Ең атақты өнертапқыш кім?
Ең атақты өнертапқыш кім?
10 жыл бұрын 19726 aikyn.kz
Шалқар Естен

Адамзат игілігіне жарар жаңалық ашып, есімін тарихқа қашап жаздырған тапқырлар жайлы сөз қозғап көрсек. Онда да ғұламалардың арасынан ең атақтыларын іріктеп, әртүрлі дерек көздерін пайдалана отырып, олардың қоғамға сіңірген еңбегін електен өткізе әңгіме өрбітсек. «Ең атақты өнертапқыш кім?» деген сұрақ төтеден қойылса, оған жауап табу қиынның қиыны. Дегенмен үздіктер тізімін түзіп, бәсеке тудырғанды ұнататындар жауапкершілігі мол тәуекелге барып жатады екен.

Көптеген сарапшылар ең атақты өнертапқыш ретінде ежелгі грек ғалымы Архимедті атайды. Расымен де, біздің дәуірімізге дейінгі 200-жылдары ғұмыр кешкен бұл ойшылдың адамзат игілігіне қосқан үлесі өлшеусіз. Бүгінгі таңда әлем елдеріндегі барлық мектептер мен өзге де оқу орындарындағы шәкірттер Архимедтің еңбегіне сүйеніп, математика амалдарын үйренеді. Оның бұл саладан бөлек бірнеше пайдалы машиналарды ойлап тапқанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Мәселен, Архимед жау шебін бұзатын соғыс құралын өмірге әкелген. Біздің дәуірімізге дейінгі 212 жылы римдіктер Сиракуз қаласын қоршауға алған кезде осы қару қолданылған екен. Бұрын-соңды мұндай күшті қаруды көрмеген римдіктер қаланы шабуылдап ала алмайтындарын түсініп, оны тек сырттай торуылдауға көшеді. Осы кезде қорғаныстағы Сиракуз қаласының әскері Архимедтің бұйрығымен айнаны және жылтыраған қалқандарды Күн сәулесіне шағылыстырып, Рим жасағының біраз бөлігін отқа ораған көрінеді. Бірақ кейінірек қала ішіндегілердің арасынан сатқындар шығып, римдіктер оны жаулап алады және өздеріне көресіні көрсеткен ұлы ойшылды өлім жазасына кеседі.

Архимедтің бұлардан басқа да көптеген жаңалықтары бүгінде кең қолданыста. Бұдан екі мыңнан астам жыл бұрын ғылымның дамуына тың үдеріс әкелген ғалымды рейтингтің алғашқы сатысына қойғанымыз әділетті болар.

Архимедтен кейінгі орынға көтерілген оқымыстылардың есімдері қалың көпшілікке таныс болмаулары мүмкін. Алайда олар ашқан жаңалықтың арқасында біздің өміріміз үлкен өзгеріске ұшырап, тұрмысымыз жеңілдей түсті. Сондай ғалымдардың бірі - Никола Тесла. 1856 жыл Австрия империясының аумағында дүниеге келген серб ғалымы физика ғылымының қарқынды дамуына сүбелі үлес қосты. Никола Тесла коммерциялық электроэнергияның атасы саналады. Өмірінің біраз бөлігін Францияда, кейіннен АҚШ-та өткізген ол электротехника мен радиотехника, магнетизм саласында табысты еңбек етті. Тесланың патенттері мен теоретикалық жұмыстары айнымалы токта қызмет ететін қазіргі заманғы құралдардың және өндірістік революцияның екінші кезеңін жүзеге асырған көпфазалы жүйелер мен электроқозғалтқыштың іргетасын қалады. Сондай-ақ магниттік ағынның тығыздығын өлшейтін бірлік те Никола Тесланың есімімен байланыстырылады. Замандастары оны «ХХ ғасырды ойлап тапқан адам» деп құрметтеген екен. Бір сөзбен айтқанда, Тесла қазіргі заманғы электротехникаға сара жол салды, оның жаңалықтары инновациялық маңызға ие болды. Бар ғұмырын ғылымға сарп еткен Тесла 111 патенттің иесі болып табылады.

Никола Теслаға қарағанда америкалық өнертапқыш Томас Эдисонның атақ-даңқы көпке мәлім. 1847-1931 жылдар аралығында өмір сүрген ғалым мыңнан астам патенттің иегері екен. Бірінші кезекте ол телеграф, телефон, киноаппаратураны жетілдірді және электр шамының коммерциялық нұсқаларының бірін ойлап тапты. Томас Эдисон телефон тұтқасын көтерген сәтте айтылатын алғашқы сөз ретінде - «аллоны» ұсынды. Кейінірек жұрттың бәрі телефонмен тілдесуді осы сөзбен бастайтын болды. Тәулігіне 16-19 сағатқа дейін тапжылмай жұмыс істейтін маман жаңалықтарының денін коммерциялық табыс көзі ретінде ашқанын мойындапты. Оған таңғалуға да болмайды, өйткені Эдисон өнертапқыштан бұрын қарапайым кәсіпкер-тін.

