"Неге «Ашура» деп аталған?": Ашура күнінің артықшылықтары жайында
"Неге «Ашура» деп аталған?": Ашура күнінің артықшылықтары жайында
10 ай бұрын 3414 Фото: islamonline.net/

Бисмилләһир рахманир рахим

«Ашура» сөзі араб тілінде «ъашара», яғни, «он» санынан шыққан. Бұл күн "Мұхаррам" айының оныншы күніне сай келетіндіктен, оған «Ашура», яғни, "оныншы күн" деген атау берілген деседі. Ашура күнін қасиет тұту, сонау Исламнан бұрын, жәһили дәуірінен бастау алады. 

Ашура күні жасалатын ең басты амал – ораза ұстау. Одан бөлек, садақа беру, намаз оқу, Құран оқу сияқты құлшылықтарды орындаудың да өзге күндерге қарағанда сауабы көбірек. Ашура күніне қатысты көптеген риуаяттар келген. Сондай риуаттардың бірінде: «Ашура күні оразау ұстау - бір жыл бойы ораза ұстаумен тең. Осы күні садақа беру - бір жыл бойы садақа бергенмен тең» - делінген. (Әбу Мәдини риуаят еткен). Тағы бір хадис шәрифте: «Арапа күнгі ораза екі жылдық күнәларға кәффәрат (кешірім). Өткен жылдың және келер жылдың. Ал, Ашура күнгі ораза болса, бір жылдық күнәларға кәффәрат» - делінеді.(ән-Нәсәи риуатя еткен).

"Ашура" деп аталуының мәні

Ғұламалар «Ашура» күнінің «Ашура» деп аталуының мәнін әртүрлі болжаған. Көпшілік дін ғалымдарының пікірінше Ашура деп аталуының себебі - Мұхаррам айының оныншы күніне сәйкес келгендіктен.

Десе де, кейбір ғалымдар Ашура деп аталуының негізгі мәнін Құдай Тағаланың пенделеріне сыйлаған он сыйлықтың оныншысы болғандығымен байланыстырады. Алланың сыйы болған он күндер келесідегідей:

  1. Ережеп айы. Алланың айы - ережеп айы. Бұл айды Алла Тағала үмбетке сыйлы ай қылған. Оның өзге айлардан артықшылығы - осы үмбеттің өзге үмбеттерден артықшылығы іспетті.
  2. Шағбан айын. Бұл айдың өзге айлардан артықшылығы - Мұхаммед пайғамбардың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) өзге пайғамбарлардан артықшылығы іспетті.
  3. Рамазан айы. Бұл айдың өзге айлардан артықшылығы - Жаратушы Алланың өзге жаратылғандардан артықшылығы іспетті.
  4. Қадір түні. Бұл түн - мың айдан артық.
  5. Ораза айт күні. Сыйлық күні.
  6. Зүл-хиджаның алғаншқы он күні. Бұл күндер - Алланы зікір ететін күндер.
  7. Арапа күні. Бұл күнде тұтқан ораза - екі жылдық күнәға кәффәрат болады.
  8. Құрбан айт күні. Бұл күн - Аллаға жақын болу күні.
  9. Жұма күні. Бұл күн - күндердің мырзасы.
  10.  Ашура күні. Бұл күні тұтқан ораза - бір жылдық күнәға кәффарат болмақ.

Аталмыш күндердің әрбір сәті Алла тағаланың осы үмбетке күнәларына кешірім болсын және қателіктерін жуып-шайсын деген мақсатта берілген сыйы.

Тағы бірсыпыра ғалымдар бұл күннің «Ашура» деп аталуын - пайғамбарларға берілген он сыймен байланыстырады. Алла Тағаланың пайғамбарларға (ғалейһимуссәләм) берген он сыйлығы төмендегідей:

  1. Алла Тағала Адам атаның тәубесін осы Ашура күні қабыл еткен.
  2. Ашура күні Алла Тағала Идрис пайғамбарды (ғалейһиссәләм) ұлы мекенге көтерген.
  3. Осы күні Нұх пайғамбардың (ғалейһиссәләм) кемесі «Жуда» тауына тұрақтаған.
  4. Бұл күні Ибраһим пайғамбар туылған (ғалейһиссәләм). Сондай-ақ, осы күні Алла Тағала оны өзіне дос деп танып, оны Нәмрут патшаның отынан сақтады.
  5. Бұл күні Алла Тағала Дәуід пайғамбардың тәубесін қабыл етті. Және бұл күн - Сүлеймен пайғамбардың салтанатын қайтарған күн.
  6. Осы күні Айюб пайғамбардың (ғалейһиссәләм) сырқатына ем дарытты.
  7. Осы күні Алла тағала Мұса ғалейһиссәләмды теңізден өткізді және осы күні перғауын суға кетті.
  8. Осы күні Алла Тағала Юнус (Жүніс) пайғамбарды (ғалейһиссәләм) киттің қарнынан аман-есен шығарды.
  9. Осы күні Алла Тағала Иса ғалейһиссәләмды көкке көтерді.
  10.  Осы күні Мұхаммед пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) дүниеге келді.

Ашура күнінің берекесі

Ашура күні - берекелі күндердің бірі. Риуаяттарға қарағанда бұл күнде өзінің жанұясына сый-құрмет жасап, дастархан жайған кісіге Алла Тағала жыл бойы табысын молайтады. Бұған байланысты хадисші ғалым Суфия ибн Ъуәйнә (р.а.) мынадай риуаят келтіреді: «Ашура күні жанұясына кеңшілік жасаған кісіге, Алла Тағала жыл бойы кеңшілік жасайды».

Бұл риуаятты келтіргеннен кейін Суфиян (р.а.): «Біз мұны елу жыл бойы тәжірибемізден өткізіп келе жатырмыз, бір де бірінде молшылықтан басқасын көрмедік» деп өтеді.

Тағы бір ғалым бұл күнде ораза ұстаудың және садақа берудің артықшылығын былай тілге алады:

«Кім зейнет күні, яғни, Ашура күні ораза ұстаса, жыл бойы ұстамаған (нәпіл) оразасының орнын толтырған болады» деген.

Тағы бір ескілікті ғалымдардың бірі: «Осы күні көзіне сүрме жаққан кісі сол күннен бастап келесі жылға дейін көзінде ақаулық сезбейді» деген.

Ертеректе өмір кешкен Қайс ибн Ъибад деген кісінің айтуы бойынша, жабайы аңдардың бәрі Ашура күні ораза ұстайды екен. 

Ашура күні ең алғаш рет ораза ұстаған құстың «тағанақ» құсы болғандығы кейбір риуаятта айтылады1.

Алла Тағала Мұхаррам айында, соның ішінде Ашура күні жасаған құлшылықтарымызды қабыл етіп, мол сауапқа бөлесін! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1Абдульқадир әл-Гәйләни хазырет: «әл-Ғұния», 87 бет.

0 пікір