Жалпақ дүниеде «әлемнің құпиясына жетсем, ел таппаған қазынаны тапсам» деп шарқ ұрып, жер бетін кезіп жүргендер көп. Әрине, кезінде су түбіне кеткен жүк кемелерін тауып, одан алтын-күмісті күреп алып, байығандар да жеткілікті. Мысал келтірер болсақ, қазыналы көмбелерге кезігіп, содан-ақ байығандарды санауға екі қолдың саусағы жетпейді. Алайда әлемдік деңгейде маңызы бар, бірақ аумалы-төкпелі заманда көз жазып қалған кейбір асыл заттар, бағалы дүниелер әлі күнге тасада қалуда. Оларды табу мүмкін бе, әлде сол аңыз ретінде мәңгіге қала бере ме? Бұл да белгісіз. Енді солардың бірнешеуін сөз ете отыралық.
Янтарь бөлмесі
Бұл керемет дүниені 1701 жылы дат және неміс шеберлері пруссия королі Фридрих І тапсырысымен жасаған. Ғажайып туынды Бірінші Петрге сыйға берілгенге дейін, бірнеше сарайда болды. Жұрт көрді. Танысты. Таңғалды. Тамсанды. «Әлемнің сегізінші кереметі» десті. Бірінші Петр янтарь бөлмесін Петербург түбіндегі Патша селосына орнатты. «Орыстың баға жетпес ұлы қазынасы» деп танылды. Оны көздің қарашығындай сақтады.
Екінші Дүниежүзілік соғыс бұрқ ете түсіп, немістердің «солтүстік» тобы Ленинградқа тап берген 1941 жылы шұғыл түрде янтарь бөлмесін қауіпсіз аймаққа көшіру қолға алынды. Алайда өте жұқа, қылдай алтын-күміспен, өзге де бағалы тастармен өрнектелген бөлмедегі заттарды қопарып алу мүмкін емес-ті. Сондықтан бөлме тұтасымен тұс қағазбен желімдеп тасталды. Сөйтіп, бар ғажап дүние қағаздың артына жасырылды. Дегенмен елді мекенді басып алған немістер әдемі сарайдағы өте ұсқынсыз бөлмені көріп, мұның тегін еместігін аңғарса керек. Тұс қағазды ақырын жыртқанда, ар жағынан баға жетпес қазына тұрғанын көреді. Ресейдің ғажайып янтарь бөлмесі осылайша немістердің қолына түскен. Өте ұқыпты немістер бөлмені рет-ретімен бұзып, бар асыл дүниені Германияға тасып әкеткен көрінеді.
Янтарь бөлмесі Кенигсберг (қазіргі Калининград) шаһарындағы тас қорғандардың біріне жұрт көру үшін орналастырылған. Алайда 1945 жылы Кеңес әскерлері неміс жеріне аяқ басқан тұста Гитлер асыл затқа толы ғажайып бөлмені бөлшектеп, құпия жерге жасыруға бұйрық берген. Сол кезден қалған кейбір құжаттарда бағалы дүниені темір жол стансасына жеткізгені жөнінде айтылады. Одан арғы тарихы тұманды... Ат шаптырым бөлме толы алтын мен янтарь қайда кетті? Қайда жасырылды? Бұл сауалдың жауабын әлі ешкім тапқан жоқ. Біреулер «кемеге тиелген жүк, кеңес ұшақтары бомбалаған кезде теңіз түбіне кетті» десе, екінші бірі «ғажайып бөлме, қала астындағы сансыз ұра жолдардың біріне жасырылған» деседі.
