Қазақ халқы өз танымында мынадай жеті түрлі қорлықтың қатарында: жалақорлық, мансапқорлық, жемқорлық, дүниеқорлық, зинақорлық нәпсіқорлық, парақорлықты да атауы тегін емес. Қолында биліктің тетігі бар лауазымды тұлғаны өз мүддесіне әрекет етуге көндіру ақсатында оған заңсыз сыйақы ұсынуды немесе өзгедей қызмет көрсетуді «пара беру» дейміз.
Пара – табан ақы, маңдай терсіз келетін арам ақша мен дүние. Қара жолдың бойында иесіз көлденең жатқан оңай олжаға кенелуден бұрын әуелі «бұл неғылған батпан құйрық?» деп ойланған жөн. Оны бергеннің де, алғанның да оңбайтынын Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хадисінде:
«Пара беруші де, пара алушы да тозақта», – деп анық айтқан.
Парақорлық – қоғамда адамгершілік пен діни сана-сезімінің кемуіне сеп беретін керітартпа кеселдің бірі. Бұл тек жекелеген адамдардың ісі емес, ол қоғам өміріндегі тыныштық пен қауіпсіздікті тұрақсыз, тұрлаусыз қылатын, қилы-қилы келеңсіздіктерге жол ашатын қауіпті қылмыс. Парақорлық, жемқорлық меңдеген қараңғы қоғамнан әділдік пен шындықты, ізгілік пен сүйіспеншілікті шам алып іздесең де таппайсың. Парақорлықтың кең етек жаюының себеб - адамгершiлiк, әділдік секілді рухани құндылықтардың қу дүниеден төмен бағалануында болса керек.
Жең ұшынан жалғасып, «бармақ басты, көз қыстымен» қол жеткізген игілікте, мүлікте береке болмасы анық, онда кісінің ақысы мен көз жасы бар. Қу құлқынның қамы үшін пара алған жан қызмет бабын асыра пайдаланып, әділдіктен бұра тартқан залым болмақ.
Ислам діні әманда туралықты жақтайды, біреудің ала жібінен аттауды және қиянат жасауды қостамайды. Мұндай іс-әрекеттен тыяды. Сондықтан, дініміздің қағидалары арқылы парақорлық, жемқорлыққа түбегейлі тосқауыл қойылған.
Өкініштісі сол, елімізде сыбайлас жемқорлық кең етек алғаны сондай - қалыпты да үйреншікті іске айналғаны жасырын емес. Елді жайлаған жемқорлық жегі құрттан бетер қарқын алып, әділеттілік пен туралық секілді ізгі қасиеттерді жалмап барады. Өйткені, пара алып үйренген мемлекеттік қызметкер көбіне өз қызметін адал атқармайды, заңды сыйламайды, мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінбейді.
Мұндай қылықтар қалың көпшіліктің наразылығын тудырып, билікке деген сенімсіздікке итермелеуде. Мұның ақыр соңы бірліктің, елдіктің, тұтастықтың жігіне сына қағып, мемлекетке орасан зор ақшалай және рухани тұрғыда зардабын тигізуде. Бұл тығырықтан шығуға әрбір саналы азаматтың әділдікті жақтап, қоғам өмiрінде белсенділік танытуы арқылы, яғни құқықтары мен бостандықтарының жүзеге асырылуын, заң шеңберінде қорғалуын талап етуі нәтижесінде қол жеткізуге болады.
Құдайберді Бағашар, «Ала жіпті аттама».