"Болашақта тозақтың есігіне шақырушы қауым пайда болады..."
"Болашақта тозақтың есігіне шақырушы қауым пайда болады..."
2 ай бұрын 3841
Абдусамат Қасым

Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) болашақтан хабар бере отырып, болатысы ағат жағдайлардан хабардар етіп отырған. Ондағы мақсат мұсылмандарды сақтандыру, ондай ағат тірліктерге түспей, алдын алып қамдануға шақыру болса керек.  Сондай хадистердің бірінде Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мұсылмандарды тозаққа шақырушы топтың пайда боларын ескертіп кеткен. Және ең қызығы ол топтың ұлты араб және арабша сөйлейтін қауым болатындығын айтқан. Біз Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бұл сөзінен ондайлар тек араб ұлтынан ғана шығады дегенді түсінбейміз, ондай топ кез-келген мұсылман елдерінің арасынан шығары сөзсіз, олар жергілікті ұлттан болады және жергілікті тілде сөйлейтін болады, халықты діннен аздырып, тозаққа жетелейтін істерге шақыратын болады. Хадис төмендегідей:

Сахаба Хузайфа ибн Йәмәмә былай деп әңгімелейді:

أَبُو إِدْرِيسَ الْخَوْلاَنِيُّ، أَنَّهُ سَمِعَ حُذَيْفَةَ بْنَ الْيَمَانِ، يَقُولُ قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ـ صلى الله عليه وسلم ـ ‏"‏ يَكُونُ دُعَاةٌ عَلَى أَبْوَابِ جَهَنَّمَ مَنْ أَجَابَهُمْ إِلَيْهَا قَذَفُوهُ فِيهَا ‏"‏ ‏.‏ قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ صِفْهُمْ لَنَا قَالَ ‏"‏ هُمْ قَوْمٌ مِنْ جِلْدَتِنَا يَتَكَلَّمُونَ بِأَلْسِنَتِنَا ‏"‏ ‏.‏ قُلْتُ فَمَا تَأْمُرُنِي إِنْ أَدْرَكَنِي ذَلِكَ قَالَ ‏"‏ فَالْزَمْ جَمَاعَةَ الْمُسْلِمِينَ وَإِمَامَهُمْ فَإِنْ لَمْ يَكُنْ لَهُمْ جَمَاعَةٌ وَلاَ إِمَامٌ فَاعْتَزِلْ تِلْكَ الْفِرَقَ كُلَّهَا وَلَوْ أَنْ تَعَضَّ بِأَصْلِ شَجَرَةٍ حَتَّى يُدْرِكَكَ الْمَوْتُ وَأَنْتَ كَذَلِكَ ‏"‏ ‏.‏

«Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Тозақтың есіктеріне шақырушылар болады. Кім олардың онысына құлақ асса (айтқандарымен жүрсе), олар оны тозақ есігіне лақтырады» деді. Мен: «Уа, Алланың елшісі! Бізге оларды сипаттап берші!» - дедім. Сонда Алла елшісі (с.а.у.): «Олар – біздің теріден болады және біздің тілде сөйлейді» - деді. Мен: «Егер мен сол заманға тап болсам, маған не істерімді бұйырар едіңіз?» - дедім. Ол (с.а.у.): «Мұсылман жамағаттан (мүмін-мұсылман қауымнан) және олардың имамдарынан (көшбасшыларынан) айырылма. Ал егер ондай жамағат болмаса және ондай (мүмін, ізгі) имам (көшбасшы) табылмаса, аталмыш топтардың (тозаққа шақырушы топтардың) бәрінен алшақ кет, тіпті өлім келгенше ағаштың тамырынан тістеп жармасып алсаң да (оларға жолама!)» деді» - дейді ардақты сахаба радияллаһу анһ! 

(Ибн Мәжә: «Сүнән»; Имам Бұхари: «Сахих Бұхари»).

Жоғарыдағы хадисте Мұхаммед пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) "тозаққа шақыратын қауым пайда болады" деп отыр, ал оларды қалай тануға болады, деген сахабаға: "біздің теріден болады және біздің тілде сөйлейді" деп сипаттап берді. "Біздің теріден" дегені ұлты араб және тілі арабша болады дегенді ұғындырады, яғни, араб қоғамынан кейбір араб ұлтты топтар шығып, адамдарды діннен алыстатар тозақтық істерге шақыратындықтарынан хабар беріп отыр. Сондай-ақ, бұл сөз "мұсылман көрініп, мұсылманша сөйлеп, алайда дінді бұрмалаушылар шығады" дегенді де ұқтырады. Кім оларға құлақ асса, ол да адасып, ақыры тозаққа кетеді екен. 

