Тәһәжжуд намазы төңірегінде жиі қойылатын 10 сұрақ
Тәһәжжуд намазы төңірегінде жиі қойылатын 10 сұрақ
2 жыл бұрын 7736
Абдусамат Қасым

Бисмилләһир рахманир рахим

- Тәһәжжуд намазын қалай оқу керек? Қандай сүрелер оқылады?

- Тәһәжжуд намазы әдеттегідей оқылады. Тек ниет ететін кезде «тәһәжжуд намазы» деп ниет етіледі. Арнайы оқылатын сүресі жоқ. Фәтихадан кейін өзі білетін сүрелерін оқи береді. Тәһәжжуд намазы - 2 рәкәғат. Бірақ одан көп оқимын деген кісі әр екі рәкәғатта сәлем беріп - 4 рәкәғат немесе 6 рәкәғат яки 8 рәкәғат оқыса болады. Мұндайда ниетті әр екі рәкәғатта жасауы шарт емес. Мысалы, бір ретінде «төрт» рәкәғат тәһәжжуд намазына ниет қылып, кейін оны екі рәкәғаттан бөліп оқыған кезде екінші бөлігіне жаңадан ниет етуі шарт емес, ниет етіп жатса да зияны жоқ.

- Тәһәжжуд намазынан кейін ұйықтау керек пе?

- Өз еркіңіз. Пайғамбарымыз (с.а.у.) тәһәжжуд намазынан кейін бір мызғып алатындығы кейбір риуаяттарда келтіріледі. Ұйықтасаңыз да, ұйықтамай таң намазын күтсеңіз де өзіңіз білесіз.

- Жатарда тәһәжжудқа ниет етіп жату керек пе?

- Шарт емес. Дегенмен түнде жатарда «тәһәжжуд намазына тұрамын» деп іштей бекініп, ниет етіп жатқан абзалырақ. Себебі, хадиске қарағанда, алда-жалда тұра алмай ұйықтап қалсаңыз, ниетіңізге қарай Алла Тағала «тәһәжжудқа тұрды» деп жазып қояды және жақсы ниетіңіз үшін ұйқыңыз сіз үшін бір садақа болып жазылады. (Ибн Мәжә, «Сүнән», сахих).

- Тәһәжжуд намазын қай уақытта оқу керек? Уақыты қашан?

- Тәһәжжуд намазының уақыты - құптан уақыты кіргеннен басталып, таң намазына дейін жалғасады. Осы араладықта ұйқыдан тұрып оқуға болады. Ең абзал уақыт - түннің ақырғы үшінші бөлігінде оқу, яғни, егер күн батқаннан бастап таң намазы уақыты арасын үшке бөлер болсақ, соның таң намазына дейінгі үшінші бөлігінде тәһәжжуд оқыған абзал.

- Тәһәжжудқа бір ұйықтап тұру керек пе?

- Тәһәжжуд намазы үшін бір ұйықтап тұру керек. Ардақты сахаба Хәжжәж ибн Ғазиян: «Тәһәжжуд намазы - кісінің қысқа бір ұйқыдан кейін оқыған намазы» деп анықтама берген. (Табарани, хасан).

- Тәһәжжуд намазына азан айтыла ма және қамат түсіріле ме?

- Тәһәжжуд намазы нәпіл намаз болғандықтан, азан айтылмайды, қамат түсірілмейді. Азан мен қамат - бес уақыт намазға тән амал. Одан өзге, жаназа, айт, уәжіп, нәпіл намаздарына азан айтылмайды, қамат түсірілмейді.

- Тәһәжжудқа тұратын кісі үтірді оқымауы керек пе?

- Шарт емес. Үтірді оқып жатып, кейін түнде тұрып тәһәжжудты оқи бересіз. Тәһәжжуд саналады. Алайда түнде тұратындығына сенімді болған кісі үтір намазын тәһәжжудтан кейінге қалдырғаны абзалырақ. Ал түнде тұра алмай қалуым мүмкін дейтін кісілер, үтірді оқып жатқандары дұрыс. Егер тұнде оянса тәһәжжудты оқи береді. Үтірді оқып жатуы - тәһәжжуд намазын оқуға кедергі емес.

- Тәһәжжуд намазынан кейін тәспіх тартыла ма?

- Тәһәжжудтан кейін тәспі тартылмайды, бірақ тәһәжжудты оқып, артынан қосымша тәспі тартып, Алланы зікір етсеңіз артық болмайды.

- Бес уақыт намаз оқымаймын, тек тәһәжжуд намазын оқып жүрсем бола ма?

- Оқи беріңіз. Бірақ бес уақыт намазды да тезірек бастау керек. Әр мұсылманға намаз оқу парыз. Намаз діннің тірегі делінген. О дүниеде бірінші намаз сұралады делінеді хадистерде. Сол себепті, бұ дүниеде уақыт өткізбей ертерек бастағаныңыз жөн. Тәһәжжуд намазының сауабы мол, бірақ ол бес уақыт парыз намазының орнын баса алмайды.

- Құптан намазын оқымай тұрып, тәһәжжуд намазын оқыса бола ма?

- Құптан намазын оқымай тұрып, тәһәжжуд намазын оқуға болмайды. Тәһәжжуд оқимын деген кісі, алдымен құптан намазының парызын және сүннетін оқып алып, одан кейінгі сәттерде тәһәжжудты оқиды.  

Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин!

0 пікір