Құран жаттаған Қаридың ата-анасына қиямет күні баға жетпес қос киім кигізіледі...
Құран жаттаған Қаридың ата-анасына қиямет күні баға жетпес қос киім кигізіледі...
4 жыл бұрын 7366
А. Қасым

 

كنتُ جالسا عند النبي صلى الله عليه وسلم ، فسمعتُهُ يقول : ( تعلّموا سورةَ البقرةِ ، فإنّ أخذها بركةٌ ، وتركُها حسرةٌ ، ولا يستطيعُها البطلةُ ) ثم سكتَ ساعةً ، ثم قال : ( تعلّموا سورةَ البقرةِ وآل عمرانِ ، فإنّهما الزهراوانِ ، وإنهما تُظلّانِ صاحبهما يومَ القيامةِ ، كأنهما غمامتانِ ، أو غيايتانِ ، أو فرقانِ من طيرٍ صوافٍّ ، وإن القرآنَ يأتي صاحبهُ يومَ القيامةِ حين ينشقّ عنهُ قبرهُ كالرجلِ الشاحبِ ، فيقولُ له : هل تعرفنِي ؟ فيقولُ : ما أعرفكَ ، فيقول : أنا صاحبكَ القرآنُ الذي أظمأتُكَ بالهواجِرِ ، وأسهرتُ ليلكَ ، وإن كل تاجِرٍ من وراءِ تجارتهِ ، وإنكَ اليومَ من وراءِ كلِّ تجارةٍ ، فيُعْطَى الملكَ بيمينهِ ، والخلدَ بشمالهِ ، ويوضعُ على رأسهِ تاجُ الوقارِ ، ويُكسَى والداهُ حلتينِ لا يقومُ لهما أهلُ الدنيا ، فيقولانِ : بم كسينا هذا ؟ فيقالُ لهما : بأَخذِ ولدكُما القرآنَ ، ثم يقالُ : اقرأ واصعِدْ في درجِ الجنةِ وغرفِها ، فهو في صُعُودٍ ما دامَ يقرأ هذا كانَ أو ترتيلا

البغوي : شرح السنة. حسن غريب


Сахаба Бурайда ибн Хусайб әл-Әсләми (радияллаһу анһу) әңгімелеуде:

«Мен Пайғамбарымыздың (ғалейһиссаләту уә сәлләм) жанында отырған едім. Оның (с.а.у) былай дегенін естідім: «Бақара сүресін үйреніңдер (жаттаңдар). Шынында оны ұстау (яғни, жаттап, жадында сақтау, оны үнемі оқу) – береке. Ал, тәрк ету – шығын. Оған (Бақара сүресіне) сиқыршылар төтеп бере алмайды»[1], - деді де бір сәт үнсіз қалып, одан соң әрі қарай сөзін жалғап былай деді:  

«Бақара сүресі мен Әли Имран сүресін үйреніңдер. Шынында ол екі сүре – екі жарқыраған нұр іспетті (күн мен ай тәрізді). Ол екеуі қиямет күні құдды екі бұлт сияқты немесе қатар-қатар ұшып, қанаттарымен (күннің ыстығынан) көлеңкелеген құстар тәрізді иелеріне сая болады. Шынында Құран Кәрім қиямет күні - қабір ашылған кезде иесіне шаршап-шалдыққан адам сияқты келеді де:

- «Мені танисың ба?- деп сұрайды.

- «Жоқ, мен сені танымадым» - деп жауап береді ол. Сонда Құран оған:

- «Түс мезгілдерінде аузыңды құрғатқан, түн мезгіліңде сені ұйқысыз қалдырған досың  – Құран боламын» - дейді, сосын сөзін жалғастырып:

- «Әрбір саудагер – өзінің саудасының артында. Бүгін сен де барлық саудаңның артындасың (яғни, жасаған істерің алдыңнан шығып, сен оларды паналап, артынан ілесесің)» - дейді Құран.

Сөйтіп әлгі адамның оң қолына патшалық, сол қолына өлімсіздік беріледі. Және де басына ұлылық тәжі кигізіледі. Ал ата-анасына болса бұл дүниедегі ешкімнің құнына жете алмайтын екі бөлек (әсем) киім кигізіледі. Сонда ата-анасы (таңданып):

-«Бұл бізге не себепті кигізілді?» - деп сұрағанда оларға:

-«Балаларыңның Құранды үйреніп, жаттағаны үшін», - делінеді.

Одан соң (яғни, басына таж кигізіліп, ата-анасына қымбат киім кигізілгеннен кейін) оған (Құран жаттаған қариға):

-«Оқы да, пейіштің баспалдақтарынан және оның бөлмелерінен көтеріл» - делінеді. Ол оқуын немесе тиләуәтін тоқтатқанша көтеріле бермек (тоқтаған жері оның пейіштегі мекені болады)»[2].

Имам әл-Хусейн ибн Мәсъуд әл-Бәғауи: «Шәрхус сунна».


[1] Хадистің арабшасындағы «Бәтолә» сөзіне кейбір хадисшілер «жалқаулар» деп түсіндірме берген. Олай болған жағдайда мағынасы: «Оған (ұзын сүре болғандықтан) жалқаулардың шамасы келмейді», - дегендік болмақ. Бірақ, сахаба Мұғауияның «Батолә» сөзіне «сиқиршылар» деп түсініктеме бергеніне қарай, осы мағынасы таңдалып отыр. 
[2] Аталмыш хадиске ұқсас риуаяттар Имам Мүслім, Имам Табарани, Ибн Хаббан сынды хадисшілердің хадис жинақтарында орын алған.

0 пікір