Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисте былай деген:
«لَا يُعَذَّبُ أَحَدٌ مِنْ هَذِهِ الْأُمَّةِ فِي قَبْرِهِ إِلَّا فِي إِحْدَى ثَلَاثٍ: النَّمِيْمَةِ، وَالْغِيْبَةِ، وَالْبَوْلِ».
«Осы үмбеттің ешбірі мына үш нәрседен өзге нәрсе себепті қабірінде азапталмайды: өсек айту, ғайбат айту және зәр»1. (Мүрсәл хадис).
Тағы бір хадисте Алла елшісі (с.а.у) екі қабірдің қасынан өтіп бара жатып былай дейді: «Мына екеуі азапталуда. Олар үлкен нәрсе себепті азапталып жатқан жоқ (яғни, оларға жеңіл келетін іс себепті азапталып жатыр). Бірі - зәрі үшін азапталуда. Екіншісі - ғайбат үшін азапталуда»2. («Сахих хадис»).
Тәбиғин Қатада бұған қатысты былай деген: «Бізге қабір азабы үш «үште бірден» тұратындығы айтылды: үштен бірі ғайбат, үштен бірі өсек және үштен бірі зәр».
Жоғарыдағы хадистегі «өсек» деп аударып отырған «нәмимә» сөзі, әсілінде, екі адамды шақыстыру үшін бір-біріне шын-өтірік аралас сөз тасуды айтады. Ал, ғайбат болса, әлдекімнің артынан оған ұнамайтын бір жерін айтып сөз ету, тіпті онысы рас болса да. Екеуі де харам, ауыр күнә.
«Зәрі үшін..» дегендегі мағынасы, зәр сындырғанда зәрдің денеге шашырауынан сақтанбай, іш дәретін алмай, истибра жасамай, қалай-болса солай дәрет сындырып, тазалыққа мән бермеуді білдіреді. Сондықтан да, зәр сындырғанда денеге шашырамайтындай отырып сындырған абзал және бар болса су қолданып, болмаса дәрет қағазын қолданып тазаланған жөн.
Ендеше, қабір азабына себеп болар үш күнә олар: өсек, ғайбат және зәрге немқұрайлы қарау екен. Бұл үшеуінен тыйылуға адам баласының шамасы жетеді, десе де пендешілікке салынып, өсек айтып, ғайбаттап жатады, ал ол болса о дүниеде қабірде азапталуға алып кеп соғады екен. Сондықтан да, жиі тәубе намазын оқып, Алладан жиі кешірім тілеп тұрған жөн.
А. Қасым
1 «Дияунус Суннә».
2 «Ибн Мәжә, Сүнән».