Халқымыздың жазушысы, маңдай алды этнографы, ұлттық тарихымыздың білгірі Мұхтар Әуезов кейінгі ұрпаққа қалдырған батпан-батпан салмақты, аталы сөздерінің бірінде «Еккенің тікен болса – орғаның балауса болмас» деп қайырады. Қазақтың «не ексең соны орасың» деген мақалымен үндесіп туған терең ойдың туындысы секілді. Бұл нақылдың астарында терең сыр мен кең мазмұн бүгулі.
Түп-төркініне келер болсақ, бүкіл қоғам өміріне, жастар тәрбиесіне, кемел ұрпақтың келешегіне, екі дүниенің тепе-теңдігін ұстай білуге тура қатысы бар. Бүгінгі шежіре мен мәдениет кешегі тарихтың қалың қатпарының, бүгінгі қоғам кешегі қоғамның ізгі бастамаларының, бүгінгі азат күн кешегі есіл еңбектің тері мен төгілген қанның жемісі. Бүгін жастарымызды дұрыстап тәрбиелей алсақ, ертең жарқын келешекте өмір сүретін боламыз. Бүгін тікен егіп, ертең одан балауса орам деген ниет сау ақылға да, қисынға да қайшы.
Әркім өз егінінің нәтижесін алады. Бұл жер бетіндегі бұлжымас заңдылық. Себеп пен салдардан тұратын мына ғаламдағы әрбір нәрсе кешегі алғышарттың негізінде пайда болған. Халқымыздың «Ертең Алланың алдына барғанда қалай жауап бересің?» деп ақырет жайлы ертең деп сөйлеуінің мәні бар. Себебі Исламда қиямет қайым орнағаннан кейінгі өмірді «ертеңгі күн» дейді. Бұл мағынадағы ертеңгі күн шынында да дәл ертең бола ма, әлде сансыз жылдардан кейін жүзеге аса ма – ол жағы бір Аллаға аян. Маңыздысы сол – мұсылман ақыреті үшін бүгіннен бастап пайдалы егінін егіп, сол ұлы күнде жемісін оруға әрекет етуі керек.
Кейбір тұқым бұл дүниеде егіліп, осы дүниеде жемісін береді. Ал кейбірі бұл дүниеде егіліп, арғы дүниеде жемісін береді. Сондай-ақ бұл дүниеде де, ақыретте де жемісін беретіндері болады. Мысалы, бақшамызға алма ағашын отырғызсақ, бірнеше жылдан соң оның жемісін жейміз. Ал қиналған адамға қол ұшын берсек, мұндай рухани дәннің жемісін ақыретте көрмекпіз. Ал әлгіндей алма ағашын өз үйімізге емес, жетімдер үйіне немесе қарттар үйіне ексек, онда оның жемісін бұл дүниеде жетім балалар, арғы дүниеде біз өзіміз көреміз. Міне, бұл тұрғыдан алғанда, әрбір жасалған жақсылық ақырет үшін егілген дән болып саналады. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Бұл дүние – ақыреттің егінжайы» деген хадисінде осыны меңзесе керек. Фәни дүниеде мейірімді болған пенде Раббысының алдында мейірім көреді. Соған сай, сараңдық танытқан да ол жақта жаман мінезінің, пейілінің тарлығының кесірін көреді. Осы ақиқаттың мәні қасиетті Құран кәрімде:
«Кім ақырет табысын көздесе, табысын арттыра түсеміз. Ал кім дүние табысын қаласа, қалағанын береміз. Бірақ оған ақыретте несібе жоқ» («Шура» сүресі, 20-аят) деп баяндалады. Кім біледі, ата-әжелеріміздің «Уа, Құдай, пейілімді алма!» деп, күн құрғатпай жалынып отыруының бір мәні де осында шығар.
Ендеше, әр амалымызды ақыреттік есеппен атқарудың пайдасы зор. Тіпті ас ішерде Аллаһтың нәсіп еткен рызығынан алған қуатпен Оның разылығы үшін еңбек етіп, құлшылық қылсам деп ниет етсе, соның өзі ақыреттегі мәуелі ағаштың осы дүниедегі егілген дәнегі іспеттес. Аяттың соңында айтқандай, тек қарынды дүниенің ләззатымен толтыруды қаласақ, расында нәпсіміз тойынғанмен, о дүниеде несібе бұйырмайды.
Бақшасына ағаш еккісі келген адам жемісті мол беретін мәуелісін таңдайды. Сол секілді ертеңгі күніміз үшін қандай егін егу керек деген сұрақ туындаса, ең алдымен жас ұрпақтың тәрбиесін атар едік. Себебі келешекте үлкенге сая болар бүгінгінің көшеттері – сол жастар. Жастар рухани қуатты, терең иманды болса, ақылдылық, біліктілік, мәдениеттілік, парасаттылық қасиеттерін бойға жинаса, онда баянды болашақтан күтеріміз көп. Ал жастар рухы семіп, қуаты қайтып, ас ішіп аяқ босатудан, ұрпақ көбейту секілді құлқынның қамынан басқа ештеңе ойламаса, елдің тамырына балта шабылды дей беріңіз.
Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде:
«Уа, иман келтіргендер, Алладан қорқыңдар. Әрбір өзекті жан ертеңгі күніне не даярлағанына мән берсін. Алладан қорқыңдар!» делінген («Хашыр» сүресі, 18-19-аяттар).
Аятта «әр жан ертеңіне не даярлағанына мән берсін» деген нұсқаудың алдынан да, соңынан да «Алладан қорқыңдар» деген анық бұйрық келген. Бұл бұйрықтың бір аятта екі мәрте қайталануының астарында екі мағына бар. Біріншісі, ертеңгі күннің жоспарларын жасағанда, Алланың көрсетіп берген шеңберінен шығып кетпеңдер десе, екіншісі мүминдер Алланың бұйрықтарын қаншалықты тыңғылықты орындап, тыйымдарынан аулақ жүргенін бір тексеруден өткізіп алсын дегенді білдіреді.
Рас, аятта айтылғандай көкірегі ояу жандар жиі-жиі ақыретіне қандай тұқым еккені жайында ойлануы тиіс. Қазақтың діліне сәйкес, баласын экономист, заңгер, қаржыгер қылудан бұрын, діннің негіздерімен сусындатып алғаны маңыздырақ. Дұрыс қаланған іргетас қандай жойқын апатқа да шыдас береді. Оң-солын енді танып жатқан балаға алғашқы ілім-тәрбие беруші ата-ана оның қос дүниесінің күйреуіне жол бермеуі қажет.
Абай айтқан:
Балам закон білді деп,
Қуанар ата-анасы.
Ойында жоқ олардың,
Шариғатқа шаласы, – деген өлеңі арқылы дүниеуи білімді рухани дін негіздерінен артық қойған отағасы мен отанасына сын тағады. Бүгін руханияттан, діннен жұрдай баланы ертең ақшалы болсын деп тілеу – тікен егіп балауса күткенмен бірдей дәрежедегі ақылсыздық. Сондықтан баланың алдымен жанын, содан соң тәнін бай ету керек.
"Даналық ойдан дән ізде".