Қытай қызы Чен Йидің Исламды қабылдауы
Қытай қызы Чен Йидің Исламды қабылдауы
7 жыл бұрын 6318 www.thenewmuslim.co
Аударған Шынар ӘБІЛДӘ

2012 жылдың шілде айында Глазго университетінің магистратурасына қабылдандым. Онда Сауд Арабиялық жаңа құрбыммен таныстым. Оның түрі де келісті, жан-дүниесі де өте бай екен. Ол мені ырқымнан тыс өзіне тартып тұратын. Сол құрбым секілді ақылды, әрі жақсы адам болғым келді. Мен оны қатты жақсы көрдім. Ол кезде Ислам туралы мүлде ештеңе білмеуші едім.

Оған қойған бірінші сауалым: «Неге басыңызға орамал тағып алғансыз?» болды. Ол менің сауалыма асықпай, сабырмен егжей-тегжейлі жауап берді. 

Өзімнің мұсылман емес достарыма Сауд Арабиясынан келген сұлу құрбым туралы айтқанымда, олар маған Ислам туралы там-тұмдап айтып берді. Мұсылмандар күніне бес рет намаз оқитынын, мұсылман еркектер бірнеше әйел алатыны туралы білдім. Мен құрбымнан достарымнан естігендерімді анықтап сұрап алдым. Ол бәрін біледі екен. Маған тағы да жақсылап түсіндіріп берді. Мен Сауд Арабиялық құрбымның бірде-бір сөзіне ешқашан күмән келтірген емеспін.

2013 жылдың соңына қарай құрбыммен бірге Ыстамбұлға бардым. Ыстамбұлға келген екінші күні жағажайда қыдырып жүріп оған Сауд Арабиясы туралы көп сұрақ қойдым. Содан кейін екеуміз Ислам туралы сөйлесе бастадық. Ақырзаман болғанда бұл фәни не боларын, күнәһарлар қандай күйде болатынын айтып берді. Мен шошып кеттім. Оның айтқаны қатты әсер етті. Ләм деп сөз қайтара алмадым. Сол түні бұл әлем мен үшін тұтасымен өзгерді. Бірақ Аллаға шүкір, келесі күні оянғанымда Құдайды жеңіл қабылдадым.

Алты күннен кейін Глазгоға қайтып оралдым.  Келе сала Рамазан айы туралы екі лекция тыңдадым. Түсінгенім екі-ақ нәрсе болды. Біріншісі, ораза ұстасақ Алла бізге өткен және келешектегі барлық қателімізді кешіреді екен. Екіншісі, осы қасиетті айда адам баласына көптеген ризық нәсіп етеді екен. Содан кейін ораза ұстаймын деп шештім. Бірақ әлі мұсылмандықты қабылдамап едім. Мен малайзиялық досымнан “Мұсылман болмасам да ораза ұстасам, Құдай мені кешіре ме?” деп сұрадым. Ол “Алла сені қалай кешірсін?” деп сұрады. Не айтарымды білмедім. Сосын оның маған «Сен неге Исламды қабылдамайсың? Аллаға онсыз да сендің емес пе?» дегені...

Мұндай сөзді естігенде қатты қобалжыдым. «Ертең қабылдаймын!» дедім. Келесі күні Сауд Арабиялық құрбым мен басқа да мұсылман достарым мені Ислам білім орталығына апарды. Сол жерде шаһадат айттым. Бұл Ораза айына екі апта қалған кез еді.

Ислам қабылдағаннан кейінгі басты мәселе ретінде сенімімді тұрақтауды ойладым. Солай маған көп көмегі тиген, Глазго университетінде ислам қаржыландыруы бойынша докторантурада оқитын индонезиялық құрбыммен таныстым. Ол Малайзияға оқуға түсуге кеңес берді. 2013 жылдың қазан айында құжаттарымды сонда жібердім. Аллаға шүкір, қазір сонда аспирантпын. Ислам қаржы негізін зерттеп жүрмін.

