Мүмін-мұсылман адамдардың бәрін жақсы көреді. Өйткені олар оның Адам атадан тараған бауырлары. Аталары бір. Сондай-ақ, олар оның пенделік жөнінен жолдастары. Оны мен өзге адамдар арасын – туысқандық және түпкі тегі біріктіреді. Және олардың ортақ мақсаттары, ортақ дұшпандары бар.
«Туысқандық байланысы мен түпкі негіздері бір» деуімнің себебі, Алла Тағала Құран Кәрімде былай деген:
««Ей, адамдар! Сендерді бір жаннан жаратып және ол жаннан жұбын жаратып, сөйтіп, ол екеуінен көптеген ер адамдар мен әйел адамдарды өрбіткен Раббыларыңнан қорқыңдар! Және де, бір-біріңнен есімін атап сұрасатын Алладан қорқыңдар, әрі туыстық байланысты сақтаңдар. Шынында Алла сендерді бақылаушы»[1].
Аталмыш аяттағы «туыстар...» сөзінің негізгі мәні – бүкіл адамдардың арасын жалғап тұратын адамзаттық туыстық. Оған аяттың басындағы «Ей, адамдар» деген сөзі дәлел. (Әрине, ол сөздің туған-туыстарды да қамтып тұрғаны күмәнсіз-ауд.).
Ал, «ортақ мақсаттары, ортақ дұшпандары бар» деген сөзіме келсек, Алла Тағала ол екі нәрсеге байланысты былай дейді:
«Ей, адамдар! Шынында, Алла Тағаланың уәдесі хақ. Сондықтан да, дүние өмірі сендерді еліктірмесін, және де, азғырушы (шайтан) сендерді Алламен алдамасын. Сөзсіз, шайтан сендер үшін дұшпан. Оны дұшпан тұтыңдар!»[2].
Яғни, ақыреттік өмір - қалушы, әрі оның нығметтері мәңгі. Міне, сол – адамзаттың ұмтылған ортақ мақсаты. Ал, шайтан малғұн аталмыш мақсатқа жету жолында тосқауыл. Ол – ортақ дұшпан.
Мұсылманның діні – нәсілдік, һәм ұлттық алалаушылыққа рұқсат бермейді. Мұсылман адам "бүкіл адам баласы Адам атадан тараған, ал Адам ата болса, топырақтан жаратылған" деп сенеді. Тілдердің, реңдердің әртүрлі болуы, тек қана, Алла Тағаланың шеберлігін, құдіретін, Жасағанның ұлықтығын көрсетеді және ол нәрселер Алла Тағаланың жаратылыстарындағы белгілерінен бір белгі ғана. Қасиетті Құранда былай делінген:
«Шынында көктер мен жердің жаратылысы және тілдерің мен түстеріңнің әртүрлі болуы – Алла Тағаланың белгілерінен бір белгі. Сөзсіз ол нәрселерде ғалымдар үшін белгілер бар»[3].
Мұсылман кісідегі бүкіл адамдарды бауыр санау сезімі – ол үшін екінші қатарлы нәрсе емес немесе дініндегі қосымша нәрсе емес. Шындығында, ол үшін ол нәрсе (адамдарды бауыр санау түйсігі) – Алла Тағалаға деген нанымының керек еткен нәрсесі. Сол сезіммен ол қиямет күні Алла Тағаланың алдына барады және сол сезімі ол үшін Аллаға жақындатар зікір іспетті.
Имам Ахмед пен Әбу Дәуід есімді хадисшілер өздерінің хадис жинақтарында Зайд ибн Арқамнан мынадай хадис риуаят еткен. Ол риуаятта Зайд ибн Арқам былай деген:
«Алла елшісі (с.а.у.) әр намаздан кейін: «Уа, біздің және барлық нәрсенің раббысы болған әрі иесі болған Аллаһым! Сенің серігі жоқ, жалғыз Құдай екендігіңе, мен куәмін. Уа, біздің және барлық нәрсенің раббысы болған әрі иесі болған Аллаһым! Мұхаммед сенің құлың әрі елшің екендігіне, мен куәмін. Уа, біздің және барлық нәрсенің раббысы болған әрі иесі болған Аллаһым! Бүкіл пенделер туыс екендігіне, мен куәмін»[4].
Көрдіңіз бе, адамзат туыстығы деген түсінік – мұсылманның түйсігінде қаншалықты ұлық ұғым. Ол ұғым хадисте - Алланың бірлігінен кейін және Мұхаммед пайғамбардың (ғалейһиссәләм) пайғамбарлығын мойындаудан кейінгі мәртебеде келіп тұр.
Осыдан кейін, мұсылман адам қалайша өзге нәсілдерді қор көріп, төмен санауы мүмкін? Оның қасиет тұтқан кітабы Құран Кәрім оған бүкіл жаратылыс түрлерін құрметтеуді үйретеді және құстар мен жан-жануарлардың болмысын оған былай деп білдіреді: «Жердегі жан-жануарлар болсын, екі қанатымен ұшатын құстар болсын, сендер ұқсаған үмбеттер (қауымдар). Жазуда еш нәрседен кенде етпедік. Сонан соң олар Раббыларының алдына жиналады»[5].
Пайғамбарымыз да ( с.а.у.) бір сөзінде былай деп өтеді: «Иттер де қауымдардан бір қауым болмағанда (немесе үмбеттерден бір үмбет болмағанда), оларды өлтіруге бұйырар едім». (Яғни, олар да адамдар сияқты өз алдына бір қауымдастық, оларға жауыздық жасамау керек).
Міне Исламға сенетін мүміннің адамдарға деген сезімі, ұстанымы – осылай. Мұсылманның адамдарға деген сезімі – нәсілдік басымдылыққа, не болмаса, шофинистік көзқарасқа, немесе таптық жеккөрушілік пен іштарлыққа негізделмейді. Онікі – бүкіл адамзатқа бағытталған махаббат пен бауырмалдық сезімі.
Автордың «Иман және өмір» атты кітабын.
Араб тілінен аударып, дайындаған: А. Қасым.
[1] «Ниса» сүресі, 1 аят.
[2] «Фатыр» сүресі, 5-6 аяттар.
[3] «Рум» сүресі, 22 аят.
[4] Жоғарыдағы дұғаның арабшасы:
اللهم ربنا ورب كل شيء ومليكه أنا شهيد أنك الرب وحدك لا شريك لك، اللهم ربنا ورب كل شيء أنا شهيد أن محمداً عبدك ورسولك، اللهم ربنا ورب كل شيء أنا شهيد أن العباد كلهم اخوة
[5] «Әнғам» сүресі, 38 аят.