Кейбір ориенталистер табиғат заңының Құран кітабына қарама-қарсы екендігін алға тартады. Мұндай уәжге қалай жауап беруге болады? (Ориенталист - шығыс тілі мен мәдениетін зерттеуші маман. Шығыстанушы. Зерттеу нысаналары көбіне Ислам және араб әлемі).
Табиғи заңдылықтарының ешбірінің Құран Кәрімге қайшы келмейтіндігін бүгінде ғылым дәлелдеген. Құран табиғат заңдарына немесе жаратылыс заңдарына теріс емес.
Ал «Құран табиғат заңымен ұштаспайды» деген пікір - Құран аяттарына жасалған қате тәпсірлерге қарап немесе адамдарды Құраннан ұзақтату үшін «қарама-қайшы» деп көрсету мақсатында ойдан шығарылған жалған ғылыми жаңалықтардан туындауы мүмкін. (Тәпсір - түсіндірме).
Біз бұл жерде Құранның ақиқаттығын ғылыммен дәлелдеуді көздемейміз. Құран дәлелге мұқтаж емес. Дәлелдеуді керек ететін - ғылыми жаңалықтар. Ғылым өзінің растығына Құран аяттарынан дәлел іздесін қайта. Өйткені Құран - дүние ғылымының қай-қайсысынан болса да ең дұрысы, ең шынайысы. Себебі дүниелік ғылымды ашушы - адам. Ал Құран аяттарын бізге айтушы - кемшіліктен пәк Ұлы Алла. Сондықтан да, жаңа айтып өткенімдей, бұл жерде дүниелік ғылымның көмегімен Құранның ақиқаттығын дәлелдеуге тырыспаймын. Бірақ, мен бұл жерде «негізгі табиғат заңдылықтары мен Алланың сөзі қарама-қайшы деушілерге» жауап бергім келеді.
Ендігі жерде Құранның ақиқаттылығына және қазіргі ғылымы шындыққа қайшы келетін қате тәпсірге мысал айталық.
Кейбір ғалымдардың айтуынша: «Алла Тағала өзінің ардақты кітабында: «Жерді жайдық...» деген. Аяттың арабшасындағы «мәдд» етістігінің мағынасы - төсеу, жаю деген мағыналарға саяды. Сонда аяттың мағынасы «Біз жерді төседік, жайдық» дегендік болмақ. Біз көз алдымызда жерді жайылған, төселген күйінде көрудеміз. Ендеше көзімізге көрінген шындыққа Құран Кәрім қайшы емес.
Алайда, жер планетасының домалақ екендігі анықталғаннан кейін, бұл дін ғалымдары жердің домалақтығын айтқандарды қатты сынай бастады. Өйткені олардың ойларынша, ол Құранға қайшы-мыс.
Мен олай деуші ғалымдарға айтамын: Құранның шынайы мағынасының тәпсірін құрттыңдар. Шын мәнісінде Алла Тағала аталмыш аятта жердің шар тәріздес домалақ екендігін білдіріп отыр. Құран Кәрімде бір ғана дәлел емес, бірнеше дәлел бар оған. Алла Тағала бұл жерде біздерге жерді шар тәріздес жаратқандығынан хабар беріп отыр. Қалай дейсіз ғой?
Ұлы Алла жоғарыдағы аятта:
«Жерді жайдық...» деді. Яғни, төседік, жайдық деп отыр. Бірақ бұл жерде Алла Тағала «әлдебір жер жайылған» деп айтып тұрған жоқ. (Алла Тағала бұл аятта дәл қай жердің төселгенін айтып тұр ма? Айтып тұрған жоқ. "Жер" деп жалпы айтып тұр). Мұның мағынасы: жер бетінің қай бұрышына қарасаң да оның жайылғандығын көресің. Егер экваторда тұрсаң жер сенің алдыңда жайылған күйінше. Егер оңтүстікке ауыссаң, ол жақта да жер сенің алдыңда жайылған күйінше. Солтүстікке барсаң да солай. Европа, Америка, Азия т.б. жердің қай материгіне барсаң да жерді жайылған, төселген күйінде көресің. Ендеше, адам баласы жердің қай түкпіріне барса да жер олардың алдарында жайылған күйде тұрады. Бұлай болуы жер домалақ болғанда ғана мүмкін. Егер жер тегіс болғанда немесе төртбұрышты яки үш бұрышты не алты бұрышты болғанда т.б. біз оның шетіне жетер едік. Жердің шетіне жете алмаймыз. Демек көз алдымыздағы жайылып, төселген күйдегі жердің шетіне жете алмауымыздың бір ғана себебі бар, ол - жер домалақ болғандықтан.
Құран Кәрім бұл шындықты бізге екі сөзбен жеткізді - «Жерді жайдық». Бұл аятта дәл «мәдд» - жаю сөзінің таңдап айтылуы да бекер емес. Алла Тағала осы аяттағы «мәдд/жаю» сөзін қолдану арқылы, бір шеті - жер планетасының шар тәріздес домалақ екендігіне ишара жасап тұр және сонымен бірге, бұрынғы Құран аяты түскен замандағы адамдарға түсінікті болар ұғымдағы сөзді қолданған болып тұр. Осы екі сөзде Құдай Тағала жердің сырын паш етуде. (Жердің сырын) Мұндай шеберлікпен адамның айтуы мүмкін емес.1
Қазақшалаған Абдусамат Қасым
- Қосымша оқыңыз: ҚҰРАНДА ЖЕРДІҢ ДОМАЛАҚТЫҒЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ АЙНАЛАТЫНДЫҒЫ АЙТЫЛҒАН...
1Имам Шағрауидің «Қодояль ғасыр» атты кітабынан. 1 том, 8 бет.