Малайзияға бармас бұрын 2014 жылдың қаңтар айына дейін екі ай Құран жаттап, араб тілін үйренуге уақыт бөлдім. Үш ұстаздан тәлім алдым. Аллаға шүкір, желтоқсан айында Құранды еркін оқи алатын болдым. Бірақ сондай баяу оқитынмын. Өміріме индонезиялық құрбымның әсері зор болды. Тәһажуд, Духа, сүннет намаздарын оқуды, сүннет оразаны ұстауды сол үйретті. Күнделікті Құран оқуға шақырды. Тіпті “демалыс” кездерімде де Құранды үнемі тыңдап жүруге үндейтін. Оның ақылын алуға тырыстым. Құранды тыңдаған сайын Алланың қалауымен мінезім өзгеріп жатқанын сезіндім. Тәһажуд, Духа намаздарын тұру, Құран оқу күнделікті атқаратын құлшылықтарым болып қалды, Аллаға шүкір.

Шәһадат айтқан кезімде көркем мінезді, кемшіліксіз нағыз мұсылман болсам деген арманым бар еді. Ол кезде толыққанды мұсылман, еш күнә жасамаған, кемшіліксіз адам тек Пайғамбарымыз (с.а.у.) болғанын білмеген болатынмын. Құрбым сөзімді түзеп “Еш кемшіліксіз мұсылман болу мүмкін емес. Бірақ көркем мінезді мұсылман болуға тырыс”, - деді. Тырысып жүрмін.

Аллаға жақындағым келген сайын Ол өзі жарық түсіріп, жол көрсетіп тұрды. Малайзияда оқып жүргенімде “Ақырет күнін қалай өткереміз?” деп айналамнан сұрай беретінмін. Олардың берген жауаптары көп жағдайда жүрегіме қонбайтын. Бір күні бір бауырым сахабалардың әр аятқа амал етіп отырғанын айтты. Бұл сөз маған үлкен қолдау болып, ары қарай қалай әрекет етуім керектігін көрсетті.

Аллаға жақын бола алатынымды күн өткен сайын анық сезе бастадым. Тек соған талпына беру керек. Жалқау болсам “Алла жүрегімде” дегенге сенімім нық болмас еді. Тек білу мен әрекет ету Аллаға жақын етті.

Намаздан кейін оқитын дұғаларым бар. «О, Алла! Күнәм мен қатемді түзе. Тура жолға түсір. Біліміңді мәңгілік қылып бер» деймін. Тағы бір дұғам бар. Оны соңғы кезде оқып жүрмін. «О, Алла! Тура жолға түсір, Пайғамбардың ең сенімді серіктері секілді шын мұсылманның өлімін бер» деп сұраймын.

Менің өмірімнің жарық сәулесі саудилық құрбым болды. Соның арқасында Исламды білдім, таныдым. “Ислам бізге биік болуды насихат етеді” деп сол үйретті. Оның сөзін жүрегім бірден қабыл етті. Содан бастап Алла жүрегіме нұрын құя берді. Менің Аллаға бастаған жолым әр кезде салиқалы, салмақты болды.

Индонезиялық, қытайлық мұсылман бауырларымнан “Аллаға жүрегімдегінің бәрін айтуыма бола ма?” деп сұрай беретінмін. “Алланның мазасын алып жібермеймін бе?” деп қорқатынмын. Мене жасы үлкендеу апайым “Алла – ең сабырлы, салиқалы, жұмсақ, әрі мейірімді тыңдаушы” деді. Осы жауапты алғалы менің сабырсыз мінезім өзгеріп, мазасыздығымнан құтылдым. Қайғырсам да, қуансам да бірден Аллаға дұға етіп, жүрегімдегінің бәрін Оған жайып салатынмын. Маған осындай қарым-қатынас қатты ұнайды. Дегенмен, Аллаға құрмет көрсетіп, әр сөзіме абай болуым керектігін де түсінемін.

Көп сұрағым бар. Көптеген қиындығым бар. Күнделікті талай қателік жасаймын. Мүмкін, тіпті күнәда арқалап жүрген болармын. Құлшылығымды арттыруым керектігін де білемін. Бірақ солай болды екен деп қайғыра бергенім дұрыс емес қой. Керісінше, Алланың Құранымен өмір сүруне тырысамын, ондағы, сүннеттегі айтылған дүниелерді орындауға барынша талпынамын. Бұдан кейін де бәрі Алланың қалауымен жақсара бермек деген ойдамын.

Алла әрбірімізді ақ жолына түсірсін! Әмин!

 Арнайы islam.kz үшін

2 пікір