Статистика деректері не дейді?
Қазіргі күні Қазақстандағы түйткілді мәселелердің бірі ажырасу болып отыр. Қайда барсақ та, кімді көрсек те «Кеше үйленіп еді ғой, бір жылға жетпей ажырасып кетіпті», «пәленшенің қызы ажырасып, үйіне баласымен қайтып келіп отыр» немесе «Түгеншенің келіні кетіп қалыпты» деген сөздерді жиі естиміз. Рас, ажырасу біздің елдің ғана емес, өзге де көптеген мемлекеттердің шешімі табылмай келе жатқан үлкен мәселелерінің бірі. 2013 жылғы статистика деректері бойынша, Ресей ажырасудың көптігінен бірінші орында тұр. Орыс журналистері өз елдеріндегі ажырасудың себебін гомосексуализмнен іздейді. Ал, экономикалық жағдайларының төмендігі себебінен ажырасу көп делінетін мемлекеттің бірі – Аруба Ресейден кейінгі екінші орында. Үшінші орын өздерін демократиялы мемлекет санайтын АҚШ-қа тиесілі. Ері әйелінен, әйелі ерінен бостандық талап етіп, соңы көзге шөп салуға ұласып, бұл елдегі сүттей ұйыған отбасының түбіне де сол демократия жетіп отыр. Қоғамды меңдеген бұл дерт соңғы 15-20 жылда Қазақстанға да тамырын кеңінен жайып келеді. Ата-бабаларымыз өзінің некелі әйелі тұрмақ, жесірін де қаңғытпайтын еді, кіндігінен тараған балалары тұрмақ, жетімін де жылатпайтын еді. Бүгінгі күні мұның бәріне өткеннің ертегісі секілді қараймыз. Басқасын былай қойғанда, кешегі Кеңес кезінде де ажырасу аз болатын, отбасын тастап, өзгемен көңіл қосу ар саналатын. Ал, қазір статистика деректері бойынша, Қазақстандағы әр үшінші отбасы бұзылуға бейім тұр. Елімізде 2013 жылдың бір жартыжылдығының өзінде 71165 неке тіркелсе, дәл осы аралықта 24380 отбасының шырқы бұзылған. Рас, үйлену көп, бірақ сәйкесінше ажырасу да аз емес. Және ең қорқыныштысы, ажырасудың саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Оның соңы баланың тірі жетімдігіне әкелетінін қай-қайсымыз да жақсы білеміз, бірақ мәселе ажырасуға келіп тірелгенде ұмытып кете беретініміз несі екен? Енді еліміздегі ажырасуға себеп болып тұрған негізгі мәселелерге талдау жасап көрелік.
Әйелдің өзін еркекпен тең ұстауы
Кеңес кезеңінде алынған тәрбиенің ең үлкен қателігі – әйел мен ерді теңестіріп, гендерлік саясаттың алға қойылуы. Әйел өзінің отбасындағы тірлігін ұмытып, еркек істейтін ауыр істерге, колхоздың жұмысына жегілді. Басындағы жаулығы шешіліп, көйлегінің етегі қысқарып, ер адамның шалбарын киді. Барлық істе «еркекпен теңбіз» деп өзеуреді. Міне, осы тәрбиенің шырқау шегі қазіргі күні отбасын жаңа құрған қыздарымыздың барлығы жеткілікті бола тұра, күйеуімен жарысып жұмыс істеуіне, карьера қууына алып келді. Күйеуі бір жаққа достарымен қыдырар болса, әйел одан да асып түскен жаққа құрбыларымен бармаса, құқығы бұзылатын болды. Осы сәтте үйдегі бала тәрбиесі, өзге де үй шаруасы жайына қалып, ол отағасының наразылығын тудырады. Міне, солай арада түсініспеушіліктер туындап, соңы ажырасуға алып келеді. Ал, біздің ата-бабаларымыз қандай еді? Аналарымыз ерінің жолын тосып, алыс сапардан келсе бар жылы-жұмсағын дайындап, күтіп алушы еді ғой. Балаларын тәрбиенің тұнығынан сусындатып, олардың бұзықтығына: «Әкелеріңе айтамын», - деп кейіп, әкелер қауымының мәртебесін биіктетіп қоюын айтсаңызшы. Бұдан шығатын қорытынды, әйелдің негізгі қызметі үйде, бала-шағасының жанында, солардың тәрбиесінде, ал отағасының қызметі түзде. Әйел адам ері істеген істің барлығын істеймін деп, өзімшілдікке бармай-ақ қойсын, оның соңы ешқашан жақсылыққа апармақ емес. Шаңырақ көтерген екі жастың әрқайсысы отбасындағы өз рөлдерін толық түсініп, оны өз деңгейінде атқара білсе, мұндай жанұяға бақыт жолдас болары сөзсіз.
