Хижаб – әйел кісінің беті мен қолынан өзге жерлерін жауып тұратын киімнің аты. Хижаб – орамал, кең және ұзын киімнен тұрады.
Хижабты әр ұлт өзінің салт-дәстүріне сәйкес үлгіде тігіп кие алатыны сияқты (мысалы, кимешек), әртүрлі заманауи сән үлгісінде де тігіп киюіне рұқсат. Бастысы — шариғат талабына сай болмағы ләзім.
Қазіргі таңда көбісі хижабқа үрке қарайды. Оны артқа тартушы фактор ретінде көреді. Тіпті "әйел баласы өзінің әдемілігін жасырмай, сыртқа паш етуі тиіс" деп ойлайтындар бар, ал денесін жауып, қымтанып жүрудің модасы қалған деп есептейді.
Исламда қалай? Исламда әйел кісі – бағалы асыл тас іспетті. Сондықтан да, әйел кісі өзінің әсем денесін әркімге көрсетіп, өзінің бағасын түсірмеуі тиіс. Өзінің құндылығын жоғалтпауы керек. Сол себепті, Жаратушы Құдай Тағала әйел баласының беті мен қолынан басқасының бәрін жауып, оның денесін кім көрінгеннің сұғынан қорғауды мақсат етеді. Өйткені әйел баласы ашылған сайын, онысы өзіне зиян. Етек-жеңін жинамай жүретін әйелдің кейбір мәдениетсіз еркектер тарапынан зиян шегетінін бүгінде жиі естіп жүрміз. Хижаб киіп жүрген әйелдің ниеті бұзық еркектердің зорлығына ұшырады дегенді естідіңіздер ме? Хижаб киген әйелдің қасында періштелер жүреді. Бұл хижабтың бір ғана пайдасы. Ойланған адамға, жаулықтың жан-жақты пайдасы бар.
Жаратушы Иеміз жаулық тағып, жабылып жүруді тек Мұхаммед ғалейһиссәләмның үмбетіне ғана міндеттемеген. Одан алдыңғы тәңірлік заңдарда да әйел кісінің орамал тағып, бүкіл денесін жауып жүруі міндеттелген болатын. Мысалы, Інжіл кітабы мен Тәурат кітаптарына қарасақ, аталмыш кітаптарда да әйел баласына орамал тағып жүру міндет болғандығын көреміз. Христиандық европада 20 ғасырдың басына дейін көпшілік орындарда әйелдердің орамал тағып жүру әдеті бар болатын.
Иудаизм дініндегі орамалдың орны
«Мишна» атты көне иудаизм заң жинағында «әйелі басын жаппай жүрсе, күйеуіне онымен ажырасуына рұқсат» делінген[1]. Қасиетті кітаптарының «Ишая пайғамбардың жазбасы» атты бөлімде: «шәлілері мен бөкебайларын...» - деп келеді[2]. «...Айналары, көйлектері мен тюрбандары, әрі түймелері...»[3] деген сияқты шұмақтарды кездестіруге болады.
Иудаизм дінінің ғалымдарының түгелдерлігі бір ауыздан әйел кісінің орамал тағып жүруінің аталмыш дінде парыз екендігін айтқан. Бұл жайында раввин Маиер Шиллер атты яһуди дін адамы былай дейді:
«Тұрмыстағы әйелдің қоғамдық орындарда шашын түгелдей ашып жүруіне рұқсат берер бірде-бір діни негіз жоқ»[4].
Гетсель Еллисон есімді раввин де былай дейді:
«(Яһуди) ғалымдардың бәрі тұрмыстағы әйелдің шашы ашық күйі үйден шықпау керектігі жөнінде келіседі. Арадағы пікірталас - тыйымның егжей-тегжейі жайында»[5].
Талмут кітабында да бір раввиннің: «Әйелдің шашы – ғаурат» деп, әйелге орамал тағу аталмыш дінде парыз екендігін білдірген[6].
Христиан дініндегі орамалдың орны
Православиялық, римдік-католиктік, англикандық, лютерандық, кальвинистік нанымдарды ұстанатын христиан әйелдері қоғамдық ғибадат кезінде ғана бастарына шәлі тағады. Ал қалған христиан нанымдарында, әсіресе «анабаптист» сеніміндегі христиандар әйел кісінің әрдайым орамал тағып жүру керек екендігіне сенеді.
Батыс елдеріндегі христиан шіркеулері, орамал тағу көне заманнан бері жалғасып келе жатқан үрдіс болғанына қарамастан, оған немқұрайлы қарап, міндетті емес деп есептейді. Дегенмен, Ресей, Үндістан, Оңтүстік Корея, Пакистан, Руминия, Украина, Эфиопия сынды елдердегі дәстүрлі христиан шіркеулерінде әйелдердің құлшылық кезінде басына орамал тағулары міндетті іс ретінде қаралған[7].
