Асылдың сынықтары қайда?
Асылдың сынықтары қайда?
10 жыл бұрын 5016
Нұргүл Әміржанқызы

Ислам өз қанатын жайғанға дейін ғапылдық пен надандықтан көз ашпаған адамдар дүниеге қыз келсе, тегімізге ұят әкеледі деп оларды тірідей көметін. Ал Исламның келуімен қоғамда үлкен өзгерістер орын алды. «Қыздар – мейірімді, игі жандар. Бір қызы бар адамды Аллаһ тағала тозақ отынан сақтайды. Екі қызы бар адам, солардың себебімен жаннатқа кіреді. Ал үш қызы бар немесе қыздары секілді кіші қарындастары бар адам оларға қамқоршы болса, мойнынан жиһад пен садақаның жауапкершілігі түседі» деген хадистер арқылы қыз балаға деген көзқарас түзеліп, олар ер адамдармен қатар мұрагер құқығын иеленді. Қазақ елінің көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев та: «Әйел – бесік иесі. Демек, әйелдің жайы түзелмей, бесігіміз түзелмейді, бесігіміз түзелмей, еліміз толық түзелмейді», –  деп, бұл мәселеге айтарлықтай алаңдаушылық танытуда. Демек, ұлттың адаспай, ұлт болып қалуы, қоғамның, еліміздің өркендеуі әйелге, болашақта ана болар қыздардың қалай тәрбиеленетініне байланысты. 

Қызды қымтам ұстағанның ұялмайтынын айтқан халқымыз қызын қырық үйден тыя отырып, алақанына салып әлпештеп өсірген. Жат жұрттық жанды жас күнінен отбасының сенімді серігі, қара қазанның иесі, үйдің ұйытқысы ретінде ұзатқанға дейін  тәрбиелеген. Ұлы Абайдың Абай болуында Ұлжан сынды, Зере сынды аналарымыздың әдебі мен ұятының жемісі жатқанын жоққа шығаруға болмас.

«Қызым үйде, қылығы түзде» демекші, қыз баланың жүріс-тұрысы мен киім киісі – ата-ананың берген тәрбиесінің негізі бөлігі. Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні кейбір ата-ана баласымен араласуға да уақыты таппайды. Осыдан барып бала әке-шешесінен суып, арадағы сыйластығын жоғалтады. Кейіннен кезінде өзі қарамаған бала-шағасы  оны асырамай, қарттар үйіне тапсырады. Өзімізге өзіміз ор қазып жатқанымызды кеш түсінгенімізден не пайда? Өзіміз осындай ұрпақ тәрбиелегенімізге кім кінәлі? Материалдық байлықтың құны бес тиын болғанын түсінбеген біз кінәліміз бе, әлде қоғам ба?!   

Шынын айту керек, мейірім көрмеген бала бүгінгі күні өз ата-анасын әлеуметтік желіден тапты. Желідегі жалаңаш суреттер көзіне үйреншікті болып кетті. Бұған да байлықтың соңын қуған ата-ана кінәлі.

Көшеде  қаракөз қыздардың арақ ішіп, шылым шегіп, түнгі клубтардың есігін баққанын көргенде, денең түршігіп, жүрегің ауырады. Осындай жеңіл жүрістің салдарынан қыздар жүкті болып, болған істі жасыру үшін жасанды түсік жасатып, бедеулікке ұрынады. «Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең, ұлыңды тәрбиеле» деген тәмсілді ұмытып бара жатырмыз ба, қалай?! Теріс жолға түсіп, содан ақша тауып жүрген әйелдердің іс-әрекетіне ислам діні де қарсы. Қыз бала қанша жерден білімді, дәулетті, белгілі әрі беделді болса да, оның өмірдегі ең үлкен үміті әрі бақыты – ол отбасын құру, және оның ең басты арманы – үлгілі әйел, құрметті ана және отбасының сүйеніші болу. Ал қоғамдағы қыздардың абырой-беделінің түсіп кетуі, алданған, зорланған қыздардың көбеюі, тастанды балалардың көз жасы осындай келеңсіздіктердің салдары емес пе? Ал, арын сатқан қыздарды ауызға алудың өзіне арланасың. Иә, адамның бойындағы ұят, ар сияқты құнды сезімдердің азайып бара жатқаны жаныңа батады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген екен: «Ұят пен иман бір-бірімен тығыз байланысты, егер біреуі жоғалса, екіншісі қоса кетеді». Ендеше, адамдар өз ұятын жоғалту арқылы иманнан да алыстап барады. Ал иман жоғалса, болашақтың бұлыңғыр тартары сөзсіз. Қазір отбасыңмен отырып теледидар көруден қалғандаймыз. Бұл мәселе қай кезде де қазақ зиялыларын алаңдатқан. Ғабиден Мұстафин «Не нәрсе ұятты болса, сол асыл» десе, Бауыржан Момышұлы «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндер азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын...» деп ішкі алаңдаушылығын білдірген. 