Расында да араб қоғамында түрлі идеология өкілдері мен азғындықты насихаттайтын топтардың кездесетіндігі анық. Бұрын Исламның ошағы болып келген араб елдері, бүгінде көбінде мұсылмандықтың тек аты ғана қалғандығы жасырын емес, әрине, дініне берік, мұсылманшылық құндылықтарды ту ететін әулиелер мен діндар мұсылмандар және дін ғалымдары да аз емес, әйтсе де, соңғы екі ғасырда араб ұлты төл діндерінен алыстап бара жатқандығы ақиқат. Оған себеп, ең баста – әрбір жеке бастың нәпсісі (дүниеқоңыздық т.б.), екіншісі – араларынан шыққан арсыздыққа және діннен алыстатар идеологияларға шақыратын топтар екендігі анық.

Ол топтардың кейбірі өтіріктен ғылымды сылтау қылып «материалистік атеизмге» шақырса, кейбірі ұлтшылдықты сылтауратып мұсылман әлемін бөлінушілікке шақырды, тағы кейбірі «мәдениет», «дәстүр» дегенді желеулетіп Исламнан бұрынғы жәһилият дәуіріндегі әдет-ғұрыптарды жандандырумен әлек. Ал кейбір «заманауилікке ұмтылу керек» дегенді ұрандаушы топтар «дінді ортағасырлық» деп есептеп, арсыздық пен нәпсіқұмарлықты насихаттауда. 

Бұндай жағдай тек араб қоғамында ғана емес, бүкіл мұсылман әлемінде белең алған құбылыс екендігі мәлім. Мәселен, біздің елде де түрлі желеумен халқымызды төл дінімізден алыстатуды көздейтіндер бар. Мәселен, соңғы он жылда «бізге ата-баба дәстүрі жетеді», «бізге арабтың діні керек емес», "арабтанбайық" дегенді ұрандаушылар пайда болып жүр. Дініміз жергілікті халықтың дәстүрін, әдет-ғұрыптарын қолдайды, тіпті, кейбір мәселелерде жергілікті әдет-ғұрып пен салт-дәстүрге сүйене отырып үкім шығару әдісі бар дінімізде. (Тек дәстүрдің «тозығы» және «қырын» кеткендерді құптамайды, өйткені, дәстүрдің де тозығы болады, ырымның да қырын кеткені болады).

Алайда, өтірік дәстүрді желеулетіп, дінге қарсы қойғысы келетіндер "дін апиын, арабтар дін арқылы елді бұзғысы келеді" деген сөздер айтып, халықты діннен үркіткісі келеді. Ондайлардың негізгі мақсаты - дәстүрді жандандыру емес, халықты адастырып, діннен алыстату екендігі қырағы көзге белгілі. Ал негізінде олар, хадисте айтылғандай «тозақ есіктеріне» шақырушылар.  

Және де жоғарыдағы хадисте «біздің терімізден болғандар...» делінді. Бұл жердегі «теріміз» деген сөзінен – өтірік мұсылман болып көрініп, алайда, мақсаты дінімізді бұрмалап, бүлік салу және мұсылмандарды жік-жікке бөлу болған топтарды да меңзеп тұрған сияқты. Ондайлардың ішінде, дін дұшпандары тарапынан арнайы дайындалып, мұсылмандардың арасына тыңшы ретінде жіберілгендері де кездеседі. Сөйтіп, түрлі ұранмен, аса діндар, тақуа боп көрініп, елді өздерінің қатарына тартады, артынан құраниттер, ахмадиттер, сәләфиттер т.б. деген сияқты топтар пайда болып, елді адастырады, оның арты – бөлінушілікке, діннен жиренуге алып келеді. «Біздің тілде сөйлейді, бірақ тозаққа жетелейді» деді Алла елшісі (с.а.у.).

Ендеше, мұсылман қауым мұндай түрлі дінбұзарлар мен елбұзарлардың лаңынан қорғанудың бір жолы – Әһлу сунна уәл жамағат жолынан ауытқымау екен, яғни, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен сахабалардың жолына және олардың ізімен жүрген Имам Ағзам Әбу ханифа, Имам Шәфиғи, Имам Ахмед, Имам Мәтуриди, Имам Тахауи, Имам Ғазали сынды көпшілік сүннит ғұламалардың сызып, белгілеп кеткен жолына, бір сөзбен айтқанда хадисте айтылған «Сәуәдуль Ағзам» - қарағұрым көпшілік мұсылманның жолына берік болу екен.

Уа ахиру даъуанә әнильхамдулилләһи Раббиль аләмин!

 

0 пікір