Ішімдіктен аулақ жүру керек. Себебі ішімдіктің он түрлі зияны бар:
1) Ішімдік ішкен адам жындының деңгейіне түседі. Әркімге күлкі болып, елге масқара болады.
2) Кісінің мал-дүниесін босқа құртады. Ақылын жояды.
3) Оны мен туыстары арасында және достарының арасында дұшпандық тудырады.
4) Алланы еске алуға, намаз оқуға кедергісін жасайды.
5) Отбасының бұзылуына әкеп соғады.
6) Ішімдік – барлық күнәнің кілті. Ішімдік ішкен адамға күнә жасау оңай.
7) Періштені қашырады.
8) Ішімдік ішкен адам өз-өзіне сексен дүре соғылуын міндеттеп қояды. Егер бұл дүниеде сексен дүре жазасы берілмеген болса, о дүниеде ата-анасы, достары және туыстарының алдында сексен дүре соғылады.
9) Көктің есіктері жабылады. Қырық күн бойы тілеген тілектері, жасаған ізгі істері көкке көтерілмейді.
10) Арақ ішіп отырған күйі өліп кетсе имансыз кетеді.
Әбу Ләйс әс-Самарқанди былай деген:
«Мынадай бір мәлімет бар:
- Егер пенде бір рет арақ ішсе, оның намазы, оразасы және басқа да амалдары қырық күн бойы қабыл болмайды. .
- Екінші рет ішсе, намазы, оразасы және т.б. амалдары сексен күн қабыл болмайды.
- Үшінші рет ішсе, намазы, оразасы және т.б. ізгі амалдары 120 күн қабыл болмайды.
- Төртінші рет ішсе, кәпір болады.
- Бесінші рет ішсе, тозақтағылардың сығындысын ішуге лайық болады (яғни, тозақтық болады)».
Бір риуаятта былай делінген:
«Күнәлар мен қателіктердің бәрі бір үйге жиналған болса, ол үйдің құлпын ашатын кілт – ішімдік болмақ»[1].
Әзіреті Осман айтады:
«Ішімдіктен ұзақ тұрыңдар. Сөзсіз ол – барлық жамандықтың анасы. Аллаға ант етейін, бір кісінің жүрегінде иман мен ішімдік бірге тұрмайды. Бірі кірсе, екіншісі шығып кетуге дайын тұрады».
Хадисте былай делінген:
«Алла тағала арақ-шарапқа қатысты он кісіні лағынеттеді. (Олар): арақты өндіруші, өндіруге тапсырыс беруші, ішуші, араққа тапсырыс беруші, тасушы, құюшы, сатушы, одан түскен пайданы көруші, оны сатып алушы және араққа жұмсаушы», – деген.
[1] Тәнбиһуль Ғофилин.