«Бір-бірлеріңді сөкпеңдер!...»: Біреудің жер-жебіріне жету - Құранда харам етілген!
«Бір-бірлеріңді сөкпеңдер!...»: Біреудің жер-жебіріне жету - Құранда харам етілген!
2 жыл бұрын 4979
Абдусамат Қасым

Бүгінде қоғамда орын алып жататын харам істің бірі – өзгені сөгу. Қасиетті Құран Кәрімде:  

وَلَا تَلْمِزُوا أَنفُسَكُمْ

«Бір-бірлеріңді (немесе өз-өздеріңді) сөкпеңдер»!...» - деп бұйырады[1].

Аталмыш аяттың арабша нұсқасындағы «Ләмз» сөзінің тілдік мағынасы: «шаншу», «түйреу» деген мағыналарға саяды. Біреудің жер-жебіріне жетіп, жамандап сөгу де бейнебір үшкір затпен «түйрегендей» болғандықтан, аятта «ләмз» сөзі арнайы қолданылып отыр. Тіпті «сөз сүйектен өтеді» демекші, үшкір затпен түйреу еттен өтсе, сөз сүйектен өтеді, сондықтан да, сөзбен жарақаттау - пышақпен жарақаттағаннан ауыр, сөзбен түйреу - найза сұғудан ауыр.

Ендеше, Алла Тағала сөздің адам баласының жанын қаншалықты жаралайтындығын білгендіктен, өзгеге ауыр сөз айтып, оны сөгуді қатаң тыйып отыр. Аяттағы тыйым - «харам» үкімін білдіреді. Бұл дегеніміз, өзгенің жер-жебіріне жетіп, балағаттап, оған ауыр сөздер сөйлеу – «ауыр күнә» деген сөз.

«Сөз сүйектен өтеді» дегенді ертеректе өмір сүрген хадисші ғалым Суфяну әс-Сәури (рахимаһаллаһ) былай деп әдемі түсіндірген: 

«Әлдекімге тіл тигізгеннен, садақпен атқаным артық. Өйткені тіл тура тиеді. Ал садақтың оғы тимей қалуы мүмкін»[2].

Өкінішке орай, қазіргі таңда әлеуметтік желілерде адамдардың біреулерді тілдеп, оның жер-жебіріне жетіп, әлдекімдерге агрессивті пікірлер жазып жататындықтарын көп кездестіруге болады. Соның нәтижесінде, елдің сөзін көтере алмай өз-өзіне қол жұмсағандар болды. Ауырып, төсек тартып қалғандары да кездесті. Ал төл дініміз Ислам дінінде бұлай біреуді сөгу - өте ауыр күнәлардың бірі болып есептеледі. Жаратушы Иеміз Құран Кәрімде: «Бір-бірлеріңді (немесе өз-өздеріңді) сөкпеңдер!» деу арқылы, мұның қаншалықты зиян екендігін ұқтырып тұрса керек.

Осы аяттың тағы бір назар аудартатын тұсы - «өз-өздеріңді...» деген жері. Біз аятты «бір-бірлеріңді...» деп аударсақ та, аяттың түп нұсқасында «әнфусәкум» (أَنفُسَكُمْ) деген сөз қолданылған. Бұның тіке аудармасы «өз-өздеріңді» дегенге саяды. Яғни, аяттың айтпағы: сендердің өзгені тілдеп, оған ауыр сөздер айтқандарың, шынмәнісінде «өз-өздеріңе» айтқандарың. Мұсылмандар бір дене іспетті. Қоғам – бір тұтас.   

