АҚЫЛДАСУДЫҢ ПАЙДАСЫ
АҚЫЛДАСУДЫҢ ПАЙДАСЫ
5 жыл бұрын 3253

Ақылдасу – бір іске кірісуден бұрын біліміне, тәжірибесіне, әдебіне сенуге болатын кісілермен пікір алмасу, онымен кеңесу деген сөз. Ол жайында Алла Тағала: «Істерде олармен кеңес! (Қандай да) бір істе жүзеге асыруға бел байласаң, Аллаға тәуекел ет. Алла тәуекелшілерді жақсы көреді», - деген[1].

Басқа бір аятта: «Олардың істері – өзара ақылдасу (арқылы жүзеге асады)», - дей келе, істерін ақылдасып істейтін мүміндерді мадақтап, ақылдасудың пайдасына ишара еткен[2].

Демек, ақылдасу – мұсылмандардың негізгі сипаттарының бірі екен. Алла елшісінің (с.а.у.) ғұмырына көз жүгіртсек, оның әрбір ісі өзгелермен ақылдасу арқылы іске асырылып отырғандығын байқаймыз. Бұл шындықты Әбу  Һурайра былай деп жеткізеді: «Пайғамбарымыздай (с.а.у.) сахабалармен көп ақылдасатын адамды көрмедім»[3].

Күнделікті өмірде де жалғыз адамның ақылынан гөрі, бірнеше адамның ақылынан көбірек дұрыс шешім қабылданып жататынына көзіміз жетіп жүр. Мұны Пайғамбарымыз (с.а.у.) өз сөзінде: «Истихара намаз оқыған жан зарарға ұшырамайды. Ақылдасқан жан пұшайман болмайды. Үндемеген адам пақыр болмайды», - деп түсіндірген[4].

Әзіреті Хасан Басри ақылдасудың пайдасы жайында:

«Уаллаһи, ақылдасқан адамдар міндетті түрде алдындағы таңдаулардың ең жақсысына жөнеледі», - деп, әрі қарай: «Олардың істері – өзара ақылдасу (арқылы жүзеге асады)» деген аятты оқыған еді[5].

«Ақыл – ақылдан артық» деген мәтел де лайықты адамдармен ақылдасудың қаншалықты маңызды екендігін аңғартады.

Әзіреті Мәуләна бір сөзінде: «Барлық нәрсені аңғаратын, түсінетін ақылдың өзі, достарынан айырылғанда садағы сынған садақшы сияқты аң-таң күйге түседі», - депті.

Демек, кез-келген кісі қанша ақылды болса да, барлық нәрсені білуі мүмкін емес. Сондықтан, басқа түскен істерінде міндетті түрде лайықты кісілермен ақылдаспастан шешім қабылдамауы қажет.

Алла елшісі (с.а.у.) әйелдерімен ақылдасудың, әсіресе әйелдерге байланысты мәселелерде әйелдерімен ақылдасудың қажеттілігін төмендегі мына хадис-и шарифтерде тілге тиек етеді:

  • «Әйелдерге қатысты мәселелерде олармен ақылдасыңдар»[6].
  • «Жесір әйелмен ақылдаспастан, ал қыздың рұқсаты алынбастан күйеуге берілмейді»[7].
  • «Қыздары жайында әйелдермен сөйлесіңдер»[8].

Құран Кәрімде де әйелдерімен ақылдасулары керек екендігіне былай деп ишара еткен:

«Егер ата-ана өзара кеңесіп, өз ризалықтарымен баланы емшектен шығаруға бел байласа, екеуіне де күнә жазылмайды»[9].

Әсіресе жастардың көпті көрген, өмірлік тәжірибесі мол кісілермен ақылдасып отырулары ләзім.  

Ақылдасу – өзімшілдік сезімін тәрбиелеп, адамды мақтаншақтықтан қорғайды.

Шын пейілмен ақылдасу - ол, адамдарға деген құрметтілікті білдіретіндіктен, адамдар арасында өзара сыйластық пен сүйіспеншіліктің пайда болуына септігін тигізері хақ.

Алайда біреумен ақылдасқысы келген кісі мәселені толықтай, егжей-тегжейлі айтып түсіндіргені жөн. Болмаса, теріс нәтиже тууы мүмкін. Ақыл сұраған адамы да өз кезегінде бірден ойланбастан болжамын айтып тастауы жарамайды. Ақыл сұрай келген адамды объективті түрде өте мұқият тыңдап шығуы ләзім. Дұрыс деп тұрған пікірін жасырмай айтқаны жөн. Өйткені, Алла елшісі (с.а.у) ақыл сұрай келгендерге дұрыс бағыт бермегендерге қатысты былай деп ескерту жасаған: «Кімде-кімге мұсылман бауыры келіп, бір мәселе жайында ақыл сұрай келген жағдайда оған жаңылыс жолды көрсетсе, қиянат еткені», - деген[10].

Яғни, ақылдасар адамыңыздың жан-жақты білгіш болғандығы жеткіліксіз, оның бойында көркем әдеп те болуы керек. Пайғамбарымыз бұл жайында: «Ақыл сұралатын кісі – сенімді жан болуы тиіс», - деген.[11]

Мәселен, перғауынның ақылдастар мәжілісі – пайдакүнемділік пен бүліктің соңынан жүретін адамдардан құралғандықтан, олармен ақылдасудың нитижесінде Әзіреті Мұса пайғамбармен күресу шешімі қабылданған еді[12]. Бұл теріс шешім – перғауынның мәңгі өмірде бақытсыз өмір кешуіне себеп болды.

«Құтадғу Білік» атты еңбекте: "Ей дос! Тек өзінің пайдасын ойлайтын адаммен ақылдаспа!" - деге насихат орын алған.

Сахабалар ғаламның мақтанышы Пайғамбарымыздан (с.а.у.):

-Уа, Расулалла! Құран Кәрімен немесе сүннеттен шешімін таба алмаған мәселеге тап болсақ, не істейік? – деп сұраған болатын. Сонда ғаламның рақым нұры Мұхаммед пайғамбарымыз:

-Ол жайында фақиһтерден және ғабидттерден (құлшылыққа берік жандар) сұраңдар. Олармен ақылдасыңдар. Ол мәселе жайында жеке пікірлеріңмен амал етпеңдер», - деп кеңес берген[13].

Олай болса, һәм діни, һәм дүниелік істерде лайықты адамдармен ақылдасып тұру – ең дұрыс шешім екен, бауырлар!

"Өркениет шыңындағы жауһарлар" атты кітаптан.


[1] Құран Кәрім: «Әли Имран сүресі, 159 аят.
[2] Құран Кәрім: «Шура» сүресі, 38 аят.
[3] Имам Тирмизи: «Сүнән» - Жиһад – 35/1714.
[4] Хайсами: ІІ, 280.
[5] Имам Бұхари: «Әдәбуль Мүфрәд». №258 хадис.
[6] Ибн Әсир: «Усдуль Ғаба».
[7] «Сахих Мүслім» - Неке - №64.
[8] Әбу Дәуід: «Сүнән» - Неке – 22-23.
[9] Құран Кәрім: «Бақара» сүресі, 233 аят.
[10] Бұхари: «Әдәбуль Мүфрад». 259.
[11] Тирмизи: «Әдәп» 57/2822.
[12] Құран Кәрім: «Шұғара» 35-37 аяттар.
[13] Хайсами, І, 178.

0 пікір