Иман күшті оларда...
Иман күшті оларда...
9 жыл бұрын 4617
Данияр Сүлейменов

Мен жастарға сенемін...

Қаймана қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған арыстар толқыны, бір кездері мына көсіліп жатқан ұлы даланы дүр сілкіндірген болатын. Ақтамберді, Бұқар, Абайдай бабаларымыздың үндеуіне үндеу қосқан, көкіректері тебіреніске толы толқын еді олар. Олар – бейне бір қараңғылықты жарып шыққан таң шапағындай, қалың ұйқыға кеткен талайларды таң нұрымен сүйіншілеп, көңілдерге қуаныш, жүректерге жұбаныш сыйлады. Рухани құндылықтарымызды алға тартып, қазақ жастарын, келер ұрпақты ғылым – білімге, отан сүйгіштікке, дін үйренуге, тілді таза қалпында  сақтауға шақырумен болды. Олар - қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болуды армандады. Бейқамсыз жатқан қазақтың санасын оятуды мақсат тұтты. Сөйтті де, «Оян қазақ» деп атой салды, маса болып ызыңдап, «Арыстандай ақырған жастарым қайдасыңдар» деп, жер жаһанды жаңғыртып айғайға басты. Сағынайдың асында бәйгеге түсіп, дара шапқан Құлагер сынды  топ жарды. Алайда, тасада тұрып тас атып, Құлагерді құзға құлатқан тобыр бұл жолы да мүлт кетпеді. Халқым деген Қапездердің талайын  ит жеккенге айдатып, халық жауы атандырды. Түрмеге жапты. Сонда да олар алған бетінен танбады. Қайтпас қайсарлықтың нағыз үлгісін көрсете білді. Аюдың тырнағына іліне тұрып, шыбын жанын арашалап қалу үшін емес, халқымның болашақ тағдыры деп бұлқынды. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» демеуші ме еді қазекем. Сол кешегі Құдайдан безгендердің қақ ортасында жүріп, жұртты тегіс имандылыққа шақыру, тіл мәселесін толғап, ұлттық рух деп ұрандау, арыстың арысының ғана қолынан келетін іс ағайын. Тағдыр тауқыметін көріп қанша қиналса да, олар, келешектің баяндылығына деген үміт сәулелерін өшірмеген еді. Келер ұрпақтың әлі – ақ биіктерге қанат сермеп,  көк байрағымызды желбіретіп, Алаш атын аспандатарына сенді.  Осындай  сеніммен, үміттің негізінде  Міржақып Дулатұлы:  «Оян қазақ» деп,  қазақияны тегіс оятқысы келсе, Мағжан ақын: «Мен жастарға сенемін» деу арқылы, қазақ жастарының көкірегіне рух құюды көкседі. Мағжанның  «Мен жастарға сенемін» атты шығармасына ой жүгіртер болсаңыз, ақын танымының тереңдігі мен даналығына, алысты көздей білетін айрықша қабілетіне куә боласыз. Ақынның бұл өлеңінде бар үміт жастарға негізделіп отыр. Ақын өлеңінің астарында: «Біз шама – шарқымызға қарай қолдан келер істі атқардық, ендігі бар үміт, келер кезек өздеріңде қазақ жастары» деген өсиет жатқандай. Расында да, қоғамның негізгі қозғаушы күші, алға жетелер болашағы жастар. Әлемнің екінші ұстазы, атақты ойшыл Әл - Фараби:   «Маған жастарыңды көрсетіңдер, бұл елдің болашағы бар ма, жоқ  па, айтып берейін» деген екен.

Ендігі білгіміз келгені, «Күн сөнбесе сөнбейміз» деп, Алаш атын аспанға шығарар Мағжан шығармашылығындағы жастардың сипаттары қандай? Олар кімдер?

Бұл мәселенің түп төркінін  ақын өлеңінен қарастырып көрелік.

Ақын, ел болашағы деп таныған жастарды  былайша сипаттайды:

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты .

Қырандай күштi қанатты.

Мен жастарға сенемін!

