Балаңызды ұялы телефонға байламаңыз
Балаңызды ұялы телефонға байламаңыз
10 ай бұрын 3707

Ғалымдар гаджетке тәуелді баланың сабақ оқуға деген ынтасы жоғалып, білімі төмендей беретінін аңғарған деп жазады Құрманкүл ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ, ERNUR.KZ порталына жазған мақаласында. Қазіргі заманды ұялы телефонсыз елестету мүмкін емес. Гаджетке тәуелділік жыл өткен сайын көбеймесе азаяды деп ешкім айта алмайды. Әсіресе балаларды электронды құрылғыдан ажырату мүмкін болмай қалды. Соңғы уақытта психологтар көп уақытын гаджетпен өткізетін балалардың психикасында ауытқулар пайда болатынын айтып дабыл қағып келеді.

Ғалымдар мен психологтар осы тақырыпта зерттеулер жасап, нәтижесінде мынадай қорытындыға келген екен:

  • Біріншіден, баланың жүйке жүйесі айтарлықтай бұзылады. Мұның соңы кекештенуге, тұтығуға, айтар сөзін толық жеткізе алмай, жүйке жүйесінің сыр беруінен бет терісінің тартылуына әкеп соқтыруы ғажап емес.
  • Екіншіден, психикасы толықтай өзгереді. Оның қалай өзгергенін баланың қолындағы телефонды алып қойғанда байқауға болады. Осы сәтте балалар анасына қол жұмсап, төмпештей кетуі мүмкін. Міне, бұл баланың психикасының бұзылуынан хабар береді.
  • Үшіншіден, ұйқысы бұзылады. Гаджетке тәуелді боп қалған балалар үнемі қорқынышты түстер көріп, таңертең көңілсіз оянады.
  • Төртіншіден, тамақтың дәмін сезбейтін болады. Бұл тамақтанар кезде планшетке немесе компьютерге қарап тамақтанғаннан болады. Планшеттен мультфильм немесе басқа нәрсе көріп отырып түстенген бала тамақтың дәмін сезбейді. Әйтеуір ішіп-жесем болды деп ойлайды. Кейбір аналарға баласының осылай тыныш отырып тамақ жегені тиімді. Сондықтан да олар планшетті немесе ұялы телефонды таста деп айтпайды.
  • Бесіншіден, сабаққа үлгерімі төмендейді. Ғалымдар гаджетке тәуелді баланың сабақ оқуға деген ынтасы жоғалып, білімі төмендей беретінін аңғарған.

Егер бала дәл осылай гаджетін қолынан тастамай жүретін болса, оны бұл әдетінен арылту қиынға соғады. Тіпті, наркомандар мен алкогольге тәуелділерден кем түспейді деуге болады. Баланың осылайша ұялы телефоннан бас алмай, күндіз де, түнде де қарағаны гаджет болса, оның денсаулығына да алаңдауға тура келеді дейді ғалымдар. Атап айтқанда:

1.Баланың физикалық дамуына кері әсер етеді. Мысалы: Көздің көруі нашарлайды – бала бір уақытта телефонға жарты сағаттан көп байланып отыратын болса, 6 айдан кейін-ақ, оның көзінің көргіштігі төмендей береді екен. Өйткені ұялы телефонның зиянды сәулелері кішкентай баланың көзіне айтарлықтай ауырлық түсіреді. Дене мүсіні бұзылады – компьютерде, гаджетте көп отыратын балалар бүкірейіп қалады. Олардың омыртқалары қисайып, болашақта да көп қиындық туындатуы мүмкін. Ми жұмысы нашарлайды – ұзақ уақыт бойы бір позада отыра беру қанайналымның дұрыс жүрмеуіне әкеп соқтырады. Қанайналым нашарласа, мидың жұмысы да нашарлайды дей беріңіз. Әсіресе баланың есте сақтау қабілетіне кері әсер етіп, дамуын тежейді.

2.Шығармашылық белсенділігі төмендейді. Бір де бір компьютер немесе ноутбук, гаджеттер баланың өз қолымен жазғанына, сызғанына, өрнектеп жасағанына жетпейді. Қарапайым өмірде балалар пластилиннен түрлі дүниелер жасап, өздерінің жасағандарына мәз болып, көңіл күйлері көтеріліп қалады. Ал, телефонға байланған бала керісінше ашушаң, шыдамсыз боп кететіні сөзсіз.

Қазіргі балалардың гаджетке үңілгенін қаламасақ, көп уақытты солармен бірге өткізуіміз керек. Кей аналар үй жинастырып, тамақ дайындайтын уақытта да өз миының тыныштығын ойлап, баласына телефонын ұстата салады. Тамағы піскенше бала телефонды қолынан тастамайды. Оның электронды құрылғыларға тәуелділігі осылай басталады.

Баланың көңілін аулап, гаджеттен алыстату үшін не істеу керек?

3 жасқа дейін заманауи электронды құрылғыларды балаларға ұстатуға болмайды. Тіпті, гаджеттермен мультфильм көру де ұсынылмайды. Басқа мүмкіншілік болмаған жағдайда күніне 10-20 минут қана көруіне рұқсат беріңіз. Алты жасқа дейін өзіне қызықты орта тауып беруге тырысыңыз. Балабақшаға бармайтын балалар үшін аулаға шығып, көршінің балаларымен ойнаған қызық. Ал, ұйқыға 21:00-ден ерте жатқызбаған дұрыс. 4-7 жас аралығындағы балаларға күніне гаджетке қарауға 20-50 минут уақыт берген жеткілікті.

10 жасқа дейін балаңыздың өміріне алаңдап, оның немен айналысқысы келетінін, неге қызығатынын білуге тырысыңыз. Дегенмен, бұл жаста баланы гаджеттен күштеп ажырату қиын. Бірақ, оның да шегі болуы керек. Тәулігіне 60-80 минут бұл жастағы балалар үшін көп болмаса аз емес.

Заманауи баланың ата-анасына мыналарды білген дұрыс:

Ата-анаға арналған программалардың көмегімен баланың телефонда отыруын шектеуге болады. Белгілі бір уақыттан кейін телефон құлыпталып қалуы керек. Сонда бала ары қарай гаджетпен ойнай алмайды.

Балалар сабақтан босаған уақытта телефонға байланбаулары керек. Сабақ арасында көзді демалдырған дұрыс. Әйтпесе ұзақ уақыт бойы телефонға тәуелді болу көз бен миға кері әсер етеді.

Телефонды пайдаланғанда көзге ауырлық түсірмейтін, оқуға ыңғайлы режимге қойып оқу керектігін балаңызға түсіндіріп айтыңыз.

Смартфонды ұйқыға жатар алдында пайдаланбаған дұрыс. Мұндай электронды құрылғылардан бөлінетін сәулелер уақыт өте келе ұйқының бұзылуына, депрессияға шалдықтыруы ғажап емес. Сондықтан да ғалымдар смартфонды төсекке жатарда қолға алмаған дұрыс дейді. 

0 пікір