Тақуалықтың он белгісі
Тақуалықтың он белгісі
3 жыл бұрын 4700

Фақиһ Әбу Ләйс әс-Самарқанди былай деп айтады:

Тақуалықтың белгісі – мына он нәрсені өзіне парыз деп білу:

1). Ғайбаттан тілін сақтау. Алла Тағаланың былай деген себепті: «Бір-бірлеріңді ғайбаттамаңдар». («Хужурат» сүресі, 12 аят).

2). Біреуге қатысты жаман ойдан (су-и занн) аулақ болу. Алла Тағаланың былай дегені себепті: «Көп ойдан ұзақ тұрыңдар. Шынында кейбір ойлар күнә». («Хужурат», 12 аят). Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Ойдан (күмәннан) ұзақ тұрыңдар. Ой (жаман ой) – ең өтірікші сөз».

3). Біреуді мазақ қылудан аулақ болу. Алла Тағаланың мына сөзі себепті: «Бір қауым бір қауымды мазақ қылмасын. Мүмкін, олар - бұлардан жақсырақ шығар!». («Хужурат» сүресі, 11 аят).

4). Бөгде әйелдерден көзін төмен салу. Алла Тағаланың былай дегені үшін: «Мүміндерге айт көздерін (бөгде әйелдерге қарамай) төмен салсын». («Нұр» сүресі, 30 аят).

5). Шыншыл болу. Алла Тағаланың мына сөзі үшін: «Бір нәрсе айтар болсаңдар, әділ (шыншыл) болыңдар».

6). Өз-өзіне таңырқамас үшін (өзімшіл, менмен болмас үшін) өзіндегі нығметті Алладан деп білу. Алла Тағаланың мына бір сөзі үшін: «Сендерді иманға бастаған Алла Тағала міндеттенсе болады. Егер шыншыл болсаңдар». («Хужурат» сүресі, 17 аят).

7). Мал-дүниесін хақ жолына сарп ету, ал жалған, күнә нәрселерге сарп етпеу. Алла Тағала былай деген: «Олар сондай, егер дүние сарп қылар болса, ысырап жасамайды және тым тарылмайды да» - яғни, күнә істерге сарп қылмайды және дін бұйрықтарының орындалуына кедергі жасамайды, - «Ол екеуінің ортасын ұстанады». («Фурқан» сүресі, 67 аят).

8). Өзі үшін жоғары мәртебелік пен ұлықтықты іздемеу. Алла Тағаланың былай дегені себепті: «Ақырет жұртшылығын біз - жер бетінде биіктікті қаламайтындарға және бұзғыншылықты қаламайтындарға арнап жасадық». («Қасас» сүресі, 83 аят).

9). Бес уақыт намазды қаза етпеу. Алла Тағаланың былай дегені себепті: «Намаздарды және ортаңғы намазды қорғаңдар...» («Бақара» сүресі, 238 аят).

10). Сүннеттің жолынан және көпшіліктің жолынан (Әһлу сүнну уәл жамағаттың жолынан) ауытқымау. Алла Тағаланың былай дегені үшін: «Күдіксіз Менің тура жолым осы. Сондықтан да, сол жолмен жүріңдер. Басқа жолдарға түспеңдер, болмаса, сендерді Алланың жолынан айырады. Сендерге осыларды Алла нұсқады. Сақтанарсыңдар». («Әнъам» сүресі, 153 аят)[1].

islam.kz/


[1] Тәнбиһуль Ғофилин.

0 пікір