Әлеуметтік жағдайдың төмендігі
Шыны керек, бүгінгі күні әлеуметтік жағдайдың төмендігі көптеген жұбайлардың екі жаққа кетуіне себеп болып отыр. Әсіресе, Астана, Алматы секілді үлкен қалалардағы жас отбасыларға қиын, үйге бірден қол жеткізу мүмкін емес, сосын пәтерден пәтерге көшіп жүргені. Арада дүниеге сәби келеді, бұрынғы, бұрынғы ма, таршылықтың көкесі енді басталады. Балалардың тамағы да, киімі де арзан емес, ең аяғы жаялығына (памперс) дейін аз ақша тұрмайды. Міне, осы сәтте әйелдердің ерлеріне көңілі толмаушылықтары басталады. Үйде ұрыс-керіс орнап, сәбиін құшақтаған әйел төркініне қайтып келіп отырады. Немесе баланы күйеуге тастап, өзі жұмысқа шығып, ақыры соңында: «Күйеусіз де отбасымды асырай алады екенмін ғой», - деп ажырасып тынады. Қазіргі кезде ер адамның екі қолына бір күрек табылмайды деу, жалған дүние. Істеймін деген адамға жұмыс табылады. Тек ниет болып, сәл әрекет етсе, оған Алла тағала сөзсіз көмектеседі. Үйде бала бағып қалып, әйелін жұмысқа жіберетін еркекті отағасы атаудың өзі қиын. Сонысымен қоймай, әйелін жұмыстастарынан қызғанып, ұрыс шығаратын еркектерді қайтерсіз? Ал, әйел отағасының тапқан табысы қандай көлемде болса да, оны үнемдеп жаратуы тиіс. Аз болса сабыр етіп, жолдасына рухани көмек, қолдау көрсетуге міндетті. Азға қанағат ете алмау – жаман әйелдің сипаты. Шал ақын: «Ер жігіт қапалықпен қартаяды, Қатын жаман, мінген ат қырсау болса», - деген еді ғой. Берекелі әйелдің қолы жоқтың өзінен бар жасайды. Жоқшылыққа жолдасымен бірге сабыр етіп, отбасының жылылығын сақтап қалған жанға, әрине, Алла тағаланың сабырлыларға уәде еткен сыйы болатыны сөзсіз.
Бір-бірінің туысын сыйламауы
Туыстардың себебінен де ажырасып жатқан жұбайлар аз емес. Мұның ішінде әсіресе, ене мен келін арасындағы түсініспеушіліктер жиі кездеседі. «Не шешеңмен тұр, не менімен бөлек шық» дейтін әйелдер, арадағы баланы алға тартып, күйеуін ертіп, ата-анадан бөлек кетіп жатады. Күйеуі келіспеген жағдайда, баласын ертіп, өзі кетеді. Бұл дұрыс іс пе? Жас жұбайлар бір-бірін таңдап, үйленгеннен кейін бір-бірінің ата-анасына да өз ата-аналарына қарағандай қарауы керек емес пе? Ер адам үшін ананың разылығы алдыңғы орындағы дүние. Анасын разы етпей, әйелінің сөзін сөйлеген Әлқама атты сахаба жаны алқымға келгенде, кәлимаға тілі келмей, қатты қиналатын еді ғой. Анасы «разымын» дегенінен кейін ғана, кәлиманы айтып, жүріп кетеді. Осы бір мысал, басқа амалдардың жөні бір бөлек, ананың разылығы бір бөлек екенін көрсетеді. Ендеше, мұндай маңызды істе әйел адам еріне анасының разылығын алу жолында көмектесуі керек емес пе? Әйелдің күйеуін анасынан бөліп әкеткені – жұбайын тозаққа итергені.
