Зина жайында
Зина жайында
5 ай бұрын 3928
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)

Бисмилләһир рахманир рахим

Алла Тағала Құран Кәрімде мүмін пенделерін сипаттай келе: «Олар сондай, әуреттерін қорғаушы...» дейді. («Мүминун», 5 аят). Яғни, әуреттерін түрлі халал емес арсыздықтардан сақтайды дегендік. Бұған қатысты басқа бір аятта: «Жария, жасырын арсыздықтарға жоламаңдар!» Делінген. («Әнғам», 151 аят). Осы аяттағы «жария» дегені үлкен күнәні - зинаны айтып тұрса, «жасырын» сөзімен одан кішілеу күнә саналатын - сүю, қолынан ұстау, көз сүзіп қарау дегенді айтып тұр. Адамдардың мырзасы өзінің хадистерінің бірінде айтпақшы, екі қол зина жасайды, екі аяқ зина жасайды және екі көз де зина жасайды.

Алла Тағала тағы бір аятында былай деген: «Мүмін ерлерге айт, көздерін төмен салсын және әуреттерін қорғасын. Олай істеулері олар үшін тазарақ» («Нұр», 30 аят). Осы аятта Алла Тағала еркек пен әйелдерге харамға қараудан көздерін тыюларын және зина ісінен әурет жерлерін қорғауларын бұйыруда. «Кім оны істесе, ол жазаға лайық» дейді Алла Тағала («Фұрқан», 68). Яғни, тозақтағы жазаға лайық немесе тозақтағы бір шұңқырға лайық. Тозақта құдық бар деседі, егер оның бетін ашса, иісінің жамандығынан тозақ иелері айқайлап жібереді екен.

Кейбір сахабалардан мынадай мәлімет жеткен: «Зинаға жоламаңдар. Шынында зинаның алты кесірі бар. Үшеуі осы дүниеде, қалған үшеуі ақыретте беріледі. Дүниедегі зияны: несібенің тарылуы, өмірінің қысқаруы және жүзінің қараюы. Ал ақыреттегі зияны: Алланың ашуы, есеп-қисаптың ауырлығы және тозаққа кіруң».

Риуаяттарға қарағанда Мұса ғалейһиссәләм Құдай Тағалаға: «Уа, Раббым! Зина жасаушыға қандай жаза бар?»-деп сұрайды. Сонда Алла Тағала: «Зина жасаушыға оттан сауыт кигізіледі. Егер ол сауытты алып тауға қойса, тау жанып күлге айналар еді» деген екен. Тағы бір мәліметте бір жүргіш әйел Ібіліске мың жүргіш еркектен сүйкімдірек дегендігі айтылған. (Әйел бұзылса, әлем бұзылады деген тәмсіл сөз осыдан келіп шықса керек).

«Масобих» кітабында келтірген риуаятта Алла елшісі былай деген: «Қашан пенде зина жасаса, иманы жүректен шығып, шатыр секілді төбесінде тұрады. Пенде зина ісін доғарғанда, иманы қайта оралады».

«Иқнаъ» кітабында да Алла елшісінің былай дегендігі келтірілген:

«Алланың құзырында ең ауыр күнә - кісінің өз шәуетін өзіне халал емес әйелдің жатырына салуы».

Лутыйя (гомесексуализм) зинадан да ауыр күнә. Сахаба Әнәс ибн Мәлік (радияллаһу анһ) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.у.) айтқан: «Кім лутыйялық ісін жасаса, пейіштің иісін де иіскемейді. Ал, пейіштің иісі болса, бесжүз жылдық қашықтықтан сезіліп тұрады»...

«Раунәқут Тәфәсир» кітабында Кәлби мынадай мәліметпен бөліскен:

«Лұт қауымының ішінде ең бірінші азғындыққа барған зат ол лағынетті Ібіліс болатын. Ібіліс Лұт қауымының адамдарына жас сұлу сақалсыз жігіттің бейнесінде көрініп, оларды өзіне шақырды. Олар барып, онымен жыныстық қатынасқа түсті. Осыдан бастап, ол елге келген бөтен адамдармен сондай арсыздыққа бару әдетке айналды. Алла Тағала оларға Лұт пайғамбарды жіберді. Лұт пайғамбар оларды арсыз істерінен тыйып, бір Аллаға табынуға шықырды. Арсыз тірліктерін қоймаса Алланың азабына ұшырайтындықтарын ескертті. Сонда олар Лұт пайғамбарға: «Шыншыл болсаң, бізге Алланың азабын алып келші!» - десті. Лұт пайғамбар (ғ.с.) Раббысынан жәрдем тіледі. Оларға қарсы жеңіс тіледі: «Раббым! Мені бұзғыншы қауымға қарсы жәрдем ет!» - деп дұға жасады Лұт пайғамбар. Сосын Алла Тағала көкке азғын қауымға тас жаудыруын бұйырды. Әрбір таста тиетін адамының есімі жазулы еді. Алла Тағаланың мына сөзі де соны айтып отырса керек: «Раббыңның құзырында белгіленген...». («Һүд», 83).

Мынадай әңгіме бар: Лұт қауымынан болған бір саудагер ер адам ол кезде Меккеде жүр екен. Оның пешенесіне жазылған тас харам өлкесіне жетіпті. Сонда періштелер тасқа: «келген жағыңа орал, ол адам харам аймағында жүр» дейді. Тас кері оралып, харам аймағынан шығады да әлгі адам меккенің аймағынан шыққанша аспан мен жердің арасында қырық күн күтеді. Жаңағы кісі саудасын жасап болып, Меккенің аймағынан шыққаннан соң, күтіп тұрған тас тиіп, мерт болыпты деседі.

Алланың азабы жауатынынан хабардар етілген Лұт пайғамбар өзінің әйелін алып, соңынан ілесушілермен бірге елді-мекеннен шығып кетеді, шығып бара жатып соңынан ілесушілерге арттарына қарамауларын бұйырады. Алайда, әйелі күйеуінің сөзіне құлақ аспай, Алланың азабын естіген кезде қауымына қарап: «Уа қауымым!» - дейді. Сол заматта төбесіне көктен тас түсіп, өледі.

Бұл оқиғаны табиғин мүжәһид былай деп жалғастырады: «Сол күні Жебірейіл періште (ғ.с.) азғындардың жұртына түсіп, сол өлкені түбімен қопарып қанатына алды, сөйтіп сол елді-мекенді тұрғындарымен қоса көкке көтерді, көктегілерге әтештің шақырғаны, иттің үргені естілді. Көкке көтерді де, қайтып оларды төменге қарай лақтырды, әуелі үйлердің төбесі жерге түсті, ізінше барлық нәрсе жерге құлап, жермен-жексен болды».

Лұт қауымының басына келген азап ешбір қауымның басына келмеген. Алла Тағала әуелі олардың көздерін көр қылды, кейін елді-мекендерін асты-үстіне келтіріп, төңкерді. Жермен жексен болған бес қаланың ішіндегі ең үлкені Содом қаласы болатын. Құран Кәрімнің «Бара-ә» сүресінде айтылған «Мүтәфикәт» апатына ұшыраған жерлер осылар. Ол қалаларда сол кезде төрт миллионға жуық адам тұрған деседі1.


Имам Ғазали, «Мүкәшәфәтуль Құлуб». Зина тарауы. Араб тілінде.

Қазақшалаған А. Қасым

 

0 пікір