Қыз - қалада, баласы - далада!
Қыз - қалада, баласы - далада!
10 жыл бұрын 5269
Мәриям ӘБСАТТАР
Қырында киік жайлаған даланың дархан төсінде бұрын төрт түлік малы, ал қозы-лағымен бірге бір топ бала асыр салып ойнаушы еді... Қазір де, бәлкім, бұрынғыдай болмаса да, кей-кейде балалар ойнайтын шығар, бірақ қандай бала? Қазақтың жазылмаған заңы бойынша бұрын жас жұбайлар тұңғышын өзімдікі деп иемдену былай тұрсын, тіпті емеурін де танытуды өздеріне айып санайтын. Өйткені тұңғыш немере – ата-әжесінің баласы. Ал қазір кішкентай құлыншағын ерткен ата-әжені көресің, бірақ ол немере ме..? Болмаса қандай немере? Қазір сол «бірақты» тарқатсақ...

 

Гүлмира Абдуллаева, бастауыш сынып мұғалімі:

– Ауыл жиенге толған заман болды ғой бұл... Сыныбымда 20 бала оқыса, соның тең жартысы қыздың баласы, яғни жиендер. Бір мектепте қанша сынып бар, бір ауылда қанша мектеп бар, оларда қанша жиендер жүргенін өзіңіз ойлай беріңіз. Кәдімгі ұлдан туған, сол шаңырақтың жалғасы дерлік немере аз. Мен мұны «Жиен ел болмас, желке ас болмас» деген мақалға салып, бөлу ниетінде айтып тұрғаным жоқ. Мәселе сол жиендердің неге нағашы ауылда жүрген себептерінде жатыр ғой.

Расында, бұл біз ойлағандай ұсақ-түйек нәрсе емес, тарқатар болсақ, қазақтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайынан бастап, рухани жағдайы, бітім-болмысына дейін тереңге кететін астарлы ақиқаттардың ашылуы ғажап емес.

 

Әлқисса, жиенді қандай тағдыр айдап келді?

1. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген қызын қияға қондырдым ба дегенде, жыл өтпей ұзатылған қыз қолындағы, тіпті құрсағындағы сәбиімен әке үйінің есігін қайта қағуға мәжбүр. Ішіне сыйған сәбиін қай ана сыртқа тепсін, қай әке маңдайдан қақсын, ел-жұрт желдей гулесе де, өсек өрттей қауласа да, перзенттен туған перзенттің де кіндігін тап сол жерде кеседі, сосын сәл ес жиған соң қыз екі қолға бір жұмыс әрі жаңа мүмкіндік іздеп қалаға кетеді, ал бала нағашы жұртта қала береді.

2. Жасыратыны жоқ, жаһандану жалпымыздың құндылыққа деген көзқарасымызды түбегейлі дерлік өзгертті. Бұрын мектепті, ары кеткенде жоғары оқу орнын бітірісімен тұрмыс құрып, балалы болуды, бір үйдің келіні болуды мақсат тұтатын қыз баланың қазір 70-80 пайызы қала көріп, қымбат көлік мініп, жақсы қызмет істеп, жақсы пәтерде тұрғысы келеді. Әуелі соны қамдап барып, сосын тұрмысқа шығуды ойлайды. Содан жүріп қалады да, уақыты өткен соң жалғыз қалмау үшін жандалбасалап бір сәби туып алады. Ал қиындығы сонан соң басталады: жары жоқ, жұмысы тоқтаған, жөргекпұл екеуді асырауға жетпейді, сосын жаңа туған баласын ары кеткенде жасынан асырып, омыраудан шығарады да, ата-анасына апарып тастайды. Бұрынғыдай: «Мынау қайдан шыққан бала?» - деп өре түрегелетін олар да жоқ, сол дұрыс шығар деп, үнсіз немерені алып қалуға мәжбүр. Себебі – алмайын десе, ол ертеңгі күні қаңғып қайда бармақ? Жетім балалар үйіне ме? Әкесі болмаса да, оның анасы, нағашы жұрты отырып, жиенін жетімсірету тіпті масқара, Алла алдында да айып емес пе?

