Дінде зина жасаған қызбен үйленуге рұқсат етілген бе?
Дінде зина жасаған қызбен үйленуге рұқсат етілген бе?
5 ай бұрын 5421
Шейх Али ас-Сабуни (1930-1921 ж.)

(*Бұл жазба - Құран тәпсіршісі мархұм Шейх Али ас-Сабунидің «Рауиъуль Баян» атты "үкім аяттардың тәпсірі" кітабынан үзінді-ауд.)


- Зина жасаған әйелді некеге алуға бола ма?

Бірінші буын «сәләф» дін ғалымдары бұл тақырыпқа қатысты екі түрлі тұжырым білдірген:

Бірінші топтағы сәләф ғалымдар, зина жасаған әйелмен үйленуге болмайды, үкімі харам деген пәтуа айтқан. Бұндай тұжырым иелеріне сахабалардан Әзіреті Әли, әл-Барра, Әзіреті Айша анамыз және Абдулла ибн Мәсъуд сынды сахабалар жатады (Алла оларға разы болсын).

Екінші топтағы сәләф дін ғалымдары, зина жасаған әйелмен (егер тәубеге келсе-ауд.) үйленуді рұқсатқа балаған. Бұндай тұжырым иелеріне сахабалардан Әзіреті Әбу Бәкір, Омар, Абдулла ибн Аббас сынды сахабалар жатады және де төрт мәзхаб ғалымдары да осы екінші пікірді дұрыс көрген (Алла баршасына разы болсын).

Харам деушілер мұндай тұжырымға мына аяттың беткі, тура мағынасына қарап келкен. Ол аят: ««Зинақор еркек тек зинақор әйелмен немесе пұтперес әйелмен некелеседі. Зинақор әйел де тек зинақор еркекпен немесе пұтқа табынушы еркекпен ғана некелеседі. Ол нәрсе иман еткен кісілерге харам»1. Осы аят-и кәриманың беткі мағынасы ақпар беру, ал ақиқатында, ол тыйымды және харам үкімін білдіріп тұр, өйткені, аяттың соңында: «ол мүміндерге харам етілді» делінген, дейді олар. Әзіреті Әли (кәррәмаллаһу уәжһәһ) былай дейді: «Егер бір ер адам зина жасаса, оны мен (некелі-ауд.) әйелі арасын айырады, сондай-ақ, әйел зина жасаса, оны мен күйеуі арасын айырады» деген байлам жасаған екен. Сондай-ақ, Мүрсәд есімді сахаба бір «Инақ» есімді зинашы әйелді әйелдікке алғысы келгенде, Пайғамбарымыз (с.а.у.) аят түскенше рұқсат бермеді, аят түскеннен соң: «Уа, Мүрсәд! Ол әйелді некелеме!» деген болатын. (Бұның өзі зинашы әйелді алуға болмайды дегенге дәлел дейді олар).

Ал енді екінші буын сәләф ғалымдары «зина жасаған әйелді мүмін-мұсылманның алуына рұқсат» деген тұжырымдарын мынадай дәлелдерге қарай айтқан:

1) Айша анамыздан жеткен бір хадисте,бір ер адам бір әйелмен зина жасап қояды, артынан сол әйелді алғысы келеді, оның үкімін сұрап келгенде Алла елшісі (с.а.у.): «Әуелгісі - ойнас. Ақырғысы - неке. Харам нәрсе, халал нәрсені харам қылмайды» деп үйленуіне рұқсат берген екен2.

2) Сондай-ақ, Абдулла ибн Омардан мынадай бір оқиға жеткен:

«Әзіреті Әбу Бәкір (р.а.) мешітте отырған кезінде бір тілі сақау ер адам келеді, өте көңілі түсіп кеткен күйде екен. Әзірет Әбу Бәкір қасындағы Әзіреті Омарға: «Ана кісіге баршы, бір мәселесі бар секілді» дейді. Әзіреті Омар оған барып келген себебін сұрайды. Ол болса Омарға: «үйімде қонақтаған бір қонақ қызыммен зина жасады» деп айтады. Сонда Омар оның төсінен ұрып: «Алла ағартпасын сені! Қызыңды жасырмадың ба?!» деп ұрысады. Кейін халифа Әзіреті Әбу Бәкір әлгі зина жасаған екі жасты шақыртып, екеуіне де дүре соғу жазасын тағайындайды. Дүреден кейін екеуін үйлендіріп, бір жылға жер аударып жібереді»3.

3) Тағы бір риуаятта сахаба Абдулла ибн Аббастан бір кісі өзі зина жасаған бір әйелмен үйленудің үкімін сұрайды. Сонда артақты сахаба: «Әуелгісі - ойнас. Ақырғысы - неке. Бұл жағдай мынаған ұқсайды: бір кісі біреудің шарбағынан жемісін ұрлап, кейін бақшаның иесіне келіп, оның жемісін сатып алса, оның ұрлағаны харам, ал сатып алғаны адал» деп жауап береді4.

Ал жоғарыдағы «зинашы тек зинашыға үйленеді...» деген аятты, бұл топтағы ғалымдар жалпы зинашылардың мінезін, талғамын айтып тұр деп түсіндіреді. Аяттың мәні: «Зина жасауды әдетке айналдырған пасық және азғын адам - тақуа әрі салиқалы мүмін әйелді алғысы келмейді. Ол да өзі секілді зинашы, азғын әйелді ұнатады. Пасық азғын әйел де тақуа әрі салиқалы мүмін еркекке шыққысы келмейді, ол өзі секілді пасық, азғын, мүшрік еркектерді жақсы көреді» деген мағынада айтылып тұр деп жорамалдаған.

Тіпті жоғарыдағы аяттың үкімі - Нұр сүресіндегі «араларыңдағы бойдақтарды үйлендіріңдер...» деген аятпен үкімі жойылған деп топшылайтын ғалымдар да бар. Олай болған жағдайда, «зина» жасаған қыз да «бойдақ» ұғымына кіреді. Демек аят «зина жасаған болса да бойдақтарыңды үйлендіріңдер» дегенді де айтқысы кеп тұр деседі...


1  «Нұр» сүресі, 3 аят.
2  Табарани мен Даруқұтни келтірген.
3  Ибн Араби: «Әхкәмуль Құран».
4  Құртуби тәпсірі.

Тәржімәләған А. Қасым 

 

0 пікір