Әділ патшаның он ережесі
Әділ патшаның он ережесі
1 жыл бұрын 3786
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)

Бисмилләһир рахманир рахим

Біліп қой, сұлтан! Сені мен Жаратушының арасында болған нәрселердің кешірімі жақын. Ал адамдарға жасалған әділетсіздік пен зұлымдық болса, қиямет күні қай жағдайда да одан құтылып кете алмайсың. Әділетсіздік пен қиянаттың қатері өте үлкен. Оның залалынан ешбір патша құтыла алмаған, тек әділдік пен ынсапты ту еткендер ғана құтыла алған. Сондықтан, патша қиямет күні әділдік пен ынсаптан сұралатындығын білуі тиіс.

Әділдіктің он ережесі

1. Біріншісі - басшылық лауазымының қадірін және қатерін біл. Халықты басқару - Алланың берген нығметі. Кім оны лайықты түрде жүргізсе, екі дүниеде де бұрын-соңды көрмеген таусылмайтын бақытқа кенеледі. Ал кім оны дұрыс жүргізбесе, бұрын-соңды көрмеген бақытсыздыққа душар болады, ондай бақытсыздыққа тек Аллаға күпірлік ету бақытсыздығы ғана тең келеді. Биліктің ұлы қадірін Пайғамбарымыздан (с.а.у.) жеткен мына бір хадисінен ұғынуға болады: «Патшаның әділдікпен өткізген бір күні - Алла Тағалағаның құзырында жетпіс жылдан сүйкімді»... Пайғамбарымыз (с.а.у.) басқа бір хадисінде: «Алла Тағала үшін адамдардың ең сүйкімдісі және ең жақыны - әділ патша. Ал ең сүйкімсізі және ең алысы - залым патша» - деген. Тағы бір хадисінде: «Мұхаммедтің жаны қолында болғанға ант етейін, әділ патшаның бір амалы қарамағындағы халықтың амалының деңгейінде көкке көтеріледі. Ондай патшаның оқыған әрбір намазы - жетпіс мың намазға татиды» - дейді.

Ендеше, бір пенде үшін басшылық секілді нығметтен асқан нығмет жоқ екен. Патшаның өмірінің бір сәті - өзгенің бүкіл өміріне татиды. Алайда, бұл нығметтің қадірін білмей, әділетсіздік жасап, халыққа зұлымдық қылса және нәпсісіне ерсе, Алла Тағала оны өзінің дұшпандарының бірі қылып қою қауіпі бар...

Ей, патша! Биліктің қатері де үлкен. Кесапаты зор. Оны түсіндіру ұзақ. Биліктің зиянынан тек дін ғалымдарына жақын араласуымен аман қала алады, дін ғалымдары оған әділдіктің жолын үйретіп, биліктің кесірін жеңілдетеді.

2. Ереженің екіншісі - әрдайым дін ғалымдарымен көрісуге асығып, олардың насихаттарына құлақ асуға ынталы бол. Алайда, дүниені жақсы көретін нашар ғұламалардан сақтану керек. Ондай ғалымдар саған өтіріктен мақтау жаудырып, қолыңдағы мал-дүниеңді көксеп, сенің көңілінен шығуға тырысады. Сендегі дүниенің бір бөлігіне қол жеткізу үшін түрлі айла-тәсілдерге жүгінеді. Шынайы дін ғалымы - сендегі мал-дүниеге қызықпайды, уағыз-насихат айтқанда әділін айтады...

3. Үшінші ереже - әділ болу. Ей, сұлтан! Зұлымдықтан қолыңды тартуда сараң болма. Сондай-ақ, қызметшілеріңді, достарыңды, жұмысшыларыңды және орынбасарларыңды да осыған тәрбиеле. Олардың әділетсіздігіне разы болушы болма. Өйткені, өзіңнің әділетсіздігің үшін сұралатыныңдай, олардың да біреуге көрсеткен зұлымдығынан сұраласың. Халифа Әзіреті Омар әкім қылып тағайындаған сахаба Әзіреті Әбу Мұса әл-Әшғариға былай деп хат жазып жібереді: «Басшылардың ең бақыттысы - қарауындағы халқын бақытты қылғаны. Басшылардың ең бақытсызы - қарауындағы халқын бақытсыз қылғаны. Сондықтан да, немқұрайлықты, бостықты қой. Өйткені сенің қарамағыңдағы жұмысшыларың саған еліктейді. Әкім ретінде сенің мысалың - жасыл майсаны көріп, одан көп жеп, семірген малға ұқсайды. Оның семіздігі алдымен өзін құртады, себебі семіз мал пышаққа ілінеді» - деп ескерткен...