1945 жылдан бүгінге дейін әлгі қазыналы бөлмені іздеп шарқ ұрған жүздеген экспедицияның жолы болмады. Тау кезді, үңгірлер ақтарылды. Балтық теңізінің асты да назардан тыс қалмады. Бірақ «таптым» деген ешкім жоқ. Десек те, өткен ғасырдың 80-жылдары Ленинградты басып алуға қатысқан бір неміс жауынгерінің үйінен әлгі бөлмеде болған ғажайып өрнекті янтардың сынығы табылған. Оны неміс солдаты өзіне естелікке алып қалса керек. Бірақ ол да қазыналы бөлме қайда көшірілгенін тап басып айта алмаған деседі. Осылайша, Ресейдің баға жетпес қазыналы янтарь бөлмесі із-түзсіз кеткен.
Фюрердің мүрдесі
Бүгінгі күнге дейін құпиясы ашылмаған дүние - Екінші дүниежүзілік соғысты ашқан, «бүкіл әлемді табаныма салып таптасам» деп армандаған, қанды қырғында 50 миллионға тарта адамның опат болуына себепші болған Адольф Гитлердің мүрдесі. 1945 жылы Кеңес әскері неміс жерінің басым бөлігін жаулап алып, бас қала - Берлинді қоршауға алған тұста, масқара болып қолға түспес үшін Гитлер өзін-өзі өлтіруге бел буғаны белгілі. Әйелі Ева Браунмен қатар сүйікті итін қоса өлтірткен. Орыс әскері оның жасырынған бункерінің маңынан өртенген қос мүрдені тапқан. Оның Гитлер екеніне де шүбә келтірмеген. Мүрде жер қойнына берілгенімен, арада көп уақыт өтпестен, Сталин Гитлердің өлген-өлмегеніне көз жеткізу мақсатымен, қаңқаны қаздырып алып, арнайы орындарға тексеруге берген. Арада ондаған жыл өкен соң, яғни 1970 жылы КГБ-ның қызметкерлері қаңқаны өртеп, күлін Эльба өзеніне шашып жіберген көрінеді.
Алайда 2009 жылы Гитлердің арнаулы жерде сақталған бас сүйегінің бір бөлігіне қайтадан сараптама жасалғанда, жұрт таңғалысты. Жағасын ұстады. Гитлер деп келген бас, жасы қырықтарға келіп қалған белгісіз бір әйел адамның сүйегі болып шыққан. Осының өзі-ақ, тағы бір құпияға жетелейтін сынды. Өйткені 1970 жылы Гитлердің қаңқасы деп өртеп, күлін өзенге шашып жіберген КГБ бункер түбінен табылған мүрденің Гитлер емес екенін біліп, әдейі сондай әрекетке барды ма екен? Белгісіз. Жұмбақ. Гитлер сол 1945 жылы 30 сәуір күні өлді ме, жоқ па? Бұл да көп құпияның бірі. Өйткені кейбір нақтылығы бұлтартпас деректер Гитлердің Аргентинада 1972 жылға дейін рахат өмір сүргені жөнінде сыр шертеді.
«Сан-Хосе»
1708 жылы Жаңа жер үшін екі бақталас мемлекет Испания мен Британия арасында соғыс оты бұрқ ете түсті. Бұл қақтығыс құрлықта да, теңізде де жүріп жатты. Әрине, соғыс болған соң қан төгілмей тұрмайды. Тіпті, бұл жерде мәселе қай елдің мерейі үстем түскенінде емес, қазыналы кемеде болып тұр. Жаңа жер - Америкадан мол бағалы заттар тиеп қайтып келе жатқан Испан кемесіне британдықтар шабуылдап, батырып жіберген. Бір қарағанда онда тұрған түк жоқ. Соғыстың аты - соғыс. Шығынсыз болмайды. Алайда мәселе басқада болып шықты. Сол теңізге батқан «Сан-Хосе» кемесі әлі күнге адамдарға тыныштық берер емес. Кеменің батқан тұсын іздеп, көне жазбаларды ақтарып-төңкеріп жүргендер қанша. Неге? Сөйтсе, суға батқан кеме 344 тонна алтын мен күмісті Испанияға әкеле жатқан екен. 116 сандықта Перу патшасының бүкіл байлығы - асыл тастары, брилланттары, алтын-күмісі т.б. бағалы дүниелері тиеліпті. Қазіргі есеп бойынша, ондағы заттың құны - 2 миллиард долларды құрайды екен. Егер оған антикварлық құнды заттарды қосатын болсақ, бағасы 10 миллиардтан кем емес. Осынша байлық теңіз астында жатыр.