Інжіл кітабында орамал тағуға қатысты да біршама шұмақтарды кездестіруге болады. Мысалы, Жаңа өсиеттегі «Қорынтықтарға арналған 1-хат» атты бөлімде мынадай шумақ орын алған:
«...Себебі бір әйел басын жапқысы келмесе, онда неге шашын қиып тастамасқа? Ал егер әйелдің шашын қиып немесе басын тақыр етіп тастағаны ұят болса, онда ол басын жапсын»[8].
Библияның «Ескі өсиет» кітабының, «Жаратылыстың басталуы» бөлімінде былай делінеді:
«Құлдан: «Даладан бізге қарай жүріп келе жатқан кім? – деп сұрады. Ол: «Бұл менің қожайыным» - деп жауап берді. Сол кезде ол (Рабия есімді әйел) жабылды»[9].
Біздің эрамызға дейінгі дәуірлердегі жаулық
Орамалға қатысты алғашқы құжаттық сілтеме - біздің эрамызға дейінгі 1400 және 1100 жылдардағы орта ассириялық заңында табылған. Ассириялықтарда әйелдердің орамал тағу шарттары мен орамал тағуға құқылыларды егжей-тегжейлі сипаттайтын заң болды. Ассириялықтардың заңы бойынша, күң қыздар мен жезөкшелерге беттерін бүркеп, бастарына орамал тағуға тыйым салынған. Егер бүркеншікпен ұсталса, қамшымен ұру, құлағын кесу сияқты өте қатал жазаға тартылды. Оның есесіне ассириялықтар азат әйелдерді жезөкшелерден ажырату үшін бүркеншік (немесе орамал) кигізді. Ол заманда жаулық тек ақсүйектіктің белгісі ғана емес, сонымен қатар жеңіл жүрісті әйелдер мен намысты әйелдердің арасын ажыратар киім үлгісі ретінде де есептелді.
Бүркеншіктер біздің дәуірімізге дейінгі 550-323 жылдар аралығында Ежелгі Грецияда да кең тараған. Бұны көптеген классикалық және эллиндік грек мүсіндеріндегі жаулық таққан грек әйелдерінің бейнесінен түсінуге болады. Ол дәуірде бүркеншік (немесе орамал) әйелдің тектілігі мен жоғары мәртебеге ие екендігін көрсететін. Сонымен бірге, орамал кішіпейілділік пен арлылықтың нышаны да еді. Бірақ, бүркеншікті көбіне тұрмыстағы әйелдер тағып, бойдақ қыздар, орамал тақпайтын болған. Егер тұрмыстағы бір әйел бетін ашып жүретін болса, онысы басы бос екендігінің белгісі ретінде саналған. Тіпті біздің дәуірімізге дейінгі 166 жылдары орын алған бір оқиғада, әйелі бетін жаппай бет пердесіз көшеге шығып, айналаға тек күйеуі көруі керек жерлерін көрсеткені үшін Консул Сульпиций Галлус онымен ажырасқандығы айтылған.
Ойланып қарасақ, көне заманнан бері әйел кісінің намысы мен тазалығының нышаны болып келген орамал, соңғы екі-үш ғасырдың көлемінде өз қадірін жоғалтып, көпшілік тарапынан көненің жарықшағы ретінде қарала бастады. Есесіне, ашық-шашық жүру мәдениеттілік саналуда. Бірақ адамға және қоғамға абзалы қайсы екенін ең жақсы білетін - Жаратушы Иеміз. Ол - әйелдерге орамал тағып, денесін жауып жүрулерін бұйырды. Осылайша, мәдениеттіліктің ашық-шашық жүруде емес, жабылып жүруде екендігін ұқтырды. Дін деген, әдеп, тәрбие десек, тәрбиеге ең жақыны – осы орамал екен. Құдайға шүкір, бүгінде Құдайдың бұл әмірін іс жүзінде асырып жүрген миллиондаған мұсылман әйелдері бар. Олардың арасында лауазымды кісілері қаншама. Олар хижаб кию арқылы жаулықтың "имандылық символы" екенін көрсетумен бірге, мәдениеттілік - ашық-шашық жүруде емес, орамалда екендігін де әлемге паш етіп келеді.
Алла баршамызға тауфиқ, һидаят бергей! Әлхамдулиләһи раббиль аләмин!
[1] st-takla org
[2] Ишая, 3:20. st-takla org
[3] Ишая, 3:23. st-takla org
[4] M. Schiller, op. cit.,104-105.
[5] G. Ellinson, Women and Mitzvot: The Modest Way, A Guide to the Rabbinic Sources, Jerusalem: Feldheim Publishers, 1992, p.121.
[6] ((שער באשה ערוה)) (Berachoth 24a)
[7] https://ru wikipedia org/
[8] Киелі кітап, «Қорытындықтарға арналған 1-хат», 11:6. Қазақша. «Жаңа өмір» баспасы, Стамбул. 2001 ж.
[9] Киелі кітап, «Жаратылыстың басталуы», 24:65. Қазақша. «Жаңа өмір» баспасы, Стамбул. 2001 ж.