Ал, енеңіз әр ісіңнен кемшілік іздеп, күн көрсетпейтін жан болса ше? Оның да шешімін табуға болады. Жақында бір танысымды енесі үйінен болмайтын себептер үшін баласын жетектеткен күйі қуып шықты. «Бітті, ажырасамын, енді қайтып көрмегенім сол үй болсын», - деп кеткен жаңағы әйелді, арада аптадай уақыт өткенде, өз анасы үйіне апарып, құдағиының қолына: «Қызымнан бір кемшілік кеткен шығар, кешіріңіз. Жас қой, тәрбиесін беріңіз», - деп өз қолымен табыстады. Қыз күнінде ерке, бетінен ешкім қағып көрмеген қыз еді. Анасы: «Қызымды жылатып қоймаймын, ажыратып аламын» дейтін шығар деп ойлағанмын. Өйткені, осы күні сондай аналар көп қой. Ал, ол ананың даналығына риза болдым. Болмашы ашудың нәтижесімен шайқалғалы тұрған шаңырақты солай сақтап қалды. Отбасына қайтып барған жаңағы қыз да, енді енесін ренжітпеуге, анасына сөз келтірмеуге тырысады. Тағы бір оқиға есіме түсіп отыр. Баяғыда бір әйел енесінің үстінен шағым жасап ғұламаға барыпты. Әлгі ғұлама әйелдің қолына бір құты ұстатып тұрып: «Бұл – у. Енеңнің тамағына аз-аздан қосып беріп отыр. Арада біраз уақыт өткен соң, енең қайтыс болады. Бірақ енеңді сен өлтіргеніңді білмес үшін, саған күдік түспес үшін, ай бойы оған өте жақсы қара», - депті. Әйел ғұламаның барлық айтқанын істейді, тамағына у қосып жүргенімен, енесінің асты-үстіне түсіп, өте жақсы күтім көрсетеді. Арада ай толмай көз жасы көл болған әйел ғұламаға келіп: «Менің енем жақсы адам екен. Оған сыйластық танытып едім, мені қатты жақсы көріп кетті. Енді оның өлгенін қаламаймын», - дейді жылап тұрып. Сонда ғұлама: «Менің саған бергенім у емес, жай су болатын. Енді ол кісіні ренжітпе», - деп өсиетін айтып, шығарып салыпты. Міне, кей жағдайда кінә енеден емес, келіннен болып жатады. «Апалап» иіліп тұрған келінге мейірім көрсетпейтін ене жоқ шығар.
Арада бала болмағаны себепті ажырасу
Экологияның әсерінен бе, осы күні балалы бола алмай жүрген жас жұбайлар өте көп. Үйдің іші сәбидің күлкісіне көміліп, улап-шулап жатпаған соң, арада түсініспеушілік орнап, әйел мен ердің арасы тез суып кетеді. Еркек әйелін кінәлап, басқа әйел алса, балалы болатындай көрініп, теріс жүріске салына бастайды. Әйел өзін-өзі жегідей жеп, жұбайының алдында кішірейе береді. Ал, кінәрат ер адамның денсаулығында болса, психологтардың айтуынша, олар дәрігерге баруға, емделуге ұялады екен. Сондықтан, дәрігерге баруда, емделуде тұрған ештеңе жоқ. Керісінше, қазір медицина жақсы дамыған, балалы болу үшін мүмкіндіктер көп. Тіпті болмаған жағдайда, біздің аналарымыз кінә өзінен болса, жұбайына екінші әйел әперіп, одан туған баланы бауырына басатын. Ақау күйеуінің денсаулығында болса, қайнысының баласын асырап алып, отбасыларының беріктігін арттыратын.
Кейде өмірде мынандай да жағдайлар кездеседі. Екеуінің де денсаулығында ақау болмаған болуы мүмкін, бірақ балалары жоқ. Бұл - Алланың сынағы ғана. Алла тағала үшін «бол» деген нәрсе бола салады. Сабыр етіп, дұға жасаған жандарға Алла сөзсіз сұрағанын береді. Менің бір әріптесім болды. Жұбайы екеуі бір-бірін қатты жақсы көретін. Екеуінің бір-біріне деген сыйластықтары қай ортада жүрсе де ерекше көзге көрініп тұратын. Екеуі де намаз оқитын. Амал нешік, үйленгендеріне он шақты жылдан асса да, екеуінің баласы болмады. Қаралмаған дәрігерлері, бармаған емшілері қалмады. Сонда да үміттерін үзбей, бір туыстарының жаңа туған нәрестесін асырап алып, ұлан асыр той жасады. Ананың бауырына басқан сәбиге деген мейірімінің әсері ме екен, жоқ әлде, Алла тағаланың оларға деген рақымы ма екен, кім білсін, сол кісінің әйелі қазір жүкті деп естимін. Міне, кез-келген жағдайдан шешім табуға болатынына, ажырасудан басқа да амалдар барына осы оқиға дәлел.
Мен бұл мақаламда ажырасудың тек бірнеше себептеріне тоқталдым. Бірақ қандай себеп болмасын, ажырасу – ешқашан туындаған мәселенің шешімі болып табылмайды. Неке о баста, құрылған кезде ғұмырлық ниетпен жасалуы тиіс. Ажырасу деген ой үйленген адамдардың санасына ешқашан келмеуі керек. «Үйде бір күн ұрыс болса, қырық күндік ырыс кетеді» дейді қазақ. Ұрыс-керістен аулақ болған үйге, бақыт кіреді. Жаман қылық байқалған үйден бақыт үркіп қашады. Хадисте де: «Алла тағалаға адал еткен нәрселерінің ішіндегі ең жағымсызы – талақ» делінеді. Ендеше, Алла тағала бізді Өзі ұнатпаған барлық нәрсесінен сақтасын!