Ей, сұлтан, біліп қой! Әділ болу - ақылдың кемелділігінен. Ақылдың кемелділігі - әр нәрсенің ақиқи болмысын көре білмек... Ақылды адам әр нәрсенің рухына және шынайы болмысына ұңіледі, оның сыртқы бейнесіне алданбайды. Бұл істердің ақиқатын біз айтып түсіндіріп кеттік. Кім оларды ұқпаса, ол ақылды емес. Ақылды емес адам - әділ бола алмайды. Әділетсіздің барар жері - тозақ. Сол себепті, барлық бақыттың басы - ақыл.

4. Төртінші ереже - ашуды жеңе білу. Басшылардың көбісі - көкірек, тәкәппар болып келеді. Тәкәппарлығынан жиі ашуланады. Ашуы оны кек алуға итермелейді. Ашу - ақылдың есірткісі. Оны апатқа жетелер дұшпаны. Біз ашу жайында (ихия кітабындағы) «Рубъул Мүһликат» бөлімінде кең түрде әңгімеледік. Басшы әлдебір іске ашуы келгенде кешірімділік жөнін таңдауы тиіс. Өзін мейірімділік пен ұстанымдылыққа баулуы керек, оны әдетке айналдырмағы ләзім. Егер, кешірімді болуды әдетке айналдырсаң, сен әулие-әнбиелерге ұқсаған боласың, ал егер бірден ашуланып, қаһарыңды төгуді әдеттенсең, жыртқыш аңдар мен хайуандарға ұқсаған боласың...

5. Бесінші ереже - өзіңе қалағанды халыққа да қалау. Кездестірген әрбір мәселеде және басыңа келген әрбір істе өзіңді халықтың бірімін деп біл. Патша сен емес, өзгесі деп ойла. Өзің үшін қаламайтын нәрселерді өзге мұсылмандарға қалама. Егер өзіңе қаламаған әлдебір ұнамсыздықтың халықтың басына келуіне ризалық танытсаң, онда сен қарауыңдағы халыққа қиянат еткен боласың және оларды алдаған боласың.

6. Алтыншы ереже - халықтың қажеттілігін қанағаттандыру, халыққа қарайласу. Мұқтаж жандардың есігіңнің алдында күтіп тұруына немқұрайлылық танытпағын. Мұндай қатерлі істі әсте істеме! Тіпті, нәпіл ғибадаттарды орындап жатқан тұста, мұсылмандардың біреуі саған ісі түсіп, мәселесін айтып келген болса, өзге нәпіл құлшылықтарды былай қойып, келген адамның қажеттілігін қанағаттындыруға тырысып бақ. Өйткені, мұсылмандардың қажеттілігін өтеу - нәпіл ғибадаттардың ең абзалы.

7. Жетіншісі - әдемі, қымбат киімдер киюге, ең тәтті тағамдарды жеуге әдеттенбе. Барлық нәрседе қанағаттылық өлшемің болсын. Қанағаттылық жоқ жерде, әділеттілік жоқ.

8. Сегізінші ереже - жұмсақ болу. Әрбір істе мүмкіндігінше айналаңа жұмсақ әрі кең бол. Жұмсақтықпен шешуге болатын нәрселерде қаталдыққа және дөрекілікке барма. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Қарауындағы халыққа жұмсақ болмаған басшыға, қиямет күні Алла да жұмсақ болмайды» - деген.

9. Тоғызыншы ереже - шариғатқа қайшы келмейтін істерде қарауыңдағы халықты разы қылуға талпын. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Үмбетімнің ішіндегі ең қайырлысы - адамдар оны, ол адамдарды жақсы көретіні. Ал үмбетімнің ең жаманы - адамдар оны, ол адамдарды жек көріп, олар бұны, ол оларды сөгетіні».

10. Оныншы ереже - шариғатқа қайшы келер істе ешбір адамның ризалығын көздеме. Егер біреу шариғатқа қайшы бір істе саған ренжіп, наразы болса, оның саған зияны болмайды. Әзіреті Омар (р.а.) былай деген: «Мен әр күні адамдардың жарымы маған ашулы болған күйі таң атырамын. Қақысы барлардың ашуланулары заңды. Басшының алдына келген екі даушының әрбірінің көңілінен шығар қазылық жасауы мүмкін емес (екеуінің бірінің пайдасына шешім қабылдауы керек болады, сондықтан екіншісі наразы күйде оралады). Адамдардың көбісінің қателігі - адамдарды разы етемін деп, Хақ Тағаланың разылығын тәрк етулері»1. 

Қазақшалаған Абдусамат Қасым


1 Имам Ғазали: «Патшаларға насихат» атты кітабынан ықшамдап аударылды. Араб тілінде.

0 пікір