Жанұядағы кикілжіңдерді қалай шешеміз?
Жанұядағы кикілжіңдерді қалай шешеміз?
9 жыл бұрын 3884
Данияр Жігітбек

Жанұялық өмірде ерлі-зайыптылардың бірін-бірі тыңдай білуі маңызды. Тыңдап қана қоймай жұбайын ести білуі, яғни не айтқысы келгенін түсіне білуі одан да маңыздырақ. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда жұбайлар арасындағы қарым-қатынас транзакцияға айналып кеткендей. Банкоматтан ақша шешіп алу – транзакцияның бір мысалы. Сіз пинкодыңызды тересіз, қанша сома алғыңыз келетінін көрсетесіз, банкомат өз кезегінде сұрағаныңызды чегімен қоса шығарып береді. Осымен банкоматпен арадағы қарым-қатынасыңыз тәмамдалады. Сіз «рахмет» деп те айта алмайсыз. Жанұялық өмірде де осыған ұқсас көрініске куә болып жатамыз. Жұбайлар арасындағы әңгіме «Қашан келесің?», «Қашан тамақ ішеміз?», «Балалар үй жұмысын жасады ма?», «Тойға шақырып жатыр, не береміз?», т.б. деген сынды транзакциялық сұрақтардың төңірегінде өрбіп жатады. Арада ашық әңгіме болмаған соң, болған күннің өзінде ерлі-зайыптылар бір-бірін дұрыс тыңдай білмегендіктен, арты дау-дамайға ұласып жататын кездер де болады. Атақты психиатр Марк Гоулстон «Я слышу вас насквозь» атты кітабында адамдар арасындағы түсініспеушіліктің себептерінің бірі «диссонанс» дейді. Бұл ұғым сіздің өзіңіз жайлы ойыңыз бен өзгелердің сіз жайлы пікірінің арасындағы қарама-қайшылық дегенді білдіреді. Сіз өзіңіз жайлы бір ойда боласыз, алайда өзгелер сізді басқаша қабылдауы мүмкін. Мысалы, сіз өзіңізді ақылдымын деп ойлайсыз, бірақ өзгелер сізді қу, әккі деп қабылдайды, сіз өзіңізді сенімді санайсыз, бірақ өзгелердің көзінде тәкаппар боп көрінесіз, сіз әр нәрсеге өз пікірім бар деп есептейсіз, бірақ өзгелер сізден қыңырлық көреді, сіз ішіңізде өзіңізді момынмын деп ойлайсыз, бірақ өзгелер сізді енжар, жасық деп қабылдайды, т.б.

Диссонанс – отбасылық өмірдегі кикілжіңдердің басты себептерінің бірі. Мұның көрінісін Гоулстон өз кітабында келтірген жастары 30-дан сәл асқан келесі жұптың мысалынан көруге болады. Ерлі-зайыптылар арада туған кикілжіңді шешу үшін Марктың қабылдауына келеді. Шартты түрде күйеуінің есімін Берік, әйелінікін Айгүл деп алайық. Берік кейде Айгүлге кешкі асқа кешігіп келетінін ескертіп қоңырау шалуды ұмытып кететіндігі үшін екеуі жиі ұрысып қалады екен. Ал Беріктің ойынша, Айгүл оны барлық істе, тіпті ұсақ-түйек істерде де бақылағысы келетін сияқты. (Сізге бұл жағдай таныс шығар?)

Олардың әңгімелерінен анық болғаны – Айгүл осындай кінәні жиі артатын көрінеді:

- Сен үйге қашан келетініңді ескертіп қоңырау шалмайсың. Маған көңіл бөлмейсің! – деп шағымданды.

- Ал сен тым дөрекісің. Менің әрбір қадамымды бақылағың келеді, - деп Берік қайтарып тастады. 

Ақыры психиатр олардың ұрыс-керісін тоқтатып, әрқайсысынан бір-бірінің сөзінен не естіп тұрғанын түсіндіруін сұрады. Екеуінің де жауабы бірдей боп шықты. Екеуіне де жұбайы «Менікі дұрыс, сенікі бұрыс» деп тұрғандай көрінді.

- Ал енді айтыңыздаршы. Сіздер шындап келгенде «менікі дұрыс, сенікі бұрыс» деп айтып жатырсыздар ма?

Айгүл психиатрға қарады да былай деді:

- Жоқ...мен бұлай деп жатқан жоқпын.

Берік те дәл солай жауап берді.

- Олай болса шындап келгенде не айтып жатырсыздар? – деп сұрады психиатр. Екеуі де бірдей:

- Мен тек «мен әрдайым қателесе бермеймін» дегенді жеткізгім келеді!

- Демек шындап келгенде екеулеріңіз де шабуылдағаннан гөрі сыннан  көбірек қашып жатырсыздар ғой?