Қасиетті Құран кәрімде «(Мұхаммед) Мүмін әйелдерге айт: "(Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ, зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ, олардың өздігінен көрінгендері басқа (беті, қол-аяқтары). Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ, ерлеріне, әкелеріне, қайын аталарына, өз ұлдарына, өгей ұлдарына, аға-бауырларына, олардың ұлдарына, әпеке-сіңлілерінің ұлдарына, мұсылман әйелдерге, қолдарындағы күңдеріне, әйел керек қылмайтын қызметшілерге немесе әйелдердің ұятты жерлерін білмейтін балаларға көрсетулеріне болады. Және де көмескі зейнеттерін басқаларға білдіру үшін аяқтарын ұрып жүрмесін. Әй, мүміндер, түгел Аллаға тәубе етіңдер! Әрине, құтыларсыңдар» («Нұр» сүресі, 30-31-аяттар). 

Бұл сүреден түйетін ой мынадай болса керек: жүректі қарайтатын нәрселердің бірі – көз. Кеседегі суды бір тамшы у бұзатыны сияқты, харамды көру арқылы адамның жүрегі уланады. Арын сақтаған, ақылды, ұяты бар, ата-анасының тәлімін алған қыз баладан болашақта жақсы жар, ибалы келін, аяулы ана күтуге болады. Сол үшін қазіргі кез-келген ата-ана өзінің ұл-қызының тәлім-тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Тәрбие деген тек оларды тамақтандырып, киіндіру емес, ол – рухани сана-сезімі жоғары, ар- ұяты биік, иманды ұрпақ тәрбиелеу. Бұл өмірге қанша жабыссақ та, Алла Тағаланың ажалынан, ақиретте сұралудан қашып құтыла алмаспыз. Сондықтан қамшының сабындай қысқа өмірімізде дүниелік істерден, тозақтан алыстауға тырысқанымыз жөн. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.)«Киіне жүріп жалаңаш болғандар, жүрісінде бұраңдап, еркектердің көңілін еліктірушілер жәннатқа кірмейді, тіпті оның иісін де сезбейді», – деу арқылы қылмыңдаған қызға да, қылымсыған бойжеткенге де көп күнә барын ескерткен.

Қорыта айтқанда, қызды тәрбиелеудің жолы – ұлттық тәрбиемізді, салт-дәстүрімізді, әжелердің ертегісін, аналарымыздың әдебін қайта жаңғырту. Себебі, бала құрсаққа біткенде, тек анасының әдебінен (дәрет, мәдениетті сөйлеу, намаз, құран  арқылы), дүниеге келген соң, әжесінің ертегісінен, бойжеткен соң, салт- дәстүр, ырым-тыйымдарымыздың ережесімен жүреді. Ал осы негіздердің біреуі орындалмаса, тәрбиенің ақсар жері осы.  Жарқын болашақ экономика, саясат, қаржыға ғана емес, қыздың тәрбиесіне тіреліп тұрғанын түсінетін кез жетті. 

Осыдан келіп еріксіз бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеген асыл аналарымыздың сынықтарын іздейсіз...

0 пікір