Шығыстың әйгілі ойшылы Жүсіп Баласағұн өз өлеңдерінің бірінде адамның да, қоғамның да ең жексұрын қасиеттерінің бірі өсек туралы:
«Өсекшіні жолатпа үйге, дарытпа,
Естігенін түгел жаяр халыққа» дейді.
Абай атамыз да адамның бес дұшпанының қатарына «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» деп алдымен өсекті жатқызады.
Өсек-ғайбаттың алдын алып, емдеу шараларын тезірек қолға алмаса, ол бірте-бірте ұлғайып, келешекте бүкіл халықты рухани жұтаңдатып, әлсіретері сөзсіз. Өкінішке орай, бүгінде екі адамның басы қосыла қалса, көп жағдайда әңгіменің арқауына үшінші біреу айналатынын байқаймыз. Егер ол өзгелердің жақсы қасиеттерінен үлгі алу мақсатында айтылса ғой. Бірақ көбінесе, әлгі адамның кемшіліктері тілге тиек етіледі. Соның салдарынан онсыз да бір-бірін жақсы көрмей жүрген адамдардың арасында ғайбаттың оты лаулап, қастықтары одан бетер өршиді. Біреудің сыртынан басқа біреуге оның бойындағы кемшіліктерді айтуды шариғатта «ғайбат» дейді. Ғайбат – дінімізде қатаң тыйым салынған күнәлі қылық.
Бір адамның дене бітіміне, мінезіне, тегіне, ісіне, сөйлеген сөзіне, киген киіміне қатысты кемшіліктерді оның сыртынан айту – ғайбат. Сөзбен айтылмаса да, жай ғана ишарамен, ыммен, қимылдарымен біреуді кемсітсе, ол да анық ғайбат. Жазу арқылы да біреу туралы ұнамсыз пікір білдірсек, ол да осы күнәнің шеңберіне кіреді. Біреу туралы әңгіме болып жатқанда «Аллаға шүкір, біз ондай емеспіз ғой» деудің өзі ғайбаттың бір түрі. Мұсылман адам осының бәрінен іргесін аулақ салғаны дұрыс. Әсілінде, арақ ішу, ұрлық немесе зина жасау, доңыз етін жеу қандай күнә болса, ғайбат та дәл сондай ауыр күнә. Ғайбат жасаудың шариғаттағы үкімі – анық харам.
Бір күні ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларынан «Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме?» деп сұрады. Сахабалары әдеттегідей: «Алла мен елшісі жақсырақ біледі» деп жауап қатты. Сонда Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Әлдебір бауырыңды оған ұнамайтын нәрсе айтып еске алсаңдар, сол ғайбат» дейді. Сонда бір сахаба орнынан тұрып: «Уа, Алланың елшісі, айтылған қасиет ол кісінің бойында бар болса, сол да ғайбат па?» деп мәселені анығырақ сұрап білгісі келді. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Егер сен айтқан нәрсе ол кісінің бойында бар болса, ол ғайбат. Ал болмаса, онда айтқаның жала», – деді.
Ал енді ғайбат еткеннің жағдайы қандай болмақ? Соған тоқталайық. Қасиетті Құранда:
«Бір-бірлеріңді ғайбаттамаңдар. Бауырының етін өлген күйде жегенді қайсың ұнатасың? Әне, бұдан тіксінесіңдер. Олай болса, Алладан қорқыңдар» («Хужурат» сүресі, 12-аят) деу арқылы ғайбаттың қаншалықты жиіркенішті күнә екені, оның ақыры не болатыны айтылған. Адамзат баласы өлген малдың етін жеуден қатты жиіркенеді. Ал Алла тағала бұл жерде «өліп қалған бауырының етін жеу» дегенді келтіріп отыр. Осы оқиғаны сабақтау үшін мына оқиғаны баяндасақ.
Әнас (р.а.) былай деп риуаят етеді:
«Бірде пайғамбарымыз ауыз бекітуді әмір етіп: «Рұқсат етілмейінше ешкім оразасын ашпасын» деді. Кеш батып, ымырт үйірілген шақта пайғамбарымыз алдына келгендерге ауыздарын ашуға рұқсат беріп отырды. Осы кезде бір кісі келіп: «Уа, Алланың елшісі, екі қызым ораза ұстап еді, ауыз ашуға рұқсат етсеңіз. Алдыңызға келуге ұялды» дегенде пайғамбарымыз рұқсат бермей қояды. Әлгі кісі екінші рет келіп: «Расулалла, олар аштықтан бұратылып, әлсіреуде» дейді. Пайғамбарымыз қыздарды шақыртқанда, олар: «Қан аралас ірің құсты. Сонда пайғамбарымыз: «Бұлар халал жолмен ораза ұстады. Бірақ әркімді өсектеп, етін жеу арқылы харам жеді» деп астарын түсіндіріп берді.
Міне, ғайбаттың адам етін жеумен бірдей жиіркенішті іс екенін осы оқиға анық дәлелдейді. Тағы бірде Алла елшісі: «Ешкім сахабаларым жайлы жағымсыз сөз айтпасын. Өйткені мен алдарыңа ешкімді іштей жек көрмей шыққым келеді», – деді.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Ғайбат –сауаптарды жоюда лап етіп бір-ақ жалмайтын сумаңдаған өрттен де жылдам» деген хадисі де бар. Бұл өмірде жасаған азды-көпті жақсылықтарымыз, сауапты істерміз бар шығар деп үміттеніп жүргенде, бәрін ғайбат арқылы тып-типыл жойып алған болуымыз да мүмкін. Айша анамыз (р.а.) бір күні сөз арасында: Сафия анамыздың бойының қысқалығын меңзегенде ардақты пайғамбарымыз: «Әй, Айша, сен айтқан мына сөзді теңізге тастап жіберсе, бүкіл теңізді бүлдіріп жіберер еді» деп кейіс білдіргені бар.
Сыртынан сөз қылған адамыңыз сіздің ол жайлы айтқандарыңыздан бейхабар болса да, бәрін есітіп, бақылап тұрған Алла тағаланың бар екенін есімізден шығармағанымыз абзал. Әркімнің қос иығында әрбір іс-әрекеті мен сөзін жазып отырған екі періште де бар.
Ғайбаттың себебімен қазақ халқының талай бетке тұтар ардақты тұлғалары азапты өлімге душар болды. Ахмет Байтұрсынұлы өлеңдерінің бірінде:
Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен,
Өз аулымның иттері үріп қапқаны» – деп ғайбаттың жанына қатты бататынын білдірген.
Егер ұрпағымыз таза, иманды, тыныш қоғамда өмір сүрсін деп тілесек, онда бүгінгі таңда өзімізді-өзіміз жамандап, бір-бірімізді жарға жығу мінезінен аулақ болуымыз керек. Оның орнына тапсақ жақсы сөз айтып, таппасақ үндемеу деген мінезді бойымызға сіңірген абзал. Әрбір мүмин «Кімде-кім Аллаға және Ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз айтсын не үндемесін» деген пайғамбар өсиетін жадында ұстағаны жөн. Тілімізбен басқа дене мүшелерімізбен пайдасыз нәрселерге емес, жақсылыққа, діннің қызметіне жүгіргеніміз жөн. Өйткені бос сөз жүректі қатайтып, адамды Алладан алыстатады.
«Алланы зікір етпей бос нәрсе айтып сөзді көбейтпендер. Арасында Алланың аты еске алынбаған әңгіме жүректі қарайтады. Алладан ең алыс жүргендер – тас жүректер», – дейді сүйікті пайғамбарымыз.
Автордың "Даналық ойдан дән ізде" атты кітабынан.