Көздерінде от ойнар,

Сөздерінде жалын бар.

Жаннан қымбат оларға - ар,

Мен жастарға сенемін!

Өлеңнің жалғасында, ақын өзі сипаттаған жастар өмірінің ұлы мақсаттарға негізделгенін, көкірекке орныққан асқақ арман оларды әрдайым биік шыңдарға жетелейтіндігін тілге тиек етеді.

Жас қырандар  балапан,

Жайып қанат ұмтылған.

Көздегенi көк аспан,

Мен жастарға сенемiн!

Өлеңнің ары қарай жалғасында ақын:

Жұмсақ мiнез жiбектер,

Сүттей таза жүректер.

Қасиетті тілектер,

Мен жастарға сенемін! - дейді.

Ақынның :«Жұмсақ мінез жібектер» дегені, мұндай жастардың тәрбие көргендігін білдіреді. Олай дейтініміз, жақсы мінез-құлықтың қалыптасуы дұрыс тәрбиеден бастау алады. «Сүттей таза жүректер» деген сөзінен олардың күнәдан бойларын барынша алшақ ұстап, тек қана ізгілік жолында малдарын да жандарын да пида ететіндіктерін аңғарамыз. Өйткені жүрек тазалығы күнәдән сақтанумен салиқалы амал жасау арқылы  жүзеге асады. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігімен сәлемі болсын):  «Адам қандай да бір күнә жасаса жүрегінде қара дақ пайда болады» деп, жүректердің күнә жасау арқылы қараятындығын үмбетіне ескерткен. Тағы бір хадисінде: «Шын мәнінде,  Алла Тағала сендердің  сыртқы дене бітімдеріңе, не түр-тұрпаттарыңа емес, жүректерің мен амалдарыңа қарайды» деу арқылы жүрек тазалығының маңыздылығын ұғындырып, Алланың назар салатын орыны да оның жүрегі екендігін айтқан. Ал ақынның «Қасиетті тілектер» деген сөзін қабыл болған тілектер деп түсінсек жаңылыспаған болармыз. Себебі  шынайы, таза жүректен шығып, Алланың құзырында қабыл болған дұға-тілекті қасиетті деу әбден орынды.

Тау суындай гүрiлдер,

Айбынды алаш елiм дер.

Алтын арқа жерім дер,

Мен жастарға сенемін!

Ақынның жастарды тау суына теңеуі де тегін емес. Өйткені, тау суы үнемі бірқалыптылығынан  танбайды. Және де, кесе көлденең кезіккен әрбір кедергіні арындаған екпінімен жуып шайып өтеді. Яғни, ақын көңіліндегі жастар да, алға қойған ұлы мақсаттарға жету жолында табандылық танытып, бірқалыпты күйді ұстанып, мақсат мұраттарынан ешқашан таймақ емес. Ал кейде әлсіздік танытып, тайып кеткеннің өзінде, немесе қандай да бір күнәға бой алдырып қойған күнде де, қайта қалпына келулері өте оңай. Өйткені олардың көкірегінде Құранның мына аяттары әрдайым жаңғырып тұрады: «Раббымыз - Алла» - деп, одан соң тура жол ұстағандарға, ешқандай қауіп қатер, уайым-қайғы жоқ. Бұлар жәннәттықтар, олар істеген жақсылықтарының сыйы ретінде жәннәтта мәңгі тұрады» ("Ахқаф" сүресі, 13-14 аяттар). «Тақуалар бір жамандық істесе (күнәлі болса) және өздеріне өздері кесір жасаса, дереу Алланы жадына алып, күнәларына бола кешірім сұрайды. Күнәні Алладан басқа кім кешіре алады? Олар біле тұра күнәлі істе қасарыспайды. Міне, осындай істердің сыйлығы – Раббыларынан кешірім және іргесінен бұлақ аққан Жұмақ. Олар Жұмақта мәңгі тұрады. Жақсылық істеушілердің алатын сыйлығы неткен жақсы десеңізші» (Әл – Ғимран сүресі, 135-136 аяттар). Осы орайда Алла елшісінің(Алланың оған игілігімен сәлемі болсын) мына сөзі  ойға орала кетеді: «Адам баласы қателесуші, алайда (сол қателесушілердің ішіндегі) ең абзалы (жасаған қателіктерін мойындап) Аллаға тәубе еткендері».  «Отанды сүю иманнан» демекші, келесі жолдардан олардың елім, жерім, отаным деп өзектері өртеніп, уайым  шегетіндіктерін көреміз.

