"Алты нәрсеге кепілдік берсеңдер, мен сендерге пейішті кепілдік етемін...": Мұхаммед пайғамбар ғалейһиссәләм.
"Алты нәрсеге кепілдік берсеңдер, мен сендерге пейішті кепілдік етемін...": Мұхаммед пайғамбар ғалейһиссәләм.
2 жыл бұрын 4100

Сахаба Ъубадәтә ибн Сомит (радияллаһу анһ) Пайғамбарымыздың мына бір сөзін жеткізеді. Алла елшісі (с.а.у.) былай деген:

 اضمَنوا لي سِتًّا من أنفسِكم أضمنُ لكم الجنَّةَ اصدُقوا إذا حدَّثتُم وأوفوا إذا وعدتم وأدُّوا إذا ائتُمِنتم واحفظوا فُروجَكم وغُضُّوا أبصارَكم وكُفُّوا أيديَكم

«Алты нәрсеге кепілдік берсеңдер, мен сендерге пейішті кепілдік етемін. Олар:

  1. Сөйлеген кездеріңде шыншыл болыңдар.
  2. Уәде берсеңдер, уәделеріңде тұрыңдар.
  3. Аманат алсаңдар, аманатқа қиянат жасамай, қайтарыңдар.
  4. Абиырлеріңді қорғаңдар.
  5. Көздеріңді корғаңдар.
  6. Қолдарыңды тартып жүріңдер1.

Түсіндірме:

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) аталмыш асыл сөзінде барлық жақсылықты алты нәрседе топтастырып отыр. Егер осы алты нәрсеге ұқыпты болсаңдар, пейішке кіруге лайықты боласыңдар дейді. Демек, осы алты құндылықтың қарымтасы пейіш.

«Сөз сөйлегенде шыншыл болыңдар» деді. Бұл сөз Алланы бір деу, яғни, таухид сөзін де қамтып тұр: егер Алладан басқа құдай жоқ екендігіне куәлік еткен болса, өзіне де, өзгеге де шыншыл болуы тиіс.

«Уәделеріңде тұрыңдар» деді. Бұл - Аллаға берген уәдені әрі адамдарға берген уәдені қамтиды. Аллаға берген уәдесі - өлелгенше иманында берік болу. Адамдарға берген уәдесі - кімге әлдебір істе уәде еткен болса, сол уәдесінде тұруға тиісті.

«Аманатты қайтарыңдар» деді. Аманат екі түрлі. Бірі - Алланың оған тапсырған аманаты. Екіншісі - адамдардың тапсырған аманаты. Алла Тағаланың тапсырған аманатына - Алланың пендесіне міндеттеген парыз амалдары жатады. Олар пенденің мойнындағы Алланың аманаты. Сондықтан да, оларды уақтысында орындап, кейінге қалдырмай өтеп тұруы тиіс. Ал адамдардың тапсырған аманаты - кісінің оған сеніп тапсырған дүниесі, айтқан сыр сөзі т.б. нәрселер жатады. Пенде кісінің аманатына қиянат жасамай, аманатқа берік болуы тиіс.

«Абиырын қорғау» деді. Абиырын қорғау екі түрлі. Бірі - өзінің әурет жерін зина жасаудан сақтау. Екіншісі - әурет жерін басқаға көрсетуден сақтау (тек өзінің некелі жары басқа). Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде: «(Біреудің) Әуретіне қарағанға да, қаратқанға да Алланың лағынеті болсын» деген. Бұл - ауыр күнә екендігін білдіреді. Сондықтан мұсылман адам әжетін өтегенде болсын немесе моншаға түскенде болса, әурет жерлерін өзгелердің көруінен сақтануы тиіс.

«Көздеріңді қорғаңдар» деді. Көзді бөтен әйелдердің ғаурат жерлеріне қараудан және әйелдердің сұлулығына қараудан қорғау керек. Жалпы бөтен қыз-келіншектерге көзін сүзіп қарау харам тірлік, күнә іс.

«Қолдарыңды тартыңдар» деді. Қолды ұрлықтан, харам табыс табудан, біреудің ақысын жеуден, біреудің дүниесін рұқсатсыз алудан және әлдекімге залал тигізуден сақтау керек. Мұндай харам істерден тартынғаны жөн2.

Осы аталмыш алты құндылықты өзіне ту еткен мұсылман, Алланың қалауымен, пейіштік болады. 


1Имам Ахмед: «Мүснәд».
2 Әбу Ләйс әс-Самарқанди: "Тәнбиһуль Ғофилин".

Абдусамат Қасым

0 пікір