Намаз оқу мәкруһ болған уақыттар
Намаз оқу мәкруһ болған уақыттар
1 жыл бұрын 3579

Намаз оқу мәкруһ болатын уақыттар - бесеу. Оның үшеуінде ешқандай намаз оқылмайды (нәпіл, парыз, уәжіп, қаза және жаназа намаздарын оқуға болмайды) және "тиләуәт сәждесі" мен "сәһу сәждесі" де жасалмайды:

  • 1) Күн шығып жатқанда (найза бойы көтерілгенге дейін).
  • 2) Күн төбеге келгенде (батысқа қарай ауа бастағанға дейін).
  • 3) Күн қызарып батып жатқанда (бірақ, сол күнгі асыр намазын күн батып бара жатқанда оқыса саналады, бірақ сол уақытқа шейін кешіктіруі мәкруһ болады).

(Тиләуәт сәждесі - Құран Кәрімдегі он төрт жерде кездесетін сәжде жасауға бұйырған аяттардың бірін оқыған кезде немесе естіген кезде жасалуы керек сәждені айтамыз).

Аталмыш үш уақытта оқылған намаздарды қайта оқу керек пе?

Аталмыш үш уақытта оқылған қаза намаздары мен уәжіп намаздарын қайта оқу керек1. Ал жаназа намазы мен аталмыш уақыттарда оқуды атаған нәзір намазын, және де, тиләуәт сәждесі мен нәпіл намаздарын қайта оқымайды, мәкруһ болса да есептеледі2. Осы орайда, сол күнгі асыр намазын күн қызарып батып бара жатқанда оқыса, есептеледі, қайта оқымайды.

Келесі екі уақытта тек нәпіл намаздары мен нәзір намаздарын оқу мәкруһ3, одан өзге парыз, уәжіп, қаза намаздарын және жаназа намазын оқу мәкруһ емес, сондай-ақ, бұл екі уақытта тиләуәт сәждесін де жасай беруге болады4:

  • 1) Асыр намазын оқығаннан кейін.
  • 2) Таң намазын оқығаннан кейін.

Бұл екі уақытқа мына екі уақытты да қоссақ болады:

  • 3) Таң намазының уақыты кіргенде.
  • 4) Ақшам намазының парызының алдында.

Бұл уақыттарда нәпіл намаздары мен нәзір намаздарын оқу мәкруһ, одан өзге қаза намаздары мен жаназа намазын оқу және тиләуәт сәждесін жасау мәкруһ емес. 


1  «Хозәнәтуль Муфтиин». 332 бет;
2  Имам Мәрғинәни, «Һидая»; Имам Шүрунбүләли: «Имдәд». 185 бет.
3  «әл-Мұхитуль Бурхани». 1/276 бет.
4  Имам Мәрғинәни, «Һидая».

0 пікір