Бисмилләһир рахманир рахим
Баянды отбасы болудың басты негіздерінің бірі - ерлі-зайыптылардың өзара сыйластығы. Құранда: «Өзара кең болуды ұмытпаңдар» деп бұйырады. Отбасының баяндылығы үшін төл дініміз ерге де, әйелге де өзіндік жауапкершіліктер белгілеп, әр екеуінің де ақыларын реттеген. «Әйелдеріңе жақсы қарым-қатынаста болыңдар!» деп бұйырған (аят) дініміз: «еріңіз – пейішіңіз немесе тозағыңыз» дей келе отағасын сыйлауды да үйретуді ұмытпаған (хадис).
Өкінішке орай қазіргі таңда көп отбасы ойран болып, ажырасып жатқанын күнде естиміз. Оған бірнеше факторлар себеп екендігі анық. Сондай факторлардың бірі – отанасының өзінің ерінен именбей, оның сөздеріне құлақ аспай, оған қарсы келуінде болып отыр. Ал күйеуіне қарсы келудің де белгілі дәрежеде күнәсі бар екендігін Пайғамбарымыз (с.а.у.) ескерткен. Мәселен, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманында Әсмә есімді бір әйел кісі Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп, өзінің ері жайында айтады. Сонда Алла елшісі (с.а.у.) ол әйелге:
«Күйеуіңіз – сіздің пейішіңіз де, тозағыңыз да. Сондықтан, өзіңіздің күйеуіңіздің қай жөнінде екендігіңізге қараңыз!» - дей келе, отананың күйеуіне деген қарым-қатынасына қарай, не тозақы болуы мүмкін, не пейіштік болуы мүмкін екендігін ескерткен.1 Басқаша айтқанда, күйеуі разы болған әйел - пейіштік, ал күйеуін наразы еткен әйел - тозақы болып қалуы ғажап емес екен. Алла сақтасын! Бұны Алла елшісінің: "Күйеуін разы қылып қайтыс болған әйел пейіштік" деген сөзі толықтырып отыр.
Басқа бір хадисінде Алла елшісі (с.а.у.):
لاَ يَنْظُرُ اللَّهُ تَبَارَكَ وَتَعَالَى إِلَى امْرَأَةٍ لا تَشْكَرُ لِزَوْجِهَا وَهِيَ لا تَسْتَغْنِي عَنْهُ
«Күйеуіне мұқтаж бола тұра, оған рақмет айтпайтын әйелге қиямет күні Алла Тағала назар салмайды» - деген2. Осы хадистегі «күйеуіне рақмет айту...» деген сөздің мәні - күйеуіне жылы шырай таныту, оның тапқандарына қанағат қылу, кемшіліктерін бетіне баса бермей көтермелеп отыру, балаларын бағып-қағып, оған қызмет ету дегенді білдіреді. Ал күйеуінің қадірін білмейтін рақметі жоқ әйелге, о дүниеде Алла Тағала мейірім назарымен қарамайды екен. Бұл дегеніміз, ондай отанаға Алланың ашуы келеді деген сөз.
Және де қазіргі таңда кей әйел адамдар арасында өздерінің Құдай қосқан күйеулерін місін басып, оларды төмендетіп отыратындар кездеседі. Тапқанын місе тұтпай, азсынып, өзгелермен салыстырып, шағымданып жатады. Тіпті балаларын қарсы қойып, күйеуін адам орнына қойғысы келмейтіндер бар. Ал әйелінен жылулық сезбеген және күнде ұрыс-керістен көз ашпайтын еркек басқа әйелдермен көңіл қоса бастайды. Кейін онысы әшкере болып, арты ажырасуға алып келіп жатады. Ал соның бәрін бір ғана сыйластық пен күйеуіне деген «жылы шырай» танытып жүру арқылы алдын алуға болар ма еді! «Әйел - үйдің ұйытқысы, берекесі» деп бекер айтпаған.
Қорыта айтқанда, "жақсы әйел жаман еркекті ер қылады, жаман әйел жақсы еркекті ез қылады". Сондықтан да, күйеуіңіз жаман болса, оны ер қылу сіздің қолыңызда. Үйінде бәрі жақсы болған еркек - түзде тау қопарады! Үйінде сый көрмеген еркек, түзде ештеңе бітіре алмайды. Соны әйелдер қауымы, ескергендері жөн. Ендеше, қадірменді отана, күйеуіңізді қадірлеңіз. Өйткені, күйеуіңіз не пейішіңіз болмақ, не тозағыңыз болмақ екен!
Әлхамдулилләһи Раббыль аләмин!
1 ән-Нәсәи: «әс-Сүнәнуль Кубро», 8963.
2 ән-Нәсәи: «әс-Сүнәнуль Кубро». 9135 хадис.