3. Қыз оқу да оқиды, жұмыс та істейді, тұрмысқа шығып та үлгереді. Күйеуімен де араздығы жоқ. Бірақ жас отбасының әлеуметтік жағдайы әлсіз, баспана жоқ, пәтер жалдап тұрады, не ипотекаға алса, оның ақысын ай сайын төлеп тұруға тиіс. Сол үшін тіпті жас босанған ананың үйде бала күтімімен ұзақ отыруға да жағдайы келмейді. Осы ретте тағы да: «Жұмысқа шыға бер, баланы біз бағып береміз», - деп көбіне-көп көмекке қыздың жұрты келеді екен. Бәлкім, содан шығар, қазақ жігіттің үш жұрты жайлы айтқанда, «нағыз жұрты» деп нағашы жұртын айтатыны.

 

Совет-Хан Ғаббасов, жазушы, медицина және педагогика ғылымдарының докторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

– Тек отбасы ғана емес, жалпы, тіршіліктің тірегі – әйел қауымы. Әйел қауымы бұзылған халық – бақытсыз әрі ертеңі бұлыңғыр халық. Міне, қазіргі біздің тілге тиек етіп отырған мәселеміз, яғни ауылдың жиенге толып кеткендігі – соның бір дәлелі. Ата мен әже қалай жиенін бақпайды, егер отбасын құрған жастардың 70-80 пайызы бір жыл толмай ажырасып жатса... Ажырасқанда бала, әрине, анамен кетеді, оны жас әрі жалғызбасты ана асырап, бағуға қауқарсыз болатыны түсінікті. Одан бөлек, қазір қай ғимараттың қасына барсаңыз да, мектеп, жоғары оқу орны бар ма, кеңселер бола ма, топталып алып темекі шегіп тұрған жігіттерден гөрі қыздарды көреміз. Кейінгі кезде етіміз өліп кеткен бе, соған тіпті «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» табылмайтын болған. Көше бойы орысша сөйлесетін тағы да қазақтың қыздары. Міне, соның салдары – қыздардың оң жақта отырып бала табуы немесе отбасын құрмай жатып, алғашқы қиындықтарға шыдамай ажырасуы... Зардап шегетін бала, ұрпақ... Бұл – түптеп келгенде, өз салт-дәстүр, әдет-ғұрып, жөн-жоралғысын жоғалтып, «қызға қырық үйден тыю» дегенді ұмытқан, мойынсұнбайтын, есі кете еліктеу мен сан-саққа сансырап отырғанымыздың нәтижесі. 

 

Ақұштап Бақтыгереева, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:

– Қызды қойып, қазақтың келіншектері қазір көшеде жамбасын әзер жабатын етекпен бала жетектеп келе жатады. Заман дейік, қоғам, уақыт дейік, бірақ мен дәл солай киінгенді Еуропа не Шығыс елдерінің көшесінен көрмеймін. Аялдамада сүйіскенді мен Италия мен Францияда көрмеймін. Жапонияда ондай әдепсіздік атыменжоқ. Неге менің қазағымның қызы қазір соны істейді? Ол ертең қалай бір үйдің келіні, қалай ана болмақшы? Қазір Астанада көшеге қоқыс тастағандар айыппұл төлейтін болды. Енді оған қоса, қарт адамдар, аналар мен сәбилер жүретін көпшілік орындарда қыздың жігітке өзі жабысып тұруына да тыйым салатын заң шығарып қоямыз-ау?!. Әйтпесе ыңғайсыз жағдайдың үстінен түсеміз бе деп, гүлзарлар мен саябақтарда демалудан қалдық бүгінде. Сонда деймін, көшеде сүйісуден ұялмайтын қазақ қызына анасы: «Сен қазақ деген, жанынан арын жоғары қоятын ұлттың қызысың» демей ме? Менің соған таңым бар. Ал оң жақта отырып босанатын, некесіз ұрпақты дүниеге әкеліп, тек өзін ғана емес, ұлтын да тексіздікке ұрындырып жатқан қыздарға айтарым жоқ. Ал жас отбасылар жайлы сөз бөлек. Оларға мейлі ұл жақ, мейлі қыз жағы қарасса да, жарасады. Бірақ ел болып, жас отбасыларға баспана мен әлеуметтік төлемдер жағынан нақты жәрдем беретін бағдарлама жасаудың жөні бөлек.