Бұл байлықты тапқанға Испан елі 2 миллиард доллар беретінін ескерткен. Сол-ақ екен, әлемнің түкпір-түкпірінен қазына іздеушілер Кариб теңізіне шыбынша үймелеген көрінеді. Бірақ табылған дым да жоқ. Бір елдің байлығы осылайша теңіз түбінде шөгіп, өзін іздеп табатын жолы болғыш азаматты күтіп жатыр.
Атом бомбасы
Жер тек қана қазыналы көмбелерді жасырып жатқан жоқ. Санаулы секунд-минуттарда жарты әлемнің күлін көкке ұшыратын «қазыналарды да» бүркеуде. Сонау Бірінші Дүниежүзілік соғыстан бастап есептейтін болсақ, Еуропада 900 тоннадан асатын бомбаларды алқаптардан жинаған екен. Әлі көзге түспей, диқандардың соқасымен жер бетіне шықпай жатқан қанша бомба бар. Тіпті, қазіргі жерастындағы қауіпті темірді алыстан сезетін аппараттардың өзі әлі жарылмай тереңде жатқан оқ-дәрі, снаряд-бомбаларды табуға дәрменсіз көрінеді. Оны да қойшы. Жарыла қалса, көп шығын әкеле қоймас. Бірақ жер бетінде түрлі жағдайларда «шашылып» қалған адамзаттың ақырына алып келетін атом бомбаларын қайда қоямыз? Міне, қызық!
АҚШ 11 ядролық бомбасын жоғалтып алғанын ресми мойындап отыр. Ал жалпы әлемде 50-ге тарта осындай атом бомбасы жоғалған. Нақты дерек: АҚШ әскерилері Аляскадан Техасқа әкеле жатқанда «жоғалтқан». Ядролық бомба алып ұшатын В-36 ұшағы көкте келе жатып, қозғалтқышы жұмыс істемей қалған соң, бортындағы бомбаны жерге тастай салған. Неге екенін қайдам, бомба жарылмай қалған. Бірақ іздеу салғанда табылмаған. Екінші бір оқиға, Гренландияда болған. Тағы да сол В-52 ұшағы мұзды жартасқа соғылып, қанатына байланған атом бомбасы мұз астына кеткен. Ал оны алудың еш мүмкіндігі болмаған. Бәлкім, солтүстіктегі мәңгілік мұз қабаты ерігенде болмаса? Ал ол қашан ериді? Ерімеуі де мүмкін. Демек, солтүстік мұзды мұхит астында қауіпті бомба әлі жатыр.
Мұндай «шашылып» жатқан бомбалардың көбін америкалық әскерилер «сынған жебе» дейді екен, өйткені қажет жағдайда біреулердің оны су астынан шығарып алуы да мүмкін. Бомбаның бірі 1956 жылы америкалық А-Е4 реактивті ұшағынан түсіп қалып, Жапония жағалауынан 80 мильдік қашықтықта мұхит түбіне батып кеткен.
Тағы бір ұқсас оқиға 1961 жылы болды. Сынақ кезінде В-52 ұшағы 24 мегатоннаға тең ядролық заряды бар бомбаны Солтүстік Каролинаның суына тастаған. Дәлірек айтқанда, кезінде ауылшаруашылық алқабы болған, бірақ кейін су басып қалған жерге тастапты. Бұл бомба сол уақыттан бері әлі су астында жатыр екен.
Біздің айтарымыз - жұртты қорқыту емес. Тек адамзаттың жер астында болсын, су астында болсын, түрлі мәдени, тарихи құндылықтарын ғана емес, осындай жойқын қаруларды да «қазына» ретінде сақтап отырғанын жеткізу.