Ал енді, жоғарыда айтылған өлеңдегі жастар бойындағы арыстандай айбаттылық, жолбарыстай қайраттылық, қырандай күшті қанаттылық, көздегі от, сөздегі жалын, ар-ұятқа деген сақтық, қиял ұшқырлығымен ұлы мақсаттарға қарай ұмтылыс, жібектей болған көркем мінезділік, отанға деген сүйіспеншілік, күнәдан бойын алшақ ұстау арқылы жүрек тазалығына мән беру, қажымас қайрат, талмас талпыныс сынды қасиеттер жиынтығының бастауы мен қайнар көзі, негізгі қозғаушы күші не деп ойлайсыз?

Ақын бұл сұраққа былай деп жауап береді:

Қажу бар ма тұлпарға,

Талу бар ма сұңқарға.

Иман күштi оларда,

Алаш айбынды ұраны,

Қасиетті Құраны,

Алаштың олар құрбаны,

Мен жастарға сенемін!

Мен сенемін жастарға!

Алаш атын аспанға,

Шығарар олар бір таңда.

Мен жастарға сенемін!

Ақын өлеңін зерделеп оқып отырғаныңда көз алдыңа иман аясында тірбиеленіп, дінім, ділім, тілім дейтін, жүзі құбыладағы, маңдайы сәждедегі, аузында Алласы бар, шариғат принциптерін берік ұстана отырып, бүгінгі күннің талабына сай өмір сүретін,  адам бейнесі келеді.

Мағжан ақынның ел қамын жеген Едіге сынды адуынды жастарды сипаттай келе, олардың иманға деген беріктігімен, Құранға деген құлшынысын басты назарға алуының астарында пайғамбар тәлімімен дін Исламның қайнары жатқандығы белгілі. Адам баласы қаншалықты Құран мен пайғамбар тәліміне бет бұрып, имандылық жолына қадам басса, соншалықты ізгілікпен туралықтың, руханияттың ләззәтына қауышады. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігімен сәлемі болсын) қоштасу қажылығында барша үмбетіне: «Өзімнен кейін сендерге екі нәрсені қалдырып барамын. Ол екеуін мықтап ұстанар болсаңдар ешқашан адаспайсыңдар. Ол айтқандарым: «Құран және менің сүннетім ( яғни жолымдеген өсиетін айтқан еді.

                                                 

Қорытынды

«Қалың елім қазағым, қайран жұртым» - деп, қазағымның  бүгіні мен болашағын ойлап, руханиятының рауандап атар таңы үшін қайғы құшып, сол жолда малы мен жанын пида еткен асыл азаматтарымыз, биік тұлғаларымыз аз болмаған. Сол асыл азаматтарымыздан қалған мұра, олардың қағаз бетіне қалдырған жанайқайы бүгінде қолымызда тұр. Енді тек рухани мұралардың тереңіне бойлап, түбіндегі маржанын тере білу.  Бабадан қалған өсиет насихаттан нәр алып, ғибратынан ғибратләніп, өмір тіршілігіміздің тынысы ете білсек, өзіміздің де, келер ұрпақтың да рухани таным кеңістігінің ұлғая түсуіне үлес қосарымыз  сөзсіз. Бүгінде бізге тиесілі болған нәрсе бардың қадірін біліп, білгенімізге амал ету. Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болу, болмасақта ұқсап бағу. Осылайша Мағжан сынды бабаларымыздың үмітін ақтап, келер ұрпақтың жарқын болашаққа деген сенімін ұлғайту. Оған апарар тура жолды нұсқау.

1 пікір