 

Түйін

Қазақ осыдан қаншама ғасыр бұрын-ақ тал бесіктен жер бесікке дейін адам тәрбиесінің ретін тауып қойған болатын. Соның салдарынан жетім, жесір, қараусыз қарт, тіпті қаңғыған ит пен мысық деген де болған емес. Бүгінгідей өз әкесінің тіпті атын да білмейтін, өз жұртын танымайтын ұл нағашы ауылда өріп жүрмеген. Қайта жылына бір қыдырып келген жиенді нағашысы еркелетіп, оған бәсіре атайтын болған. Ал кейін ержеткен соң қанша келем десе-дағы, оны өзі біледі. Тек бір жағдайда ғана бала нағашы ауылда жүруі мүмкін: егер ол үйдің жалғыз қызынан басқа перзенті болмаса, онда құдалардың келісімімен жиенді біржола қолға алмаса да, немере іспетті өсіруге нағашы жақ та атсалысқан. Ал бүгінгідей бейсауат жүрген жиен, тіпті тегі де белгісіз бала деген бұрын әсте болмағаны хақ. Себебі тіпті күйеуі қайтыс болса да, ол келіншекті әмеңгерлік жолмен қайнысы, не қайнағасына қосатын болған, ондағы кемеңгерлік сол – ұрпақты далада қаңғытпау. Баланы өмірге әкелетін – ана, бірақ ол да біреудің баласы, сондықтан оның өзі дұрыс тәрбие алмаса, ертең сау, текті ұрпақты дүниеге әкелуі екіталай. Ал ауылды жиен жауып кетуі – тек қыздың ғана кінәсі емес, жігіттің де жауапсыздығы, өз ұрпағына немқұрайлы қарағандығының салдары.
1 пікір
  • Ассалаумағалейкум! Жоғарыда айтылғандарға ажырасудың тағы бір аз кездеспейтін себебін қосқым кеп отыр. Ол – әйел адамның шаңырақ көтерген бойда бөлек шығуға асығуы. Сөйтіп күйеуін өте қиын жағдайға әкеліп тіреп қояды. Бір жағында ата-ана, екінші жағында сүйіп қосылған әйелі. Сол жаңа келін боп түскен әйелді осындай әрекеттерге үгіттейтін, өкінішке орай, сол жас келіннің өз шешесі. «Басың салбырап айтқандарына көне берме, көнбіс боп қаласың, басыңа шығарма» - деп арғы жақта отырып алып, отбасылық өмірді енді көріп жатқан қызына аямай «ақылын» үйіп-төгіп беріп жатады. Қызын да аямайды, күйеу баласын да аямайды. «Болмаса ажырасып кет, ол адам болмайды, әлі басың жас» - деп шаңырақты құлатуға шақырады. Сөйтіп артық қылам деп тыртық қып жатқанын сезбейді. Шешесінің «ақылын» дұрыс көріп төркінінде, күйеуі талабын орындамайынша, айлап, жылдап жатып алады. Соңында не «қатынының соңынан кетті» деген сүйегіне таңба басылып жанұясын сақтайды, бірақ ата-ананың, туған-тумаластың наразылығына қалады. Не ажырасып әйелін орта жолда тастап кетеді. Екі жағдай да ер адам үшін оңай соқпайтыны түсінікті. Ал бұндай жағдайды болдырмауға болады емес па?! «Барған жеріңе тастай батып, судай сің» - деп сіңісіп кетуді үгіттеп, «үй болғасын шыны аяқ шылдырламай тұрмайды» - деп отбасылық өмірдің екінші жағын да ескертіп, сабыр мен шыдамға шақырған қайран кемеңгер қазағым-ай.
    10 жыл бұрын