Телефонның атасы саналатын Александр Грэм Белл де тізімнің алдыңғы қатарынан орын алады. 1847 жылы Шотландияда дүниеге келіп, өмірінің басым бөлігін Канадада өткізген ол телекоммуникация саласына үлкен жаңалық әкелді. Грэм Белл те­лефонды құлағы нашар еститін адамдармен жұмыс істеу барысында ойлап тапқан екен. Кейінірек ол құлағының мүкісі барларға арнап аудиометрді өмірге әкелді. Өзі іргесін қалаған телефон компаниясынан түскен мол қаржыны ғалым Вольт атындағы инс­титуттың есеп-шотына аударып, телефония мен фонографтың және электрлік байланыстың дамуына септігін тигізді. Белсенді маман 1888 жылы «National Geographic» қорын құрып жаңа көкжиектен көрінді.

1846 жылы өмірге келген америкалық инженер әрі кәсіпкер Джордж Вестингауз 361 патенттің иесі екен. Оның ең айтулы жаңалықтары теміржолдың жылжымалы құрамдарының тежегіш жүйесіне көп пайдасын тигізді. 1869 жылы Вестингауз будың көмегімен іске қосылатын тежегішті құрастырып шығарды. Іле-шала ол ең алғашқы ауа қысымымен жұмыс істейтін теміржол тежегішін ойлап тапты. Ал 1872 жылы Вестингауз тежегішті автоматты түрде басқарудың әдісін қолданысқа енгізді және сол жылы тежегіштерді өндіретін компания ашты. Көп ұзамай америкалық ғалым қолданысқа енгізген тежегіштер АҚШ-тың, Батыс Еуропа мен Ресейдің теміржолдарында кәдеге асты. ХХ ғасырдың екінші жартысынан бергі уақытта Вестингауздың тежегіштері коммерциялық автокөліктерде пайдаланыла бастады. Ол сонымен қатар трамвайда қолданылатын электроқозғалтқыш түрін, тез әрі қауіпсіз тоқтауға мүмкіндік беретін метропойыздың электроприводтық тежегішін, автокөліктің амортизаторын ойлап тапты. Вестингауз табиғи газды алыс қашықтыққа қауіпсіз тасымалдаудың жаңа әдісін өмірге әкелді, электрикалық трансформаторды жетілдірді. 1910 жылы ол Америкалық инженер-механиктер қоғамының президенті болып тағайындалды.

Келесі кезекте аты аталатын ғалым Джером Хал Лемелсон. 605 патентті иеленген бұл оқымысты автоматты қоймалардың, өндірістік роботтардың, сымсыз телефонның, факсимильді аппараттың, бейнекамераның және магнитті ленталы кассетаның пай­да болуына үлесін қосқан адам. Джером Хал Лемелсон медицина саласында да табысты еңбек етіп, қатерлі ісікті анықтау мен оны емдеудің жолын тапқан.

Ежелгі грек математигі әрі механигі Герон да үздіктер тізімінен орын алуға әбден лайық. Ұлы инженер деген құрметке ие болған ол автоматты есікті, қуыршақтардың автоматты театрын, сату автоматтарын, өздігімен оқталатын садақты, бу тұрбасын, автоматты декорацияны, жол қашықтығын өлшейтін құралды (ежелгі замандағы таксометр) т.б алғаш ойлап тапқан. Герон геометрия, механика, гидростатика, оптика саласына да көптеген жаңалық енгізді. Оның «Метрика», «Пневматика», «Автомато­поэтика», «Механика», «Катоптрика» сынды бағалы шығармалары араб және латын аудармаларында сақталған екен.

Қоғам қайраткері, жазушы, журналист, ғалым Бенджамин Франклин де үздік өнертапқыштар қатарынан ойып орын алады. 1706-1790 жылдар аралығында өмір сүрген оның ең айтулы жаңалығы - найзағайды қуатын жоба. Франклиннің арқасында адамдар өмірі біршама қауіпсіз бола бастады. Ол сондай-ақ электр қозғалтқышын және электростатикалық күштердің көмегімен айналатын «электр доңғалақтың» нұсқасын ортаға салды. Франклин ең алғаш рет оқ-дәріні (порох) жару үшін ұшқынды пайдаланды, кейінірек тербелмелі орындықтың патентін де бірінші болып иеленді. Бұл ғалымның әлемдік ғылымға қосқан өзге де жаңалықтары жетерлік.

Италияның атақты суретшісі Леонардо да Винчи тек бейнелеу өнері емес, ғылым саласында да жемісті еңбек етіпті. Бірақ ерте заманда мүмкіндік шектеулі болғандықтан ол көптеген идеяларын іс жүзінде жүзеге асыра алмаған екен. Дегенмен атақты суретші планер, танк, сүңгуір қайықтардың көп ұзамай пайда болатынын дәл болжапты. Есесіне Леонардо да Винчи ка­тапультаны, роботты, прожектор мен парашютті ойлап тапқан екен.

1 пікір
  • Негізі ғылымның негізін мұсылман ғалымдар салып кеткен болатын. Оны іліп әкеткен кейінгі ғалымдардың еңбектері адамзаттың игілігіне жарап жатыр. Мұның бәрі Алланың қалауымен!
    10 жыл бұрын