат емес. Махаббаты әке мен баланың арасы сияқты, әке, сүюші ие» дедім" -

- дейді.

Абайдың осы Сергеймен сөйлескен сөздерін кейінгі уақытта қаланың жатақтары мен шала молдалары ертек қылып әкетті. Соның ішінде Сергей «үй» депті, Абай «бүй» депті деген талай ұйқасты, ұйқассыз сөздер толып жатыр. Бірақ мұның бірде-бірін Абайдың өз аузынан естігеніміз жоқ». 

Әрине, миссионер Сергийдің жоғары білімді адам болғанын, тіпті Құраннан хабары болғанын, сол заманның озық ойлы Чехов сияқты жазушылармен араласып тұруынан оның осал адам емесін жоғарыдағы мәліметтерден байқап отырмыз. Сөйте тұра, жоғарыдағы сол деректерге сүйенсек, «сұрағыма жауап бере алмасаң, Семейдегі он екі мешітті жаптырам» деген зорлығын да көреміз. Ол заман­да Семейдегі ха­лық саны 15-20 мың орыс, қазақ, татар аралас тұр­ған. Омбыда 30-35 мың тұр­ғын болған. 1897 жылдар – Абай­дың толық кеме­ліне жеткен уақы­ты, дінді де, фило­со­фия­ны да меңгерген шағы. Хакімнің «Ескен­дір» поэмасының сюжеті Тәураттан алғанын академик Сейіт Қасқабасов дәлелдеп жазғанын білеміз. Соған қарап, Абайдың Құраннан бұрын түскен Тәурат, Забур, Інжілдермен жақсы таныс болғаны осы миссионер Сергиймен дін айтысынан жығылмай шығуы да дәлел, сонымен қоса, артынан дүниелік ғылым таласынан да Абай есе жібермегенге ұқсайды. Оған Мұхтар Әуезовтың мына сөзі куә:

«Миссионер Сергей поппен мәжілісі жарасып, кең әңгімелеседі». Көкбай естелігі: «...Сергейдің қасында Семейдің көп поптары бар екен. Солардың кей­бі­реу­лері бір әрекідікте мұсылман дінінің ұсақ мәселелері туралы Абаймен дау­лас­қысы келсе керек. Сонда Сергей «Сендер, қойыңдар», Ыбырайым Құнанбаев сен­дердің тістерің бататын кісі емес» депті дейді. 

Бұл кездесуден кейін мешіттер жабылды деген дерек жоқ. Сонымен қатар бір тарап жеңді, иә жеңілді дейтін­дей о бастағы теңдік жоқ. Архимандрит Сергий діни адам болса да, билеуші Ресей империя­сы­ның қолында күші бар ресми өкілі, бірақ хакімнің миссионерді мойын­датқаны шындық. Мұндай теңсіздік жағдайда ол жеңіспен пара-пар… 

Дереккөз: aikyn.kz/ 

0 пікір