- Дәл солай! - деп келісті жұбайлар.

- Сонда сіз әр кез қорғануға тырысқанда, жұбайыңыз керісінше сіз оған шабуылдап жатқандай сезімде болады ғой? – деп нақтылады психиатр.

Берікке бұл жағдай таныс көрініп, бір күліп алды.

- Иәә...Осындай анық та қарапайым нәрсені түсіну үшін сонша шақырым жүріп келгеніміз бекер болмапты, - деп қорытындылады ол.

Осы мысалдан көретініміз – біз көп жағдайда өзгенің шын мәнінде не айтқысы кеп тұрғанын байқамай жатамыз. Талас-тартыс кезінде оның қорғанып жатқаны бізге тіпті керісінше шабуыл сияқты көрінеді. Мұндай сәтте өзіңді өзгенің орнына ойша қоя білу маңызды. Бұл жағдайда сіз ситуацияны басқа қырынан көріп, түсінушілікпен қарай бастайсыз.  

Жанұядағы кикілжіңдердің орын алуына кейде біздің түймедей нәрседен түйедей нәрсе жасап алу әдетіміз де себеп болып жатады. Мәселен, жұмыстан шаршап келіп, ешкіммен сөйлеспей, өзімен-өзі бола тұруды қалаған күйеуіне әйелі «Сен мені жақсы көрмейсің, көңілің суып кетті, мүлдем көңіл бөлмейсің» деп шағымданып жатады. Осыған ұқсас болмашы нәрсені күн тәртібіндегі ең маңызды мәселе етіп алатын басқа да көптеген мысалдар бар. Мынадай қарапайым тәсілді қолданып, бұндай келеңсіздіктердің алдын алуға болады. Жұбайыңыз ашу үстінде сізге наразылығын білдіре бастағанда салмақты түрде жай ғана «Сен шынымен де солай ойлайсың ба?» деп сұраңыз. Бұл оның алдында айтқан сөздерін тағы бір ой елегінен өткізіп, ашуын басып, ойлануына жетелейді. Келесі мысалдан бұны анық көруге болады.

Жұбайыңыз: Қайтадан ақша жайлы сөйлесіп жатқанымызға сене алмай тұрмын. Мен бұл дауда жеңе алар емеспін. Себебі мен ақша мәселесіне алаңдайтынымды айтқан сайын, сен бір нәрсе сатып ала қоясың. Біз банкрот болмайынша, сен тыным таппассың!

Сіз: Сен шынымен де солай ойлайсың ба? Шынымен де сен ақша жайлы айта бастағанда, мен оны бірден жаратып тастауға асығамын деп есептейсің бе? Сен шынымен де біз банкрот болмайынша, мен тыным таппайды деп ойлайсың ба?

Жұбайыңыз: Иә, сен дәл солай жасайсың. Жарайды, енді, тура солай емес шығар және әрдайым емес. Бірақ сондай әсер қалдырасың.

Сіз: Не жайлы айтып жатқаныңды түсініп тұрмын. Алайда менің білгім келетіні: мені ақша жайлы алаңдамайды, жанұямызды жұтатқысы келеді деп ойлайсың ба? Мұндай жағдайда арамызда үлкен қарама-қайшылық орын алатын еді. Бұл мәселені бірігіп шешпесек болмайды.

Жұбайыңыз (өшпенділігі сәл азайып): Жарайды-жарайды, айтқым келген нәрсе бұл емес еді. Мен сәл асыра сілтеп жіберген сияқтымын. Тек проблемаларымыз жайлы сенімен сөйлескім келгенде, сенің әңгімеден жалтарып кететініңді көрген сайын, көңілім түседі.

Сіз: Әрине, мен әрдайым жалтарып кетем ғой.

Жұбайыңыз (өзі тағы да сөзден ұсталып қалғанын сезіп, бұл жолы күлімдеп): Жарайды енді, әрдайым емес, бірақ жиі. Және бұл мені ашуландырмай қоймайды.

Көріп отырғаныңыздай, жай ғана сұрақ қою арқылы ашу үстіндегі адамды байыпты қалыпқа түсіріп, туындайын деп тұрған дау-дамайдың алдын ала аласыз. Сонымен қатар проблеманың мүлде басқа нәрседе екенін көріп, оны шешу жолын қарастырасыз.

Өзгені тыңдай білу, оның не айтқысы келгенін ести білу, түсіне білу – өмір бойы меңгеруіміз, дамытуымыз қажет машық. Өмір жолын бірге жүріп өтуге серттескен жұбайларға жанұялық гармонияны сақтап қалу үшін мұның маңызы зор. Ендеше осы жолдағы ізденісіміз, еңбегіміз тоқтамасын, бақытты жанұяларымыз көп болсын.

0 пікір