Намаз оқымаудың адамға тигізер залалы
Намаз оқымаудың адамға тигізер залалы
4 жыл бұрын 21340

Кейбір кітаптарда намаз оқымай жүрудің он бес түрлі залалы бары айтылған. Оның бесеу – осы дүниеде. Үшеуі – өлер сәтте. Үшеуі – қабірде. Үшеуі – қиямет күні қабірден шығарылғанда.

Осы дүнидегі залалдары:

  • Өмірінен береке кетеді;
  • Жүзінен салиқалылықтың белгісі өшеді;
  • Істеген жақсылықтарының сауабы кемиді;
  • Тілеген дұға-тілектері көкке көтерілмейді (қабыл болмайды);
  • Салиқалы адамдардың батасын алу нәсіп болмайды.

Өлер сәттегі зияны:

  • Қиындық көреді;
  • Аш болады;
  • Шөлдейді.

Қабірдегі зияны:

  • Қабірі тар болады;
  • Қабірінде ыстық шоққа күйдіріледі;
  • Әр намаз уақытында сабап тұрар бір мақұлық болады.

Қиямет күні қабірден шығарылып, махшарға жиналғанда:

  • Есеп-қисабы өте ауыр болады;
  • Алланың қаһарына душар болады;
  • Тозақ отына күйеді.

Ертеде мынадай бір оқи орын алған екен:

Бір кісінің қарындасы қайтыс болыпты. Содан мархұмның жаназасын шығарып, қабірін қазып, жер қойнауына тапсырады. Құран бағышталып, дұғасы жасалып болғаннан кейін, ағасы өзінің алтын салынған әмиянының түсіп қалғанын байқайды. Сөйтсе, қарындасын қабірге қойып жатқан тұста түсіп қалған екен. Былай ойланып, олай ойланып, ақырында қабірді ашып, әмиянын алуға шешім қабылдайды. Қабірге қайта оралады да жаңа көмілген мазарды қайта қаза бастайды. Межелі жерге жеткенде қабірде бейне бір оттың жалының байқайды. Жаны алқымына келіп, сасқанынан қазған топырағын қайта кейін лақтырып, қалай қазған болса, солай қайта көміп тастайды. Жан ұшырып үйіне келсе, үйінде анасы қайғыланып есік алдында отыр екен. Анасына келіп:

- Анашым, қарындасымның мен білмейтін несі бар еді? – деп сұрайды.

- Бұл недеген сөз? Оны неге сұрадың? – дейді анасы.

- Анашым, мен өте ауыр жағдайға куә болдым. Мен оның қабірін ашқанымда, қабірінің отқа оранып жатқанын көрдім, - деп баласы мән-жайды айтып береді.

Анасының етегі жасқа толып, Құдайға жалбарынып, қызына жарылқау тілейді. Артынан:

- Ұлым, сенің қарындасың намазына өте салғырт еді. Намаздарды өз уақытында оқымай, кешіктіріп оқитын, - деп түсіндіріпті...

Намазын кешіктіріп оқығанның жағдайы осындай болса, намазды мүлдем оқымайтынның жағдайы қабірде қалай боларын өзіңіз топшылай беріңіз. Алла сақтасын!

О дүниеде пейіштегілер тозаққа түскендерден сұрайды екен: «Сендерді тозаққа кіргізген не нәрсе?» - деп. Сонда олардың бірінші айтатын себептері: «Біз намаз оқушылардан емес едік», - деу болады екен. Құранда былай айтылады: 

«Жәннәттағылар күнаһарлардан сұрайды: «Сендерді тозаққа кіргізген не нәрсе?» - деп. Олар: «Біз намаз оқушылардан емес едік. Және міскіндерді тамақтандырмайтынбыз. Сондай-ақ, адасушылармен бірге адасып жүре бердік. Біз дін күнін (есеп-қисап күнін) өтіріксіндік. Осылай өлім келгенге дейін жалғасты»(, - деп жауап береді олар)»[1].   

Алла Тағала баршамызды намазына берік құлдардан еткей!

Әнуар Имам-Мұса


[1] Құран Кәрім: «Мүддәсір» сүресі, 40-47 аяттар.

 
0 пікір