Және де қазіргі таңда жиі кездесетін ағаттықтықтың бірі – діндар мұсылмандарды кемісітіп, қала берді түр-сипаттарына тиісіп, мұсылман қыздардың киген шариғат шәлілерін мінеп, қаралап жататындар көбейді. Біле білсек, бұл да ауыр күнә. Өйткені, бұл да өзгені жазықсыздан-жазықсыз қаралап, оған жапа шектіру болып саналады. «Кісі ақысы» деген бар. Кісі ақысы деген, тек «алашақты» білдірмейді, кісі ақысына – оның ар-намысына тиіп, оны жазықсыз кінәраттау да жатады. Бұған қатысты Құран Кәрімде былай дейді:

وَالَّذِينَ يُؤْذُونَ الْمُؤْمِنِينَ وَالْمُؤْمِنَاتِ بِغَيْرِ مَا اكْتَسَبُوا فَقَدِ احْتَمَلُوا بُهْتَانًا وَإِثْمًا مُّبِينًا 

«Сондай мүмін ерлер мен мүмін әйелдерді жазықсыз түрде кейіткендер, шынында олар ашық жала мен анық күнәні (өздеріне) жүктеп алды»[3] - делінеді.

Осы орайда тағы айтқым келгені, қазіргі таңда адамдар өзгенің қатесін теріп отыруды өздеріне өнер деп алғандай сынайлы. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, орнымен сын айтқан да маңызды. Алайда, бүгінде көп адам сын айтамын деп, мін айтып кететіндігі жасырын емес. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «мұсылман адам міншіл емес» дей келе, біреудің қателігін тергіштеп, мінеп отырудан тыйған:

«Аллаға иман еткен кісі міншіл емес, қарғап-сілеуші емес, жаман жүрісті емес, былапыт, балағат сөзді(بَذِىءٌ) емес»[4] - дейді Ол (с.а.у.) асыл сөзінің бірінде.

«Міншіл болу өнер емес, міншіл болмау өнер. Қате табу қабілет емес, қателікті жасыра білу қабілеттілік» дейді Руми[5]. Әрине бір мұсылманның қате тұсын орайын келтіріп өзіне айтып ескертуі дін тәлімі. Хадисте «мұсылман - мұсылманның айнасы» делінген. Сол себепті, міншіл, аса сыншыл немесе қате тапқыш болу өнер емес екен, оны әркім жасай алады, бірақ өзге мұсылманға айна бола білу, міне сол - қасиет.

Қорыта айтқанда, біреуді кінәраттап, айыбын бетіне басып, оған ауыр сөздер айтып сөгу – төл дінімізде ауыр күнә қатарынан саналады. Сахаба Суфян ибн Абдулла (р.а.) Пайғамбардан (с.а.у.) қорқылуы керек ең қорқынышты нәрсе жайында сұрағанда, Алла елшісі (с.а.у.) тілін ұстап: «Мынау!» - деп жауап берген еді[6]. Тағы бірде, бір кісі Алла елшісінен (с.а.у.) адамдарды тозақ отына ең көп кіргізетін іс жайында сұрады. Сонда Алла елшісі: «Ауыз бен әурет» - деп жауап берді[7]. Сондықтан да, тілге абай болуға міндеттісіз. Өйткені, сіздің бір ауыз ауыр сөзіңіз – өзгенің жанын жаралаумен қоса, өзіңіздің тозақта жануыңыздың бірден-бір себебі екен.

Алла Тағала баршамызға тауфиқ, һидаят бергей!


[1] Құран Кәрім: «Хужурат» сүресі, 11 аят.
[2] Әбу ләйс әс-Самарқанди: «Тәнбиһуль Ғофилин».
[3] Құран Кәрім: «Хужурат» сүресі, 58 аят.
[4] Тирмизи, «Китабуль бир», №1977 хадис.
[5] Бұған қатысты Мәуләнә Руми: "Біреуге қате табу үшін қарама сен,
Табу үшін қарасаң, табасың. 
Қателікті жасыруды өнер деп біл, 
Сол кезде қатесіз боласың".

[6] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім»; Имам Тирмизи: «Сүнән».
[7] Имам Тирмизи: «Сүнән». Сахих. Ғариб. Әл-Хәким сахих деп баға берген.

0 пікір